03 Шілде, 2012

Ұлт рухының шырақшысы

2292 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ұлт рухының шырақшысы

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:37

Жыр сүйер қауымға «Танакөз», «Сенім патша­лығы», «Күре тамырды іздеу», «Махаббатты қорғау», «Құз басындағы аңшының зары» (Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған) сияқты кесек туындылар сыйлаған ақын Мұхтар Шахановтың асқақ пафосты, өршіл рухты поэзиясы бірнеше буын жас ұрпақтың санасын сілкіп, жүрегін оятты.

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:37

Жыр сүйер қауымға «Танакөз», «Сенім патша­лығы», «Күре тамырды іздеу», «Махаббатты қорғау», «Құз басындағы аңшының зары» (Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған) сияқты кесек туындылар сыйлаған ақын Мұхтар Шахановтың асқақ пафосты, өршіл рухты поэзиясы бірнеше буын жас ұрпақтың санасын сілкіп, жүрегін оятты.

1959 жылы жазылған алғашқы өлеңі «Сырдария», 1966 жылы жарияланған тұңғыш жинағы «Бақыт» өлең әлеміне жан-жүрегімен ақтарыла жыр төгетін талантты ақынның келгенін қапысыз танытқан болатын. Бұдан кейінгі «Балладалар», «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Сенім патшалығы» сияқты бірінен кейін бірі жарық көрген жыр кітаптары ақынның дарын қуаты мен берік гуманистік ұстанымын танытқан үстіне таныта түскені шындық.

Мұхтар Шаханов – оқырманы көп, халықтың құрмет-ықыласына ерекше бөленген қаламгер. Поэ­зияға қадам басқан шағынан-ақ әдебиет сүйер қауым­ның назарын өзіне аударған ақын 1972 жылы «Та­накөз» поэмасы үшін Қазақстан комсомолы сыйлы­ғын, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы, сондай-ақ Бүкілодақтық комсомол сыйлығын (1982), «Түрік Республикасының Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығын (1999) және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылары бірлестігінің «Шахрияр» (1999), ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері атанды. 2002 жылы қаламгерге оқырмандар тарапынан жоғары бағаға ие болған «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы да берілді. Бұл – ақын­ның әдебиет пен қоғамға сіңірген үлкен еңбегінің жемісі.

Мұхтар Шаханов – мемлекеттік, қоғамдық-саяси мәселелерге де сергек көзбен қарап, тіл тағдыры үшін тынымсыз күресіп жүрген қайраткер тұлға. КСРО-ның халық депутаты, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты бола жүріп, келелі істердің шешім табуына белсене араласты. Шығармашылық пен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген ақын өзін қоғамнан, халықтан бір сәт те болса бөліп қараған емес.

Шаханов лирикасы риясыз сезім мен шынайы махаббаттың жанды шуаққа бөлер әсем сазын, жү­ректің лүпілін ақтарыла жырлауымен ерекшеленетінін айту ләзім. Үмітсіздіктен аулақ болу, жігерді жасытпау, қандай ауыртпалықты ерге біткен тәуекел мінез­бен көтере білуге қайрау – ақынның қаламгерлік жолда ұстанған басты бағыты десек қателеспейміз. Өмірдің қым-қиғаш тартысынан сәл де болса көңіліне кірбің алып қалған кез келген жас адам ақынның:

Күніңді босқа өткізіп пе едің,

Тағдырың неге сыр айтты сараң.

Өмірдің әрбір сәтсіздіктерін

Бақытсыздық деп кім айтты саған? –

деген жолдарды оқығаннан кейін шамырқанып шыға келері анық.

Поэзия – адалдық пен ақиқатты, ізгілік пен парасатты, жарасым мен үйлесімділікті мұрат тұтқан біртұтас рух майданы. Әр ақынның жүрегінен орын алған, санасының қалтарысына қатпарланған таным­дық әлемі өлең өлкесінде өз өрнегін қалдыратыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, нәзік сезім сырларын шерткен лирикасын асқақ пафосқа толы азаматтық поэзияға ұластырған Мұхтар Шахановтың шығарма­шылық жолы ғибрат-тағылымға толы.

Мұхтар Шаханов поэзиясының арқауы – ерлік пен өрлік, халқымыз бастан кешкен көне тарих, тағдыр­дың әр қилы ахуалдары, шешім таппай аласұрған сезім сырлары десек, ол өткен тарихымыздың санада өшпестей болып қалған тұлғаларының рухын өз жырлары арқылы тірілтіп, замандастарына ой салуды, ар мен азаматтықты уағыздауды парыз санайды. Халқының азаттығы жолында құрбан болған Махамбеттей арыстың ажал құшар сәтін сезініп, жұртымен бақұлдасқандай болған кезін, батырлыққа қарсы оқ атқан жанға, сатқындық жасағанға берілер әділ үкімді ақын «Нарынқұм трагедиясында»:

Мен түсімде зорлық көрдім,

қорлық көрдім ғаламат,

Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді сағалап.

