16 Қаңтар, 2017

Сыбайластықпен күресте қазақ-қытай серіктес

1008 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы «Пекин Палас» қонақ үйінде Қытай коммунистік партиясы XVIII шақырылымының 6 пленарлық мәжілісіне орай арнайы семинар өтті. Оған Бүкілқытай Халық Өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті Бас хатшысының орынбасары Шэнь Чуньяо баяндамашы ретінде қатысты.

Сыбайластықпен күресте қазақ-қытай серіктес

Қытайдың қазіргі эконо­ми­калық ахуалы, қытай-қазақ қатынастарының келешегі мен түрлі салалар ынтымақтастығы талқыланған жиынға ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуй, Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері және бірқатар дипломат, саясаткерлер қатысты.

Ал жиында негізгі сөз сөй­леген қытай саясаткері Ш.Чуньяо жуырда ғана өткен Қытай комму­нистік партиясының жалпы жи­налысында нақтыланған мәсе­лелерді таныстырып, екі ел ара­сындағы саяси-әлеуметтік се­рік­тестіктің жай-күйін саралады.

«Біздің әріптестігіміз бен өз­ара ынтымақтастығымыз бас­­қару жүйесіндегі сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес жағда­йын­да да тереңдеп келеді. Бұл рет­те тәжірибелік тұрғыдағы байла­нысымыз нығаюда. Мәсе­лен, 2014-2016 жылдары Қытай­да 2 565 қашқында жүрген шенеу­нік тұт­қындалған болса, өткен жылы түйені түгімен жұт­қан 100 жемқор-қашқынның аты-жөні анық­талып, оның 37-сінің қолына кісен салынды. Осы­лай­ша, жоғары лауазымды шенеу­ніктер арасындағы сыбайлас жемқор­лықтың тамырына балта шабу ісінде екі елдің өзара ақпа­рат алмасып, тәжірибе бөлісуі та­раптарға тиімді болатын­ды­ғына сенімдімін», деді ол.

Сонымен қатар, шара аясында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуй уақыт өткен сайын қазақ-қытай қарым-қатынасы қалыңдай түсіп, байланыстың жоғары деңгейі қарқын алатындығын атап өтті.

«Әсіресе, шағын және орта кәсіпті жандандыру үшін Қы­тай банктері аталған саланы не­сиелендіруге бейілді. Тек, жер­гілікті атқарушы билік қыз­меттің ыңғайын үйлестіріп берсе болғаны. Мұндай қадам Қазақстан Президенті нақтылаған «Нұрлы жол» бағдарламасының тетіктерін жүзеге асыруда да өз тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ, батыс пен шығыстың арасында дәнекер болып отырған бүгінгі Қазақстанның стратегиялық жо­балары Қытай үшін де аса ма­ңызды екендігін ешқашан қаперден шығаруға болмайды», деді елші.

Мемлекетаралық ынтымақ­тастықтың тереңдей түсуін арқау еткен келелі кеңесте екі ел өкілдері инвестициялық әлеует жөнінде де пікір алмасты. Атап айтқанда, қытай инвесторларының ауыл шаруашылығы мен шикізат өндіру, өңдеу үдерісі, азық-түлік тауарларын шығару салала­рын қаржыландыруға қызығу­шылықтары зор.