Оқушылар сарайында бюджеттік сала қызметкерлерінің қатысуымен өткен басқосуда Г.Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік салалаларды жандандыруға мүмкіндік беретін басым бағыттарды айқындап бергенін, халықтың күнкөрісі төмен санатының табысын арттыруға, жалақыны көтеруге, тұрғын үй мәселесін шешуге, әлеуметтік қызмет сапасын нығайтуға ерекше екпін түсірілгенін атап көрсетті.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов облыста әлеуметтік көмек 6700 балаға берілетінін, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 2 мыңға жуық отбасы, 6764 көп балалы ана атаулы көмек алатынын жеткізді. Облыс орталығында 535 ескі үй сүріліп, 2 мыңнан астам пәтер мен әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Көпбейінді аурухана, дәрігерлер үшін 200 пәтерлік тұрғын үй, 2400 орындық 3 мектеп, студенттерге арнап 1932 орындық 5 жатақхана салынады. Алдағы жылдары әлеуетті 302 елді мекенде 3 мың баспана бой көтереді. Көп балалы аналардың баспанаға мұқтаждығы ескеріліп, биыл 226 пәтер салынады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет тарапынан қабылданған қолдау шараларын кеңінен түсіндірді. Ең басты жаңалықтардың бірі, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақылар алып тасталынады.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова төмен жалақыны есептеуге арналған коэффициенттердің жаңа кестесі енгізілгенін, бұл бойынша бірінші маусымнан бастап еңбекақыны ала бастайтынын жеткізді. Оқушыларды білім берудің жаңартылған жүйесімен оқытатын мұғалімдерге де үстемеақы қосылады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 200 мыңнан астам медицина қызметкерлерінің жалақысы өсетінін, мұның өзі жоғары білімді кадр тапшылығын жоюға септесетінін алға тартса, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов жеңілдікті заемдар арқылы жайлы баспанаға ие болу, оған қатысу құқықтары мен несиелер беру шарттарын, ауылдарға сапалы тіршілік нәрін жеткізу, жолдарды қалпына келтіру жайын алға тартты.
Былтыр облыста 12200 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қабылданған шаралар еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға төмендетуге ықпал етті. Биылдан бастап 144 мың солтүстікқазақстандықтың, оның ішінде 43 мың бюджеттік сала қызметкерінің еңбекақысы молайды. Бес әлеуметтік бастама аясында 719 адам кәсіпкерлікке тартылды. 546 адамға 130 миллион теңгенің қайтарымсыз несиесі бөлінді. Кешенді жоспарға сәйкес 2021 жылға дейін 14 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, 300 миллиард теңгенің 48 жобасы іске қосылады.
Киров атындағы зауытта қала, аудан әкімдерінің, ірі өнеркәсіп директорларының, бизнес, кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Премьер-Министрдің орынбасары қос тараптық еңбек қатынасын жандандыру, әлеуметтік мәселелерді басты назарда ұстау қажеттігін айрықша атап өтті.
Әкімдікте өткен жиында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасының орындалу жайы талқыланды. Гүлшара Наушақызы еңбек күші тапшы, демографиялық ахуалы күрделі, бала туу көрсеткіші төмен теріскей аймақтарда ішкі-сыртқы көші-қон үдерісі, білікті мамандар даярлау өзекті екенін, осы себепті еліміздің оңтүстік өңірлердегі жастарын оқытып, мамандық алғаннан кейін осы жақта жұмысқа орналастыруды діттейтін «Серпін-2050» бағдарламасы 2014 жылдан қолға алынғанын, бағдарламаға қатысушыларға толық жағдай жасалғанын айтты. Бүгінде бес облыстан келген 1,5 мыңға жуық серпіндік жас облыста білімдерін жалғастыруда.
Үкімет басшысының орынбасары тиісті орындарға халыққа жасалатын әлеуметтік қолдауды бәсеңдетпеуді жүктеп, бірқатар міндеттер белгіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы