Еленбей келген бір есім
Сейсенбі, 11 қыркүйек 2012 7:37
Кейінгі өсіп келе жатқан жас буыннан Гүлжаһан Ғалиева деген кісі кім деп сұрап көріңізші, біле ме екен? Қазақтың аяулы бір қызының атында не көшенің, не бірде-бір мәдениет ошағының болмауы неліктен?
Сейсенбі, 11 қыркүйек 2012 7:37
Кейінгі өсіп келе жатқан жас буыннан Гүлжаһан Ғалиева деген кісі кім деп сұрап көріңізші, біле ме екен? Қазақтың аяулы бір қызының атында не көшенің, не бірде-бір мәдениет ошағының болмауы неліктен?
Қасиетті қазақтың қара сөзінің құдіретіне табынбау мүмкін емес қой. Қазақта «сөз сүйектен өтеді» деген нақыл бар. Осы тәмсілден тәлім түйсек, бір ауыз сөзді қадірлеген халықтың мұны ықылым заманнан басты құндылығы ретінде құрмет тұта білгенін бағамдауға болады. Иә, сөз арқылы біз бір-бірімізді ұғынысып, ойымызды жеткізіп, пікір алмасамыз. Адамзат атаулы қай кезде де өзінің ұшқыр қиялын, ой-арманын, тілек-мақсатын, көңіліндегі көкейкесті құпия сырларын, қуанышы мен ренішін, күйініші мен сүйінішін сөз байлығы арқылы жеткізіп отырған. Сондықтан да болар халық даналығының: «Өнер алды – қызыл тіл» дейтіні. Қазақ халқы тілдің қадір-қасиетін барынша бағалай білгеннен де, «Түмен сөздің түйінін, Бір сөзбен келтір иінін», «Өнерпаз болсаң арқалан» деп, мақалдаған. Тіл арқылы, сөз арқылы халқымыздың сан-салалы асыл мұралары бүгінгі заманға дін-аман жетіп, рухани азығына айналуда. Олар: халық ауыз әдебиеті, авторлық әдебиет, даналық, шешендік сөздер, қисса-дастандар, эпостар, батырлар жыры, тұрмыс-салт жырлары, толғаулар, арнаулар, өлеңдер, мақал-мәтелдер т.б.. Демек, поэзия, проза жанрлары салаларының барлығы дерлік халық шығармашылығында орын алады. Бұлардың халық арасына кең тарауына біріншіден, автордың өзі себепші болса, екіншіден, қалың бұқара қауымның арасынан шыққан әншілер, ақын-жыраулар, ауылдың алты ауыз өнерпаздары барынша үлес қосқан.
Көрнекі өнердің күрделісі де, көріктісі де – сөз өнері. Ендігі жерде әңгіме кәсіби тұрғыда «көркем сөз жанры» өнерінің негізін қалаушы, оның көрнекті уәкілі, көркем сөздің шебері ҚР халық әртісі Гүлжаһан Ғалиева (Қалиева) апайымыз туралы болмақ.
