Ізгілікті қоғам жолы
Сенбі, 14 шілде 2012 7:12
Ол – заңдылықты сақтап, азаматтардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою
Кеше Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас Прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының жұмыс қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды.
Сенбі, 14 шілде 2012 7:12
Ол – заңдылықты сақтап, азаматтардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою
Кеше Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас Прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының жұмыс қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды.
Алқаның жұмысына орталық аппарат пен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қызметкерлері, ал бейнеконференциялық байланыс арқылы – облыс прокурорлары оларға теңестірілген прокурорлар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі прокуратура қызметкерлері қатысты.
Бас прокурор атап өткендей, ағымдағы жылы прокуратура органдары прокуратураның құқық қорғаушылық рөлінің тиімділігін арттыруға, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеді.
Прокурорлардың күш-жігері қадағалаудың ең маңызды бағыттарына, атап айтқанда, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға, кәсіпкерлердің, жұмысшылардың және халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігінің құқықтарын қорғауға, мемлекеттік бюджетті толықтыруға шоғырландырылды.
Осы мақсаттарда прокурорлар 13 607 тексеріс жүргізді, солардың нәтижелері бойынша 303 589 заң бұзушылық анықталды. 425 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. 29,5 млрд. теңге шығынның орны толтырылды, оның ішінде 21 млрд. теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Тексерістер қорытындылары бойынша 39 мыңнан астам тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі жұмыс бұрынғысынша басым бағыттардың бірі болып қалып отыр. Прокурорлық ықпал ету шараларымен 54 мыңнан астам жұмысшыға жалпы сомасы 3,6 млрд. теңге көлемінде жалақы бойынша берешектері өтелді.
Қадағалау қызметінің өзекті бағыттары: атап айтқанда, бақылаушы органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді жоспарлауы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметіндегі және экономиканың өзге де маңызды секторларындағы заңдылықтың сақталуы мәселелері бойынша тексерістер жүргізілді.
Бас Прокуратура қабылдаған шаралар бойынша қылмыстық қудалау органдарының қылмысты жасыру проблемаларымен байланысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік туды. Енді қылмыстар туралы арыз-шағымдар мен хабарларды тіркеудің түбегейлі жаңа тетіктерінің енгізілуі бүгінде қылмыстылықтың объективті картинасын қамтамасыз етуге және жәбірленушілердің құқықтарына кепілдік жасауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері уақытша ұстау абақтыларынан прокурорлар 668 негізсіз қамалған азаматты, қылмыстық қудалау органдарының қызметтік ғимараттарынан 587 заңсыз ұсталған тұлғаны босатты. Оған көбінесе азаматтардың құқықтарын бұзуға тосқауыл қою, ұсталғандар мен күдіктілерге қатысты қатігездік пен азаптауды болдырмауға бағытталған «Полициядағы кезекші прокурор – азаматтардың құқықтарын қорғау кепілі» атты пилоттық жоба көмегін тигізді.
Прокурорлардың наразылығы бойынша мыңға жуық сот актілері қайта қаралды және заңға сәйкес келтірілді. Прокурорлық ықпал ету шаралары мен 18,5 млрд. теңгеден астам сомаға сот шешімдері орындалды, оның ішінде 11,2 млрд. теңге мемлекет кірісіне өндірілді.
Прокуратура органдарының қадағалау және талдау қызметі үшін қазіргі заманға сай ақпараттық технологиялар көмегінің белсенділігі артып келеді. Мысалға, қылмыстар мен оқиғалар туралы арыздар мен хабарламаларды электрондық тіркеу жүйесінің көмегімен бүгінде арызданушылар өз өтініштерінің қаралу барысын нақты уақыт тәртібінде бақылап отыруға мүмкіндік алды. Азаматтардың өтініштерінің қаралу барысының айқындығын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттерге тосқауыл ретіндегі шенеуніктер мен азаматтардың жеке қарым-қатынасын болдырмауды көздейтін орталық мемлекеттік органдарда енгізіліп отырған «Айқын» жобасы да осы мақсаттарға жауап береді.
Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың кешенді жұмысын ұйымдастыру мақсатында елордада «Астана – абсолютті заңдылық мекені» атты жобаны жүзеге асыру ұсынылды. Бас прокурор ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында іс-қимыл бағдарламасын дайындау және осы акцияны практикада сынап көруді тапсырды.
Қадағалаудың өзге де басым бағыттары бойынша прокуратура органдарының оң жұмыс нәтижелері атап өтілді. Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Бас прокурор облыстардың, Алматы және Астана қалаларының прокурорларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Олардың ең бастылары ретінде азаматтардың, кәмелетке жастары толмағандардың, кәсіпкерлердің конституциялық құқықтарының қорғалуын қаматамасыз ету, ұйымдасқан қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі, экстремизм және терроризмге тосқауыл қоюдағы прокуратураның үйлестірушілік рөлін күшейтуді атап өтуге болады. Мемлекет басшысының елімізді әлеуметтік жаңарту, еңбек дауларының профилактикасы және олардың алдын алу мәселелері бойынша тапсырмаларын орындау жолында қадағалау органдарының алдында жаңа жауапты міндеттер тұр, деп атап көрсетті Асхат Дауылбаев.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».