Сәтбаев санасқан саңлақ
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:06
Мақаланың басты кейіпкері Сағид Рауфович Рафиковпен менің алғашқы таныстығым сонау студент кезімде басталды. Талабым мен талантымнан үміт күткен ұлағатты ұстазым, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деп аталады) химия факультетінің деканы, профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжанов үшінші курста оқып жүрген мені: «Сенің ендігі тәлім алатын жерің осы» деп Химия ғылымдары институтының табалдырығынан аттатқан еді.
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:06
Мақаланың басты кейіпкері Сағид Рауфович Рафиковпен менің алғашқы таныстығым сонау студент кезімде басталды. Талабым мен талантымнан үміт күткен ұлағатты ұстазым, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деп аталады) химия факультетінің деканы, профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжанов үшінші курста оқып жүрген мені: «Сенің ендігі тәлім алатын жерің осы» деп Химия ғылымдары институтының табалдырығынан аттатқан еді. Сол кездегі институт директоры, академик Әбікен Бектұров бастапқыда салқын қабақ танытса да, кейіннен зертханада қызмет істеп, ғылыми ізденістер жүргізуіме жол ашқан болатын. Ионалмастырғыш шайырлар зертханасына келгенімде менімен: «Зертхана жетекшісі Михаил Владимирович Виттих пен аға ғылыми қызметкер Ф.Т.Шостак» деп танысқан қарт кісілер әуелі бұдан былай отыратын орынымды көрсетті де содан соң: «Зертханамыз жаңадан ашылған, бастығымыз – академик Сағид Рафиков. Ол кісі қазір Мәскеуде, екі аптадан соң келеді. Ал мыналар тотығып-тотықсызданатын полимерлерді алу тәсілдері жөніндегі сол кісінің тапсырмасы. Осы жұмысты шұғыл бастап, аяқтауың керек. Мынау қажетті әдебиеттер» дегенді айтып, өз істерімен айналысып кетті.
Жаспыз, алда не күтіп тұрғаны жайлы көп ойлай бермейміз. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмасам деймін. Сөйтіп институт қабырғасындағы, оның ішінде өзімнің бүкіл ғылым-ғұмырымдағы мекенімде алған алғашқы тапсырманы орындауға шұғыл кірістім. Әуелі «қажетті әдебиеттер» тізіміндегі ғылыми кітаптарды ақтарып, біршама уақыт шығындадым. Содан соң одан түйгендерімді қағазға түсірдім. Не керек, екі апта бойы «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей» мұрыннан шаншылып еңбек еттім. Жиған-тергенімді жүйелеген алғашқы «есебімді» Михаил Владимирович қарияға тапсырдым. Иықтан біраз ауыр жүк түскендей болғанымен көңіл күпті. Өйткені «есебімнің» өзім жүзін әлі көрмеген, атағы жер жарған үлкен ғалымның қолына түсетінін біліп жүрмін.
Сағид Рауфович келе салысымен іске кірісіпті. Байырғы қызметкерлерінің жұмысымен толық таныса алды ма, жоқ па, ол жағын білмеймін, мені шақырды. Түріме бажайлап қарап алған соң: «Ал жігітім, қалай, қазақша сөйлесеміз бе?» дейді. Жүзінен мейірім шуағы төгіледі. Менің қысылып тұрғанымды байқаған соң әңгімені осылайша жайдары бастаса керек. Ол туған жерімді, әке-шешемнің немен айналысатынын, қай мектепте оқығанымды, осы уақытқа дейін таңдаған мамандығым бойынша не істей алғанымды егжей-тегжейлі сұрады. Ауылдың, ауылдықтардың жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Бұрыннан таныс, алды кең ақылман ағамен сөйлесіп отырғандай күй кештім. Кескін-келбеті қазаққа келіңкіремегенімен сөз мақамында бір іркілу жоқ. Өзінің айтуынша әкесі татар, анасы башқұрт екен. Орыс мектебін бітірген. Сөйтіп, бір-бірімен ауылы аралас, қойы қоралас түркінің үш ұлтының тел қозысындай болып кетіпті. Кейінгі ұзақ аралас-құраластығымызда бастапқы осы кездесудегі осы тұжырымымның дұрыстығы іс жүзінде дәлелденіп жүрді. Олай дейтінім, қазақтың ұлттық химия ғылымының жеке тармақтарының бастауында тұрған көрнекті ғалымдар Б.А. Жұбанов, Б.В.Суворов, Г.П.Гладышев, Е.Е.Ерғожин, Е.М.Шайхутдинов, Д.Х. Сембаев, Е.А.Бектұров, Ю.Б.Монаков, Г.В.Леплянин, Ж.Ж.Баярстанова, И.А.Архипова және басқалар осы ұлағатты ұстаздың тәлімін алғандар.
