10 Наурыз, 2010

ЖАҢАША ЖҰМЫС ІСТЕЙІК

790 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы мемлекеттің таяу жылдарда атқаруға тиісті міндет­те­рін саралау мен елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталатындығы белгілі. Әйтсе де өмірлік маңызы бар мем­лекеттік шара – Жолдауды мәні, мағынасы бөлек жолдама сөзімен шатастырып жүретіндер де бар. Сондықтан, мемлекеттің келе­ше­гі мен бүгінін айқындайтын Жол­дауды халыққа насихаттау, мә­нін түсіндіру, көп көкейінде жүрген сұрақтардың, күрмеулі мәселелер­дің түйінін тарқату үшін облыстарға арнаулы делегациялар шығып жа­тыр. Оңтүстікке келген респуб­ли­ка­лық ақпараттық-насихаттық топ­тың құрамында Президент Әкім­шілігі Ішкі саясат бөлімінің мең­ге­ру­шісі Дархан Мыңбай мен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бар. Топ-топқа бөлінген на­сихатшылар ауыл, аудандарды ара­лады. Облыс орталығындағы опера және балет театрында өткен актив кездесуін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жүргізіп отырды. Жансейіт Түймебаев Елбасы­ның Жолдауында көтерілген мә­се­лелер бойынша нақты жағдайларды баяндады. Экономиканың жеті басты саласын қамтитын жедел ин­дус­триялық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарламасы бой­ынша атқарылып жатқан жұ­мыс­тарды саралады. Үкіметтің бағ­дарламалары, атап айтқанда, “Биз­нес­тің жол картасы-2020”, “Экс­порт­тар-2020”, Өсімдік-2020” және Инвестор-2020” бағдарлама­лары­ның мәнін түсіндірді. Білім және ғылым министрі оң­түс­тікте атқарылып жатқан оңды іс­тер­ге де тоқталды. Республи­ка­ның әр­бір бесінші тұрғынын құ­райтын оң­түстікте білім ошақ­та­рына зәру­лік бар. “Былтырғы оқу жылында Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында 23 жаңа мектеп пайда­лануа берілді, бұл республика тұр­ғай, күндей күр­кіреген Кеңес ода­ғының кезінде болмаған жағдай”, деді министр. Мұ­ның бәрі өздігінен орын­дал­май­ды. Облыс басшысы­ның үкіметке осы зәру мәселені өткір қоюының, тиісті орындармен тиімді жұмыс істеуінің нәтижесі, деп сөзін са­бақ­таған министр об­лыс басшысының орта мектеп­тер­дегі бухгалтерия­лар­ды орталықтан­дыру туралы идея­сын қолдайтынын білдірді. Түрлі тексерушілердің ара­дай талайтыны – мектеп. Азды-көпті заң бұзу­шы­лықты бүркелемеу үшін мектеп ди­ректоры ұстаздарға салық салып жа­тады. Оның соңы сыбайлас жем­қорлыққа соқтыра­тын­дығы сөзсіз. Ал, бухгалтерия­ларды орталық­тан­дыру осындай келеңсіздіктердің алдын алады. Елбасы Жолдауы не береді деп күту – масылдық пиғыл. Шын па­триот көмегін айқайламай-ақ көр­сете алады. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай мәселенің осы жағынан келді. Мемлекеттік грант­тар жыл сайын көбеюде. Ол жақсы. Ал, осы­дан кәсіпкерлер неге қалыс қалады?! Республикада 170 мың фирма жұмыс жасап жатыр. Осы­ның әрқайсысы бір-бір студентті өз есептерінен оқытуға шешім қа­был­даса қосымша 170 студент грантқа ие болады екен. Ғылым мен білім өзін-өзі ғана асырамайды, халықты асырайды. Ата-аналар осыны білуі керек. “Алдымызда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін халық­аралық бағдарламалармен сәйкес­тен­діру, жаңашыл кәсіптік стан­дарт­тар енгізу, экономиканың бар­лық саласын қажетті кадрлармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір отандық университеттерге рейтингі жөнінде қатаң талап қойылды. Оқу орындарын халықаралық аккредит­теу­ден өткізу Елбасының бақы­лау­ында тұрған тапсырмалардың бірі. Бізге саннан гөрі сапа маңызды”, деп сөзін түйген Д.Мыңбай алып­қашты әңгімелерге арқау болып жүрген Кеден одағы, мемлекеттік тілге қатысты пайымдауларын айт­ты. Дүрлігетіндей дәнеңе жоқ, жан­ды жұмыс жүріп жатыр. Ортақ құн­дылығымыз – тәуелсіздік. Оның тұғыры мықты болу үшін көп бо­лып қолдау, мемлекеттік бағдарла­ма­ларды аяғына жеткізуге атсалысу қажет. Осындай жақсы әңгіме М.Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де жал­ғасты. ОҚМУ – бүгінде Гер­мания, Англия университеттерімен іскерлік байланыс орнатқан. Жеті мамандық бойынша халықаралық сертификатқа ие болған универси­теттің студенттері қаласа оқуын шет елде жалғастыра алады. Қос дип­ломды түлектің өзге мем­ле­кет­терде жұмыс жасауына білім, білігі жетеді. Білім және ғылым министрі өзінің Лондон университеті про­фес­сорымен кездесуін айтып берді. Англияда оқып жатқан шетел сту­денттерінің қайсысы қабілетті, ынталы дегенде профессор “Қытай және қазақ студенттері” депті. Деп­ті де сөзін әрі жалғапты. “Бірақ, Лон­дон кафе, ресторандарында қа­зақ студенттері қытай студенттеріне қарағанда көбірек отырады”. Қазақ студенттерінің қабілеттілігіне дау жоқ. Халқымыздың дархан пейіліне сай тойшылдықты сәл кейінге ығыстырса, қазақ баласының тұл­па­ры озғалы тұр-ау. Лондон профессорының айтпа­ғы осы болған шығар... Оңтүстік Қазақстан облысы