Өмірдің ғажайып сәттері
Сейсенбі, 29 мамыр 2012 7:47
Қуанышбай Құрманғали ағамызды әрқашан бір қалыптан жазбас қарапайым да қағылез, сыпайы да шынайы күйінде көреміз. Сондай жайшылықта ол кісінің жанындағы қоңыр күздің күмбірі құлағымызға шалына бермесі де анық. Енді қайтеміз, бәріміз бірдей әр нәрсені аңғарымпаз Қадыр Мырза-Әлі емеспіз ғой. «Қуанышбай-ау, баяғыда мен балаларға тақпақ жазып жүргенімде сенің көл-көсір лирикалық өлеңдерің «Лениншіл жасқа» жиі жарияланып тұратын еді ғой, соларды жинақтап неге шығармайсың?!»
Сейсенбі, 29 мамыр 2012 7:47
Қуанышбай Құрманғали ағамызды әрқашан бір қалыптан жазбас қарапайым да қағылез, сыпайы да шынайы күйінде көреміз. Сондай жайшылықта ол кісінің жанындағы қоңыр күздің күмбірі құлағымызға шалына бермесі де анық. Енді қайтеміз, бәріміз бірдей әр нәрсені аңғарымпаз Қадыр Мырза-Әлі емеспіз ғой. «Қуанышбай-ау, баяғыда мен балаларға тақпақ жазып жүргенімде сенің көл-көсір лирикалық өлеңдерің «Лениншіл жасқа» жиі жарияланып тұратын еді ғой, соларды жинақтап неге шығармайсың?!» деп оның ақындығына ағалық жанашырлықпен ден қойған Қадағаң болатын. Газет жұмысының майын ішкен майталмандығына қазақ руханиятының құтты шаңырағы «Лениншіл жастың» басшылары Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов құрметпен қарады. Журналистік қарымы «Қазақстан коммунисі» (кейінгі «Ақиқат») журналында жауапты хатшы һәм бас редактордың орынбасарлығына дейін жетіп ұзара түсті. Мұнда оның бесаспаптығын бағалағандар баспасөз сардарлары Құрманбек Сағындықов, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов еді. Қуағаңның бипаз баспагерлігі мен білімдарлығы өзі бас редакторлығына дейін жоғарылаған «Жалын» баспасы мен Қазақ энциклопедиясында көрінді. Мұнда да оған сенім артқандар осал емес, Қалдарбек Найманбаев пен Рымғали Нұрғалиев секілді нарлардың өзі-тін. Одан кейін Ақселеу Сейдімбек досының оң жағынан шығысып Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының вице-президенті, сосын «Ғылым» баспа орталығының бас директоры болған жылдарда да қазақ руханиятына адал тер төгуден жазған емес. Соның бір айғағы – сол тұстағы Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен 200 жылдығына орай жедел шығарылған Махамбеттің тамаша төрт томдығы. Әр жылдары «Арман аралы», «Қош, Қалқатай», «Қоңыр күз күмбірі» сынды жыр жинақтары шыққан айшықты ақындығынан, журналистік қаламгерлігінен басқа Қ.Құрманғали шығармашылығының шырайлы бір саласы – тәржіме. Солардың ішінде төгілте қотарылып қазақ оқырманының көзайымына айналған орыс халық ертегілері мен Андерсен ертегілерін, Ирина Стрелкованың «Шоқанын», Флобердің «Бовари ханымын» айтар едік. Әлбетте, осы жіпке тізілгендердің бәрін біздің сұхбаттас өмірінің өзіндік ғажап өрнектері, кейінгі толқынға ұсынар тағылымы демеске де әддіміз жоқ.
– Қуанышбай аға, сіз соғыс жылдары туғандар санатынансыз. Осыдан пешенеңізге бұйырғаны не?
– Соғыстан пешенеме жазылғаны сол, жарық дүниеге келмей жатып әкемнен айырылыппын. 1941 жылдың күз айларында кіл қазақ жігіттерінен Ақмолада екі атты әскер дивизиясы жасақталған. Бұлар генерал Доватордың кавалерия бөлімдері құрамында 1942 жылдың қаңтар-ақпанында Москва түбіндегі шайқастарға түсіп, қан қасаптың аранына жұтылып кеткен. Сол бейбақтардың ішінде әкем Серікбай да бар. Көрер көзге тірідей өлімге айдалған ғой. Әйтпесе, қарусыз, құр атпен зеңбірек пен танкке қарсы шауып қандай қауқар қылмақ? Бір таңғаларлығы, «зеңбірек жеміне» айналған сол екі дивизияның тағдыр-талайы туралы архивтерде де ешбір мәлімет жоқ.
