17 Шілде, 2012

«Адамзаттың бәрiн сүй»…

360 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Адамзаттың бәрiн сүй»…

Сейсенбі, 17 шілде 2012 7:19

Мен оны тани алмай қалдым. Екі жағы суалып, қос жанары үңірейіп, жүдеп кетіпті. «Аға, танымай тұрсыз ба, танымайсыз… Мен өліп-тірілдім ғой», деді ол дауысы дірілдеп.

Мән-жайға кейін қанықтым. Шынында да, аяқ-қолы балға­дай, тепсе темір үзетін азамат бір өлімнен қалған екен. Ендігі әңгімені оның өз аузынан естиік.

 

Сейсенбі, 17 шілде 2012 7:19

Мен оны тани алмай қалдым. Екі жағы суалып, қос жанары үңірейіп, жүдеп кетіпті. «Аға, танымай тұрсыз ба, танымайсыз… Мен өліп-тірілдім ғой», деді ол дауысы дірілдеп.

Мән-жайға кейін қанықтым. Шынында да, аяқ-қолы балға­дай, тепсе темір үзетін азамат бір өлімнен қалған екен. Ендігі әңгімені оның өз аузынан естиік.

– «Ауру айтып келмейді», дей­ді ғой. Осыдан жеті-сегіз айдай бұрын ойламаған жерден денем ауырлап, мазам кете бастады. Көп созбай дәрігерге бардым. Қарады. Дәрісін жазып бер­ді. Айт­қанын бұлжытпай ор­ын­да­дым. Бірақ одан жағдайым жақ­сара қойған жоқ. Қайда барамын? Тағы да емханаға келдім. Бұл жолы қабылдауда басқа д­ә­рігер отыр екен, «Алаңдамаңыз, дәріханадан мына майды алып арқаңызға жағыңыз, құлан-таза тәуір боласыз», деді. Жазған құлда жазық бар ма, ол кісінің де айтқанын екі етпей орындадым. Бұрынғы бұ­рын­ғы ма, енді белімді жаза алмай, бүктеліп қалдым. Осылай бір дәрігерден екінші дәрігерге жүгірінді болып жүріп, екі айдай уақытты өткізіп алдым. Байқай­мын, ме­нің жағдайымның күн­нен-күнге төмендеп бара жатқаны дәрігер­леріме бата қоймайтын сияқты. Мертік-шортық, ыңқыл-сың­қы­лы көп адамдарды күнде қа­былдай берген соң, еттері үй­реніп кетті ме екен, кім білсін: «Мына байғұс өліп қалады-ау деп», елеңдеп жатқан бірі жоқ.

– Бар бітіретіндері уыс-уыс дәрі жазып береді. Біреуі «белің ауырады» десе, енді біреуі «жү­ректе бір гәп бар» деп зәремді алады. Тіпті ауруханадан шық­пай­тын болдым. Ақыры бір күні УДЗ-ға түсірді. Қабылдаушы дә­рігер жас жігіт екен, салған жерден: «Сізді мұнда кім жіберді?» деді. Дауысында қобалжу бар. «Кім жіберуші еді, учаскелік дәрігер». Осыдан кейін әлгі жігіт кабинеттен шығып кетті де, сәл­ден соң тағы екі-үш дәрігерді ертіп келді. «Мына кісіні тезірек ауруханаға жеткізу керек, асқа­занының жарасы ашылып кетіп­ті», деді ол. Әлгілердің біреуі хирург екен, «маған еріңіз» деп басқа кабинетке алып келді. Сосын бұған дейін талай кісінің қолынан өткен қағаздарымды әрлі-берлі ақтарыстырып отырды да: «Қазір дәрі жазып бере­мін, соны ішсеңіз жазылып кете­сіз», деді. Дәріханаға келіп хи­рургтің қағазын ұсынып едім, орта жас­тағы әйел: «Дәріні кімге аласыз?» деп сұрады. «Өзіме, асқа­заным ауырады». «Мына дә­рінің біреуі асқазандыкі, біреуі мүлде басқа ауруға қолданы­ла­ды». Бұл қалай болды деп хирургке телефон шалдым. Ол ар жақтан: «Кешіріңіз, қате жазып қойып­пын», деп басқа дәріні атады…

Ұзын сөздің қысқасы – та­нысым сол түнді кірпік ілмей өткізіпті. Амалы таусылғаннан кейін, таң ата жедел жәрдем ша­қыртады. Ақыры, дәрігерлер ота жасап, асқазанының төрттен үш бөлігін алып тастауға мәжбүр болады. Есін жиып, өзіне өзі келе бастағаннан кейін, емдеуші дәрігер: «Ағасы-ау, осыған дейін қайда жүргенсіз, ауруыңызды тым асқындырып алыпсыз ғой, енді сәл кешіккенде өмірмен қош­тасады екенсіз», дейді.

