Жаңғырту жағдайы
Сейсенбі, 28 тамыз 2012 7:10
Қазіргі күні еліміздің кеден саласында түбегейлі жаңа өзгерістер болып жатыр. Халық арасында сыбайластыққа кеңінен жол берілетін орын саналып кеткен кеден органдарындағы соңғы оңды іс-әрекеттер бұл пікірді енді біртіндеп бәсеңдетуге әсер етуде. Мұның бір көрінісін мұндағы бұрынғы кадрлардан жаппай арылу мен тазартылуынан-ақ байқауға болады. Оған Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде үстіміздегі жылғы І-жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылаған отырыста айқын дәлелдер келтірілді.
Сейсенбі, 28 тамыз 2012 7:10
Қазіргі күні еліміздің кеден саласында түбегейлі жаңа өзгерістер болып жатыр. Халық арасында сыбайластыққа кеңінен жол берілетін орын саналып кеткен кеден органдарындағы соңғы оңды іс-әрекеттер бұл пікірді енді біртіндеп бәсеңдетуге әсер етуде. Мұның бір көрінісін мұндағы бұрынғы кадрлардан жаппай арылу мен тазартылуынан-ақ байқауға болады. Оған Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде үстіміздегі жылғы І-жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылаған отырыста айқын дәлелдер келтірілді.
Алқада сыртқы сауданы мемлекеттік реттеудің және ел бюджетінің кіріс бөлігін толтырудың пәрменді тетіктері мен кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша тиімді шараларды әзірлеу мен кеден органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі қаралып, кезектен тыс аттестаттаудың екі кезеңінің қорытындысы жасалды. Сондай-ақ кеден органдары қызметінің шеңберінде халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды, халықаралық ынтымақтастық саласындағы бірқатар іс-шаралар аталды, сыртқы экономикалық қызмет саласындағы әкімшілік кедергілерді жоюға және ұсынылатын кедендік қызметтердің сапасын арттыруға назар аударылды.
Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойған міндеттерді іске асыру басым бағыт болып табылатындығы, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен айқындылығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, кадрларды жаңарту аса қажет екендігі атап өтілді. Мәселен бұл бағытта кеден органдарының 909 қызметкерін кезектен тыс аттестаттау ерекше маңызға ие болды. Бірақ олардың бәрі бірдей сынақтан өте алған жоқ. Өйткені, құқық қорғау органдары бөлімшелерін өз міндеттерін қоғамның талабына сәйкес тиімді орындауға қабілетті қызметкерлер қатарынан қалыптастыру аттестаттаудың негізгі мақсаты еді. Сондықтан әрбір адамның кәсіби даярлық деңгейін және қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін ашық анықтау қажет болды. Адамгершілік-рухани қасиеттері төмен және мемлекет беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлыққа бейім қызметкерлерден қатарды тазарту аса маңызды мәселеге айналды.
Осы талаптар аясында ұйымдастырылған аттестаттау жоғары деңгейді көрсетті. Кеден органдары қызметкерлерінің 35 пайызы жоғары аттестаттау комиссиясынан өте алмай қалды. Бұл бірінші кезеңге орталық аппараттың, аумақтық кеден органдарының басшылары мен олардың орынбасарлары қатысқанын ескерсек тазалау қатаң болса да әділ жүргізілген секілді.
Ал екінші кезеңде өткізілген Орталық аттестаттау комиссиясының құрамына комитет басшыларынан басқа кеден органының ардагері, «Нұр Отан» ХДП, «Атамекен» одағы» ҰЭП сияқты қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттерінің белгілі танымал журналистері қатысты. Осы орталық аттестаттау комиссиясының сүзгісінен кеден органдарының 23 пайыз қызметкері өте алмады. Енді аттестаттаудың үшінші кезеңі басталды. Аймақтар деңгейінде аттестаттау рәсімін құқық қорғау блогының 650-ге жуық қызметкері өтуі тиіс. Кезектен тыс аттестаттау 2012 жылдың соңында аяқталады.
Аталған аттестаттау басталғалы кедендегі жұмыс та қазандай қайнай түсті. І-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бюджеттің кірісіне 543,2 млрд. теңге төлемдер мен салықтар түсті. Тапсырманы орындау 100,7 пайызды құрады. Сөйтіп, республикалық бюджеттің салық түсімдеріндегі кедендік төлемдер мен салықтар түсімдерінің үлесі 32,2 пайызды көрсетті. Дегенмен, қолдағы мәліметтерді талдау барысы экономикалық контрабанданы жасауға әрекеттенушілердің және сыртқы экономикалық қызметке адал емес қатысушылардың кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтаруының тұрақты үрдісін көрсетеді.
