Жоғалған миллиондар
Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:41
Өкпелі оралман және мұң-мұқтаж арқалаған жігіт
«Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданы тұрғындарының мұң-мұқтажынан хабардар еткісі келген» хат иесі Қаһарбай Исаевпен Атакенттегі автобекетте кездесуге уағдаластық. Аталған жерге сәл ертерек келіп, бір-бірімізді тауып алуға қолайлырақ дейтіндей орын қарастырдым. Қолдан жасалған үстелде қос тізесін уқалап отырған жігіт ағасынан «Көке, мына жер қалай аталады?» деп сұрадым. «Шымкентке кететін таксилер тұратын жер, сізге такси керек пе?». Мен басымды шайқадым.
Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:41
Өкпелі оралман және мұң-мұқтаж арқалаған жігіт
«Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданы тұрғындарының мұң-мұқтажынан хабардар еткісі келген» хат иесі Қаһарбай Исаевпен Атакенттегі автобекетте кездесуге уағдаластық. Аталған жерге сәл ертерек келіп, бір-бірімізді тауып алуға қолайлырақ дейтіндей орын қарастырдым. Қолдан жасалған үстелде қос тізесін уқалап отырған жігіт ағасынан «Көке, мына жер қалай аталады?» деп сұрадым. «Шымкентке кететін таксилер тұратын жер, сізге такси керек пе?». Мен басымды шайқадым.
Сәлден кейін шағындау қытай дорбасын иығына іліп алған ұзын-тұра сары жігіт жаныма келіп, «Сом аласыз ба?» деп сыбырлады. Алғашында түсінбей қалдым. Дорба ішінен алып шыққан өзбектің құнсызданып біткен сомын көрсеткенде барып, әлгі жігіттің не айтып тұрғанын шамаладым да, оған да басымды шайқадым.
Қым-қуыт тіршілік. Қайнаған өмір. Нөпір жұрт. Әлде тәжік, әлде өзбек, бұйра шашын шаң басқан, шаршаңқы жүзді жасамыстау кісі сырласқысы келген сыңай танытып: «Кеше түнде бір тонна төрт жүз кило мақта тапсырдым. Өзіміздің таразымен өлшегенде екі тонна болатын, ал зауыттың таразысында жаңағыдай салмақты көрсетті».
Оның әңгіме айтқысы келіп тұрғанын байқадым да, «ал сенің есебіңдегі алты жүз кило қайда кетті?» деп сұрадым.
– Мақта зауыттардың бәрі солай, жемесе іштері кебеді. Оның үстіне мақтаның әр тоннасына алпыс мың теңгеден ғана береді. Пайда таппай-ақ тек кеткен шығындардың өзін өтеу үшін ғана бір тонна мақта тоқсан мың теңге болу керек…
Әңгімемізді Қаһарбайдың телефон қоңырауы бөліп жіберді.
Арыз иесінің ақ «Аудиінде» келе жатып, әлгі қасқағым сәттегі кездескен таксиші жігіт, ала дорба арқалаған «валютчик», еңбегі сор болған мақтакеш туралы Қаһарбайға айтып бердім.
– Е-е, Шәке, әркімнің өз кәсібі бар, содан табар нәсібі бар. Бәрі де тіршіліктің қамы ғой. Менің де солар сияқты өз кәсібім бар.
– Кәсібің туралы айта отыр.
– Мен осыдан біраз уақыт бұрын инсульт алып, содан жұмысты қойдым. Бүгінгі күні қолыма қалам алып, аудан жұртының мұң-мұқтажын жоғарғы жаққа жеткізумен айналысамын. Сенің қолыңдағы тексеріп келген арыздағы бірінші мәселе Атакенттегі орталық емхананың бас дәрігері Егембердиев Аязбекке қатысты екенінен хабарың бар ғой…
Қаһарбайдың хатынан үзінді: «Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан уақытында түрлі себептермен шетел асып, шар тарапқа шашырап кеткен қазақ халқын бір тудың астына шақырып, оларға қамқорлық көрсетіп келеді. Бірақ жергілікті жерлердегі кейбір басшылар Елбасы саясатына қайшы әрекеттерге барып, шетел асып келген қандастарымызға қысым көрсетуде. Дәлірек айтқанда, Мақтаарал ауданының Атакент ауылында тұратын Өзбекстан Республикасында туылған, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының азаматы, нағашым Жұматаев Ағайдардың Атакент орталық емханасының бас дәрігері Егембердиев Аязбектен көрген қорлығы жайлы жазылады. Ол кісі жуырда денсаулығы сыр берген соң, Атакентте орналасқан орталық емханаға кемпірі және немере қызының сүйемелдеуімен барып, емхананың бас дәрігері Егембердиев Аязбекке жолығып, медициналық көмек беруін өтінген. Бірақ нағашыма орталық емхананың бас дәрігері «ешқандай көмек бермеймін, қайда барсаң бар, кімге арыздансаң арыздан» деп айтыпты. Нағашым соңында «Айналайын осы емханаға әрең дегенде жеткен едім. Тым болмаса, үйіме жедел жәрдем көлігімен жеткізші, көмегің сол болсын» деп өтініпті. Өкінішке қарай бас дәрігер нағашыма мансабын асыра пайдаланып «Шық бөлмемнен. Қалай келсең, солай кетесің» деп дауыс көтеріп, жекіріп бөлмесінен шығарып жіберіпті. Нағашымның көңіл-күйі болмай маған айтқаны «Уақытында жат жерде қысым көрдік». «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ата-бабаларымыз. Мен де ағайын, туған-туыстарымды жиып елге барайық деп, ақыл-кеңесімді айтып, көш бастап 80-ге жуық отбасы осы Атакентке қоныс аударған едік. Ал, елім деп еңіреп келгендегі көрген күніміз осы», – деп мұңайды. Бұл 78 жастағы қарттың сөзі.
