28 Тамыз, 2012

Қоғам мен мемлекет арасындағы үйлесім

325 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қоғам мен мемлекет арасындағы үйлесім

Сейсенбі, 28 тамыз 2012 7:30

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдік табуының өмір­лік маңызы бар. Мен әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттерін нақ осыдан көремін», деп атап көрсетті.

 

Сейсенбі, 28 тамыз 2012 7:30

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдік табуының өмір­лік маңызы бар. Мен әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттерін нақ осыдан көремін», деп атап көрсетті.

Жаңғырту дегеніміз не? Ол біздің әлеуметтік саладағы түйіндерді шешетін тетік, яғни аталған мақаладағы қажетті қолдау арқылы әлеуметтік кө­мек­ті көрсетуіміз керек, сондай-ақ, сол көмекті өз­дері көрсете алатындарға жағдай жасау деген сөз.

Конституциялық құқық қағидаларына жүгі­не­тін болсақ, мемлекеттің экономикалық сала­да­ғы басты мақсаты бүкіл халықтың игілігін көздеу (Қазақстан Республикасы Конституция­сының 1-ші бабының 2-ші тармағы).

«Қоғамдық игілік» мемлекеттік биліктің эко­номикалық саладағы мақсаты ретінде әлеумет­тік салада да маңызы зор. Сонымен, мемлекет конст­и­туциялық құқықтың қағидаларына сәйкес эконо­микалық және әлеуметтік салалардың арасында белгілі бір тепе-теңдікті, балансты қамтамасыз етуі қажет. Қоғамдық игілік туралы консти­туция­лық-құқықтық идеяны әрбір мемле­кеттің жетуі қажет межесі деп қарасақ, онда мемлекет қоғам­ның әлеуметтік саласымен айналысуы тиіс.

Экономикалық және әлеуметтік тепе-теңдік туралы конституциялық қағидаға байланысты мемлекеттің кірісі мен шығысының арасында әрдайым баланс болуы қажет, сондықтан Елбасымыз «Мемлекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес деген ұстаным қалыптастыру маңызды», – деп атап көрсетті.

Жасыратыны жоқ, біз еңбек адамына, әсіресе, кәсіпкерге, олардың іс-әрекетінде басты мәселе – пайда табу деп қана қараймыз. Бірақ Консти­ту­цияға сәйкес кәсіпкерліктің басты маз­мұны эко­номикалық бәсекелестікке бағытталған іс-әрекет қана емес, сонымен қатар, жаңа өндіріс көздерін табуға арналған творчестволық бастама мен ізденіс екенін ұмытып жатамыз. Экономикадағы басты күш – еңбек адамы, оған мемлекеттің экономикалық өркендеуі үшін конституциялық-құқықтық жауапкершілік жүк­те­ле­тінін есте сақтауымыз қажет.

Еңбек адамының тапқан табысы – ол тек қана өзінің материалдық және басқа да қа­жеттерін қанағаттандыратын көз емес, сондай-ақ сол табыс­тың бір бөлігі – салық ретінде қоғамдық игілікке қосылатын үлес.

Сондықтан «Адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынта­лан­дырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеу­меттік жаңғыртудың аса маңызды мәсе­лелерінің бірі. Сонымен қатар, экономикалық және әлеумет­тік жаңғырту барынша бірге жүруі тиіс», деп Елбасымыз атап көрсетті.

Өмірдің экономикалық саласы қоғам үшін әрқашан өте маңызды болып табылады. Нақ осы саладағы жағдайлармен қоғамның да, мемле­кеттің де даму бағыты анықталады. Дегенмен, экономикалық әрекеттерді іске асыру, сондағы субъектілер кей жағдайда бір-бірімен мүдделері сай келмей, келіспеушіліктерге әкеліп соғып, сөйтіп, азаматтар мен заңды тұлғалар­дың құқық­та­ры мен мүдделері бұзылып та жатады. Сон­дық­тан қоғамның сұранысына орай әрі эконо­миканың қарқынды дамуына байланысты мемлекет осындай экономикалық қарым-қатынастардан туған дауларды шешудің тиімді жүйесін құруы қажет. Ал мұндай саладағы мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін жүйе – сот төрелігі.

Сот төрелігінің заңдылығы мен уақтылы жүзеге асырылуынан және ол қаншалықты өзінің құқық қорғау құзырын сапалы орындауына сай еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғырты­луы­ның тиімділігі де арта түседі.

Экономикалық дауларды шешкен кезде сот заңның формальды талаптарын ғана ескермей, сондай-ақ ұлттық заңнаманың экономикалық бөлігіне талдау жасай білуі қажет. Сот азаматтық-құқықтық дауға құқықтық баға беріп, сонымен қатар өз шешімінің экономикалық салдарын да терең түсінуі тиіс. Яғни, сот қабылдаған шешім тараптар арасындағы дауды толығымен шешіп, жаңа даулар туғызбауы керек. Мұны орындамаған жағдайда сотқа жүгінген адамдардың арасында теріс пікір пайда болып, сот жүйесіне сенімсіздік танытатын адамдар қатары көбейе түседі. Нақ осы мәселелерді ескерген заң шығарушы орган Азаматтық істер жүргізу кодексінде тараптарды бітімге келтіру арқылы істі қысқартудың негізін жолға қойған. Өкінішке орай, сот практикасы соттардың заңның бұл нормасын өте сирек қолданатынын көрсетеді.

