Экономика • 18 Сәуір, 2019

Африка жайыны Ақтөбеде өсіріледі

1194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шетелдік тәжірибеде бекіре балықты тұйықталған су жүйесі арқылы өсіру технологиясы жақсы нәтиже бергені белгілі. Қазіргі таңда жайынды да солай өсіруге болатыны дәлелденген. Ақтөбедегі «Мұрагер» ЖШС осы мүмкіндікті пайдаланып жайын өсіруге бел буған еді. Бүгінде елімізде баламасы жоқ жоба жеміс беруде.

Африка жайыны Ақтөбеде өсіріледі
«Мұрагер» жайынды жабық су бассейнінде өсіріп қана қоймай, оны өңдеп, өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл іс ең алды­мен жайынның аналық түрі­нің шабақтарын Ресейден әкеліп өсіруден басталыпты. Қазір уылдырық шашатын кез де жақындап қалды.

Балық өнімдері көп жағ­дайда елімізге шет мемлекеттерден жеткізіледі. Ал жаңа жоба бұл бағыт­тағы импорттық тауар­­лар­дың көлемін азайтып, кері­­сін­ше экспорттық үлестің көр­­сет­­кішін көтеруді көздейді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың 2018 жылғы 5 қазан­дағы Қазақстан халқына Жол­дауында бұл мәселе жөнінде бизнес пен сала өкілдеріне жауапты міндеттер жүктелген. Біз Тұңғыш Президент тапсырмасына нақты іспен жауап қайтаруды қажет деп таптық. Қазір осы өнімге қызығушылық танытып отырған тұтынушылар еліміздің өз ішінен де, шетелдерден де табылады. Біз мұндай тұжырымға тиісті маркетингтік зерттеулер жүргізілгеннен кейін келіп отырмыз, – дейді жабық су салынып жатқан зауыттың директоры Нұрлан Құмаров. 

Аталған жоба биыл ІІІ тоқ­сан­да пайдалануға берілмек. Қазір аналық балықтардың өсіп-өнуіне арналған құрылыс бөлік­тері толықтай аяқталған. Оған африкалық аналық жайын­дар  әкелінді. Балықтарды азықтан­дыру мен өсіру алаңдарының құрылыстары жүргізілуде.
Жобаның жалпы құны 1 миллиард 535 миллион теңгені құ­райды. Оның 15 пайызына жеке инвесторлық қаражат тартылса, 85 пайыздық қомақты бөлігі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шең­берінде пайыздық мөлшерді субси­диялау арқылы қаржылан­дырылған. Зауыт құрылысы толық аяқталған кезде 42 адам жаңа жұмыс орнымен қам­тыл­мақ. Өндірісте жылына 1,5-2 мың 
тонна өнім шығарылады.

Жарқын жоба туралы материал әзірлеу кезінде Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиевке жолығып, ой-пікірін сұраған едік.  Сенатор Ақтөбеге келген сапарында зауыт құрылысының қазіргі жай-күйімен толық танысып шығыпты. Оның айтуынша, «Мұрагер» ЖШС қолға алған жо­ба отандық өнім түрлерін кө­бей­туге сүбелі үлес қоса алады.

– Маған Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер жақсы таныс. Соның ішінде балық өсіру ісінің жай-күйіне келсек, өңірде оны кәсіп­ке айналдыра білгендер жеткі­лікті. Ал балықты өсірумен қоса өңдеу ісі бұл облыста тұң­ғыш рет қолға алынып отыр, соның ішін­де жайын еті өңір тұрғын­да­ры үшін таңсық тағам деуге бо­­лады. Республикада тұқы ба­­лық пен бекірені жабық су ай­­­­ды­­нында өсірушілер үшін мем­­­ле­кет тарапынан қаржылай кө­мек көр­­сетіледі. Мұндай суб­си­­­дия­ны жайын өсіріп, оның етін өңдеу­шілер үшін де белгі­ле­се артық етпейді деп білемін. Ба­лық­тың бұл түрінің тоғанда тез өсетіні де осындай оңтайлы ше­­шім қабылдауға себеп, – деді сенатар. 

Балық пен бекіре шаруа­шылығы дегенде ойымызға ең алдымен Атырау мен Ақжайық, кәрі Каспий оралады. Енді міне, бұл Ақтөбе аймағында да қолға алынды. Бір айырмашылығы, алдыңғы аталған өңірлерде балық негізінен табиғи су айдындарынан ауланса, біздің облыста бұл кәсіп әлемдік үрдістерге сай жабық су айдынында жүргізіледі. «Мұрагер» компаниясы бастамашы болған балық өсіру мен өңдеу ісі ертең ірі де іргелі кәсіпорынға, дәмді де сапалы балық өнімдерін шығаратын алып комбинатқа айналатынына сенім мол.

АҚТӨБЕ