Мәселен, осы І-жартыжылдықта кеден органдары 286 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде экономикалық контрабанда желісі бойынша – 181, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару бойынша – 16 іс. Бұл ретте анықталған қылмыстық істер бойынша алынған тауарлар мен валютаның сомасы 2 млрд. 857 млн. теңгені құрады, мемлекетке келтірілген 386 млн.теңге залал өндіріп алынды, ал қаралған қылмыстық істер бойынша айыппұлдардың сомасы 1 млн. 111 мың теңгеге шықты.
Жүргізілген талдау жұмысының нәтижесінде Қазақстанның бірқатар өңірінде жұмыс істейтін «сұр» схемалар деп аталатын тауарларды заңсыз әкелудің тұрақты жолдары анықталды. Бұған дәлел ретінде кеден органдарының Астана және Алматы қалаларының, Қарағанды, Ақмола және Алматы облыстарының аумағында, сондай-ақ оңтүстік, солтүстік және шығыс аймақтарда экономикалық контрабанданың ұсталуының бірқатар деректерін келтіруге болады. Қылмыстардың басым бөлігі кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын дұрыс декларацияламау немесе мүлде декларацияламау болып табылады. Сондықтан басқа елдердің құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимылда экономикалық контрабанданы анықтау және жолын кесу қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.
Қазіргі күні кедендік транзит кезінде автоматты түрде бағалауды және тәуекелді басқаруды енгізу бойынша және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар ұсынатын алдын-ала ақпараттар бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін тауарларды қашықтықтан шығару бағдарламасын енгізуді аяқтау жоспарлануда. Комитет кедендік бекеттерді оңтайландыру және оларды санаттау бойынша жұмыстар жүргізуде және олардың санын сақтап қалуды жоспарлауда. Бекеттер жабылған облыстар мен аудан орталықтарында қашықтықтан шығару жүйесі іске асырылатын болады. Комитет web-портал арқылы кәсіпкерлерге кедендік декларацияны бере алады және интернет бойынша жүктерді ресімдей алады.
Комитет бизнеспен белсенді жұмыстың нәтижесінде Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысын жалғастыруда, оның негізгі мақсаты кедендік рәсімдерді оңайлату және кедендік әкімшілдендірудің сапасын арттыру болып табылады. Аталған жұмыс ұдайы комитеттің бақылауында тұр. Бизнеспен өзара іс-қимылға және кеден органдарының қызметін жақсарту бойынша бірлескен сындарлы шешім әзірлеуге ерекше көңіл бөлінуде.
Комитет жүргізіп отырған уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) институтын жариялау жөніндегі жұмысы ведомствоаралық жедел топтардың жұмыс нәтижелері, сондай-ақ кедендік әкімшілдендіруді жақсартуға бағытталған қабылданған басқа да шаралар туралы ақпарат сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға және кеден маңындағы инфрақұрылым өкілдеріне толықтай жеткізіледі.
Бірінші жартыжылдықта Комитет «Кеден – бизнеспен ашық сұхбат» республикалық ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді. Акцияның мақсаты бизнес қоғамдастығын кеден органдары жүргізген кедендік әкімшілдендіру үрдісін жаңғырту жөніндегі шаралар туралы ақпараттандыру. Акция шеңберінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың, бизнес қоғамдастығының және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен республиканың барлық өңірлерінде кездесу өткізілді. Осы бағыттағы шаралар жалғасатын болады.
Алқа қорытындысы бойынша аумақтық кеден органдарының жұмыс нәтижелерін арттыру үшін бірқатар міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту және әкімшілік рәсімдерді оңайлату туралы кеден органдары «Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» («Б-терезе») интеграцияланған ақпараттық жүйені енгізуді жалғастыруда. Ақпараттық жүйені дамытуға және кеден органдарын кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен жарақтандыруға ерекше назар аударылатын болады.
Қағазсыз технологияға ауысуды ұсынатын экспортты электронды декларациялаудың қанатқақты жобасы енгізілуде, жыл соңына дейін оны жүргізу жоспарлануда. Сөйтіп, алқа отырысын қорытындылай келе сыртқы экономикалық қызметтің дамуына ықпал ететін тиімді кедендік бақылау және кедендік ресімдеу кезінде шекарада нақты жағдай жасау қажеттігі баса айтылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».