15 Тамыз, 2012

Жаһандық жылыну жаңғырығы немесе климат өзгеруінің себебі неде?

1521 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жаһандық жылыну жаңғырығы немесе климат өзгеруінің себебі неде?

Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:25

Марсты зерттеу қызу қолға алынды. Қытай аталған «қызыл планетаға» Цзюцюань ғарыш айлағынан «Ұлы сапар» зымыран тасығышын ұшырды. Ресейдің «Фобос-Грунт» ғарыштық аппаратының сапары сәтсіз аяқталса, ал АҚШ-тың Curiosity марстық аппараты планетаның Гейл краторы маңына сәтті қонды. Осылайша ұлы державалар ғарышты игеруге барын салуда, бірақ Жер планетасының жағдайы жайына қалғандай әсер қал­дырады.

Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:25

Марсты зерттеу қызу қолға алынды. Қытай аталған «қызыл планетаға» Цзюцюань ғарыш айлағынан «Ұлы сапар» зымыран тасығышын ұшырды. Ресейдің «Фобос-Грунт» ғарыштық аппаратының сапары сәтсіз аяқталса, ал АҚШ-тың Curiosity марстық аппараты планетаның Гейл краторы маңына сәтті қонды. Осылайша ұлы державалар ғарышты игеруге барын салуда, бірақ Жер планетасының жағдайы жайына қалғандай әсер қал­дырады.

Жаһандық жылыну қазіргі таңда жер бетіндегі климаттың өзгеруіне алып кел­ді. Әлгі Марсқа деген ұмтылыс  болашақты ойлаумен де байланысты болар, мүмкін. АҚШ-тың зымыран тасы­ғы­шы 200 миллион шақы­рым­ды артқа тастап, аппаратын қондырған «қызыл пла­нетада» 50 градус суық болса, кейбір жерлерде ол тіпті 150 градусқа дейін барады. Ғалымдар  Жерге ұқсас планетаны алыс ғарыштан да тапты, бірақ ай­налып келгенде ондағы температура өте жоғары болып шықты. Адамзатты құш­ақ жайып қарсы алатын аспан де­несі әзірге табылмай тұр. Бірақ соған қарамай, адам баласы көкке ұмтылысын бір сәт те тоқтатқан емес. Бір-біріне деген үстемдігін жүргізу басты мақсат па екен, әйтеуір бірі жеткен жетістік екін­шісінің дегбірін қашырып тұр. Қытай 2015 жылы айда көп модульды база құру туралы ғарыш­тық бағдарламасын да жария еткені бар. Сол сияқты аспанасты елі Марсты игеру мақсатында бірқатар қадамдарды қолға алды.

Жедел шақыртылған АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзінде орталық барлау басқармасының директоры Дэвид Петрэус өз ведомствосының Қытайдың Марсты игеру бағдарламасы барлығын білетіндігін, 2012 жылдың жа­зында оны жүзеге асыра бастауы мүм­­кіндігінен үкіметті құлағдар еткен­дік­терін мәлім еткен. Петрэустың баяндамасынан кейін-ақ Джон Маккейн бас­таған сенаторлар Президент Обамаға Қы­­тайдың ұшырылған экспедициясын қай­таруға және де келесісінен бас тар­туға көндіруді қатаң түрде талап еткен. Ол үшін тіпті дипломатиялық қаты­нас­тарды үзуге баруы қажеттігін  де ескертіпті.

Ресейдің «Фобос-Грунт» деп аталған аппараты Марсқа жетпей, Тынық мұхитына құлауын кейбір сарапшылар АҚШ-тың әрекетімен байланыстырады, бірақ оған әзірге ешқандай дәлелдер жоқ. Қалай десек те ұлы державалар ара­сындағы бәсеке басталып кеткеніне ешкімнің дауы бола қоймас. Егер бұл ұм­тылыстардың барлығы бейбіт мақ­сат­та, адамдардың игілігі үшін жасалып жат­са дұрыс қой. Ал егер өзге планеталарды игеру әскери мақсатта, онда да өзге елдерге ықпалын жүргізу үшін жасалып жатса, әрине, ойланарлық жәйт. Әлгі сенаторлардың алаңдаушылығы те­гін еместігіне көз жеткізгендейсің. Аспан денелерін жайына қалдырып, енді Жерге оралсақ.

Планета климатының мұншалықты құбылуы қоршаған ортаны ластаумен байланыстырылуда. Көптеген ірі мемлекеттер әлемде өзінің үстемдігін жүргізу мақ­сатында өндіріс ошақтарымен қор­ша­ған ортаны ластауын үдете түскен. Сол АҚШ-тың өзі Киото хаттамасын ратификацияламаудың астарында осындай мақсат жатқан жоқ па деген де сұ­рақ туындайды. Соңғы жылдары жаһан­дық жылыну құбылысы Жер климатының өзгеруіне, ал ол  алапат дауылдардың, күш­ті су тасқындарының және құрғақ­шы­­лықтың артуына алып келуі мүмкін деген жорамалдар айтыла бастады. Мұн­дай жорамалдар 1988 жылы БҰҰ бағдарламасы аясында құрылған Кли­мат­тың өзгеруі мәселелері бойынша үкі­метаралық сарапшылар тобы мен  Бү­кіл­әлемдік метеорологиялық ұйымы жа­са­ған баяндамада кеңінен келтірілген.