Иығымнан ұшқан басым көкірегімнен домалап,

Бара жатты ата мекен – Ақ Жайықты жағалап… – деп жүректі шымырлата суреттейді.

Біз бұдан ел қамын жеген ерлердің көкірегіндегі зардың запыраны ақын жанын бей-жай қалдыр­мағанын сезінеміз. Ел мен жердің тағдыры жанын жай таптырмаған қаһарман тұлғалардың трагедиясы бірнеше баллада, поэмаларға арқау болып, тұтастай ұлттық болмыс пен рух тынысын танытты. «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» поэмасының кейіпкерлері де асқақтығымен, туған жерге деген шексіз махаббаттан от алған ажалдан қаймықпас көзсіз ерлігімен ерекшеленеді.

Ақын поэзиясы туралы ой толғағанда, махаббат хақында айтпай өте алмаймыз. Мұхтар Шаханов жыр­лаған махаббат – асқақ романтикаға, ерекше сырға, жарқын толғанысқа толы. «Махаббатсыз дүние бос» деген данышпан Абай тағылымы адамзат баласының асыл сезімін, өмірлік қағидасын аңғартқандай. Қазақ тарихындағы ғашықтық хикаялары сан ғасыр сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Қыз Жібек пен Төлегеннің, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, шығыс сюжетіндегі Ләйлі мен Мәжнүннің аңызға, жырға айналған сүйіспеншіліктері талай жырға арқау болды. Кешегі өнерпаз, қазақ даласының сал-серісі Естайдың Қорланға деген махаббаты да әнге айналып, ұрпақ жүрегінен орын тепті. Халық мәдениеті тарихына алтын әріппен жазылған ғашықтық сырларын сезімтал жүректі ақын да назарынан тыс қалдырмайды. Өзінің «Ғашықтық ғаламаты» атты сюжетті өлеңінде қарт Естайдың бақиға аттанар сәтіндегі тебіренісін өрнек­теген өлең жолдарының әсері ерекше:

Дүниенің өзге бақыт, шаттығын

Менсінбеген менің мұңым – тәтті мұң.

Тәтті емей не?

Он сегізге ой салып,

Жиырма бесті таңдандырса қарттығым ?!

Әттең, тағдыр қоса алмадым,

Сорым ба?

Заман – жылан,

Жатып алды-ау жолымда.

Бірақ менің бақытым да, барым да –

Қорлан берген алтын жүзік жарқырап,

Елу бір жыл сәуле шашты қолымда, –

деп толғанған Естай сөзінің шындығына, махабба­тының тұрақтылығына иланасың. Қорландай сұлуға ғұмыр бойы ғашық болып, сол сезіміне кір түсірмей сақтаған, ана дүниеге де сол риясыз сүйіспеншілігін бірге алып бара жатқан жанның осы бір сезіміне ғашығы қалай жауап берер екен деген ой туындары хақ. Оның да жауабын ақын тамаша берген.

Бұл туралы айтқан кезде Қорланға:

« Егер олай етпесе,

Естай, Естай бола ма?!

Онсыз-дағы жаны сұлу балаңа

Сұлу өлім сыйлапсың-ау, Жер-Ана!» –

Деп жылапты кемпір байғұс еңкілдеп,

Ақ жаулығы ай нұрымен желкілдеп.

Естайдың бақиға аттанардағы ақтық сөзін естіген­де осылай егілген Қорланның да кеудесі ғашық­тық­тың сыр сандығы ма дерсің:

Нағыз ғашық қарттығыңа көнер ме?!

Қорлан өзі кейінірек қылтамақтан өлерде,

Әжімді жүзі қуарып, түнеріп,

Күйеуін сыртқа шығарып жіберіп,

Ақпалап, қозып делебесі де,

Бойжетіп қалған немересіне

Естайдың әнін салдырып,

Жанарын шоқтай жандырып,

«Бақыттымын, бақыттымын », – депті де,

Көз жұмыпты мәңгілік.