Биыл туғанына 100 жыл толатын әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалым Сағид Рауфович Рафиков Ресей Федерациясына қарасты Башқұрт АКСР-індегі Қаишев ауылында дүниеге келген. Сол кездің тұрмыс-тіршілігіне орай болашақтың көрнекті ғалымы еңбекке ерте араласады. Бастапқыда колхозшы болған ол кейіннен Башқұртстан мен Татарстан Республикаларының кәсіпорындарында қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. 1932 жылы «жұмысшы факультетін» бітірген соң Қазан институтына оқуға түсіп, онда сол кездің КСРО Ғылым академиясының атақты академик химигі А.Е.Арбузовтан дәріс алады. Қазан химия-технология институтын ойдағыдай тәмамдаған соң осындағы зауытқа орналасады. Өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен жас жігіт болашағын ғылыммен байланыстыруды жөн санап, Мәскеуге келіп, 1938 жылы КСРО Ғылым академиясына қарасты Органикалық химия институтындағы полимерлер саласынан тұңғыш аспиранттардың бірі болады. Мұнда табаны күректей 10 жыл қатарынан әйгілі ғалым, академик П.П. Шорыгиннің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген талантты азамат соғыс басталатын жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Еңбекке жаны құмар, ісіне ыждағатты зерек те алғыр жас КСРО-ның талай зауыттарында өз жаңалықтарын өндіріске енгізуге тікелей қатынасады. Ол ойлап тапқан желімдер мен аязға төзімді синтетикалық каучуктер сол кездің халық шаруашылығын дамытуға ерекше серпін берген жаңалық еді. 1948 жылы тындырымды ғалым докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Ол тұңғыш рет Кеңес Одағында полимерлердің физика-химиялық қасиеттері тақырыбында монографиясын жариялайды.
Сағид Рауфовичтің Қазақстан ғылымын дамытуға үлес қосуы ұлттық ғылымымыздың негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көрегендігі нәтижесінде мүмкін болады. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының ашылуын қамтамасыз етіп, оның тұңғыш президенті болып тағайындалған Қанекеңнің сенім артып, арқа сүйейтін ғалымдар шоғыры ол кезде Қазақстанда жоқтың қасы болатын. Ұлы Отан соғысы салдарынан Киевтен, Минскіден, Ленинград пен Мәскеуден эвакуацияланып келіп, Қазақстанда жұмыс істеген зиялылар бұл кезде топ-тобымен байырғы мекендеріне қайтып кеткен болатын. Оның үстіне химия саласында ғылым көкжиегіне шыққан Сағид Рауфович Қанекеңді өз талантымен тәнті қылса керек. Сөйтіп, қазақтың ұлттық ғылымының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Рафиковты Қазақстанға шақырады. Қазақ дегенде онсыз да бүйрегі бұрып тұратын ол Қанекеңнің ұсынысына бірден келісе кетеді. Әуелі мұнай-химия зертханасын ұйымдастырудан бастаған ғалым Қаз КСР Ғылым академиясына қарасты Химия ғылымдары институтында жоғары молекулалы қосылыстар, мұнай химиясы, мұнай химиясының синтезі, өндірістік катализаторлар деп аталатын ғылыми салалардың негізін қалады.