Үндістандық Мумбайдан, амери­калық Майамиге дейінгі аралықта адамдар су тасқыны салдарынан зардап ше­гуі мүмкіндігі ешкімді бей-жай қал­дыр­маса керек. Ғалымдардың болжауынша, су тасқынынан, әсіресе, Оңтүстік-Шы­ғыс Азия елдерінің бірқатар қалалары – Бангкок, Шанхай, Гуанчжоу, Хошимин және Янган  қатты зардап шегуі мүмкін. Қазірдің өзінде Қытай, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның су тасқыны зардаптарын тартып отырғандығын көріп жүрміз. Әсіресе, Солтүстік Корея ауыл­ша­руа­шы­лық жерлерін тасқынды су басып қалуына байланысты жақында БҰҰ көмегіне жүгінді. Сондай-ақ өткен жылы Австралияда жауын салдарынан орын алған су тасқынынан 5 миллиард еуро зардап келгендігі белгілі. Жалпы, жыл сайын әлемдегі табиғи апаттар зардабынан болатын шығынды сарапшылар 80 миллиард доллар деп бағалап отыр.

Ғалымдар климаттың өзгеруін қор­шаған ортаның ластануымен қатар, ор­ман­дардың оталуымен де байланыстырып келеді. Қазір әлем бойынша орман ағаштары көптеп оталуда. Сондай өн­ді­рістік мақсатта қиылып жатқан орман­дар­дың бірі Амазонка талдары екені. Адам қолымен шабылған орман құрғақ­шылыққа соқтырып жатыр. Мысалы, 2005 жылы құр­ғақ­шылықтан  өзендер кеуіп, орманның 30 пайызы қурады. Бұл соңғы 60 жыл­дағы ең зардапты саналады. Негізінен құрғақшылықты Атлант мұхитындағы судың температурасымен байланыстыруда. Мұхит суының қызуы ылғал бағытының өзгеруіне алып келген.

Құрғақшылық демекші, Қытайдың солтүстігіндегі шөлдің аумағы соңғы 20 жылда айтарлықтай кеңейе түскені де алаңдатарлық. Мұнда жауын-шашын­ның сиреуі салдарынан жел жердің құ­нарлы қабатын ұшырып әкетіп, құм мен топырақтың дауылын тұрғызып келеді. Сондай құмды дауыл тіпті Бейжің қала­сына да жеткені. Австралия фермерлері құрғақшылық салдарынан қатарынан 6 жыл бойы егіннен қажетті өнім ала алмай отыр. Еуропадағы 2003 жылы жаз­дың тым ыстық болуын ғалымдар сирек кездесетін құбылыс ретінде бағалады. Олардың пайымынша, мұндай құбылыс 200 жылда бір рет орын алады екен. Алайда, жаздың мұншалықты ыстық болуы алда екі есеге өсіп, 2040 жылы әр­бір екінші жаз осылайша қалыптаспақ.

Алысқа бармай-ақ биылғы қысты еске алайықшы. Жаһандық жылу салдарынан бұған дейін мамыражай климат саналатын Еуропа құрлығында қыс тіпті де қатал болды. Мәселен, солтүстік-шығыс жақтан келген суық жел Пиренейге дейін жетіп, Францияны әбігерге салып қойды. Римде қар қалың түсіп, Венеция каналдары қатып қалды. Ал Балқан түбегінде қар деңгейі 4 метрге жетіп, 22 градус суық болды. Мұндай суыққа үйренбеген сол Еуропада 450 адам қаза тапты. Негізінен Еуропада қыс қаңтар айында күш алып, қар жауатын. Исландияда төмен қысым аймағы қалыптасып болған соң, ол Азор арал­да­рындағы ауаның жоғары қысымымен араласып, Еуропа жазығына жел ағы­ның жасайтын. Бұл өз кезегінде шығыс циклонының  Арктиканың суық ауасын алып, қардың жаууына ықпал етуші еді. Жағдай биыл күрт өзгерген сыңайлы. Балтық мен солтүстік теңіздердегі температура жоғары болғандығы анық­тал­ған. Соның салдары болса керек, жылы ауа райына үйреніп қалған Алжир, Марокко және Тунис тұрғындары да биыл қыстың қаһарын қатты сезінді.

