Әлеуметтік қамсыздандыру және оның даму болашағы
Жұма, 31 тамыз 2012 7:50
Еліміздің Конституциясында Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Осыған орай, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеті мен оның тиімділігінің басты өлшемі халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру болып табылады.
Жұма, 31 тамыз 2012 7:50
Еліміздің Конституциясында Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Осыған орай, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеті мен оның тиімділігінің басты өлшемі халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру болып табылады.
Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму жолы әлеуметтік даму моделіне жаңа жоғары талаптар жүктейді. Өздеріңізге белгілі, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің одан әрі дамуының тұжырымдамалық векторы ретінде өнімді еңбек жолымен іске асырылатын әлеуметтік жаңғырту арқылы ғана қол жеткізуге болатын жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жолдарын белгілеп берді.
Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы мемлекеттің әлеуметтік саясатын жаңғырту, яғни транзит матрицасында әлеуметтік қолдау моделінен әлеуметтік прогресс парадигмасына өтуді жан-жақты да тұтастай қайта форматтау міндеті қамтылған келешек мақсат болып табылады. Әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік көмекті қамтитын әлеуметтік қамсыздандыру болып табылатыны сөзсіз.
Әлеуметтік жаңғыртудың өзі, атап айтқанда, әлеуметтік заңнаманы түбегейлі жаңарту, алдыңғы қатарлы әлеуметтік стандарттар жүйесін енгізу, әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін құру, масылдықты және әлеуметтік инфантилизмді еңсеру, сондай-ақ еңбек қызметіне ынтаны арттыруды көздейді. Бұл ретте, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі арттыру жеделдетілген экономикалық даму мен қоғам игіліктерін жинақтап бөлу арасында оңтайлы теңгерімнің тұрақты байланысының негізінде жүргізілетін болады.
Әлеуметтік жаңғыртуды іске асыру логикасы 5 басымдық негізінде құрылғандығы белгілі. 1-басымдық – әлеуметтік заңнаманы жаңарту шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласындағы ұлттық заңнамаларға бастапқы аудит жүргізіп, жаңғыртуды қажет ететін нормативтік-құқықтық актілердің тізбесін айқындау. Оған 130-дан астам нормативтік-құқықтық акті енді. Олардың қатарында Еңбек кодексі, 17 заң, Үкіметтің 62 қаулысы және 53 ведомстволық нормативтік-құқықтық акті бар.
Әрине, бұл жоспарланып отырған жұмысты дамудың келешек перспективаларының тұтас көрінісінсіз атқару мүмкін емес. Осы мақсатта мүдделі мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың, азаматтық қоғам институттарының, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен жұмыс топтары құрылып, олардың жұмыс қорытындысы әлеуметтік-еңбек заңнамасын жетілдіру тұжырымдасы болып табылады.
2-басымдық – әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру аясында министрлікте мынадай бағыттар: нәтижелі жұмыспен қамтудың қол жетімділігін арттыру, ұлттық біліктілік жүйесінің негізгі элементтерін және 147 кәсіби стандарттарды бекіту; кәсіпорындар қызметін ерікті түрде декларациялау және кәсіптік қатерлерді басқару жүйелерін енгізу; кәсіптік одақтар туралы заңға кешенді талдау жүргізу тәрізді бағыттарда жұмыс жүргізілуде.
3-басымдық – өмір сүру сапасының қазақстандық стандарты бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп ең төменгі әлеуметтік стандарттарды: ең төменгі күнкөріс деңгейі, еңбекақының, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылардың ең төменгі мөлшерін жетілдіруге бағытталған міндеттерді іске асырумен айналысуда.
Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында – 1992 жылы бастау алған, ал Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ) 1993 жылдан бері жалғасуда. Халықаралық институттармен жемісті еңбектің нәтижесі Қазақстанның халықаралық еңбек нормативтері саласындағы 20 конвенцияны ратификациялауы болып табылады.
Әлеуметтік жаңғырту стратегиясы әлеуметтік қорғаудан жұмыспен қамту және уәждемелі еңбек өнімділігі үшін қажетті жағдайлар жасау концептіне негізделген әлеуметтік прогреске өту желілік-үдемелік векторға құрылады. Бұл орайда, халықтық әлеуметтік әлжуаз топтары, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар әлеуметтік келісім-шарттар жүйесі және әлеуметтік шартты сипаттағы атаулы көмек арқылы уәждемелі еңбекке енгізілетін болады.