– Сергелдеңге түскеніңізді айт­падыңыз ба?

– Болар іс болғаннан кейін айт­ты не, айтпады не?! Қатты тү­ңілдім. Астанада тұратын, оқы­­ған, қызмет істеп жүрген маған істе­гендері осы болса, ауылда тұ­рып жатқан, болмаса осында жұ­мыс істеп белі қайысып жүр­ген­дердің күні нешік деп ойладым. Шыным сол, көзім жетті, шыбын құрлы көр­мейді! Без­бүй­рек екен, жүрек­сіз екен!!! Құдай біледі, талайлар осылардың әле­гі­нен ана жаққа күнінен бұрын кеткен де шығар-ау?!.

Пышаққа түсу оңай ма, тым әлсіреп қалған екен, аяғын басып, көше бойлап кетіп барады. Мен болсам, қаққан қазықтай сол орнымда тұрып қалдым. Бір зіл  батпан салмақ иығымнан басып, еңсемді езіп кетті. Расында да, бір өлімнен қалған екен. Халқына адал қызмет етуге ант береді, ауырып-сырқасақ, араша түседі деп жүрген ақ халатты абзал жан­дарымыздың мұнысы не?!. Әңгі­менің төркініне қара­ғанда, кез­дей­соқ оқиға емес…

Тәуелсіздік алғаннан бері елі­міз­де денсаулық сақтау саласын дамыту бағытын­да ұлан-ғайыр іс­тер атқарылуда. Елба­сы­ның тіке­лей нұсқауымен Аста­наның өз­ін­де бірнеше заманауи орталық салынды. Олардың бәрі шетел­дік озық технологиямен жаб­дық­тал­ған. Таяуда ғана «Егемен» Ас­тана қала­сын­дағы Ұлт­тық кар­диохи­рур­­гия­лық ғы­лы­ми ор­талықта елі­міздің бас кардио­хи­рургі доктор Юрий Владимирович Пяның гер­мания­лық әріп­тес­терімен бірге постке­ңестік кеңістікте бұрын-соң­ды жасал­ма­ған отаны жүзеге асырып, донор жүрегіне мұқтаж сырқатқа жасанды жүректі им­план­тация­лағаны туралы жазды. Бұған дейін мұн­дай ота Германия мен АҚШ-та ғана жасалған екен. Енді, міне, үшінші ота біздің елі­мізде жүзеге асырылып отыр. Бұл, әрине, отан­дық медицина­ның бү­гін­гі деңге­йін, жылдан жылға өсіп-өркендеп келе жат­қа­нын ай­ғақтайтын үл­кен жетіс­тік, зор мақ­таныш! Ай­мақ­тарда да оң өзгерістер аз емес. Соңғы жылдары облыс орталық­тарын былай қойғанда, аудандар­дың өздерінде қаншама ауруханалар салынып іске қосылды. Оларда да небір күрделі оталар жасалып, халық­тың сапалы қызметке қол­жетім­ді­лігі артты. Осының бәріне қуана­мыз, тәуелсіздіктің жемісі деп шат­танамыз. Әтте­ген-айы, мынадай сорақылықтан ке­йін соның бәрі зая кеткендей кө­рінеді екен.

Бұл арада біз түй­медейді түйедей қылайық деген ниеттен аулақпыз. Денсау­лық сақ­тау саласында еңбек етіп жатқан мың­да­ған адамдардың арасында жүре­гінің жылуы мол, өз ісінің шын мәніндегі ше­бер­ле­рі көп екенін де жақсы біле­міз. Олардың алдында әрқашан бас иеміз. Десек те, мына жай жүрегімізге ине болып қа­далға­нын қалай жасы­ра­йық. Қа­рын ішіндегі бір құма­лақ­тың бар жақсылықты далаға ке­тіріп тұр­ғаны жанға батады. Сайып келгенде, мұның өзі ұжым­да­ғы ахуалды жақсарту, ұмыт бол­ған тә­лімгерлікті жандандыру, жастарды мейірімділікке тәрбие­леу сияқ­ты қай мамандықтың бол­масын, алтын қырын жарқы­рата түсетін сан-салалы жұ­мыс­тарды да ұм­ыт­пау қажеттігін ескертіп тұр­ғандай. Осындайда ұлы Абай­дың: «Адамзаттың бәрiн сүй – бауырым деп», деген дана сөз­дері ойға оралады. Бұл ұла­ғат­ты, әсіресе, абыройына дақ түс­пеуін ойлаған ақ халатты абзал жан­дар­дың есте ұстағаны жөн.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».

Астана.