– Соғыстан кейінгі балалық шақтан есте қалған нелер бар?
– Мұңым көбірек болғасын ба, оқушы кезімнен өлең жаза бастадым. Үлкен балаларға, өз құралпыластарыма, қыздарға арнаған махаббат хаттарын өлеңдетіп жазып беремін. Ондай «еңбек» үшін олардың үйлерінен келген сары майды бөлісіп жейміз. Сегізінші сыныптан бастап интернаттамын. Қазіргі Әулиекөл. Ол кезде Семиозерск дейді. Қостанайдың үлкен бір ауданы ғой. Бір ғажап жағдай, сол уақыттарда Қасым Аманжоловтың үш томдығы шығып, соның жалғыз данасы аудандық кітапханаға түсті. Кезекке тұрып, жастанып оқыдық. Қасым жырлары сүреңсіздеу, көңілсіздеу өмірімізге жарқ етіп шашылған бір жарық сәуле сияқты болды. Махаббат жайлы мұңдай өлеңдерді бұрын оқып көрмеген, тіпті, ынтық-зарды осынша тебірене толғап айту мүмкін деп білмеген біз Қасекең шумақтарынан қыздарға жазған хаттарымызға қосып-қосып жіберуші едік. Одан соң сол кезде «Лениншіл жас» газетінде істеп жүрген Салық Молдахметов деген біздің ауылдың жігіті осының алдында ақталған Бейімбет, Сәкен, Ілиястың бір-бір том кітаптарын салып жіберді. Тағы жырлап, мейірім қанып, рахатқа баттым.
– Тамаша болған екен-ау!..
– Бәрі бірдей тамаша деп ойлама. 9-шы сыныпты бітіретін көктемде бір жайсыздыққа тап болдым. Екі сыныптың 50-ден астам оқушысы 70 шақырым жердегі «Целинный» совхозында тұқым себу кезінде сеялкашы болып жүргенбіз. Күн суық. Жұмыс ауыр. Тамақ нашар. Қиын жағдайға шыдамай 20 бала жұмысты тастап қаштық. Содан педсоветте тәртібімізді қарап, 5 баланы оқудан шығарды. 6-шы етіп мені әрі оқудан шығарып, әрі сыныбымда қалдырыпты. Жай қорқытқаны болар деп жүрсек, олай емес. Шын. 1 қыркүйекте сыныбыма кіргізбеді. Мектеп директоры да, аудандық оқу бөлімінің бастығы да сөйлеспек түгілі, жолатпай қойды. Әйтеуір Оспанов деген сынып жетекшім жаны ашып, келесі сыныпқа көшті деген табель толтырып, завучтың туған күйеу баласы еді, мөрін соқтыртып берді. Сонымен, 10-шы сыныпты көршілес Таран ауданының Қоржынкөл ауылындағы қазақ орта мектебінен бітіруге тура келген.
– Хош. Аттестат алдыңыз. Алматыға келдіңіз?..
– Бұл 1959 жылдың жазы ғой. Қызығы, сол жылдан бастап КазМУ-дің журфагына 2 жыл стажсыз қабылдамайтын тәртіп шығыпты. Енді не істедім? Елге қайтсам, Алматыға енді оралмайтынымды ойлап, қалайда қалада қалуға бекіндім. Қапылып тұрғанда КазМУ-дің бас корпусы алдында «Қарғалы кооперативтік техникумына оқуға шақырамыз» деген хабарландыруға көзім түскені. Көзді жұмып, соған қойдым да кеттім. Жатақханасы бар, стипендиясы бар. Зауқым соқпаса да оқыдым.
Болашақ жездем Салық Молдахметов «Лениншіл жаста» хат бөлімінің меңгерушісі. Сол қолың жаттығып, тілің ұстара берсін деп, әрі тиын-тебен, АПН-ның қызықты материалдарын аударуға беріп тұрады. Өзім үйіне түскен, Жұмағали Ысмағұловпен қатар құрбы Ертай Арысов деген бөле ағам радиожурналист. Кейін Қазақ радиосының директоры болды. Бір күні Салық айтты: «Бізде хат тіркеушінің орны бос. Ерекең редактордың орынбасары Рахметолла Ыдырысовқа айтсын, сонда сол орынға сені алады», деді. Ерекең шынымен-ақ Рахметолла ағаға ойланбастан телефон шалды. Бірге оқыған достар екен. Сонымен, 1960 жылғы шілденің 20-сы күні редактор Саттар Бөлдекбаевтың бұйрығымен «Лениншіл жас» газетіне хат тіркеуші болып жұмысқа қабылдандым.