Сағид Рауфовичтің қызметі бізде болса да Мәскеуден қол үзген жоқ. Білгенін таланттарға үйретуден жалықпады. Мәселен, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ ауылшаруашылық институтында, сондай-ақ, Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы Химия технология институтында бір мезгілде дәріс оқып жүрді. Ал ғылыми зерттеу жұмыстарын КСРО Ғылым академиясына қарасты Элементорганикалық институтында да жалғастырды. Бұл бұл ма, 1954-1956 жылдар аралығында Қытай Халық Республикасының Ғылым академиясы президиумында кеңесшілік қызмет атқарып, онда да талай шәкірт тәрбиелеп шықты. С.Р.Рафиковтың білімі мен таланты, еңбекқорлығы қытайлық ғалымдар арасында да сый-сияпатқа ие болды. Кейіннен көрнекті ғалым Чехославакияның және басқа мемлекеттердің полимерлік химия ғылымының дамуына қамқорлық жасады.
Табиғатында еңбекқор, ізденгіш, талантты, зерделі ғалым жалпы алғанда КСРО-дағы химия ғылымының дамуында еңбегі орасан зор болды. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін оның артында қалған ғылыми еңбектерінің саны 900-ден астам екенін айту да жеткілікті. Ал егер ол тәрбиелеген шәкірттерді және олардың еңбектерін ескерсек, ұлағатты ұстаздың, көрнекті ғалымның, тамаша адамның кейінгі ұрпаққа беріп кеткен мұрасы есептеуі мүмкін емес мол дүние екенін байқаймыз. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бір ғана біздің Қазақстанда 18-20 көрнекті ғалымның осы кісіге шәкірт болуының өзі неге тұрады! Қазіргі Қазақ елінің мұнай-газ химиясы, жоғары молекулалы қосылыстар химиясы немесе полимерлер химиясы, ионалмастырғыш шайырлар мен мембраналар деп аталатын бірнеше сала бойынша Сағид Рауфовичтің Қазақстан үшін қандай жақсылық жасап кеткенін байқауға болатын шығар.
Тамаша ұстазбен алғашқы кездесуден алған әсер бүкіл ғылым-ғұмырымда ол кісімен толық түсіністік жағдайында көрініс тапты дей аламын. Аспирант кезімде зерттеп жүрген тақырыбыма байланысты «есеп» жаздыртты. Оны егжей-тегжейлі оқып шыққан ұстазым мені дереу Мәскеуге шақыртып алды да «мынауың бітейін деп тұрған тамаша іс екен» деген баға беріп, кей тұстарды әлі де зерделеуге кеңес айтты. Ұстаздың тапсырмасын бұлжытпай орындадым да жаңа есеп жаздым. «Еділ, мынауың тамаша ғылыми мақала болып шыққан екен. Осыны «Успехи химии» журналына ұсын» деген кеңес берді. «Ертеден таныс және академиктерден басқаның мақаласын баспайтын бұл журнал менің алғашқы зерттеу нәтижелерім жайлы жазған есебімді шығара қояр ма екен?» деген күдікпен мақаланы журнал редакциясына апарып бердім. Міне, қызық. Көп ұзамай мақалам жарық көрді. Бұл Қазақстан ғылымы үшін «төңкерісті» жағдай болып шықты. Біріншіден, журналға қазақ авторлардан мақаласы жарияланған тұңғыш ғалым болдым. «Ғалым» деген атағым жоқ, бар болғаны аспирантпын. Екіншіден, мақала одақтық қана емес, әлемдік ғалымдардың назарын аударған екен. Мақалама үн қосып, өзімді «бірге жұмыс істеуге» шақырған ұсыныс хаттарды, басқаны былай қойғанда, қарқынды дамуымен әлемді тәнті етіп келе жатқан Жапония ғалымдарынан да алдым. Ең қызығы сол – мақала жарияланған соң бір қоржын журналды көтеріп ұстазымның Алматыға келмесі бар ма?! Менің мақаламды мұндағы ғылыми ортаға және өзінің шәкірттеріне «сенсация» деп қуанышпен таныстырған ұстазым «Еділдің ғылыми самғауы басталды» дегенді кесіп айтты. Мінекей, қарапайымдық пен өзгенің жетістігіне қуана білушілік адам баласын дәл осы Сағид Рауфовичтегідей үлкен сезім ретінде осылайша көрініс тауып жатса, бәлкім қазіргі тірлігіміз бұдан да жақсы болар ма еді, қайтер еді?!
