Аймақтар • 17 Сәуір, 2019

Телеарнаның 20 жылдығына орай туған ауылына велотур жасады

1055 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының ашылғанына 20 жыл толды. Өңірдегі басты ақпарат құралының мерейтойын аймақта кеңінен атап өту басталды.

Телеарнаның 20 жылдығына орай туған ауылына велотур жасады

Ал телеарна қызметкерлері де 20 жылдыққа орай түрлі тосын сый әзірлеуде. Алғашқы болып телеарнаның Алматы қаласындағы қосынының жүргізушісі Еркін Тынымсейітов туған ауылын велосипедпен аралап шықты. Еркін өзі туып-өскен Райымбек ауданына велотур жасап, балалық шағы өткен өңірге сапар шегіпті. Спортты жастайынан серік еткен ол бұл қадамы арқылы салматты өмір салтын ұстауды насихаттап әрі туған ауылына тағзым етуді мақсат тұтқан. Мұның сыртында өзінің қызмет орны – «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығына орай тосын сый болсын ниеті тағы бар.

Ел аралаған Еркінді жерлестері қуана қарсы алды. Велотурын Кеген ауданынан бастаған азамат қазіргі Райымбек ауданына дейінгі аралықты шалдықпай еңсерген. Әсілі, Сарыжаз - Қайнар - Көкбел - Қақпақ - Тегістік - Текес – Нарынқол бағытын шайтанарба түгілі көлікпен жүріп өту үлкен күшті талап етеді. Өйткені, бұл – таулы өңір. Айбарлы Хантәңіріне бастайтын жол еңістен басталып, өрге қарай өріледі. Еркіннің велотуры Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылында аяқталды. Осы ауыл марафоншының кіндік кескен мекені.

- Аспантаулар өлкесін жанымдай жақсы көремін. Мен туған өңірге әлемде тең келер жер жоқ десем, артық айтпаймын. Бұл сапарым - туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігімнің, сағынышымның бір белгісі, - дейді Еркін Тынымсейітов.