– Сізді «Лениншіл жастың» «полк баласы» болған деген әңгімелерді естіп қаламыз.
– Бұл сөз де шындыққа саяды. Сол кездерде ұжымдағы достық рәуіш, пейіл мен мейір керемет еді. Хат тіркеуші ғана болып қаздиып отыруға мұрша бермеді. Редакцияның қайнаған тірлігіне, газет жұмысының қауырт қарбаласына мидай араластырып жіберді. Бұл маған үлкен тәрбие ортасы, кәдімгі бір университеттей болды. Тілалғышпын. Қолды-аяққа тұрмаймын. Қайда жұмсаса, сонда барамын. Орысшадан аударамын. Жаңалық хабарлар жаздыртады. Көбіне-көп баспаханада жүремін. Баласы ауырып қалған жас корректор келіншектерді ауыстырамын.
Сөйтіп жүргенде 1961 жылдың ақпан айында мені кіші әдеби қызметкер етіп өсірді. Төбем көкке жетті. Университеттің соңғы курсында оқитын Қалдарбек Найманбаев, кейін «Жетісу» газетінің редакторы болған Баймолда Мусин және мен – үш адам қатар қабылдандық.
– Сол жылдардағы журналистік орта туралы айтыңызшы?
– Газетті халық сүйіп оқып, жақсы шығып жатқаны өз алдына. Сол тұстағы Сапар Байжанов, Камал Смайылов, Хайролла Тілемісов, Кәкімжан Қазыбаев, Бақытжан Мәдиев сияқты атақты журналистер жоғарырақ, басқа басылымдарға ауысып, олардың орнына өңшең сен тұр, мен атайын жаңа толқын, жас жігіттер келіп, «Лениншіл жасты» одан сайын дүрілдетіп, дүркіретіп жатқан кез. Әбдісаттар Бөлдекбаев, Рахметолла Ыдырысов, Әбілфайыз Ыдырысов, Тельман Жанұзақов. Үйленгендер осы төртеуі ғана. Ол уақытта сенбі жұмыс күні. «Ленжастың» қыз-жігіттері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып бірге жүреміз. Сейдахмет Бердіқұлов бөлім меңгерушісі. Газетке алғаш жарияланған өлеңдеріме әдебиет бөлімінің бастығы Қалихан Ысқақов қол қойды.
Тельман мен Қалихан ағалардың достығына қызығатынбыз. Телағаң «Правданың» тілшісі кезінде Новосибирскіде жүрегіне операция жасатқанда әйелі Фаридадан да бұрын барып жеткен осы Қалекең болатын. Достықтың кереметі де, құдіреті де сондайда, басқа іс түскенде ғой. Достық пен достар шарапатын кейін өзіміз де талай көрдік те, сезіндік те.
– «Ленжастың» атақты «жеті жетімінің» достығы да елге аңыз болып тараған жоқ па?
– Айтқандай, осы арада бір қызығы бар. 1965 жылдың қарашасында әскерден оралсам, «Лениншіл жасқа» редактор болып Шерхан Мұртазаев келіпті. Жігіттер мен туралы айтса: «Ондай журналисті мен білмеймін», деп беттетпепті. Ақыры, не керек, ол кісіге демалыста жүрген орынбасары Тельман телефон соғып: «Шерхан-ау, оның не? Ол жігітті сен білмесең, біз білеміз. Жазығы әскерге кеткені ме? Қызметіне алу керек» дейді. Осы қатал Шерхан арада аз жыл өткенде мені жауапты хатшылыққа ұсынып, бірақ комсомолдың Орталық Комитеті: «Университетті күндіз бітірген біреу таппадыңдар ма?» деп ол ұсынысты өткізбей тастаған-ды. Иә, Шерағаңдар тамыр-танысты емес, кәсіби біліктілікті, қарым-қабілетті бірінші орынға қоятын.