Балалық шақ… Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралға, Алматыдан гастрольдік сапармен сол кездің өзінде атақты «Гүлдер» ән-би жастар ансамблі келе жатыр деген хабар халықты дүр сілкіндірді. Мұндай уақиға облыс көлемінде айтарлықтай жаңалық болды. Аудан орталығы Шыңғырлау Орал қаласынан 250 шақырым болса, шалғай жатқан шаруашылықтар тоғыз жол торабынан да алыс, аудан арқылы жол аралығы кем дегенде 370 шақырым болатын. Осы хабарды естіген біздің ауданның жұртшылығы тайлы-тұяғы қалмай, тайға таласып мінгескендей, жолдағы көлікке іліккендері жол шалғайлығына қарамастан Орал қаласын бетке алып, ағылды-ай кеп. Бұл көрініс республика мәдениет саласындағы ерекше есте қалатын құбылыс-тын. Қалаға барып концерт тамашалап келгендердің айтуынша, мұндағы сол кереметтер бейне бір аңыз-ертегі болып көрінетін. Айтушылар жағы ерен еңбек тындырып келгендей марқаятын. Білмекке біз әлгілерге құлақ тосып әуреміз. Сондағы естігендеріміз көргендердің әсерінен асып түсіп жататын. Өнер шарасын тамашалаған адам бақытты еді. Сөйтсек, кейін ести келе олардың 1965 жылы Алматыда «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан Қазақ КСР халық әртісі Гүлжаһан Ғалиеваның басшылық етуімен тұңғыш рет ашылған республикалық эстрада және цирк өнері студиясының түлектері екенін білдік. Біраз жылдардан кейін өзім де осы оқу орнының түлегі атанатыным тіпті үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ сол кездегі Алматыға барып келіп, болмаса оқып жүрген аға буын ауылдастарымыздың айтуларына қарағанда, Алматы шынында да әлемнің жеті ғаламатының бірі «Аспалы бақтай» болып көрінетін. Балауса балғын жастағы біздер болсақ соны елти тыңдап, кәдімгідей қиялға құлаш ұратынбыз. Әсіресе, әсіре әңгімешілердің «көшеде келе жатып, алманы үзіп ал да, ауызыңа салып жүре бер», деп қиынын қиыстырып айтулары таңғалдыратын. Алпысыншы жылдардың аяғында ауылдас апамыз Қалампыр Рақымованың осы оқу орнына түсуі қиялымызға жан бітіріп, одан бетер қанаттандыра түсті. Ойымның іске асып, арманымның орындалар сәті де келіп жетті.
Бұл 1973 жылдың жазы болатын. Еліміздің жер-жерлерінен арман іздеп, өнерге қанат қаққан жастар Красин көшесі 78-де орналасқан республикалық эстрада және цирк өнері студиясында бас қостық. Алдымыздан орта жас шамасындағы, мойылдай қап-қара шашын төбесіне түйіп, келісті киінген, жүзі жылы шырайлы, сымбаты өзгелерден бөлек қараторы апай шыққаны есімде. Оқып жүргенде аға-апаларымыздың: «Алматыдағы әдемі арулардың бірі Шара болса, екіншісі Гүлжаһан апамыз еді», дегендерін өз басым талай рет естігенмін. Әлгі кісі сызылтып, небір сиқырлы әуезді үнімен жиналғандарды баурап та, жаулап та алды. Қазақстанның халық әртісі, атышулы республикалық эстрада және цирк өнері студиясының тұңғыш ұйымдастырушысы, директоры көркем сөздің шебері Гүлжаһан Ғалиева апамызбен танысуымыз осылай басталған еді.
Сондағы бізге айтқан алғашқы әңгімесі былай басталды: «Шырақтарым, балаларым, біздің оқу орнына қош келдіңдер! Мұнда бар-жоғы екі-ақ жыл оқисыңдар. Алдарыңызда осы студияны оқып бітіріп кеткен аға-апаларың сияқты сендер де белгілі адамдар боласыңдар», дегені. Олай дейтін себебі де, жоқ емес-тін. Өйткені, өзі құрған «Гүлдер» ансамблінің мүшелері бұл кезде республика көлемінде өз өнерлерін кеңінен паш етіп, халықтың қошеметіне бөленіп үлгерген еді. Ол кезде Алматыда П.И.Чайковский атындағы колледж (оқу мерзімі 4 жыл), консерваторияның екі жылдық дайындық курсы бар-тұғын. Сөйтіп, Гүлжаһан апайдың үгіт-насихатының арқасында қалаға келген жастар студияның су жаңа студенті болып шыға келдік. Алғаш ашылғанда оқу орнының алдындағы негізгі мақсат облыстық филармонияларға, Алматы концерттік ұжымдарына жеке-солистер даярлау болса, бұл міндетті мұндағылар толығымен абыроймен атқарды дей аламыз. Екі жылдың ішінде мамандықтың қай саласында болсын әжептәуір ауызға ілігетін орындаушылық деңгейге жету оңай шаруа емес екені белгілі. Алайда, мұндай жетістіктерге Гүлжаһан апай бастаған аға-апаларымыздың арқасында жеткенімізді ешқашан естен шығарған емеспіз. Бүгінгі ұрпақ алдында бір кездері біздерге тәлім-тәрбие берген Қазақ КСР халық әртістері Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, профессорлар Б.