Ол үнемі «Шәкіртсіз ұстаз – тұл, ұстаз – бәйтерек, шәкірт – бұтақ» дегенді қайталап жүруші еді. Шәкіртіне туған әкесіндей қамқорлық жасау дәл осы Сағид Рауфовичтің туа біткен қасиеттерінің бірі екенін өмірлік аралас-құраластықта толық сезінгендеймін. Ол жақсыны алыстан көре білетін бір ерекше жан еді. Кейіннен ғылыми атақтарды қорғаған соң Мәскеу, Ленинград секілді қалаларда оқып жүрген қазақ жастарынан назарына іліккендерін әкеліп біздерге: «Енді мыналарды ғылымға баулыңдар» деп жүретін. Ақыры ғылыми ізденістер барысында ұстаздың бізге әкеліп теліген жастары кейін шын мәнінде сенімді ақтап, жақсы ғалым болып шықты.
Табиғатында зерек, жастайынан көзге түскен жанды КСРО-ның ғылыми элитасы толығымен сыйлайтын. Көрнекті ғалым-ұстаз өз өмірі мен қызметінде «ұлық болсаң – кішік бол» деген ұстанымның үлгісіндей еді. Шәкірттеріне әкедей қамқор бола алған ол қарапайым қызметкерлерге де ізетті болды. Өзі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін Мәскеудің үлкен ғылыми зерттеу орталықтарындағы қарапайым адамдардың өзі ол кісімен емен-жарқын сөйлесетінін талай көрдім. Ал бізге келген шағында институттағы әрбір адаммен ілтипатты сәлемдесіп, денсаулығын, тіршілік-тынысын сұрастырып жататын.
Ол өзін де, өзгені де аямайтын ерекше талапшыл болды. Мұны мен өз өмірімде талай рет сезіндім. Зертханадағы ғылыми ізденістерімді қаншалықты қимасам да партия менен «лауазымды тұлға» жасағысы келгенін жастай сезіндім. Институтта зертхана меңгерушісі болып жүрген шағымда ҚазМУ химфагына профессор, кафедра меңгерушісі қызметіне шақырды. Химия факультетінің деканы өзімнің ұлық ұстазым Батырбек Ахметұлы Бірімжанов болатын. Сондықтан да ғылыми ізденістерімді жалғастыруыма кедергі бола қоймайтынын түсінген Сағид Рауфович Рафиков қанша қынжылса да: «Жарайды, бірақ ғылымнан қол үзіп қалып жүрме» дегенді қадағалап айтты. Көп ұзамай мені декандыққа ұсынды. Батырбек Ахметұлының «уәждеріне» Сағид Рауфовичтің пікірлерін қарсы қойып, безбеннің екі басын салыстыру қажеттігі туындады. Бұл кезде Батырбек Ахметұлы маған былай деген еді: «Еділ, өз орныма сені ұсынып отырған өзіммін. Мен сенің сөздің тура мағынасында ғалым екеніңді білемін. Сондықтан ғылымдағы өз салаңды өркендету үшін осы жерден оған бейім шәкірттер іздестіріп табуың керек. Мұнымен өзің айналыспасаң, кім айналысады?». Сағид Рауфович Батырбек Ахметұлының бұл сөзіне тоқтағандай болды. Ақыры декандыққа келісім беріп, ол жұмысты да біраз атқардым ғой. Сөйтіп жүргенде университеттің бірінші проректорлығына ұсынды. «Ат-тонымды ала қаштым». Оның үстіне ұстазым Сағид Рауфович бұл хабарды естіген соң мынадай сөз айтты да телефон тұтқасын тастай салды: «Сен, бірінші проректор түгіл ректор болсаң да қойшыдан қай жерің артық?! Онда да сол қойшының кебін киесің. Осыны түсін. Сенің жолың ғылымда, осыны ұмытпа». Ардақты ұстазымның қатты ашуланғанын бірден түсіндім. Түсінгенімді мұндағы ұстазым Батырбек Ахметұлына айтқанымда ол кісі былай деді: «Сағид Рауфовичтің ренжуі дұрыс. Десек те, сен ғылыми ізденісті мүлде тастамайсың ғой. Оны жалғастыруыңа толық құқылысың. Оның үстіне партияны өзіңе қарсы қойып алма».
