Тағдыр тепкісі
Жұма, 7 желтоқсан 2012 6:45
Бір күні Орал қаласындағы Достық көшесінің Жайық өзені жағалауына жақын бөлігіндегі үйлердің бірінің қасынан өтіп бара жатып, мүгедек арбасында отырған жас жігітке көзім түсті. Арбаға таңылса да көзінде оты, бойында жалындаған жастықтың ұшқыны байқалады. Тебіндей бастаған мұрты да өзіне жарасып тұр. Көзіміз түйісіп қалды. Онымен танысуды жөн көрдім. Жігіттің жанына жақындап бардым да:
Жұма, 7 желтоқсан 2012 6:45
Бір күні Орал қаласындағы Достық көшесінің Жайық өзені жағалауына жақын бөлігіндегі үйлердің бірінің қасынан өтіп бара жатып, мүгедек арбасында отырған жас жігітке көзім түсті. Арбаға таңылса да көзінде оты, бойында жалындаған жастықтың ұшқыны байқалады. Тебіндей бастаған мұрты да өзіне жарасып тұр. Көзіміз түйісіп қалды. Онымен танысуды жөн көрдім. Жігіттің жанына жақындап бардым да:
– Амансың ба, жас жігіт, – дедім.
– Ассалаумағалайкум, аға, деген жігіттің дауысы орнықты да жігерлі естілді. Таза қазақы рәсіммен амандасқанына қарағанда, ата тәрбиесін көрген перзент-ау деп шамаладым.
– Атың кім, айналайын?
– Қатимолла, – деді ол іркілместен.
– Жақсы ат екен. Қатимолла Бердіғалиев деген әнші, айтыскер атаң бар. Білетін шығарсың, – дедім мен одан сыр тартып.
– Иә, аға, өте жақсы білемін. Менің атымды атам сол кісінің есіміне байланыстырып әдейі қойыпты.
Иә, кейіннен мәселенің мән-жайына қаныққанда оның сөзінің растығына көзім жетті. Шынында да Қатимолланың атасы Мұрат пен есімі республика жұртшылығына кеңінен танымал республиканың еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғали өнер мен мәдениетте қанаттас келе жатқан азаматтар екен. 1990 жылы облыстың шалғай аудандарының бірі Жәнібекке концерттік сапармен барғанда өнер тарланын жергілікті мәдениет қызметкері Мұрат қарсы алады. Сол күні оның тұңғыш немересі дүниеге келеді. Есімі елге елеулі азаматтың келісімін алып, атасы немересінің атын Қатимолла деп қояды.
Бұл тағдырға не шара? Сәбиге өмірге келмей жатып туабітті сал ауруы жабысыпты. Оны анасы Гүлжан жеті айлығында ғана байқайды. Әке баладан сырт айналғанымен, атасы Мұрат пен әжесі Бақытжамалдың немересін емдету үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Алайда, туабітті жабысқан кеселге ешқандай шипа табылмайды.
Бұдан он жыл бұрын Мұрат келіні Гүлжанға, немерелері Қатимолла мен Әйгерімге жоғарыда аталған Достық көшесіндегі екі қабатты ескі үйден тұрмысқа қолайсыз болса да бір бөлмелі пәтер сатып алып беріпті. Небәрі жиырма екі шаршы метрлік аядай ғана бөлме. Қатимолла, анасы және қарындасы үшеуі осында тұрып жатыр. Ас ішетін орын да, жатын бөлме де ортақ. Ескіріп, тозығы жеткен баспалдақтар аяқ басқан сайын сықырлап қоя береді.
Екінші қабаттан төменге өздігінен түсе алмайтын Қатимолла күні ұзақ үйде қамалып отырады. Жоғары білімді анасы Гүлжан ауылдағы мектепте химия, биология пәндерінен сабақ беріпті. Әйтсе де қалаға көшіп келген соң өздігінен қозғала алмайтын баласының жағдайын ойлап, мамандығымен қош айтысыпты.
Қатимолла 7-сыныпқа дейін облыс орталығындағы № 38 мектепте оқиды. Одан кейін психолог мамандардың кеңесі бойынша сабағын №15 арнайы мектепте жалғастырыпты. Әйтсе де, ол толық орта білім ала алмаған. Соған қарамастан, теле-радио хабарларын үзбей көріп тыңдайтын, мерзімді басылымдарды қолынан түсірмей оқитын оның ой-пікірі орнықты. Боркемік, пессимистік көңіл-күйден аулақ, өмірге деген құштарлығы мол, компьютер тілін меңгерген жігіттің алға қойған мақсаттары да айқын. Яғни, білімін одан әрі толықтырып, өз мүмкіндігіне сай қызметке орналасу, отбасын құру – оның басты мұраты.
Мүгедек бала тәрбиелеп отырған мұңды ана Гүлжан Бақаева арнайы тұрғын үй кезегінде тұр. Алайда, оның қашан жететіні белгісіз. Тағы бір қынжыларлығы, облыс орталығында Қатимолла Мұратов секілді туабітті сал ауруына ұшыраған мүгедек балалар үшін әлеуметтік қолдау және сауықтыру орталығы құрылмаған. Басқа аймаққа апаруға да болар еді. Қысқа жіп күрмеуге келмейді-ақ.
…Арада біраз жыл өткен соң Қатимолла Бердіғали мәдениет саласындағы аға әріптесі Мұратқа: «Менің есімімді қойған немерең қайда? Көрсетпейсің бе? Өсіп қалған шығар», десе керек. Бұл тосын сауалға Мұрат не дерін білмей абдырап қалады. Алайда, көп кешікпей өнер майталманының тілегін орындайды.
Сол сәтте көзі көрмесе де, көкірек көзі қашанда ояу, жүрегі нәзік аса сезімтал жан Қатимолла Бердіғали өзі аттас Қатимолла жеткіншектің аяқ қолын сипалап отырып: «Япыр-ай, балам жүрмей ме? Қатимолла біткеннің бәрі құдайға не жазып еді», депті де сөзінің аяғын төмендегідей оптимистік өршіл рухта аяқтапты: «Ештеңе етпес, тағдырдың маңдайға жазғаны осы шығар. Бұған бола жасыма, мойыма, еңсеңді түсірме. Қатимоллалар әлі талай биіктерді бағындыра алады».
Міне, текті де мәрт атасының осы сөздерін өз өмірінің ұстанымы етіп алған тағдырдың маңдайға жазғанына төзімі мен қайсарлығын қарсы қойып келе жатқан он тоғыз жасар Қатимолла Мұратов өмірге деген шексіз құлшынысын, ертеңгі күнге деген үкілі үмітін осылай аялаумен келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.