Тұманбай туралы толғаныс
Сенбі, 6 қазан 2012 7:27
Қазақтың біртуар асыл перзенті, Қазақстан Республикасының Халықжазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Физули атындағыХалықаралық Түркі дүниесі сыйлығының иегері ТұманбайМолдағалиевтің өмірден озғанына бір жылдай болып қалыпты. Қимастықпен сағыныш аралас жан баураған сезімдер толғанысы қолға қаламалғызды.
Сенбі, 6 қазан 2012 7:27
Қазақтың біртуар асыл перзенті, Қазақстан Республикасының Халықжазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Физули атындағыХалықаралық Түркі дүниесі сыйлығының иегері ТұманбайМолдағалиевтің өмірден озғанына бір жылдай болып қалыпты. Қимастықпен сағыныш аралас жан баураған сезімдер толғанысы қолға қаламалғызды.
Тұманбай жайлы сыр шерту мен үшін әрі жеңіл, әрі қиын іс. Жеңілдейтінім, жарты ғасырдай ұзақ жылдар арамыздан қыл өтпесағалы-інілідей дос боп өттік. Достығымызға терең мағына берердейшығармашылыққа байланысты сырластық, тілектестік, қанаттастықигілікті себеп болды. Біздің тұңғыш таныстығымыз, алғашқы кездесуімізжайлы сөзді Тұманбайдың өзіне (“Лениншіл жас” газетінен) берейін: “Бұлжігітпен мен Жезқазғанның “Покро-15” атты атақты шахтасына түсержерде таныстым. Ол шахтаға бізбен бірге түсті. Шахта ішін аралапжүргенде туған даланың сұлулығы жайлы әңгіме шерткен ақындай мағанол шахта жайлы сыр шертті. Мен шахтадан шыққанда: “Сіз өлеңжазбайсыз ба?” деп оқыс сұрақ бердім. Ол қарқылдап күлді де: “Өлеңжазбайтын қазақ болушы ма еді, бірақ біздің өлең өзімізді ғанажарылқайтын дүниелер”, – деді. Мен Кәкімбектің өлеңдеріментаныстым”, – деп газеттегі өлеңдеріме алғысөз ретінде алғашқы пікірінжазыпты. Шағын кіріспесін “Кенші ақын” деп атапты. Аузы уәлі жан екен,кейін мені байтақ ел “Кенші ақын” деп атап кетті.
Тұманбай бала жастан бастап студенттік шақта да, кенші күндерде де жазған өлеңдерімді мұқият қарап, қуана-қуана алып кетті. Қуаныштың сыры белгілі болды, орыс ақыны Леонид Скалковскиймен бірге келіп Жезқазғаннан талант іздеуде жарысқан болып шықты. Алғашқы күндерінде Скалковскийдің табысы мол болса керек. Мен де құр алақан емеспін дегендей Тұманбай бізге анығын айтып салды. Өлеңдерімді оқуға уақытын аямады, ал Үкілі Ыбырайға, ақын Тайжанға арнаған поэмаларымды оқыған да жоқ. “Маған өлең керек” деп турасын айтты. Міне, сол күндерден бастап достасып кеттік. Жезқазғаннан тапқан талантым деп ол қуанса, мен де Алатаудың тумасы, Жетісудың лебіндей мінезі ғажап ақын жігітті қатты ұнаттым. Жаңа тапқан інім, досым бар деп, іргемізді бекіте түстім.
Тұманбай деген – сабақтасқан сезім, әрекеті қабаттасқан өмір көріністері. Оның поэзиясы ешкімге ұқсамайтын өзгеше әлем. Сарынынан жаңылмайтын, сағасынан асып-тасып шықпайтын, сабырлы да саялы, жағасына мәңгі көктем орнаған дариядай сұлу дүние. Ақын Тұманбай балғын жас кезінен ақырғы сағаттарына дейін өмірді кең толғап өтті, халқына тән дәстүрмен тебіреніп өз жолын тапты. Қыз-шабыттың ақынның пәк жүрегіне арнаған жеке сыйындай, Тәңірімнің өз қолымен көрсетіп берген жолындай лирика атты сезімтал поэзияның құлы болып бастап, ұлы көшбасшысы болып өтті. Оны биіктен биікке құштарлық пен сұлулық жетеледі.
