Саясат • 18 Сәуір, 2019

Қазақстан-Қытай сел ұстайтын бөгетінің құрылысын бастау рәсімі өтті

990 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Панфилов ауданында Қытай Халық Республикасы делегациясының қатысуымен Қорғас өзенінде «Шұқырбұлақ» (Алмалы) бірлескен Қазақстан-Қытай сел ұстайтын бөгетінің құрылысын бастау ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан-Қытай сел ұстайтын бөгетінің құрылысын бастау рәсімі өтті

Іс-шараға Қазақстан Республикасынан Ішкі істер, Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Алматы облысы әкімдігінің, «Қазселденқорғау» ММ, «Казгидро» ЖШС, «Базис констракшн» ЖШС басшылары мен өкілдері қатысты.

Қытай Халық Республикасынан Су шаруашылығы, Сыртқы істер, Экологиялық орта министрліктерінің, Реформалар және даму ұлттық комитеттің, Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусының басшылығы мен өкілдері қатысты.

Іс-шара Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В. Ильиннің, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Н. Нысанбаевтың, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.М. Тұрлашовтың, сондай-ақ делегациялар басшылары мен ҚР Алматы облысы әкімдігі, ҚХР Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы өкілдерінің құттықтау сөздерімен басталды.

Бұдан әрі ескерткіш белгі салу түріндегі құрылыстың ашылу салтанатына ұласты. Осылайша, бірлескен халықаралық жобаның сел ұстайтын бөгетінің құрылысы басталды.

Бірлескен жоба «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (ШЫХО) объектілерін, қолда бар инфрақұрылымды және жақын маңдағы елді мекендерді сел және су тасқыны қаупінен қорғауға бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев 2012 жылы Алматы облысына жұмыс сапары барысында 2013-2020 жылдар ішінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағының «Қорғас» ШЫХО селден қорғау бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруды тапсырды.

Осыған байланысты, 2 жоба әзірленді, бұл ШЫХО ауданындағы Қорғас өзенінде қорғау құрылыстарын және «Қорғас» (Қорғас-1) кедені ғимараттарының құрылысын салу; «Қорғас» ШЫХО учаскелеріндегі Қорғас өзені бойынша арнаны қалыптастыратын және қорғау құрылыстарын, «Қорғас-Шығыс қақпасы» шекара маңы сауда-экономикалық аймағын, Баскунчи, Қорғас кенттерін және Алматы облысының Панфилов ауданындағы (Қорғас-2) шекара заставаларын салу.

Қорғас-1 жобасы бойынша 2013-2018 жылдар аралығында жағаны нығайту бөгеті, технологиялық және кірме жолдар, патрульдік-тракторлық жол, Қорғас өзенінің бүйіріндегі құрылыстарды тұрақтандыратын құрылыстар салынды. Негізгі құрылыс Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумағында орналасқан «Шұқырбұлақ» (Алмалы) сел ұстайтын бөгеті болады. Ал ағымдағы жылы Қорғас-2 жобасын іске асыру басталды.

2017 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Қорғас өзенінде «Шұқырбұлақ» (Алмалы) бірлескен сел ұстайтын бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, ол 2018 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының заңында ратификацияланды.