Жылысбаев, Қ.Мұхитов, Х.Тастанов, К.Кенжетаев, Н.Шәріпова, С.Шәріпов, Н.Темірханова, Н.Навроцкая, т.б. есімдерін мақтан тұтудан талған емеспіз. Оқу мекемесінің қысқа мерзім ішінде айтарлықтай табысқа жетуі аталмыш абзал жандардың арқасында болатын. Өйткені, бұлардың барлығы дерлік консерваторияда, театрда, одан қалса, белгілі концерттік бірлестіктерде, жоғары кәсіби деңгейде істейтін шебер мамандар болатын. Олар домбыра, дәстүрлі ән, би, вокал, цирк өнері, көркем сөз жанры сияқты пәндерден сабақ алды. 1965 жылдан бастап аталмыш оқу орны көптеген сахна шеберлерін даярлады. Олардың арасында халқымызға белгілі Г.Талпақова, Ә.Еңкебаев, Қ.Байбосынов, Ж.Кәрменов, Қ.Бекбосынов, Қ.Рахимова, Р.Тәжібаев, т.б. есімдер бар. Осы мамандықтар бойынша 1973-1975 жылдары оқыған менің замандастарымның көбі бүгінде елімізге танымал өнер иелері. Олардың қатарында М.Мүкаманов, Ғ.Мұхамедин, Т.Рахимов, Ә.Сәрсенбаев, М.Отарбаев, Х.Төпеев, Қ.Именов, Б.Құрманғожаев, Қадыр, Торғын Қашқабаевтар, Б.Сазабеков, К.Байғараев, Б.Самединова, М.Омарова Д.Айманов сияқты т.б. кейінгі толқын жастармен ұзаратын тізімді шұбырта жалғастыра беруіме болады.
Гүлжаһан Ғалиқызының өз жұмысына берілгендігі соншалық түлектерінің барлығын қамқор қанатының астына алып жүретін. Сондай түлектердің бірі мен едім. Оқуды бітіргенде маған апайдың: «Алматыда қалдырып, қалаған концерттік бірлестікке жеке орындаушы (солист) етіп орналастырамын, осы жылы үйді де алып беруге көмегімді аяп қалмаймын, әзірге бірақ тек маған оқуымды әрі қарай жалғастырам дегенді айтпа», дегені аналық мейіріммен тең сүйіспеншілігі болатын. осы ойды менің жетекшім, профессор Қ.Мұхитовқа да айтып, қолқа салған көрінеді. Міне, сол жылдардан бері арада зулап қаншама жылдар өтіпті. Бүгінде өзіміз де алдымыздан сандаған шәкірт ұшырып отырған ұстазға айналдық. Ес біліп, етек жапқан іргелі ел болғанымызға жиырма жылдан асып барады. Қазақ халқы өмірінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі кезеңін қашанда таразылап, кешегісі мен бүгінгісін бажайлап отыратын ежелден даналығымен дараланған ел екенін тарихтан білеміз. Бүгінгі ұрпақ көңіл көншітер не бар деп сұрай қалса, әрине, шүкіршілік етер жайымыз мол шығар. Алайда адамзат баласының өмірінде қуанышымен қоса, көңілге кірбің түсірер жәйттер де кездеспей тұрмайды. Ол да бір өмірдің заңдылығы болып есептелсе керек. Еліне еңбек етіп, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, өнерге баулыған ұстаздар өмірінің кейбір тұстары аталып жатқанмен, ал енді кейбіреулерінің жасаған қыруар еңбегін уақыттың көшкін құмы жауып қалып жататыны жанға батады. Аты-жөндері көп ауызға ілікпей, тасада қалып қойғандай сезіледі. Халқының өнері мен мәдениеті үшін төккен тері, еңбегі лайықты бағасын алып үлгермеген тәрізденеді. Тіршілік болған соң, түрлі жағдайлар орын алып жатады ғой. Кей тұлғалардың өздері дүниеден озғанмен артындағы іздеушілерінің арқасында жиі-жиі есімдері еске алынып жататыны тағы шындық. Олардың аты көшеге, мектепке, мәдениет ошақтарына берілуі сол кісіні халқының ардақтауы іспетті көрінеді. Ұлан-асыр дүркіретіп той өткізеді. Осындайда біздер ұстаздарымыздың алдындағы парызымызды өтей алдық па деген ойға қаламыз. Парыз ғана емес, мұны тіпті әрбіріміздің қарызымыз десек, артық айтқандық бола қоймас. Еңсені зіл батпан ой қайыстырғанда, қайран ағалар-ай, қайран апалар-ай, деп сен үшін өмірін аямаған аяулы жандар бейнесіне сабырсыз үңілуге тура келеді. Солардың еңбегі тиісті дәрежеде аталса деген ниетпен қолыма әдейі қалам алдым. Гүлжаһан апамыз осындай елі қанша құрмет көрсетсе де көптік етпейтін ерекше жан. Бір кездергі елінің еркесі, бүгінде туған жұрты еңбегіне, аруағына тағзым етуге тиіс сол апамыздың есімін неге жоғары көтере алмағанбыз деп ойланамын кейде.
