Бір ғана «Севиль шаштаразы» көңілді операсымен әлемнің талғампаз тыңдарманын таңдай қақтырған италиялық композитор Джоаккино Россини есімі бүгінде опера театрларының бойтұмарына айналғандай. «Астана Опера» ұжымының да Россини мұрасына оқтын-оқтын орала беруінің басты себебі композитордың осы бір терең талғамында жатса керек.

Жақында елорда төрінде тұсауы кесілген «Жібек саты» бір актілі опера-фарсы ойымызды дәйектей түседі. Карнавал стилінде қойылған қойылым театр ішінен ашылған «PICCOLO» камералық театрының тырнақалды жұмысы.
Иә, өзінің тарих беттерін 6 жыл бойы жазып келе жатқан «Астана Опера» үшін бұл айтулы оқиға. Өйткені театрдың жетекші солистерімен қатар, іргелі жобада жас мамандардың да шығармашылық мүмкіндігі мен шеберлігін тануға кең жол ашылған. Яғни «PICCOLO» камералық театры – студенттер, түлектер, жас вокалистердің белгілі опера әншілерімен бірге өз шеберліктерін арттыруға арналған шығармашылық зертханасы іспетті.
Әне, шымылдық ашылып, жайлы камералық атмосферада қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің сүйемелдеуімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі орындаған тамаша музыка аясында қызықты оқиға орын ала бастады. Әйгілі италиялық «Дель Арте» комедиясы стиліндегі таңғажайып маскалармен сахнаға шыққан әртістердің «Жібек саты» айналасында өрбитін комедиялық фарс жанрындағы шытырман сюжетті шебер игергені соншалық, көрермен алдына шыққаннан ойнап емес, кейіпкер сезімін қойылым ішінде бейнебір өмір сүріп жүргендей шынайы жеткізе білді. Опера әлемінің жарық жұлдыздары Салтанат Ахметова (Джулия), Сүндет Байғожин (Джермано), Евгений Чайников (Бланзак) бастаған үздік солистер жас әртістерге нағыз шеберлік мектебін көрсетті десек, тіпті де артық айтқандық емес. Қойылым бойы әртістер бір сәт те тыным таппады. Ән сала жүріп жүгіріп, енді бірде тығылып қалып, күтпеген сәттерде қайта оралып көрерменіне өнердің ғаламат мерекесін тарту етті. Ең бастысы, тыңдармандардың іші пысқан жоқ. Дарынды жас орындаушылар мен опера сахнасының сұранысқа ие шеберлері өз партияларына нәзік вокалдық реңк беріп қана қоймай, бір мезетте түрлі эмоцияларын ым-ишарамен, ойнақы көзқараспен жоғары деңгейде сараптай білді. Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, театрдың жетекші солистері Сүндет Байғожин мен Салтанат Ахметованың арасындағы жастық жалынға толы тамаша тандем залға жиналған көрермен көңілін бірден өзіне баурап алып, тыңдарманын қойылым соңына дейін таңғалдырудан танбады.
– Музыкасы көңілді әрі ойнақы болғандықтан, сырттай бұл опера жеңіл қабылдануы мүмкін. Әйтсе де әртістер үшін үлкен шеберлікті талап етеді. «Жібек саты» – әртіс шеберлігінің бар мүмкіндігін паш ететін опера. Сондықтан да «PICCOLO» камералық театры сахнасындағы алғашқы жұмысымызға тыңғылықты дайындық, жан-жақты ізденіспен келдік. Соңымыздан өсіп келе жатқан жас таланттарға лайықты деңгейде үлгі бола алсақ, мақсатымыздың орындалғаны, – дейді қойылым соңынан әсерімен бөліскен Джермано рөліндегі Сүндет Байғожин.
Рас, «Жібек саты» операсы шымылдық ашылған сәттен-ақ сюжетінің ойнақы да жеңілдігімен тыңдарман назарын бірден өзіне бұрып, кәнігі венециялық романтика лебі есіп тұрған ғажайып әлемге жетелей жөнеледі. Бұған әрине Италиядан арнайы шақырылған сценограф әрі костюм суретшісі Манана Гунианың сіңірген еңбегі зор. Суретші костюмдер мен декорацияларды венециялық карнавал стилінде, дәлірек айтқанда, кейіпкерлері капитан Фракасс, доктор Чума, арлекин әр берген «Дель арте» комедиясы негізінде орындаған.