Нағашымның осы сөздерінен кейін Атакентте орналасқан емхананың бас дәрігері Егембердиев Аязбекке барып, жолығып нағашымның жағдайын толығымен түсіндіріп, көмек беруін сұрауды жөн көрдім. Бірақ бас дәрігер менің айтқан сөздеріме мән бермеді. Мен сөзімнің соңында «Тым болмаса учаскелік дәрігерді жіберіңізші, қандай дәрі-дәрмек керек екенін жазып берсін, дәріханадан өзімнің ақшама сатып алып беремін» деп те өтіндім. Өкінішке қарай, бас дәрігер маған да дауыс көтеріп «ешқандай да дәрігер жібермеймін өткенде ол шалдың өзіне де, баратын жеріңе бар деп айтып жібергенмін. Сен де баратын жеріңе бара бер. Ол адамның денсаулығын тексеруге дәрігер былай тұрсын жай фельдшер де жібермеймін. Мен оларды Өзбекстаннан көшіп кел деп шақырғаным жоқ. Кім шақырса, сол адамнан көмек сұрасын. Мен оралмандар үшін басымды ауыртатын жерім жоқ. Сен де шық бөлмемнен», деп ай-шайға қарамастан мені де ит талағандай етіп шығарып жіберді». (Хат мәтіні түпнұсқада берілді – Ш.Ә.)
Әуелі Қаһарбай екеуміз оның нағашысы, оралман Жұматаев Ағайдар ақсақалдың үйіне бардық. «Бірі кем сексенге келдім» деп отырған қария ешқандай арыз-шағым, қорлық-зорлық туралы әңгіме айтқан жоқ. Қаһарбайдың «нағашы, мына жігіт сіздің арызыңыз бойынша келіп отыр» деген сөзіне, «Дұр-е-ес», деді де үнсіз жата берді. Қолайсыз кездесуден қысылды ма, Қаһарбай маған қарай бір ым жасады да есікке беттеді.
Арыз иесінің ақ «Аудиі» енді Сарқырама елді мекенін бетке алды. «Мына сенің қолыңдағы арызда айтылып отырған екінші мәселе құрдымға кеткен миллиондар туралы екенін білесің ғой…»
Қаһарбайдың хатынан үзінді: «Менің ауыз су жүйелерін жөндеуге бөлінген мемлекет қаражаты мақсатсыз жұмсалғаны, жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілгендігі жайлы Үкімет басшыларына, құзырлы органдарға, және де «Қазақстан» ұлттық телеарнаға жазылған өтініш хаттарымнан нәтиже болмай тұр. Дәлірек айтқанда, «Қызылқұм» ауыл округінің Сарқырама елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз су беру мақсатында аудандық бюджеттен 2010 жылға 32 830 000 теңге қарастырылған. Бұл қаржыны «Ұлас» ЖШС толығымен игеріп, Сарқырама елді мекенінен құдық (дренаж) бұрғылап су шығарған. Өкінішке қарай, құдықтан шыққан су ащы, халық ауыз су үшін қолдануға жарамсыз болды. Бірақ бұл атқарылған жұмысты қабылдаған комиссия суды жарамды деп көрсетіп қол қойған. Бұл жөнінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі суды ішуге жарамды деген хаттама толтырып қорытынды берген. Мен бұл жөнінде құзырлы органдарға шағымданғаннан соң, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі аталған елді-мекеннің ауыз суы ішуге жарамсыз деп, қайта қорытынды беруге мәжбүр болды. Ендігі жерде, Сарқырама елді мекеніне таза ауыз су үшін қайта қаржы қарастырылмайды екен. Ал, 32 830 000 теңге босқа кетті». (Хат мәтіні түпнұсқада берілді – Ш.Ә.)
Қаһарбай екеуміз Мақтаарал ауданының орталығы Жетісайға келдік. Осы жерде Атакент емханасының бас дәрігері Аязбек Егембердиев мырзамен кездестік.
