11 Қыркүйек, 2012

«Өз газетiм» деушi едi Еркеш ақын!

286 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Өз газетiм» деушi едi Еркеш ақын!

Сейсенбі, 11 қыркүйек 2012 7:36

Өткен қыстың қытымыр аяздылау бiр күнi едi. Алматының «Мамыр-1» деп аталатын шағын ауда­нындағы үй сыртында қолшана сүйретiп ойнап жүр­ген бiр топ баланы көзiм шалды. Алматыға қар деп айтуға тұрарлық қар түсе ме, жердiң қара топырағы шығып бусанып жатыр. Топырағы жасырынбаған жерге қолшана қалай жүрсiн, сырғанақ теппек болған бүлдiршiндер терлеп-тепшiп әуре-сарсаңға түскен. Осы көрiнiс ертеде оқыған бiр өлең жолдарын есiме түсiрдi.

Сейсенбі, 11 қыркүйек 2012 7:36

Өткен қыстың қытымыр аяздылау бiр күнi едi. Алматының «Мамыр-1» деп аталатын шағын ауда­нындағы үй сыртында қолшана сүйретiп ойнап жүр­ген бiр топ баланы көзiм шалды. Алматыға қар деп айтуға тұрарлық қар түсе ме, жердiң қара топырағы шығып бусанып жатыр. Топырағы жасырынбаған жерге қолшана қалай жүрсiн, сырғанақ теппек болған бүлдiршiндер терлеп-тепшiп әуре-сарсаңға түскен. Осы көрiнiс ертеде оқыған бiр өлең жолдарын есiме түсiрдi.

Шымыр қыстың аязды бiр кешiнде,
Соңғы тепкен сырғанағым есiмде.
Ауылдың дәл iргесiнде төбе бар,
Жүрдiм ойнап сол төбенiң төсiнде,
– деп бастаған автор:
Көз алдымда құйындатып келемiн,
Көңiлiм тасып, рахаттанып күлемiн…
Кенет шанам асау таудай бұлт етiп,
Төрт-бес аунап кеткенiмдi бiлемiн.

Содан берi мен сырғанақ теппедiм,
Шанамды да iле қуып жетпедiм.
Балдан тәттi балалықтың базары
Бiлмей қаппын сол шанада кеткенiн.

