08 Маусым, 2012

Тимеңдер «Биші қайыңға»!

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тимеңдер «Биші қайыңға»!

Жұма, 8 маусым 2012 7:20

Ақпараттар ағынына құлақ түрсек, Бурабайдағы «Биші қайыңды» біреулер халықтың қарсылығына қарамастан қырқып-отап, орнына үй, мекен-жай салуды ойластырып жатқан көрінеді. Бұл хабар мені де бейжай қалдырмады.

Жұма, 8 маусым 2012 7:20

Ақпараттар ағынына құлақ түрсек, Бурабайдағы «Биші қайыңды» біреулер халықтың қарсылығына қарамастан қырқып-отап, орнына үй, мекен-жай салуды ойластырып жатқан көрінеді. Бұл хабар мені де бейжай қалдырмады.

Автор.

__________________________

Тыңдағын астамсыған алпауыттар,

Сендердің сөздеріңде сәл қауіп бар…

Тегінде «Биші қайың» аман тұрса,

Көгінде Көкшетаудың ән қалықтар.

 

Кеткенде сұлулықтың көзі іріңдеп,

Баптаудың,

Аялаудың өзі міндет.

Айналып бүкіл дүние

Аққайыңға,

Тұрғандай табиғаттың өзі билеп.

 

Билейді бір орында,

Жүрмейді олар.

Жұлсаң да жапырағын гүлдейді олар.

Аямай

Ақ қайыңды құлатқандар.

Аққуды

Атқанменен бірдей болар.

 

Күнде атып,

Аңның өзін,

Құстың өзін,

Суымай бетіңдегі сұсты кезің.

Қорқаудай дүниені құртып болып,

Енді –

«Биші қайыңға» түсті көзің!

 

Орманда –

Оңашада сүйіскендер,

Шәрбатын махаббаттың жиі ішкендер.

«Биші қайың» –

Сүйеді аялауды,

«Биші қайың» –

Киелі, тиіспеңдер!

 

Бұл Бурабай –

Өтемі ата даңқтың,

Биші қайың –

Мекені махаббаттың.

Жоғалтып,

Жер бетінен сұлулықты.

От жағып ортасынан

Отамақ кім?!

 

Бұл дала –

Берілмейді уайым-зарға.

Бірақ та,

Бишікеште тойым бар ма?!

Атақты

Абылай хан заманында.

Билеген,

Адам түгіл,

Қайыңдар да!

 

Болса да,

Өзі батыр,

Өзі мерген.

Ешкімнің емес олар сөзіне ерген.

Ежелгі ел мекені,

Ертегідей –

Кешегі Кенесары көзі көрген.

 

Таптың ба,

Жемқорлықтың бір төлемін.

Айтсаңшы,

Қайда барып гүл теремін…

Баяғы Құлагерді құлатқандай,

Балтаңды сұлулыққа сілтегенің!

 

Тыйылып,

Тізгініңді тым ірікпей,

Көктемнің

Күйге толы күні бітпей…

Балтаңды қолыңа ұстап,

Қарайсың сен,

Бетіне сұлулықтың шімірікпей.

 

Қорласаң сұлулықты ақын ғаріп,

Жүрегің дауаламай,

Жақын барып…

Табиғат сыйға тартқан

Сұлулықты –

Қиясың қалай ғана дәтің барып!

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.