10 Наурыз, 2010

АҚЖҮНІС

1265 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ақжүніс бала күнінде әдеби кі­таптарды, әсіресе, детективтік шы­ғармаларды көп оқып өскен­діктен бе, келешекте құқық қорғау сала­сының қызметкері болуды іштей арман­дайтын. Бірақ, жан сырын жұртқа ақтара қоймайтын мінезіне басып, сол арманы жайлы ешкімге тіс жар­майтын. Өйткені, ол кезде ҚазМУ-дегі жалғыз заң­герлік факультетке түсу қиынның қиыны еді. Сондықтан да ол “конкурстен өтпей қалыпты” де­ген қорлық сөзге қалғанша, мұға­лім­дік дипломды місе тұта тұрайын, қалғанын тағы көре жатармыз деп түйген. Сөйтіп, ауылда сегізжыл­дық мектепті бірге бітірген үш құр­бы­сы­нан қалмай, әуелі Қызыл­орданың Мән­шүк Мәметова атын­дағы педу­чи­лищесін, сосын ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірді. Туған ауылы – Дәуқарада бірнеше жыл ұстаздық етті. Алайда, көңіл түкпіріне жасыр­ған бала арманы жетелеп, 1987 жы­лы күзде Көкшетаудағы облыстық ішкі істер басқармасының кадр бөліміне келіп, кәмелетке толмаған жасөспі­рімдер істері жөніндегі инс­пектор болуға келісіп, екі айға жу­ық сынақ ісінен өтті. Осы қызметке алуға лай­ықты деген баға берілген мінездемесі жазылып, қол қойы­лып, бұйрық дайындалып жатқан кезде Ішкі істер министрлігінен бұдан былай қазақ жастарын милиция қатарына алуды тоқтату керек, өйткені, олардың жеке құ­рам­дағы үлесі 40 пайыздан жоғары деген мағынадағы найзағай­дай нұс­қау түсіп, әне-міне лейтенант ата­намын деген үкілі үміті күл-парша болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жаңғырығы еді бұл. Жайсыз хабарды естігенде тағдыр­дың күтпеген соққысы жанына бат­са да, Ақжүніс жасыған жоқ. “Былтыр желтоқсанда Алматыда болсам, көтеріліске шығып, бәйгеге бастарын тіккен, ел мүддесі жолын­да құрбан болған қазақ қыздары­ның арасында болмас па едім?!. Олардың көрген қорлығының қасында менің қызметке алынбай қалуым түк емес қой...” деп, ақылға жеңдірген. Кейін Көкшетау педагогикалық институтының тарих кафедрасында оқытушы болып істеп жүріп, Ал­ма­тыдағы Абай атындағы ҚазМПУ-дің аспирантурасына түсіп, Сібір казачествосы туралы кандидаттық диссертация қорғады. Іле Ішкі істер министрлігінің Көкшетаудағы өрт­сөндірушілер даярлайтын училище­сінің қоғамдық пәндер кафедрасын басқаруға шақырылды. Бірден капи­тан шені берілді. Осылайша, ұмы­ты­луға айналған бала арманы ойла­маған жерден алдынан құшақ жайып шыға келді. Ал 1997 жылы отбасы жағдайымен Қызылжар қаласына қоныс аударып, сонда жаңадан ашы­лып жатқан Ішкі іскер министрлігі ішкі әскері жоғары әскери училище­сіне (қазір әскери институт) аға оқытушылық қызмет­ке орналасты. Мұнда да өзінің әскери тәртіпке бе­ріктігін, кәсіби біліктілігін аңғартып, көп өтпей ғы­лыми жұмыстар бө­лі­мінің бастығы бол­ып тағайындалды. Осы қыз­метте жүріп, майор, под­пол­ковник әскери шендеріне және “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” атағына ие болды. Ал 2006 жылы подполков­ник Ақжүніс Мұсырман Ішкі істер министрінің бұйрығымен училище бастығының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Мұның өзі әскери ұжым үшін айды аспанға шығарғандай жаңалық болды. Өйт­кені, әскери училищеде бұған дейін осы биік лауазымға бірде-бір “нәзік жанды” тағайындалмаған