Ақын осылайша тебiрене сыр шерте келiп:
Дос едiң-ау қыраң жер мен сай-сала!
Мен сырғанақ теппегелi қаншама?!
Жалтақтаймын жігіттіктің өрінде
Тағы тастап кетердей бiр қолшана..
– деп тұжырады ойын. Әдемi өрiлген сұлу көрiнiс, тапқырлықпен таразыланған толымды түйiн емес пе?! Бұл кiмнiң өлеңi, кiмнiң сөзi едi деген ой мазалай берген соң жеке кiтапханамды ақтара бастағанымда қолыма шкафтың ең көрнектi жерiнде тұрған екi томдық «Қазақ совет поэзиясының антологиясы» iлiк­тi. 1966 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бұл антология кезiнде жыр сүйетiн бүкiл қазақ қауымының қолдан түспес сүйiктi дүниесiне айналған едi. Оған атақты ғалым, филология ғылымының докторы    М.Қаратаев «Жыр арнасы» деген тақырыппен үлкен алғы­сөз жазып, оның қазақ әдебиетi тарихында ана тiлiнде тұңғыш шығып отырған антология екенiн ерекше атап көрсеткен болатын. Сондықтан оған ақынның ақыны деп бағаланған автордың ғана өлеңi кiргенi өзiнен өзi түсiнiктi. Соны бiлгендiктен мен одан 1951 жылы тұңғыш өлеңi республикалық «Лениншiл жас» газетiнде жарқ ете түсiп, 1958 жылы «Қарлығаш» атты бiрiншi жинағы шыққан, одан кейiн 1960 жылы «Көкше суреттерi», 1961 жылы «Өмiр өл­мейдi» деген жыр кiтаптары жеделдете жарық көрген өзiмiзге таныс көкшелiк ақын Еркеш (Ибраһим) Ебiкеновтің есiмiн ең алдымен iздегенiмдi несiне жасырайын. Сол үмiт ақталды. Антологияға Еркеш Ибраһимнiң оннан астам таңдаулы өлеңдерi ақынның суретiмен және шағын аннотациямен берiлiптi. Оның «Қолшана» деп аталатын қып-қысқа өлеңi сол екi том­дыққа кiрген екен. Еркеш есiмi содан бастап көкейiме берiк ұялап, оның өлеңдерi асқақ әуен, сұлу жыр ретiнде көкiрегiме хатталған едi.
Еркеш ақын поэзия тұлпарын ерттеп мiнгеннен бастап құлашты кеңге сiлтедi, өзi сияқты жүй­рiктер­мен үзеңгi қағыстыра отырып, әдебиет майданының алдыңғы легiнен табылды. Жоғарыда аты аталған алғысөзiнде М.Қаратаев «соңғы он жыл iшiнде әдебиетiмiзге үш толқын жас ақындар ұрпағы келiп орнығыпты, – дей келiп, – солардың iшiнен көз тартар талантымен танылған көрнектiлерiн ғана айтсақ, алдыңғы толқында Iзтай Мәмбетовты, Ғафу Қайыр­бековты, Аманжол Шәмкеновты, Еркеш Ибраһимдi… атар едiк» – деп жазса, бiздiң кейiпкерiмiз сол алдыңғы топтың көрнектi өкiлі болып табылады.
Мен Еркеш (Ибраһим) Ебiкеновпен 1962 жылдан бастап таныс болдым. Сол жылы мен облыстық «Көк­шетау правдасы» газетiнiң редакциясына қызметке қабылданған едiм. Еркеш сол редакцияда мәдениет бөлiмiн басқарады екен. Мен ендi ғана қалам ұстаған болашақ журналиспiн, ол үш бiрдей өлеңдер жинағын шығарып үлгерген танымал ақын. Соның алдында «Көкшетау правдасында» бiрнеше өлеңiм шығып, өзiмдi ақындар санатына қосып, әжептәуiр болып жүрген кезім. Еркеш ағам менi жақсы көрiп, бауырына тартты. Жаңа өлеңдерiн алдымен маған оқып, пiкiр тыңдайды. Шабытының шарықтап, ақындығы ақ қанатты перiштедей аялап тұрған шағы ғой, өлеңдi шапшаң әрi өндірте жазады. «Кей түндерi 15-17 өлең жазып тастаймын», дейтiн ара-тұра сыр айтқанда. Еркеш ағамның шабыт шақырып өлең жазғанын, шабытына ие бола алмай түйдегiмен туындатқан өлең­дерiн ерекше бiр леппен бұрқырата оқығанын көрген­нен кейiн жынын алдырған бақсыдай болдым да қалдым. Өлең жазуды мүлде қойып, газет қызмет­­керiнiң кәдiмгi күйбең тiрлiгiне көштiм. Ал ақын Еркештiң жыр дүлдiлi екпiнiне екпiн қосып, оның аты республика көлемiнде асқақ естiлiп, жаңа өлең­дерi бiрiнен соң бiрi әр жүректi жаулап бара жатты. Бiз, сол тұста жиырмадан ендi ғана асқан бозбала жiгiттер, оның баспасөз беттерiнен жиi көрiнiп тұра­тын жаңа өлеңдерiн қызыға оқып, көп жолдарын жаттап та алатынбыз. Кездесе қалған, көзiмiзге келбе­тiмен көрiнген сұлу қыздарды аңтарыла тамашалап:
Жылдан жылға сұлу қыздар бара ма әлде көбейiп,