Шерағаңның тұсында, 1967 жылдан шығармашылық ұжым қайтадан жаңара бастады. «Лениншіл жасқа» Кәдірбек Сегізбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Оралхан Бөкеев, Кәрібай Ахметбеков, Мағира Қожахметова, Серік Әбдірайымов, Мұхтар Шаханов, Сәкен Иманасов, Кеңшілік Мырзабеков, Жомарт Әбдіхалықов, Фариза Оңғарсынова, Серік Тұрғынбеков, Мерғали Ыбыраев сияқты қуатты жаңа толқын келіп қосылды. Атауын Оралхан ұсынып, «Жеті жетім» деген «ұйым» құрып, бірге жүріп, бірге тұрып дәурендеген кезіміз осы жылдар болды. Бір-біріміздің жазғанымызды оқып, пікірлесіп, сырласып, дуласып, ойнап-күліп, шын мәнісінде бір үйдің баласындай болып, рахат ғұмыр кештік.
– Кімдер олар?
– Оралхан, Ақселеу, Кәрібай, Серік Әбдірайымов, Кәдірбек, комсомолдың Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Бексұлтан Нұржекеев және мен. Әлі есімде, Оралхан келген күні кешке бізде хат тіркеуші болып істейтін келіншегі Үрниса Төлеген Айбергеновтің жылын берді. Сонда бірге бардық. Содан ауылдан келіншегі Айманды алдыртып, пәтерге шыққанша біздің үйде тұрды. Сол күні түннің бір уағына дейін әңгімелестік. Осы күннен Оралхан екеуміздің достығымыз басталды. Мен оны «достардың ішіндегі досым» дейтінмін». Ауылына да талай бардық. Бірде қайғы, бірде қуаныш. Оралханның әдеби қызметкерлері Жарасқан Әбдірашев, Сағат Әшімбаев сияқты сайдың тасындай талантты жігіттер болды. Ұжымға Марат Қабанбаев, Жақау Дәуренбеков, Жанболат Аупбаев келіп қосылды. Осы жігіттердің қай-қайсысымен де тонның ішкі бауындай араластым. Жетімдіктен жетіліп, қазақтың осындай айтулы адамдарымен бірге жүруді нәсіп еткен Аллаға мың рахмет.
– Басыңызға қиындық түскен кездер де болған шығар?
– 1986 жыл ғой деймін, «Жалын» баспасынан шыққан Б.Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке», Ж.Шаштайұлының «Қызыл қар», т.б. тарихи кітаптарға қатты сындар айтылды. Бас редактор Нұржекеевті қызметінен босатты. Мені осы кітаптарға қол қойған баспа басшыларының бірі ретінде біресе министрлікке, біресе Орталық Комитеттің насихат бөліміне шақырып, орнымды босатуымды талап етіп, қуғындай бастады. Осы тұстағы бұрын «Лениншіл жаста» әріптес болған аға досым Рымғали Нұрғалиевтың ерекше жақсылығы жадымнан кетпейді. Жақында Қазақ совет энциклопедиясына бас редактор болып барған Рекең: «Бұлар енді сені бәрібір отырғызбайды. Маған кел», деп қамқор болды. Айтайын дегенім, сеніскен, дос адамдар арасында осындай қолдасу, қолұшын беру болып тұрады.
– Шығармашылық ұстаным-мақсат жайында не айтар едіңіз?
– Біздің құралпас толқын шығармашылығының шыңы «Лениншіл жас» таралымының 70-80 мыңнан 350 мыңға жетуі деп есептеймін. Кезінде тиражымыз 100 мыңға жетсе деп армандағанбыз. Ал өзіме келер болсақ, газет пен баспаның қара жұмысына көбірек жегілдік. Үш жыл әскерде, одан Әбіш Кекілбаев ағамызбен бірге екі жыл офицерлік қызметте болу да әсер етпей қоймады. Дегенмен, жыр жинақтарым әдеби ортада өз бағасын алды. Елеулі деген туындыларым «Ана тілі» баспасында «Әулиекөл әуендері» деген атпен шығып жатыр. Соңғы жылдары белгілі ақындарымыздың шығармашылық келбеттерін кестелеп, әдеби толғаулар жазу үстіндемін. Олардың бірсыпырасы «Атамұра» баспасынан шыққан «Әдебиет әлеміне саяхат» кітабына топтастырылды. Бір қағидам, мен ешкімге сілтеме жасамаймын, бір ақынды екіншісімен салыстырмаймын. Бір сөз айтсам да өз сөзімді айтуды мұрат тұтып келемін. Кезінде «Лениншіл жаста» қалыптанған қазақтығыма шүкірлік етемін. Аңсарлы Азаттыққа жетуімізді басты арманның орындалуы деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».