Руханият • 19 Сәуір, 2019

Алматыда Қытай қаламгерлерінің шығармалары таныстырылды

1126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының аясындағы Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» және Қазақстанның «Ан Арыс» баспасының бірлескен жобасы негізінде қытай тілінен тікелей қазақ тіліне аударылып, жарық көрген шығармалардың тұсаукесері болып өтті.

Алматыда Қытай қаламгерлерінің шығармалары таныстырылды

Қытай әдебиетінің аса көрнекті өкілдері Ба Цзиннің «Әулет», Мао Дунның «Түн» романы, Лао Шэнің «Түйе Шияңзы» романы, Шэн Цунвэннің «Шалғайдағы шаһар» повесінің қазақ тіліне аударылуы екі елдің рухани өмірі мен әдебиетіндегі елеулі жаңалық, айтулы оқиға ретінде қабылданды. Жаңа кітаптың таныстырылымына арнайы шақырылған  ҚХР-дің Қазақстандағы елшілігінің Алматы қаласы бойынша бас консулы Чжан Вэй, Қытайдағы «Ұлттар баспасының» басшысы Пиао Ионгри, Қытай елшілігінің мәдениет бойынша атташесі Ван Цинпин, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы кесті.  Аталған кітаптарды белгілі қаламгерлер Дүкен Мәсімханұлы мен Қалбан Ынтыханұлы тәржімалаған.

Тұсаукесер кешін жүргізген ақын, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалиннің айтуынша, тарих-тамырының тереңдігімен, мәдениетінің кеңдігімен ерекшеленетін бүгінгі қытай әдебиеті – ежелден қалыптасқан классикалық кемел мазмұнын әлемдік әдебиеттегі жаңа үрдістермен шебер үйлестіре алған, көркем жанрларын жаңа сапаға көтерген, жалпыадамзаттық ізгілік идеясын ту етіп, жан-жақты жетілген  әдебиет. Н.Оразалин саяси кеңістіктегі, экономикалық саладағы өркендеумен бірге соңғы ширек ғасырда  жандана бастаған рухани байланыс туралы кеңінен сөз қозғады.

«Қытай елі әлемнің классикалық әдеби шығармаларын аудару жұмысына көп көңіл бөледі. Қазіргі таңда әлемнің 50-ден астам мемлекетімен классикалық туындыларды аудару туралы келісімге қол қойылды.  Қытай әдебиеті авторларының шығармалары дүниежүзінің 190-нан аса мемлекетіне таралған. Әлемнің аудармашыларын ынталандыру мақсатында Қытай үкіметі классикалық «Қытай автор» халықаралық баспа жобасы мен көп жылдар бойы қытай тіліне 5000-нан астам кітапты аудару және басып шығару жұмысын қаржыландырып келген «Жібек жолы әдебиеті»  баспа жобаларын арнайы ұйымдастырды», дейді бас консул Чжан Вэй.

Кітаптардың тәржімалануы екі ел халқының бір-бірінің ұлттық тарихын, мәдениетін, қоғамын түсініп-білуін, өзара тәжірибе алмасуының бірден-бір тәсілі. Ілгеріректе Н.Назарбаевтың және Абайдың кітаптары қытай тіліне аударылып, Дэн Сяопин мен Си Цзиньпин сияқты қытайдың бірқатар саяси тұлғаларының шығармалары қазақ тіліне тәржімаланып, қытай-қазақ оқырмандарының танысуына мүмкіндік туған еді.

Өткен жылғы наурыз айында Қазақстан Жазушылар одағы өкілдерінің ҚХР-ге сапары сәтті аяқталып, екі жақ әдеби шығармаларды аудару туралы өзара келісімге келді. Жыл сайын 10 том аудару – екі ел арасындағы әдебиеттің ынтымақтастығы мен кемшіліктерінің орнын толтыру және екі мемлекеттің басшыларының гуманитарлық-ынтымақтастық жөніндегі келісімдерін жүзеге асырудың нақты қадамдарын жасау сияқты үлкен жоспарларды алға қойды. «Ұлттар баспасының» басшысы Пиао Ионгри Қытайдың заманауи жазушыларының төрт классикалық шығармасының қазақ тіліне аударылып, Қазақстанда алғаш басылып шығуының символикалық мәні мен ықпалының зор екенін айтты. Келешекте де екі елдің тамаша туындыларының қытай және қазақ тіліне аударылып, оқырманға ұсынылатына сенім білдірді.

Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын қытай тіліне аударылуына және жарық көруіне, шекараның екі жағындағы елдердің әдеби байланысын қамтасыз етуде «Ұлттар баспасының» қазақ редакциясы қажырлы жұмыс атқарып отыр. Бүгінгі күнге дейін қытай оқырмандары Абай мен М.Әуезов бастаған қаламгерлердің шығармаларымен танысуға мүмкіндік алса, жиыны 70-ке жуық өзге де қазақ қаламгерінің шығармасы ханзу тіліне тәржімаланған.

Қытай еліндегі қазақ әдебиетінің белді өкілі, танымал қаламгер Әкбар Мәжитұлы жарыққа шыққан жаңа кітаптардың авторлары, шығармаларының ерекшелігі, жаңашылдық сипаты туралы әңгімеледі. Қазақ оқырманына таныстырылып отырған төрт жазушы да ХХ ғасырдағы Қытай әдебиетінің бастауында тұрған ең танымал, тұлғалы жазушылар. Жиынға қатысқан екі елдің ресми өкілдері мен жазушыларының ойы: «көркем әдебиеттің биік үлгідегі туындыларын аудару  жалғасын тауып жатса, екі елдің көңілі де тоғысып жатады» деген оймен түйінделді. Сондықтан туындылары қазақ-қытай тілдеріне аударылып жатқан әрбір авторды екі елдің арасындағы алтын көпір, әдеби елші деп атауға толық мүмкіндік бар.


АЛМАТЫ