Сұлулықтың гүл бақшасы бара ма әлде кеңейiп, – деп Еркеш болып өзеурейтiнбiз. Аспанда жөңкiп көшiп жүрген бұлттарға ынтыға қарап тұрып:
Көшедi бұлттар, аунайды бұлттар,
Жанады бұлттар, лаулайды бұлттар.
Билейдi бұлттар, ойнайды бұлттар,
Қазандай бейне қайнайды бұлттар, – деп тақпақтап, осынау суретi көзге елестеп тұрған сұлу сөздерден сыр iздейтiнбiз.
Соғыс сұрапылынан кейiнгi қиын жылдардан соң сәл еңсе көтерiп, өзiмiзше бой түзей бастаған жас кезi­­мiз ғой, тәуiр киiнiп, тәуiр жүрмек боламыз. Қо­лы­мызға жөнi бүтiндеу шалбар түссе, оған шаң жо­латпауға, кiр түсiрмеуге тырысамыз. Шалбарымызды үтiктеп алуға шама қайда, кешкiсiн төсекке жатарда өзiмiзше айла тауып, әлгi бiр киер киiмiмiздi су бүр­кiп жамбасқа басамыз. Сол тұста Еркеш ағамыздың «Шалбардың қыры қатып тұр» деген өлеңi шыға келдi. Дәл бiзге арналған өлең, тап бiзге айтылған сөз. Таласа-тармаса оқып, жаттап алдық. Әсiресе, соңғы екi жолы қалай күштi айтылған десеңiзшi!
Шалбарың қыры қатып тұр,
Өзiңнiң қырың болмаса…
Қыз атынан айтылған осынау екi жол талай жiгiттiң мысын басып, «мен» деп кеуде соққан талай жiгiттi ойға қалдырғанына кiм таласар?!
Арқалы ақын Еркеш ағамыздың қаламынан талай тамаша өлең туындап, көлемi үлкен, татымы жоғары поэма, дастан сияқты кесек дүниелер де қалың оқыр­манға жол тартып жататын. Ең әуелi «гәккулетiп», әндетiп «Гәкку» дастаны келдi өмiрге. «Гәкку» деп аталған осы дастаннан басталған ақынның эпикалық кесек туындылары «Бiр келiн­шек», «Жас қазақ», «Өмiр өлмейдi», «Қызыл генералдар» атты поэмалар болып сап түзедi.
Үлкен ақындығымен қоса Еркеш Ибраһим қа­рымды қалам иесi үлкен журналист едi. Жоғарыда айтқанымыздай, журналистiк жолын «Көкшетау правдасында» бөлiм меңгерушiсi болып бастаған Еркеш ағамыз одан кейiн «Тың өлкесi» газетiнiң меншiктi тiлшiсi болды. Өзiнiң журналистiк қалам қуатын таныта келе ол республикалық «Социалистiк Қазақ­стан» газетiне ауысты. Осы аға газеттiң әуелi Көк­шетау облысындағы, кейiн Қарағандыдағы меншiкті тiлшiсi болды. Ол Көкшетауда болған кезде мен сол облыстың тың көтерген ең үлкен ауданы Қызылтуда едiм. Еркеш ағам жұмыс бабымен бiздiң ауданға жиi келiп тұрады. Бiздiң Қызылтуға келгенде Еркеш ағам мейманханаға түспей бiздiң үйде жатады. Ағамыздың азан шақырып қойған аты Ер­кебұлан екен. Соны ескерiп 1965 жылы туған бiр баламыздың атын Еркебұлан (Еркеш) қойдық. Аға­мыздың соған риза болып, батасын бергенi әлi есiмде.
Еркеш ағамның бiздiң ауданға келгенде түптей айналысатыны «Социалистiк Қазақстан» газетiн тарату мәселесi болушы едi. Совхоз партия комитеттерiнiң хатшыларымен кездесiп, әңгiме өткiзетiн. Қызылту ол кезде бiр шетiнен бiр шетiне жетiп болмайтын аса үлкен аудан едi. Телефон байланысы да нашар. Сондықтан Еркеш ағам өзi жете алатын жерге өзi барып, өзi жете алмаса ресми түрде хат жолдап, сәлемiн жеткiзе бiлетiн. Ауданда ол жылдары оннан астам совхоз болды. Негiзiнен тың жерлерде жаңадан ашылған жан-жақты iрi шаруашылықтар. Бiр жолы баспасөз тарату мәселесiмен келгенде боран соғып кетiп, өзi барып көремiн деген «Елтай» атты совхозға жете алмай кеттi. «Елтай» экономикасы мықты дамыған алдыңғы қатарлы шаруашыл­ық­­тардың бiрi едi. Партия комитетiн Сейiлхан Исқа­қов деген коммунист басқаратын. Бiлiмдi де, бiлiк­тiлiгi жоғары, ұжым алдында беделдi жiгiт едi. Өзi жете алмайтын болған соң Еркеш ағамыз отыра қалып Сейiлханға сәлем хат жазды. Блокнотының бiр бетiн жыртып алып жазған екi шумақ өлеңiн маған ұстатты да: «сөз түсiнетiн жiгiт қой, бiр тiлегiмдi аяқсыз қалдырмас, осыны өзiне табыс ет», дедi. Еркеш ағамыздың сондағы сәлем хаты мынау едi:
Жер мойыны жырақ болып тұрмын сiзге жете алмай,
«Социалистiк Қазақстан» жатыр сөйтiп өте алмай.
Кей жағдайда санатта да, санда да жоқ болып тұр,
Басқа газет аталғанда бiздiң газет аталмай.