еді. Оның үстіне, әскери шені тө­мен подпол­ков­ник әйел оқу кафе­драларын бас­қаратын, мүйіздері қарағайдай полковниктерге жетек­ші­лік жасап, бағыт-бағдар сілтемек. Осы “тосын жаңалық” құлақтарына тигенде учи­лищедегі бірсыпыра аға офицерлер қабақтарын шытып қалған көрінеді. Бірақ, Ақжүніс олардың еш­қайсысынан қаймығып, ықтарына жығыла қойған жоқ. Қай мәселеде болсын, біліктілік пен байыптылық танытып, әрдайым әділ шешім қабылдауға тырысты, тумысынан қазақ қызына тән сыпайылық пен әдептен де аттаған емес. Кабине­тіне кіржиіп кірген талай сардарлар “Ақжүніс Шаяхметқызының қолас­тында қызмет етуге болады екен” десіп, жадырап шықты. Рас, кейбір кеудемсоқтардың естеріне әскери жарғы талаптарын салып, нығарлай сөйлеп, қатаң тәртіпке шақыруға ту­ра келген. Сөйтіп, бәрін де ақыл­мен өз орындарына қоя білді. Келесі жылы Ақжүніске Қазақ­стан ішкі әскерінің делегациясын Ресейдің Пермь қаласындағы әс­ке­ри инсти­тутқа бастап бару құрметі бұйырды. Тәжірибе алмасу мақ­са­тындағы сапар ойдағыдай өтті. Пермь­­дік генералдар мен полков­ник­тер де қазақстандық әріптесте­рін подполковник әйелдің бастап келгеніне таңғалысып: “Сіздерде де біз үйренетін нәрсе бар екен: бұдан былай біз де гендерлік саясатты қол­дап, әйел офицерлерді көтер­ме­лейтін боламыз” десіп жатты әзіл-шыны аралас. Осы сапардан соң көп ұзамай Ақжүніске полков­ник атағы мерзімінен бұрын берілді. Ол өзі қызмет ететін жоғары оқу орнында оқу және ғылыми жұмыс­тардың жолға қойылуына жанын сала атсалысып, айтар­лық­тай еңбек сіңір­ді. Соңғы жылдары әскери инс­титут курсанттарының алған білім­дері жо­ғары білім бе­ретін өзге оқу орны сту­денттерімен салыстыр­ғанда әлдеқайда жоғары екендігін аралық мемлекеттік бай­қау нәтижелері анық көрсетіп жүр. Бұл тәртіп пен талап қатаң әс­кери білім ордасының беде­лін артты­ра­тын жәйт. Көпшілігі ау­ыл­дан келіп оқуға түскен, кешегі ол­пы-солпы, білімдері де қалалық құр­дас­тарына қарағанда, олқылау боз­ба­лаларды бірнеше айдан соң бойына да, ойына да қарап, танымай қаласың. Ақжүніс әскери институттың ғылыми саласына жетекшілік жа­сағалы атқарылған істер де бір төбе. Жыл сайын халықаралық және республикалық ғылыми-практи­ка­лық конференциялар өткізу игі дәс­түрге енді. Оқытушылар ара­сын­да “Әскери институтта істейді екенсің – ғылыммен шұғылдануға тиіссің” деген ұғым бүгінде бұл­жы­мас қағи­даға айналған. Құрылға­нына бір-ақ мүшел болған жас институтта қызмет ете жүріп, 5 адам кандидат­тық дис­сертация қорғ­ады. Қазір 2 офицер – әскери институт бастығы Жұмабек Ахме­тов және Ақжүністің өзі докторлық, 5 оқытушы кандидаттық жұмыста­рын аяқтауға жақын. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, елдің бір қиыр ше­тіндегі, ірі ғылыми орталықтардан шалғайда жатқан шағын қалада орналасқан әскери институт үшін аз деу қиын. Бұл ретте әскери қыз­метшілердің ғылыммен айналысуы үшін мемлекеттік қазынадан еш­қан­дай қаржы бөлінбей келе жат­қан­дығын да ескермей болмайды. Ақ­жүніс институттың ғылыми әле­уетін толықтыру мақсатымен Қызыл­жар­дың белгілі ғалымдарын да қызметке тарта білді. Әйтеуір, қашан көрсең де, ол өз қолымен құрысқан білім ұясының қамын ойлап, қарлығаштай шырылдап жүргені... Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.