– Қаһарбай Исаевтың бұл арызы бойынша сізден бұрын да бірнеше тексеруге жауап берген болатынбыз, – деді Аязбек Егембердиев, – мен оралман ақсақалға ешқандай қорлық көрсетпедім. Олай етуге менің моральдық құқым да жоқ. Мәселенің астары басқада деп білемін. Бас дәрігерлік қызметке тағайындалған кезімде қабылдауыма бір кісі келді. Әуелі құттықтады. Содан кейін өзін таныстырып, «мен Қаһарбай Исаев деген боламын» деді. Содан кейін бір кісінің аты-жөнін айтып, медбике қызметіне қабылдауымды сұрады. Бірақ, шынын айтқанда, ондай мүмкіншілік жоқ еді. Мен соны айттым. Қаһарбай Исаев өкпелеп кеткендей болды. Менің үстімнен жазылып жатқан арыз-шағымдардың негізі сол кезден бастау алатын сияқты. Сізге дейінгі Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінен тексеру келіп, сол тексерудің қорытындысы да шықты…
Қаһарбай Исаевтың хатындағы екінші мәселе бойынша Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Б.Асанов былайша түсінік берді: « 2010 жылы Мақтаарал ауданында су нысандары бойынша облыстық бюджет есебінен Қызылқұм ауылдық округі Киров елді мекенінде су алғыш ғимараттарын салу нысаны бойынша 27.05.2010 жылы №12г хаттамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы «Ұлас» ЖШС атанды. Нысан құрылысына 32,830 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Нысан 2010 жылдың 13 желтоқсанында аудан әкімінің №1098 қаулысымен «Мақтаарал-сервис» МКК балансына пайдалануға берілді. Алайда, нысан бойынша қазіргі таңда ащы су шығуына байланысты, нысанға «Омега» су тазартқыш қондырғысы орнатылып, халыққа таза ауыз су беріліп отыр.
Мақтаарал ауданында жерасты қойнауы ОҚО гидрогеологиялық экспедициясы 1980-1981 жылдары зерттеген және су қорын пайдалану мерзімі қазіргі таңда аяқталған. Сол себепті, алдағы уақытта ауыз су нысандарының құрылысы барысында сапалы ауыз суға қол жеткізу мақсатында, жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға бірнеше рет ұсыныс берілген. Нәтижесінде, жерасты су қорларына іздеу-барлау және оның қорларын анықтау жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылып, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті тарапынан қаржы бөлініп, 2012 жылы Голодностеп жергілікті су қорының Ильич, Славянка, Жетісай және Кировское учаскелеріне жерасты су қорын пайдалануды қайта бағалау мақсатында, жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. 2012 жылы Голодностеп жергілікті су қорының Жетісай учаскесіне жерасты су қорын пайдалануды қайта бағалау жұмыстары басталып, 2013 жылдың IV тоқсанында аяқталу жоспарлануда».
СӨЗ СОҢЫ немесе, «Исмаиловтан жауап күтемін»
Қаһарбай Исаевтың бас дәрігер А.Егембердиевке таққан кінәсіне де, Аязбек мырзаның оған қарсы уәжіне де таразы болудан аулақпыз. Оның себебі де түсінікті. Ал Қаһарбайдың көтеріп отырған екінші мәселесі туралы әңгіме басқа. Құрдымға кеткен 32 миллион 830 мың теңгенің сұрауы кімнен? Ақша жұмсалды, соған орай жұмыс та істелді. Бірақ, көріп отырғанымыздай нәтиже жоқ. Құқық тілімен айтар болсақ, қылмыс бар, қылмыскер жоқ.
Бізбен қоштасар кезде арыз иесі қолымызға бір жапырақ қағаз ұсынды. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің ОҚО бойынша департаментінің директоры Л.Қашқымбаеваның Қаһарбайға хаты. Онда былай делінген: «Арызыңызда көрсетілген «Мақтаарал аудандық Атакент емханасы» МКҚК-нің бас дәрігері тарапынан кемшіліктер расталды, атап айтқанда ҚР 18.09.2009 ж. №193-IV «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 9-бөлімі, 31-тарау, 182-бабы, 6-тармағы, 1-тармақшасы – пациенттерге құрметпен және ізгілікпен қарауға, медициналық этика және деонтология принциптері сақталмағаны анықталды.
Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қолдану үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды». (Хат мәтіні түпнұсқада берілді – Ш.Ә.)
– Менің бұл хатқа көңілім көншімейді, сізден өтініш, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Исмаиловтан жауап алып берсеңіз, – деді Қаһарбай.
Бірақ, бұл мәселеге менің журналист ретінде құзыретімнің жетпейтінін оған түсіндіргендей болдым.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы – Шымкент – Мақтаарал – Алматы.