Ғашықтық – адам тағдырында, адамзат ғұмырында алар ерекше орны бар ұғым. Ақын туындысын «Ға­шықтық ғаламаты» деп атағанда осынау қасиетті сезімнің ғаламат сырын паш еткен. Адам баласының ізгілік қасиеттері, тұма тұнығы осы ғашықтық сезім­нен бастау алатынын жырлайды. Ғашық бола алған адам нағыз адамдық қасиеттерге де қол жеткізген адам:

Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы.

Адам азса, ғашықтың жоқтығынан азады.

Ғашық жыры – тіршіліктің көкейкесті өлеңі.

Ешбір геометриямен

Өлшенбейтін көлемі.

Бұл көңілдің ұшан-теңіз адамзатқа берері.

Ғашық болу келсе кімнің қолынан,

Әлем соған сенеді.

Құлай сүю – ерлікпен тең себебі!

Ғашықтық тақырыбы М.Шаханов лирикасында ұлы адамзаттық мұраттармен, гуманистік қасиеттер­мен ұласып жатады. Тек ғашықтық емес, тағы басқа адами қасиеттер, өнер тағдыры, өнерпаз өмірі де ақынды толғандырмай қоймаған. Қазақ поэзиясына иірім-қалтарысы мол сырға, ширыққан тартысқа тұнған балладаларымен олжа салған қаламгердің «Қасымды қабылдамаған адам хақында» деп аталатын туындысы да ерекше мәнерімен түйсікке әсер етіп, толғандырады.

Кез болатын наурыз айы сән құрған,

Дала жатты ecі шығып жаңбырдан.

Сол далада… жол үстінде бұралаң

Жасы алпыстың әуізіне құлаған

Мәшинеге қол көтерді біp адам.

Қиял құсы қалықтап,

Шат сезімі шарықтап өңіндегі

Жүргізуші ерекше көңілді еді.

– Көрші ауданға жеткізсең, ұлым, мені,

Шексіз алғыс айтар ем күні ілгepі, –

Деп жолаушы қулана күлімдеді.

– Жырақ әpі шет екен қонысыңыз,

Сізге кінә тақпайық ол үшін біз.

Жүргізуші күлімдеп ecік ашты

Қартты сыйлау – қашанғы борышымыз.

Бұл адам – кезінде Қасым ақынды пәтер сұрап келгенде қабылдамағанын мақтан етіп айтқан сәттен оқиға ширығады. Әлгінде ғана қартты жетер жеріне жеткізіп тастамақ болып отырған шофер ақыры бейтаныс жолаушыны жол үстінде машинасынан түсіріп кеткен. Себебі түсінікті. «Ел мақтаған, ел жаттаған ақынды мұқаттым деп мақтанған» жанның тайыз түсінігіне қынжылмасқа амал жоқ. Ақын оқиға барысын бақылай отырып, өз тұжырымын ұсынады. Ұлттың мақтаны болған, сүйіктісіне айналған азамат­тарға құрметпен қарай білуге үндейді:

Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы,

Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды.

Шымшықтар көп өмірде, ал сұңқарлар санаулы,

Санаулы олар, сондықтан жалпы жұртқа қалаулы,

Жылдар түмен зейнетін артқанымен қаншалық,

Қалаулысын қайда да қорғайды жұрт жан салып.

Туған өлке бағы үшін өccін, жансын, гүлдесін,

Қарсы қойма оларға мансабыңның мінбесін.

Келер албырт ұрпақтың шоферлары сені де

Орта жолға жеткенде тастап кетіп жүрмесін!

Ақындық ғұмырын елі мен жерінің, тілінің тағды­рынан бөліп қарамаған Мұхтар Шаханов кешегі ке­ңестік кезеңнің айтулы оқиғасына арналған Желтоқ­сан трагедиясының мәні мен маңызын жан-жүрегімен сезініп, аяусыз соққыға жығылған албырт жастарға араша сұрап, бұл оқиғаның тарихтан әділ бағасын алуына еңбегін сіңірді. Бұл – ақынның ұлты үшін атқарған азаматтық ісі еді. Ұлт тарихынан ерекше орын алған желтоқсан оқиғасын ақын болып жырлап, азамат болып қолдады. Тәуелсіздік жолындағы күрес­тің қаһармандарына айналған өрімдей ұлдар мен қыз­дардың тағдырына күйзелді. Азаттық жолындағы ай­қастың оңай болмайтынын, егемендіктің жеңіл кел­мей­тінін өз жырларымен өзгенің өзегіне сіңіре білді:

Мұз жастанып, азаттықтың жолында,

Тәуелсіздік туы тұрды қолында.

Сойыл таяқ ойнаса да жанында,

Отан үшін жанын қиды ұлдарың,

Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың.

Желтоқсаным, ұмытылмайсың жүректе,

Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке.