Иә, ол кездің биі де, соты да партия еді. Партияның айтқанына көніп, айдағанына жүруге тиіссің. Бұл жағынан Кеңес Одағының алғашқы теперіштерін абақтыда көрген Батырбек Ахметұлы ерекше сақ еді. Екі ұстазымның арасындағы барлық айырмашылық дәл осы «партия» деген ұғымнан анық байқалатын. Партияның теперішінен гөрі жақсылығын өз өмірінде көбірек сезінген Сағид Рауфович «еркіндеу» болатын. Ал Батырбек Ахметұлында партияға қатысты «көнбістік» басым еді. Сондықтан да «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған партияның жұмсаған жеріне баруыма тура келді. Мұны естіген Сағид Рауфович қанша жерден іштей қынжылса да бауыр басып қалған шәкіртін мүлде түңілдіріп алмайын деді ме, кім білсін, көп ұзамай үйге телефон шалып, былай деді: «Иә, Еділ, жаңалықтарыңды естідім. Қуанды деп ойлап жүрме. Десек те, ескертерім, ғылымнан ажыраушы болма. Сенің орның ғылымда». Ұлағатты ұстаз, қамқор әке кейпінде болған осынау жанның осы сөзі әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Бұл маған ғана емес бүкіл қазақ ғылымына, қазақ ғылымының болашағына жаны шын ашыған адамның ақжарма тілегі еді. Жалпы алғанда, бүгінгідей әлеммен күш теңестіре алатын иықты қазақ химия ғылымының тұлғалануында асыл ұстаздың осынау ұстанымы, өсиеттей аманат сөзі үлкен қызмет атқарды десем, бұл тек қана ақиқатқа тура қарағандық деп ұғынылса екен. Олай дейтінім, Сағид Рафиков менің 1986 жылы республикадағы ең үлкен білім ордасы – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне ректор болғаным туралы хабарды естігенде де бұған қуанбайтынын өзіме ашық айтқан жалғыз адам болды. Бар болғаны: «Ғылымды өгейсітіп жүрме» деді. Менің қабілетімді, болмыс-бітімімді шын таныған, қазақ ғылымына шын жаны ашыған адам ғана осылай дей алса керек.
КСРО-да «қайта құру», «демократия» деген сөздер үстемдік еткен 1988 жылы лауазымды қызметтерге баламалы сайлау дейтін дәстүрге айналды. Химия ғылымдары институтының директоры, академик Болат Ахметұлы Жұбановқа бұл кезде жоғары жақтан: «академияның ғылыми хатшысы және институт директоры деген екі қызметіңнің біреуін ғана қала, таңдау өзіңде» деген екен. Болат Ахметұлы Академияның ғылыми хатшысы қызметін таңдапты да институт директорлығынан босатуға өтінішін беріпті. Осыны жанашыр, жаны жайсаң Болат аға маған айтты. Мен еш ойланбастан институт директорлығына сайлауға түсуге өтініш бердім. Сөйтсем, ректорлықтан босатуды сұраған өтінішті де тапсыруым керек екен. «Сайланбай қалсам, қайтемін?» деп жүрексінбей-ақ бұрынғы қызметімнен босатуын өтінген өтінішті бірден жазып бердім. Сөйтіп, басым көпшілік дауыспен баламалы сайлауда жеңіп шығып, Химия ғылымдары институтына директор болдым. Мұны естіген ұстазым қуанышын жасыра алмай үйге телефон шалып, құттықтап алғысын үйіп-төкті, балаша қуанды. Бұл нағыз риясыз қуаныш еді. Қазіргі биіктен қарасам, үлкен жүректі, ұлағатты ұстаз бір менің ғылымға қайта оралғаныма ғана қуанбапты, бүкіл қазақ ғылымының болашағы үшін қуанған екен. Ғұламалар ғана осылай қуана алатын шығар.