Альфред Вегенер атындағы Поляр­лық зерттеулер институтының және Гель­мгольц Жерді зерттеу орталығы ма­мандарының пайымынша, мұздақ­тар­дың аздығы мен су температурасының жоғары болуы ауа айналымының қалып­ты ағынына өзгеріс алып келген. Зор қуаты бар жылы су ауаны жылытып, ол жоғары көтеріледі. Қалыпты жағдайда солтүстік теңіздер мұз құрсанып, оған жол бермейтін. Ауа ағынының өзгеруі себептері туралы әлі нақты болжам жоқ. Ал Рэдинг британдық университетінің ғылыми қызметкері Майкл Блэкберн қыс және жаз мезгілдерінде жоғары ауа ағынының тоқтап қалуын анықтаған. Британдық ғалымдар әлгі теорияны зерттей келгенде, Батыс Еуропада шынымен де жоғары ауа ағыны сағатына 150-200 шақырымнан 30 шақырымға дейін тө­мен­деп кеткендігін бай­қап­ты. Ға­лым­дар мұны күн белсен­ділі­гінің төмен­деуі­мен байланыстырады. Британиядағы соң­ғы 350 жылдық мәлі­мет­терді салыс­тыра келгенде,  ғалымдар күн белсен­ді­лігінің төмендеуімен Жер­дің стратосферасы қызбай, ол өз кезегінде батыстан жылы да ылғалды желдің келуіне ықпал етпейтіндігін анықтаған.

Жақында Гренландияның мұздықта­ры ери бастады деген жайсыз хабар тағы шықты. Арктика мұздықтарының сиреп, теңіз деңгейлерінің көтеріле бас­та­ғандығын ғалымдар жиі айта бастады. Орталық Азияда да тау бөктеріндегі мұздықтар көлемінің біртіндеп болса да кеміп келе жатқандығы талай жазылды да. Әсіресе, бұл Қырғыз тауларында ерек­ше байқалған. Осының барлығы адам қолымен жасалып отыр ма, әлде Күннің құбылмалы белсенділігімен байланысты ма, ол жағы әзірге белгісіз. Бел­гілісі, ірі мемлекеттердің Марс сияқты кені мол болуы мүмкін планеталарды игеруге қызу кірісуі. Адамзатты да осы ашкөздік құртпаса игі еді деген ой біздікі. Үндістанның жерінде атом бомбасы жарылғаннан кейінгі қалатын белгілер табылған. Алайда, ғалымдар оның жөнін түсіндіріп бере алар емес. Мүмкін адамзат осыған дейін де даму шегіне жетіп, атом бомбасынан зардап шекті ме, жоқ әлде бұл қарапайым таби­ғаттағы құбылыстар ма, оны әлі ешкім тап басып айтып бере алмай отыр.

Әрине, табиғаттың мұншалықты өзгеруіне жер үстіндегі емес, астындағы шикізатты да барынша игеру әсер етері  түсінікті. Адамзат өз даму сатысында одан бас тартпайды. 2050 жылы Жер­ ша­рын­дағы адамдардың саны 9 мил­лиард­қа жететі­нін ескерсек, онда адамзатқа жаңа кеңіс­тіктерді игеру уақыт талабына айналуда. Мысалы, жақында ғана халқының саны 80 миллионға жеткен Иранда бала тууға шектеу қою нормасын алып тастағаны белгілі болды. Рухани көсем саналатын Аятолла иран­дық­тардың саны 150 мил­лионға жетуі тиіс дегенді айтыпты. Солтүстік көр­ші­міз – Ресейдің өзінде 140 миллион тұр­ғы­ны бола тұра «бізде демографиялық ахуал нашарлап барады» деп бала тууды барынша қолдап отыр. Баланың өмірге келуімен бір рет төленетін жәрдем­ақы­ны 8 мың долларға жеткізіп, қазір жер учаскелерін тегін беруді қолға алды.

Қытайдағы қайбір табиғи апаттан кейін кейбір провинцияларға екі-үш баладан тууға рұқсат етілді. Қазір қытай­лық­тардың саны 1 миллиард 300 мил­лион­ның үстінде. Бір еуропалық ғалым Жер мұншалықты көп адамды асырай алмайды, сондықтан үнемі ашаршылық пен соғысты тоқтатпай жүргізіп отыру керек дегенді айтқан екен. Әрине, әлгі ғалымның сөзінде шындық та жатуы мүмкін, бірақ қазіргідей ақпарат дамы­ған заманда елді аштықта ұстап, соғыс­ты үзіліссіз жүргізіп отыру әбестік болар еді. Оның үстіне қазір адамдар со­ғыс пен ашаршылық орын алған жер­лер­ді тастап, өркениетті елдерді сағалай бастады. Олар үшін қойылған кедергі­лер әртүрлі жолдармен айналып өтілуде. Адамдар тіпті табиғи апаттардан аман қалудың жолдарын да меңгеріп алды. Мысалы, Бангладеште 1970 жылы орын алған онша күшті саналмайтын тропи­калық циклоннан 300 мың адам мерт болса, бірқатар кешенді шаралардан кейін 2007 жылғы апатта бар-жоғы 4,2 мың адам опат болыпты.

Әлгі Марсқа сапар жасаудың қан­ша­лықты қажеттігін осындайда түсіне бас­тайсың. Иә, жер қойнауы барынша тоналуда, бірақ оған қарсы тұрар амал бар ма? Әр билік өз халқының мүддесінен шығуға тырысатынын ескерсек, бұл тоқ­тамайтын құбылыс. Алда не күтіп тұрғанын ешкім де дөп басып айта алмайды. Сондықтан климаттың өзгеруі адамзатты толғандыруы тиіс.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».