Қайраткерлік болмысы ақындықпен тұтасқан ақынның қаламынан туған шығармалар тақырыбы кең өріс, дара сипат алып, өрістей түсті. Оған дәлел – даңқты жазушы Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жаз­ған «Құз басындағы аңшының зары», оқырманына көп ой салған «Жазагер жады космоформуласы немесе Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» туындылары.

Мұхтар Шаханов поэзиясының алтын арқауы – қасиетті ана тілінің тағдыры. Ақынның:

Тарихың тұр санаңа өткел тастап,

Өз тілінде ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап,

Бүкіл баба рухымен байланысың кесілер.

Тағдырыңнан ата ғасыр шамын солай өшірер.

Қатеңді әбжіл түзетпесең, толыққанды жоқ тірлік.

Біз бабалар сүйегіне, сеніміне бақ құрдық,

Бақ құрдық та ұлтсыздық кеңістікке ат бұрдық.

Өз тіліңді жерсінбеудің,

Өз анаңды менсінбеудің,

Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?

Ол – рухани мүгедектік әрі ұлттық сатқындық, –

деген перзенттік тебіренісі ұлтты, тарихты, тілді қастерлеуге үндеген ақын жүрегінің дауысы.

Ақынның елі мен жерінің, халқының бүгіні мен ертеңіне толғанбаған сәті жоқ шығар. Туған тіл тағдырына алаңдаған қаламгердің «Тілсіздендіру анатомиясы» кітабына енген тіл, ұлттық рух, космопо­литтік ағым тақырыбындағы эссе-поэмалары азамат­тық ұстанымын, ақындық бет-бағдарын айқын таныта түскен шығармалар.

Поэзия дегеніміздің өзі ақынның өмір сырын, көңіл мұңын, содан соң қоғамдағы әр алуан құбы­лыстарды қапысыз сезініп, сол сезінгенін санасында қайта қорытып, биік эстетикалық талғам, шамырқан­ған шабытпен қайта туындатқан, адамзатқа алуан түрлі әлемнің сырын түсіндіргісі келген жүрек сыры мен жан мұңы екенін ескерсек, ақынның өмір шындығын, тынымсыз тірлік майданын арқау еткен жырларының мәнін айқын ұғынамыз.

«Айтып өткен ақында арман бар ма – жүрегінің түбінде кір жасырмай» деп, Мұқағалидай ақиық ақын текке тебіренбеген болар. Қолына қалам ұстаған ақынның дара тұлға ретіндегі қайталанбас ерекшелігі – өзінің ақындық жолдағы кісілік келбетін, қадір-қасиетін, адамгершілік бет-бейнесін биік ұстай бі­луінде. Әрбір ақынның ешкімге ұқсамас сара да ай­қын жолы, өзіндік тәжірибесі мен танымы, өзгелерден бөлек шығармашылық тағдыры мен ішкі қалтарысы көп жан әлемі, көзқарасы мен пікірі, талант деңгейі, қаламгерлік болмысы – ақынның поэтикалық оқшау кеңістігін түзетін белгілер. Ақындық тұлға міне, осы сипаттардың тоғысуынан айқындалады. Нағыз ақын­ның әр туындысы өмірдің ащы шындығы мен сұлу сырларына, пенде баласының қуанышы мен көңілін­дегі кірбіңіне, халықтың арман-мұратына тікелей байланыста туындайды. Оқырман ақынның өлеңін оқи отырып, санасына ұялаған сан сауалға жауап, көңіл­дегі алаңына жұбаныш тапқандай болады. Сөйтіп, ақынның азаматтық болмысын, дара тұлғасын таниды. Міне, оқырман көңілінен осылай орын алған ақын ғана тұлға дәрежесіне көтерілмек. Өзіміз сөз етіп отырған ақын туралы айтар ойымыз осыған саяды.

Ұлт мүддесі – ақын мүддесі. Ақындықтың жауап­кершілігін, міндеті мен азабын терең түсініп, түйсін­ген ақын өзінің ұстанымын былай танытқан екен:

Басты мақсат – өз халқыңның

сан ғасырлық ағысын,

Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын,

Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу,

Және оның қасіретін,

Ұлтқа, тілге бас иетін,

Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу.

 

Жеткізе алмай дірілдесең… ол – шошыну, тосылу,

Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу.

Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан,

Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес

қорқақтан!

Ақындық мұратын ұлт мүддесі, ана тілі мүддесі үшін тынымсыз күреспен тығыз байланыстырған қаламгердің өр екпінді поэзиясын күрескер рухтың өміршең жырлары деп бағалаймыз.

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының докторы.