Сағид Рауфович Рафиков біз қазір ғылым деп тұтастықта қарап жүрген ұғымымыздың өзін екіге бөліп қарастырушы еді. Ол кісі үшін жоғары оқу орындарында дәріс оқитын докторлардың өзі қызметі бойынша ғылым жасаумен айналысып жүрген жандар емес, бар болғаны білім берушілер ретінде саналатын. Ғалым деп ол кісі тек қана ғылыми-зерттеу орталықтарындағы зертханаларда жұмыс істейтіндерді атайтын. Сондықтан да ғылымға, ғалымға ерекше қызғанышпен қарайтын. Ғылым қуған ғалымдардың білім ордаларына кетуіне наразы болатын. Әсіресе үміт күткен шәкірттерінің институт зертханалардан аластамауын қалаушы еді. Ұстазым менің өмірімдегі жаңалықты ести сала, көп кідірмей Алматыға да ұшып жетті. Ұстазды бір топ шәкірттері әуежайдан қарсы алдық. Мені бауырына басқан алып жүректі ұстазым: «Енді қазақ химия ғылымының өлмейтініне сеніммен өмір сүре аламын» деп сол кездегі өз өлшемімен бұл сенімді көтере аламын ба, алмаймын ба деп тұрғаныма қарамастан арқама арта салғандай болды. Ұстазымыз өзі қызмет еткен институтта әрбір шәкіртінің зертханасында болып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, ақыл-кеңес берумен болды. Бұл тұста ол 77 жасқа толған шағы болатын. КСРО Ғылым академиясының Башқұртстан филиалы Президиумының төрағасы, Уфадағы Химия институтының директоры еді. Сондай ауқымды жұмысына, ұлғайған жасына қарамастан ғалым Алматыға жедел жетіп, біздің ортамызда болуы нағыз үлкен жүректі азаматтың қолынан ғана келетін іс екенін айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Бұл кездері өзіміз де талайға ұстаз болып үлгіргенбіз, бірақ Сағид Рауфович Рафиковтың мектебінен өткен шәкірттері Б.Жұбанов, Б.Суворов, Ә.Бектұров, Е.Шайхутдинов, Д.Сембаев, Ж.Баярстанова, И.Архипова баршамыз тамаша ұстазымызды ортаға алып, баяғы кезіміздей ақыл-кеңес сұраудан жалыққан жоқпыз. Ал ол кісі болса былай деді: «Сендер, әрқайсың қазақ химия ғылымында бір-бір сала мектептің негізін қалағандарсыңдар. Енді сендердің де шәкірттерің бар. Шәкірттеріңнің алды ғылым докторы. Демек, көп іс тындырдыңдар. Бірақ, қазақ ғылымы осымен шектелмеуі тиіс. Ол әлемдік ғылыммен бірге алға қадам басуы үшін, ұлтқа толыққанды қызмет етуі үшін ұлттық ғылым жастармен толығып тұруы тиіс. Бұл үзілмейтін процеске айналғанда ғана ғылым өзінің тура мағынасында алға басады. Енді шәкірттеріңнің шәкірттері болуына назар аударыңдар».