– Операдағы оқиғаларды либреттода жазылғандай Парижге емес, Венецияға ауыстырдық. «Жібек саты» «Сан-Моизе» театрына арнап шығарылып, венециялық карнавал мерекелері кезеңінде орындалуы керек болатын. Әдетте спектакльді романтизм, ампир немесе модерн дәуірінде ұсынады. Біздің костюмдеріміз карнавал стилистикасы мен сол кезеңдегі тарихи тігіс үлгісінде жасалған. Дж.Россинидің алғашқы идеясына етене жақын венециялық рухты жеткізгім келді. Бұл қойылымда костюмдердің саны соншалықты көп емес, дегенмен де олардың бәрі өте күрделі әрі дайындау мерзімі бойынша ауқымды спектакльдерді жасаумен пара-пар. Ең қажырлы жұмыс Бланзактың костюмін жасау болды, ол капитан Фракасстың пішінінде тігілді, – дейді суретші-сценограф.
Бұл ерекшелікті қойылым режиссері Алла Симонишвили (Италия) де өз сараптауында ұтымды тоғыстырып, сценографпен сәтті тандем түзген. Суреткердің спектакль географиясын керемет жасағаны соншалық, сахнаның әрбір бұрышы жанданып, тіпті оқиға венециялық алаңда өтіп жатқандай әсер сыйлады.
Камералық залды екі күн бойы өнер думанына айналдырған премьера Жастар жылы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен аса жоғары деңгейде өтті. Тыңдармандар әртістерге ыстық ықыластарын білдіріп, ұзағынан қол соғып, қошемет көрсетті. Осылайша «PICCOLO» Камералық театры шығармашылық жобасы асқақ өнерді бағалаушылардың оң пікірін алды. Демек, бұл – «Жібек сатыны» ұзақ та бақытты сахналық ғұмыр күтеді деген сөз. Лайым, солай болғай!
Аймақтар • Кеше
Тауар тасымалы: Табыстан гөрі тұрақтылық маңызды
Экономика • Кеше
Қазақстан • Кеше
Түркия мен Израиль қарым-қатынасы қайта жанданды
Әлем • Кеше
Қоғам • Кеше
Спорт • Кеше
Елімізде «жамау» мектеп әлі бар
Білім • Кеше
Әдебиет • Кеше
Жырдың жезкиігі Ақын Кәкімбек Салықов жайлы толғау
Әдебиет • Кеше
Ескі жүйеден есті жүйеге көшу маңызды
Сұхбат • Кеше
Қазақстан • Кеше
Тарих • Кеше
Патриотизм – елін білімімен, еңбегімен көркейту
Қазақстан • Кеше
Көлсайға кел, кереметті көзбен көр
Туризм • Кеше
Спорт • Кеше
«Сұлтан Бейбарыс»: Билік философиясы
Кино • Кеше
Кәсіпорындар кодекс талабын орындай ала ма?
Экология • Кеше
Кино • Кеше
Өнер • Кеше
Абай облысында студенттер есірткімен ұсталды
Оқиға • Кеше
ШҚО-да барлық мектеп бес күндік оқу аптасына көшеді
Аймақтар • Кеше
Жеті өңірде 2 градус үсік жүреді
Ауа райы • Кеше
Қарағандыда 3 жасар бала бесінші қабаттан құлап кетті
Аймақтар • Кеше
Елордада шекарашылардың құрметіне ескерткіш орнатылды
Елорда • Кеше
Бестөбедегі шахтада тағы бір адам көз жұмды
Аймақтар • Кеше
Дархан Қыдырәлі Қазақстанның Мароккодағы елшісімен кездесті
Қазақстан • Кеше
Алтын құймалар көп сатылатын қалалар аталды
Қоғам • Кеше
Қостанай облысында судья пара алу кезінде ұсталды
Оқиға • Кеше
Магистратураға түскендер тізімі қашан жарияланады
Білім • Кеше
Президент «Шевронның» бас атқарушы директорын қабылдады
Президент • Кеше
Қостанайда бюджеттен ақша жымқырғандар сотталды
Қоғам • Кеше
Ұқсас жаңалықтар