Саясат • 17 Сәуір, 2019

Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкіметтік топ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

933 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкіметтік топ Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарын Жезқазған қаласынан бастады.

Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкіметтік топ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

Үкімет басшысының орынбасары мысты қаладағы құрамына 300 орындық стационар мен бір ауысымда 800-ге жуық адамды қабылдай алатын емхана енетін медициналық орталықта болып, емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Бұдан кейін Гүлшара Әбдіхалықова қалалық жұмыспен қамту орталығында болды. Өткен жылы аталған орталықтың көмегімен Жезқазған қаласында 2728 адам жұмысқа орналасқан. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға 243 адам жіберілсе, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 100 адам кәсіпкерлік бойынша білім алып жатыр.

– Жезқазғанда 1,5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың 300-і әлеуметтік аз қамтылғандар санатына жатады. Қазір қалада жаңа ережелер бойынша атаулы әлеуметтік көмекті беруге әзірлік жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Жұмыс сапары барысында үкіметтік топ мүшелері, сондай-ақ, Жезқазғандағы «Ертөстік» бөбекжайының және мектеп оқушылары бағдарламалау мен робот техникасы бойынша білім алатын «IT TECHNOLOGY FOR YOU» білім орталығының жұмысымен танысты.

Бұдан кейін вице-премьер Жезқазғанда азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сонан соң Гүлшара Әбдіхалықова Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары әкімдерінің, Жезқазған өңірінің ірі кәсіпорын, бизнес құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен өткен жиынға қатысты.

Премьер-Министрдің орынбасары бастаған үкіметтік топтың Қарағанды облысына жұмыс сапары екі күнге созылады. 



Қарағанды облысы