Ұлағатты ұстаз лауазымды қызметтерде жүрген шәкірттеріне, яғни біздерге соңғы өсиетін айтқандай болды. Қазір қарап отырсам, біздің бәйтерегіміз бізді өзінің бұтақтары санап, сол бұтақтардың жапырағы көбейіп, олардың да дербес бұтақтарға айналуын қалаған екен ғой. Турасын айтқанда, ол қазақтың ұлттық ғылымы сол бәйтеректей мол бұтақты, сансыз жапырақты алып бәйтерекке, мыңжылдықтарда мызғымайтын, уақыттар тезіне төтеп бере алатын мықты құбылысқа айналсын депті ғой. Ұлы жүректі тұлғалар ғана осындай адал тілегін ашық айтады.
Сағид Рауфович Рафиков – сөз жоқ әлемдік, оның ішінде қазақ химия ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан алып тұлға. Академик А.Н.Несмеяновтың ұсынысы бойынша 1954 жылы С.Р.Рафиковке КСРО Ғылым академиясы Элементорганикалық қосылыстар институтында полимерлерді зерттейтін зертхананы ұйымдастыру және басқару тапсырылғанын жоғарыда айттық. Мұнда ол полимерлердің физикалық, химиялық қасиеттерін анықтайтын ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жүргізіп, олардың ескіруі мен тұрақтану процесін, сондай-ақ қызықты теориялық және маңызды практикалық нәтижелерге жеткізетін сополимерлер синтезін, химиялық әдіспен өзгерту саласында жүйелі зерттеулер бастады. Оның бұл бастауы іргелі бір «ғылыми мектептің» негізі болып шықты.
С.Р.Рафиков Б.В.Суворовпен және басқа да шәкірттерімен жүргізген терең ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде жаңа тотығу аммонолизі реакциясын ашып, никотин қышқылын өндірудің жаңа технологиясын жасап, Швейцарияның «Лонза» фирмасымен лицензиялық келісімге отырып, 38 елде бұл әдісті патенттеп, қазіргі кезде Оңтүстік Қытайда біздің технология бойынша зауыт салынуда.
С.Р.Рафиков пен Г.П.Гладышевтің винилді мономерлердің полимерленуін терең зерттеудің нәтижесінде Кеңес Одағында тұңғыш рет қалың органикалық шыны алудың технологиясы жасалып, Челябі зауытында өндіріске енді.
Ұстазымыздың тікелей жетекшілігімен біз ионалмастырғыш шайырлар мен мембраналар негізінде электродиализдік тұзды суды тұщыландыратын қондырғылар жасап, Алматы электромеханикалық зауытында іске қостық. Бұл еңбегіміз 1982 жылы Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
С.Р.Рафиков, Б.А.Жұбанов, К.М.Гибов бірлесе отырып отта жанбайтын полимерлік лактардың жаңа технологиясын ашып, өндіріске енгізгені үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Мұнайдан бөліп алынған жоғары молекулалық қосылыстардың негізінде құбырларды коррозиядан сақтайтын «Пластобит» полимерлерін алып іске қосқаны үшін ұстазымыз С.Р.Рафиков пен шәкірттері КСРО Министрлер кеңесінің ғылым саласындағы сыйлығымен марапатталды.
С.Р.Рафиков Б.А. Цетлинмен бірлесе отырып газ күйіндегі мономерлерді реакциялық иницирлеудің көмегімен полимерлердің және басқа күйдегі органикалық емес заттардың беттерінде полимерлеу арқылы органоминералдық сополимерлерді алудың жаңа жолын ашты. Г.Н. Челнокованың катысуымен оксиэтилендіру, оксиаминдендіру, тотықты фосфорландыру реакцияларын, Арбузов реакциясын, т.б. пайдалана отырып, бірқатар арзан карбоцепті полимерлердің (полиэтилен, поливинилхлорид, поливинилді спирт, т.б.) химиялық өзгерулерін зерттеді. Оның нәтижесінде беттік белсенді заттарды, коагуляттарды және құрамында фосфор бар иономерлерді алудың әдісі табылды.
