Конференция жұмысына Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі Орталық аппаратының Бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев және Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов, сонымен қатар партияның Жамбыл облыстық филиалынан, Тараз қалалық және аудандық филиалынан сайланған делегаттары, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Әуелі «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс конференциясының 5 адамнан тұратын жұмысшы төралқасы сайланды. Жұмысшы төралқасының құрамында бірауыздан партияның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асан Қошмамбетов, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов, Орталық аппараттың Бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Абдусаттарова және облыстық филиалы Кеңес Бюросының мүшесі Оразалы Ерахынов секілді азаматтар болды.
Конференция жұмысының барысында партияның кезектен тыс ХV съезіне Жамбыл облысынан 5 делегат және кеңесу құқығымен 3 партия белсенділері сайланды. Жиын барысында Болат Өтепбаев сөз алып, партияның мақсаты мен міндетіне тоқталды. Сонымен қатар, өз сөзінде Берік Дүйсембинов бүгінгі таңда «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлік мәселесін көтеріп келе жатқанын айтты. «Ең бастысы бізді қолдайтын халық бар. Ал партияның міндеті туралы айтар болсам, біз кәсіпкерлік мәселесін көтеріп жүрміз. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттау мен сол еңбектердің құндылықтарын көрсету де басты мақсат. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу және оны ары қарай дамыту мақсатында аянбай еңбек ететін боламыз», деді ол.
Конференция барысында Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асан Қошмамбетовтың партия атынан ағымдағы жылы 9 маусым күні кезектен тыс президенттік сайлауға байланысты өткізілетін праймеризмге қатысуын конференция қатысушылары бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.
Жамбыл облысы