Спорт • 18 Сәуір, 2019

Данияр Қасқарауов: Алматыда алапат айқас болады

1436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

30 сәуірде «Алматы Аренада» ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді. Соның қарсаңында біз айтулы жарысты ұйымдастырушылардың бірі, «Алаш прайд» промоутерлік компаниясының президенті Данияр Қасқарауовпен азды-кем тілдескен едік.

Данияр Қасқарауов: Алматыда алапат айқас болады
–  Биылғы жылы біз екі жарыс өткіздік. 23 наурызда Ұлыстың ұлы күніне орай Түркістанда «Алаш прайд селекшн» турнирі өтті. Ол жерде жастар өзара күш сынасып, солардың арасынан үздіктерді іріктеп алдық. 29 наурызда тұңғыш рет Таразда дүбірлі дода ұйымдастырдық. Ол жерде жеті мемлекеттен келген сақа спортшылар шеберлік байқасты. Басты жекпе-жек жергілікті жампоз Ермек Тлауов пен белоруссиялық Иван Жвриблия арасында өтіп, тартыс қазақтың қайсар ұлының айқын жеңісімен аяқталды. Тараздағы турнирдің тікелей көрсетілімі 80 мемлекетке тарады. Енді 30 сәуірде алматылық жанкүйерлермен қайта қауышқалы отырмыз. 

– Осы жарыс жайында толығырақ мағұлмат берсеңіз?

– Алатау баурайындағы жарысты «Алаш прайд» клубы қырғызстандық JFC промоутерлік компаниясымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Сол күні «Алматы Аренаға» жиналған көрермендер 12 жұп арасындағы бәсекелерді  тамашалайды. Айқас алаңына Қазақстанның алты спортшысы шығады. Бақтияр Несіпбек (56,7 кило), Нұрсұлтан Қасымханов (61,1 кило), Артем Резников (70,1 кило), Игорь Кичигин (77 кило) және Евгений Егембердиев (93 кило) ережесіз жекпе-жектен сайысқа түссе, Ғалымжан Қанаев (81 кило) К-1 ережесі бойынша күш сынасады. 

– Біздің жігіттерге Бразилияның белді спортшылары қар­сылас атанып отыр деп естідік. Сол рас па? 

– Дәл солай. Бүгінгі таңда өрелі өнерлерімен көзге түсіп жүрген үш бірдей өреніміз Бразилияның өкілдерімен айқасады. Тарқатып айтсақ, Бақтияр Несіпбек Лопес До Насмиментомен, Нұрсұлтан Қасымханов  Сандерсон Сантоспен және Игорь Кичигин Хосе Гомеспен кездеседі. Мұхиттың арғы бетінен келген жігіттердің барлығы талай дүрмекте ысылған нағыз дүлдүлдер екені еш күмән туғызбауға тиіс. Евгений Егембердиев Аргентинаның өкілі Эмилиано Сордимен сайысқа түседі. Оңтүстік Американың оғланы осы күнге дейін 25 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жеткен сақа спортшы. Кештің басты жекпе-жегі қазақстандық Артем Резников пен ресейлік Резван Абуев арасында өтеді. Челябі қаласында тұратын чешен жігітінің де жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. Олар «Алаш прайдтың» чемпиондық белбеуі үшін таласады. Ал Ғалымжан Қанаевтың қарсыласы әлі анықталған жоқ. Осы жолы біз қандасымызды К-1 спорты керемет дамыған Голландия елінің кикбоксшысымен жолықтыруды жөн көріп отырмыз. Әңгімені қысқа қайырсақ, 30 сәуірде «Алматы Аренаға» жиналған жұрт алапат айқастың куәсі болады. 

– Иә, біз де Алматыдағы турнирдің сәтті өтуіне тілектеспіз. Ол одан кейін «Алаш прайдтың» сапындағы саңлақтарды қандай дүбірлі додалар күтіп тұр? 

– Қазіргі кезде бес жігітіміз Ресейдің Чешенстандағы «Ахмад» клубы ұйымдастырып жүрген АВС турнирінде күш сынасу құқығына ие болып отыр. Олар – Асылжан Бақытжанұлы, Евгений Егембердиев, Нұрсұлтан Қасымханов, Артем Резников және Шахмарал Жетпісов. Бүгінгі таңда қарт құрлықта теңдессіз деп танылып, әлемдегі бесінші промоушен саналатын ұйымның жарысы үстіміздегі жылдың шілде айында басталады. Айқас алаңында жасындай жарқырап жүрген Бақтияр Несіпбекті де алдағы күндері АВС турнирінен көріп қалуымыз мүмкін. Сонымен қатар елімізде жоғарыда есімдері аталған мықтылардың ізін басып жалынды жастардың қалың шоғыры өсіп келеді. Оларға да артар үмітіміз зор.