Әйел босандырған жолсерік
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:23
Ананың қай замандада ерлік істері мен атқарған жұмыстары аз болмаған. Ел басына күн туып, етігімен су кешкен небір замандарда да абзал жан қиындық атаулыға алғашқы болып мойымай төтеп бергендігін ешкім жоққа шығара алмас. Ал сол жандардың жалғасындай бүгінгі бейбіт кезеңде ерліктерін өзге қырынан көрсетіп, қайсар ана атанып жатқан нәзік жандылар қатары бүгін де, шүкір, аз емес. Алматы – Павлодар бағытындағы №45 жолаушылар пойызының жолсерігі Гүлмира Шакаманованы да осы қатарға жатқызуға болады.
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:23
Ананың қай замандада ерлік істері мен атқарған жұмыстары аз болмаған. Ел басына күн туып, етігімен су кешкен небір замандарда да абзал жан қиындық атаулыға алғашқы болып мойымай төтеп бергендігін ешкім жоққа шығара алмас. Ал сол жандардың жалғасындай бүгінгі бейбіт кезеңде ерліктерін өзге қырынан көрсетіп, қайсар ана атанып жатқан нәзік жандылар қатары бүгін де, шүкір, аз емес. Алматы – Павлодар бағытындағы №45 жолаушылар пойызының жолсерігі Гүлмира Шакаманованы да осы қатарға жатқызуға болады.
Гүлмира осыдан төрт ай бұрын болат жол үстінде ерекше оқиғаға куә болып, соның бас кейіпкеріне айналды. Төрт ай бұрын деп айтып отырғанымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. Бұған жуырда «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминның блогына Щучье қаласынан Үржібаевтар отбасынан келген алғыс хат себеп болыпты. Онда былай делінген: «Біз болат жолда кез-келген қиын жағдайда көмекке әзір тұратын кәсіби мамандар жұмыс істейтініне тәнті болдық. Алматы – Павлодар жолаушылар пойызының жолсерігі Гүлмира Зарубайқызы батыл да жедел әрекет етуінің арқасында біздің немереміз Милананы босандырып алды. Оған деген алғысымыз шексіз…» деп ағынан ақеділ алғысын жаудырады ерлі-зайыпты Үржібаевтар өз хатында.
Гүлмира табиғатынан қарапайым жан. Көпшіліктен ерекшеленгенді ұнатпайды. Сол оқиға жайында да жалпақ жұртқа жар салуды жөн санамаған. Бұл бағытта сапар шеккен жолсеріктердің басты мақсаты ана мен баланың денсаулығы болған. Бар тілегі жаңа туған сәби үстінде еді. Гүлмира Алматыдан пойызға отырған жас жұбайларды көріп, келіншектің аяғы ауыр екенін, ауыр болғанда да айы-күні жақындап қалғанын бірден аңғарады. Алайда осы сапарда босана қояр деп ойламапты. Пойыз Сарышаған стансасынан өте бере толғағы басталған келіншекті бөлек купеге жайғастырып, босануына көмектесуге барын сала кіріскен Гүлмира жолсеріктерді дәрігер тауып келуге жұмсайды. Толғағы маза бермей, жанұшыра қиналған келіншекті көрген ол өзі де онымен бірдей қиналып, тердің су боп аққанын байқамай да қалады. Келіншекке бар айтатыны «шыда, шыда, дәрігер келіп қалды» деп демеу бере беру болды. Дүние есігін ашқан сәби көкпеңбек болып туғаны өз алдына, біразға дейін дыбыссыз жатып жұртты бір үрпиістіріп тастаған. Содан ол сәбиді жасанды жолмен демалдыруға тырысып бақты. Сол мезетте шарананың шар етіп шыққан дыбысы әбден уайымдап, қалжыраған Гүлмираның көңілін босатып жіберді… Вагон іші у-шу. Жас анамен бірге толғатқандай болған жолаушылардың да қуаныштарында шек жоқ. Көпшілік «бұл енді сіздің де қызыңыз», деп жолсерікті құттықтап жатты…
Гүлмираның өзі де үш баланың анасы. Екі ұлы студент болса, төрт жасар Дариясы қылықты қыз болып өсіп келеді. Гүлмира сапарға шыққан кезде кішкентайын қатты сағынатындығын айтады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы қазіргі таңда Гүлмираны марапаттауды ойластыруда екен. Иә, адамгершілік, аналық қамқорлығының арқасында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүрген абзал жанға қандай құрмет көрсетсе де артық болмас.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».