Осы заң нормасы одан сайын толыққанды жұмыс істеу үшін елімізде «Медиация туралы» заң да қабылданды, бірақ ол Заңның жұмыс істеп кеткені де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Енді, Елбасының өзі осы мәселеге баса назар аударып отырған кезде соттар бұған жіті қарап, жұмысты қарқындатуы кезек күттірмес шаруа.

Тараптарды бітімге келтіру істі тиімді ше­шу­дің тетігі ғана емес, сондай-ақ, азаматтар мен заң­ды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүд­де­ле­рін қорғаудың, солардың уақытын, денсау­лығын және материалдық шығындарын болдыр­маудың, яғни оларды қорғаудың айқын көрінісі.

Сонымен қатар, соттардың экономикалық дауларды шешу кезінде тап осы әдісті пайдалануы сот корпусындағы басты проблемадан – сыбайлас жемқорлықтан құтылудың бір жолы болып табылады, өйткені, әділетсіз судьяға тараптардан қандай-да бір «сыйақы» күту жағдайы бірден жойылады. Оның үстіне, адамдар соттың заң шеңберінде азаматтардың мүд­делерін қор­ғап, істі адал қарап жатқанының куәсі болады.

Егер шетел тәжірибесіне жүгінсек, онда судьялар тараптарды тек қана бітімге келтіріп қоймай, сондай-ақ істі қараған кезде құқыққа экономикалық талдау жасауды басшылыққа алады. Бұл жағдай судьялардың экономикалық дау­ға жалпымемлекеттік тұрғыдан, яғни мемле­кеттің экономикалық, әсіресе, әлеуметтік саясатынан тыс тұрмайтынының көрінісі. Олар заң жүзінде істі қарап, сондай-ақ, өз шешімдерінің салдарынан туындайтын басқа да даулардың алдын алып отырады. Солай бола тұра, ол соттарды саяси немесе басқадай ауытқушылықтарға барды деп айыптау ешкімнің ойына келмейтін нәрсе.

Құқықты экономикалық тұрғыдан сараптау тәсілінің үлкен қызығушылыққа ие болуының бірден-бір себебі соттардың әртүрлі заң шеңбе­ріндегі ықтимал шешімдердің ішінен ең негіз­дісін әрі экономикалық тұрғыдан тараптар үшін ең тиімдісін таңдауға мүмкіншілік беруі болып табылады. Мысалы, қандай да бір дұрыс емес іс-қимыл үшін жауапкершілікті қатайту қанша­лық­ты негізді деген сұраққа жауап іздегенде сот тек тараптар үшін емес, қоғам үшін де пайдалы әрі егжей-тегжейлі шешім қабылдауына мүмкін­дік береді, өйткені, сот заң шығарушы өз мақсатына жете алды ма, осы заңды іс жүзінде қолдану қоғам мүшелерінің іс-әрекетіне қанша­лықты әсер етті, әлде мүлдем күтпеген әрі қоғамға жағымсыз салдарларға әкеп соқты ма деген сұрақтардың барлығын сараптайды.

Дегенмен, экономикалық талдауды қолдану судьяға оның шешiмдерінің салдары қандай болатынын, нарықтық қатынастардың жағдайында қандай да бір құқықтық институт қалай жұмыс iстейтiнiн, нақты құқықтық нормаға жүгіну қа­жеттiлiгі экономикалық институттар үшiн қан­дай шығындар тудыратынын түсiнуге көмек­тесе алады. Осылайша нарық тетігінің және эконо­ми­калық институттардың қандай қағидаларға сай жұмыс істейтінін білетін судья іс құжат­тарына дұрыс әрі нақты құқықтық баға бере алады және осы құқықтық коллизияның шешімі қандай болуы керектігін толық түсіне алады.

Әрине, бiздiң жағдайымызда, мұндай мақ­сат­қа жету тек қана экономикалық тиімділік шарт­тарына емес, әлеуметтiк әдiлеттілiк, жа­л­пыға бір­дей заң теңдiгi және құқық үстемдігі қағида­ла­рымен негізделеді. Сондықтан, Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында «Жанжалды жағдай­ларды ескертудің, реттеу мен шешудің әділетті заңдары мен нақты құқықтық нормаларын, сон­дай-ақ әлеуметтік қатынастардың барлық жүйе­сінің қызметін қабылдап, іске қосқан ұтымды», – деп атап көрсетті.

Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,

Конституциялық Кеңес мүшесі,

заң ғылымдарының кандидаты.