Айтып қалай жеткiзермiн жанымның бұл наласын,
Тек өзiңiз сенiп тұрған көңiлiмдей дара шың.
Дұғай сәлем сол газеттiң тiлшiсiнен айтарым:
Ауылыңызға алдырыңыз 40 шақты данасын.

Қысылғаннан өзiңiзге сәлем жаздым өлеңмен,
Бiр тiлегiм орындалар деп, Сейiлхан, сенем мен.
Тiлектеспiн ел ырысын төкпей жинап алуға,
Бақыт тiлеп, еңбегiңiзге жемiс тiлеп, сәлеммен
Еркеш Ибраһим.

«Құрметтi Секе!» деп басталған бұл сәлем хат осылай аяқталған едi. Өлеңдi мен сол сәтiн­де көшiрiп алып, сәлем хаттың өзiн арналған адамына кешiк­тiрмей табыс еттiм.
Ол уақытта қазақ баспасөзiн ешкiм көп елеп ескере қоймайды. Партия ұйымының хатшысы болып қазақ ұлтының өкiлi iстейтiн жерде ғана қазақ газеттерiн таратуға көңiл бөлiнген болады. Ерекеңнiң өзiне арнаған хатын алған соң Сейiлхан бiр қызарып, бiр бозарды. Еркеш ағамыздың атағына сырттай қанық екен. «Апырмай, ұялып қалмасақ жарар едi. Не iстеу керек?» – деп қатты қысылды. Бiрақ Еркеш ағасының сөзiн аяқсыз қалдырған жоқ. Қазағы бар ауылдарды өзi аралап, iске қызу кiрiстi. Баспасөзге жазылу науқанының аяқталуға жақындап қалғанына қарамай сол жылы «Социалистiк Қазақстанның» «Елтай» совхозы бойынша таралымы Еркеш ағамыз айтқан деңгейден кем болмағанын «Союзпечатьтың» мәлiметiнен көрiп бiр сүйсiнген едiк.
Еркеш Ибраһим ағамыз өзi меншiктi тiлшiсi болып iстеген «Социалистiк Қазақстан» газетiн ерекше сыйлап, құрметпен атайтын. Бұл газетке деген оның ықыласының сонау 1955-1960 жылдары «Көкшетау правдасында» бөлiм басқарған кездiң өзiнде жоғары болғанын жақсы бiлемiн. Кейiн «Тың өлкесi» газетi­нiң меншiктi тiлшiсi болып жүргенде де «Социа­лис­тiк Қазақстанды» қолдан түсiрмейтiн. Ел газетi, елдiң сөзi деп атап өзiнiң осынау сүйiктi басылымының атын аспандатып отыратын. Ал елiмiздiң бас газетiнiң Көкшетау облысындағы, кейiн Қарағандыдағы мен­шiктi тiлшiсi болғанын әрқашан мақтана айтып жүре­тiн. Менiң «Социалистiк Қазақстаным» деп меншiк­тей сөйлейтiн. Еркеш ағамыз сияқты ақын жүрегiн бау­­рап, ақын жанына қанат байлаған сол «Социа­лис­тiк Қазақстанның» бүгiнгi жалғасы, заңды мұрагерi «Егемен Қазақстанның» кеше уығын қадасып, iргесiн бекiтушiлердiң қатарында ақын, журналист Еркеш Ибраһим ағамыздың да болғаны бәрiмiзге мәлiм.
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ.
Алматы.