Заманауи жалпыадамдық дискурста қарттарға, әйелдер мен балаларға деген көзқараспен бағаланатын өркениетті қоғам туралы түсінік қалыптасқан. Бұл сипаттамалар дуализмін 3-құрамдас бөлік: мүмкіндіктері шектеулі адамдарға деген қарым-қатынаспен толықтыру қажет деп ойлаймын.
Қазақстан, демократиялық және экономикалық дамыған мемлекет ретінде мемлекет кепілдік берген төлемдер (жасына, мүгедектігіне байланысты), сондай-ақ жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік қорғаудың қосымша нысандарын (міндетті әлеуметтік сақтандыру және жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру) қамтитын жарты деңгейлік әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қалыптастырды.
2005 жылы елімізде әлеуметтік қатер туындағанда әлеуметтік төлемді қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі, сондай-ақ өндірісте зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін қамтамасыз ету мақсатында жазатайым оқиғалардан қызметкерді міндетті сақтандыру енгізілді. Нәтижесінде, жұмыс істейтін азаматтар еңбек қабілетінен айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік қатер туындағанда үш деңгейден: республикалық бюджеттен берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік төлемдер және сақтандыру ұйымынан берілетін сақтандырудан тұратын төлемдер алатын болды.
Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі ерекше орында тұр. Балалы отбасылардың мемлекеттік әлеуметтік қолдауға деген және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ең төменгі әлеуметтік стандарттардың сақталуына құқықтары сол саланы реттейтін ұлттық заңнамада нақты көрсетілген.
Жұмыс істейтін әйелдерді әлеуметтік қорғау мақсатында 2008 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жүкті болу және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылу жағдайы қатерін сақтандырумен толықтырылды.
Республикамыздың осы саладағы халықаралық стандарттарды сақтау және орындау жолын ұстанатындығының заңды әрі логикалық дәлелі ретінде Қазақстанның биылғы жылдың 14 ақпанында ХЕҰ ананы қорғау конвенциясын ратификациялауын алуға болады.
Қосымша әлеуметтік жаңғыртудың негізгі ережелеріне сәйкес біздің жұмысымыз өндірістегі белсенді жұмыспен айналысуды отбасылық міндеттемелермен үйлестіруге мүмкіндік беретін көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағытталғандығын атап өту қажет.
Жалпы, Қазақстанда басты даму көрсеткіштерінің бірі бала туу көрсеткішінің өсуі болып саналады. Егер 2007 жылы 316 822 бала өмір есігін ашқан болса, 2011 жылы 372 208 бала, ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында дүниеге келген баланың саны 187 387-ні құрады, бұл 2011 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 274 балаға көп дегенді білдіреді. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының мемлекеттің әлеуметтік саясатын толық қолдайтындығының және келешекке сенімділікпен қарайтындығының айқын дәлелі болып табылады.
Республикамызда мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесі де қарқынды дамытылуда. Мүгедектердің құқықтарын қорғау жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін Қазақстан 2008 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және Факультативтік хаттамаға қол қоя отырып мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қатысты халықаралық стандарттарды имплементациялау бойынша міндеттемелерді өз мойнына алды.
Мемлекеттің алдында әлеуметтік жәрдемақыларды уақтылы төлеу мәселесі тұрған болса, қазіргі кезде бұл міндет кеңейтіліп, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оңалту және оларды қоғамға толық кіріктіруді қамтиды. Әлеуметтік жаңғырту аясында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін реформалауды жалғастырып, мемлекеттік қатысудың қосымша шараларының және лайықты өмір сүру үшін өзге де жағдай жасаудың пәрменді нысандарының негізінде азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау жүйесін кеңейту мәселелерін қарастырудамыз.
Алайда, Мемлекет басшысы атап өткендей, «мемлекет – шетсіз-шексіз донор емес». Ол «шынымен мұқтаж адамдарға ғана көмек қолын созатын болады. Азаматтар өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруға тиіс». Әлеуметтік қолдаудың міндеті «азаматтардың еңбек, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін оятуға» бағытталып отыр.
Біздің ойымызша, әлеуметтік жаңғыртуды іске асырудың ең маңызды басымдығы әрбір Қазақстан азаматының жалпыға ортақ еңбек қоғамының идеясын жетік ұғынуы және осының негізінде оны іске асыруға белсене қатысу арқылы жаңа әлеуметтік саясатты қолдауы болып табылады.
Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту тұғырнамасында жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыру Қазақстанның әлемнің дамыған 50-елінің қатарына енуі жөніндегі жалпы мақсатқа қол жеткізу үшін халықтың одан әрі жұмыла еңбек етуіне бағытталған.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі.