Саясат • 17 Сәуір, 2019

Д.Назарбаева Еуропа және Америка істері жөніндегі британдық министрмен кездесті

877 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі, Қауымдар палатасының депутаты Алан Данканмен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Д.Назарбаева Еуропа және Америка істері жөніндегі британдық министрмен кездесті

А.Данкан Д.Назарбаеваға Ұлыбритания Парламенті Лордтар Палатасының лорд-спикері сэр Питер Норман Фоулердің Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы қызметіне сайлануына байланысты құттықтауы мен ізгі тілектерін жеткізді. Лорд-спикердің жолдауында екі елдің заң шығару органдарының жоғарғы палаталары арасындағы байланыстардың одан әрі нығаюына сенім білдірілді.

Британдық министр сондай-ақ Қазақстандағы саяси үдерістер мен жаңаруларға Лондон тарапына баса назар аударып отырғанын атап өтті.

Д. Назарбаева мейманды Қазақстанда болып жатқан саяси үдерістер туралы хабардар етті. Оның айтуынша, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауы еліміздің саяси жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Сенат Төрағасы елдегі саяси жүйенің жаңғыруында, экономикалық және әлеуметтік реформаларда сабақтастық бағытының қамтамасыз етілетініне сенім білдірді. «Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясы біздің сыртқы және ішкі саясатымыздың басты негізі болып қала береді», – деп атап өтті Д.Назарбаева.

Жүздесушілер екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен келешегін талқылады. Сенат Төрағасы Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптесі болып табылатын Біріккен Корольдікпен қарым-қатынасының достық және сенімді сипатын атап өтті.

А. Данкан өз кезегінде саяси, экономикалық, қаржылық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтудың ауқымды келешегіне тоқтала келіп, Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі мемлекет ретінде атап өтті.

Әңгіме барысында парламентаралық байланыстарды дамытуға назар аударылды. Д. Назарбаева Қазақстан мен Ұлыбританияның заң шығару органдарында жұмыс істейтін достық топтарының жұмысына жоғары баға беріп, екі ел парламентшілерінің жүйелі байланысын атап өтті.

Қазақстан Сенатының басшысы Біріккен Корольдік Парламентінің өкілді делегациясының 2019 жылы қыркүйекте «Үлкен Еуразия: Үнқатысу. Сенім. Әріптестік» тақырыбымен Нұр-Сұлтанда өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының 4-ші кеңесіне қатысатынына сенім білдірді.