Дәл осы жылдары С.Р.Рафиков, Г.Н. Челноковамен, И.А.Архиповамен, И.В.Журавлевамен бірлесіп теориялық маңызы үлкен термототықтыру деструкциясының кинетикасы мен механизімі, сондай-ақ полиамидтердің, полиэфирлердің, полиимидтердің, полиорганосилоксандардың және басқа да полимерлердің радиациялық және фотохимиялық ескіруін зерттеді. Жылудың, жарықтың, оттегінің, ылғалдың, иондаушы сәулелердің әсерінен олардың ескіру процесінде болып тұратын табиғи реакциялардың механизмін жүйелі зерттеудің нәтижесінде С.Р.Рафиков полимерлерді тұрақтандырудың ыстыққа төзімділікті, жоғары температурада балқитын олардың ыстыққа төзімділігін шұғыл арттыруға мүмкіндік беретін жаңа принципін ұсынды. Оны дәйекті түрде қолдану «өзін-өзі» ыстықтың және жарықтың әсерінен қорғайтын жоғары молекулалы қосылыстарды синтездеудің ашылуына алып келді. Мінекей, осылайша бірінен бірі бастау алған үлкен ғылыми мектеп Сағид Рауфовичтің Қаныш Сәтбаевтың шақыртуы бойынша Қазақстанға келіп мұнай химиясы зертханасын ашуы арқылы тақырыбын байытып, өрісін кеңейтіп қана қоймай, тұтастай ұлттың жаңа ғылымы қалыптасуына негіз болып қаланады.
С.Р.Рафиковтың ғылыми дарыны мен ұйымдастырушылық қабілеті әсіресе КСРО Ғылым академиясы Башқұрт филиалының төрағасы болып тұрған кезінде (1967-1984 жылдар) айқын танылды. Бұл ғылым ордасы оның басшылығымен ірі ғылыми және үйлестіруші орталыққа айналып, осы аймақта ғылымды дамытудың жаңа кезеңі басталды. Соның нәтижесінде мұнда ғылымның жаңа салалары – математика, физика, мұнай химиясы, полимерлер химиясы, молекулалық биология мен генетика, аймақтық экономика дамыды. Ол КСРО Ғылым академиясы мен Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңа ғылыми зертханалар, жоғары молекулалық қосылыстар бөлімін ұйымдастырып, ҚазМУ-де жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасын ашуға атсалысып, халықаралық дәрежедегі ғылыми зерттеулерді жүргізді.
Отанымыз ғалымның еңбегін жоғары бағалады. Кеңес және Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі үшін, қоғамдық, ғылыми-ұйымдастырушылық және ұстаздық зор қызметі үшін Сағид Рауфович Рафиков Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен марапатталды.
С.Р.Рафиков 7-ші шақырылған Башқұрт автономиялық КСР Жоғарғы кеңесінің (1968), 8, 9, 10-шы шақырылған КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты, Ұлттар кеңесінің ғылым мен техника жөніндегі комиссияның хатшысы (1970-1984) болып сайланған.
Абай айтқандай, «артында өшпейтұғын із қалдырған» мұндай алып тұлға қазақ халқымен мәңгі бірге жасай береді дегім келеді. Бұл күндері Ұлт Көшбасшының тікелей тапсырмасы бойынша 10 жыл мерзімге арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ерекше екпінмен жүріп жатыр. Осындай жалпы ұлттық маңыздағы ұлан-ғайыр іске Сағид Рауфович Рафиков негізін қалаған ғылым мектебі, сол мектептің талантты шәкірттері, Отанымыздың көрнекті ғалымдары өз үлестерін қосып жатыр деп мақтанышпен айта аламыз. Иә, Сағид Рауфович өзі о дүниелік болса да ол жасап беріп кеткен қазақтың ұлттық химия ғылымы еліміздің өркендеуінде шешуші қызмет атқара бермек.
Еділ ЕРҒОЖИН, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты АҚ бас директоры.