Әкесі нәубет заманында еліне қайырымдылық жасауымен есте қалған, кейін сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған, ал өзі жастайынан жетімдіктің тақсіретін тартып өскен, бірақ та тектілігінің арқасында, сонау Мәскеудегі ГИТИС-ті оқып бітірген әзіз жанды қалай әспеттесек те жарасатын жақсы істері өте көп. Тұлпардың тұяғындай, алтынның сынығындай Гүлжаһан апамыздың өмірдегі, өнердегі тағдыры әлі талай арналы әңгімеге арқау бола береріне сенемін. Мен сол бұлақ ойдың көзін түртіп ашуды ғана ойладым. Өзі талай сүйсінген Алатауының етегіндегі сыңғырлаған сырлы саздың сиқыры толық ашылмағанмен, тұлғаның өзіне лайық тұғырын іздеуге талпындым.
Еліміздегі көптеген мәдениет ошақтары мен өнер ұжымдарының құрылу тарихы тікелей осы кісінің еңбегімен байланыстырылады. Нақтылап айтсақ, Гүлжаһан апамыздың мұрындық болуымен 1965 жылы Республикалық эстрада және цирк өнері студиясы, 1969 жылы «Гүлдер» ән-би жастар ансамблі, 1970 жылы Алматы мемлекеттік циркі ашылса, Қазақстан көлемінде облыс филармонияларына «көркем сөз шеберлігі жанры» бойынша мамандар даярлауға да алғаш себепші болған осы тұлға. Халқының рухани игілігіне осыншама қыруар мұра қалдырған есімнің санадан біртіндеп көмескі тарта бастауы елдігіміз бен кеңдігімізге нұқсан келтіретін мін деп есептейміз. Сол себепті жоғымызды тауып, барымызды бағалап жатқан Тәуелсіздігіміздің белесінде өнерге өмірін арнаған мұндай тағдырларға тағзым етіп, таудай тұлғасын биіктетер болсақ, мұның кейінгі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін де үлкен өнеге мектебі болары хақ.
Қазақстанның халық әртісі Гүлжаһан Ғалиеваның есімін ұлықтау мақсатында Ж.Елебеков атындағы өнер колледжінде «көркем сөз оқу шеберлігі жанры» бойынша Г.Ғалиеваның класы қалпына келтірілсе, оның атындағы республикалық көркем сөз оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылса, ҚазҰӨУ-де «Көркем сөз шеберлігі жанры» бойынша Г.Ғалиеваның класы ашылса, Алматыдағы Достық даңғылындағы «Үш алып» аталатын Г.Ғалиеваның тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылса, күннен күнге рухани сәулеті асқақтай түскен елордамыздағы бір көшеге, жаңадан бой көтерген өнер ошақтарының, болмаса концерттік ұжымдардың біріне есімі берілсе, «Көркем сөз оқу шеберлігі» жанры бойынша Г.Ғалиеваның шығармашылық кештері өтіп, оның өмірі мен өнері жайында естелік кітаптар жарық көрсе қандай ғанибет болар еді. Алматы мемлекеттік «Гүлдер» ән-би ансамблі Қазақ КСР халық әртісі Г.Ғалиеваның есіміне сұранып-ақ тұрғандай. Тұрпаты тұнық тұлғаға деген бұл халқының тұрғызған рухани ескерткіші һәм бәріміздің парызымыз бен қарызымыздың өтелгені болар еді.
Орынбай ДҮЙСЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.