Ақынның өзі қандай мейірбан, бауырмал, адамсүйгіш болса, поэзиясы да сол қалыптан таймай мөп-мөлдір, тап-таза қалпында адам жанын жылыта білді. “Сезім, шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған” деп өзі айтқандай, ел құлағын елең еткізген лирикасы да ақ жаңбырдан кейінгі тау самалындай тыңдаған жанның жүрегіне әп-сәтте жетіп тынды. Бояуы анық сурет, тартымы терең асыл ой, әуез, аңсап тұрған нәзік лебіз, мөлдір сезімнің сәулесі Тұманбай өлеңдерінің негізін құрады.
“Қараймын айға көп төнген,
Дірілін, нұрын қабылдап.
Табысам сұлу көктеммен,
Қаламын сонда дамылдап”, –
деген шумақты “Студент дәптері” атты алғашқы кітабынан (1956) көргенде таңданып едім. Қарай қалыңызшы, Айға кім сүйсінбейді, оның сәулесіне, нұрына, шуағына, жүзіне кім таңданбады?! Ал, жас Тұманбай “дірілін” байқап қалды. “Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп” деп данышпан Абай жырласа сол сезіммен сол лүпіл жас ақынның жадына қонып, халқына берген жаңа тарту болып жарық көрді. Сезімтал лириктің алғашқы балғын қадамы осындай болса, кейінде “Тынық мұхит дәптері” атты өлеңдер жинағындағы (Алматы. Жазушы. 1985) “Абай аға” атты өлеңінде:
“Алыпсың айтарыңды айтып өлген,
Бір көшсің асып кеткен қайқы белден.
Сен жеміс ағашысың, мен де сенің
Бір дәнің жер бетіне қайтып өнген”, –
депті. Екі “дәптердің” арасында қаншама жылдар өтті. Сол жылдардың арасында қазақтың Тұманбай Молдағалиев атты ақыны да заңғайыр тұлға, лириканың саңлағы болып қалыптасты. Оның “Бір дәніңмін жер бетіне қайтып өнген” деп інілік ілтипатпен, кішіпейілділікпен айтуға дәрежесі әбден жетті. Абайға жақын тұрған лириктердің қатарына енгенін телегей-теңіз лирикалық дария шығармалары дәлелдеп берді. Оның лирикасы махаббаттың жалауына айналды, ән оранған музыкалық кереметтердің негізін құрады. Тұманбай лирикасының жан-жақтылығы жорғасынан таймас жүйріктің жүрісіндей, сарынынан жаңылмас қалпында ойшылдық, философиялық құзарт биіктерден көрінді.
“Өмір деген – күнде алысқа аттаныс,
Қайда ұшсаң да қасиетіңді сақтап ұш.
Бүгін дардай көрінгенмен
Күн ертең,
Мен сендерге бола алам
ба мақтаныш?!”
деп толғануында қаншама терең сезім, асыл арман, өмірге деген құштарлық, салиқалы терең ой жатыр. Ақынның барынша сыр етіп ашық айтқан “бола алам ба мақтаныш?!” деген ой алаңы білген жанға нағыз кереметтік.
“Айтшы, Алатау, ақсақалды қариям,
Бір балаң ем, әрі батыл, әрі ұяң.
Қашан менің ерте шығып көктемім,
Қашан менің тасиды екен дариям?”
деп ішкі сырын монолог етіп тебіренсе, ақын Тұманбай ерен-ғайып еңбегімен сол Алатаумен ақылдасып, өз жүрегінің сырын толғана шертсе, өз дегеніне жетіп өтті. “Я пережил свои желания” деп Пушкин айтқандай, Тұманбайдың бұл тілектері көзінің тірісінде артта қалды. Бірақ ол арманыма жеттім деп төс қаққан жоқ. Ұлылардың салмақтысы, салмақтылардың ұлысы болып, парасатты ойшыл, ақ ниетті сезімтал қалпында өтті.
Осы айтылған, мақтан еткен достық сырларым, жалғыз менің ойым емес, елдің ойы деп ұғынам. Тұманбай халықтың арасында өсіп, халық кешкен қиындықтарды басынан өткеріп, қуаныштарға ортақ күйде өтті. Оның бала кезінде соғыс деген зардап шығып, әкесі майданға аттанғанда алты жасар жеткіншек екен. Өсе келе тағдырдың ол салмағын жыр етті:
“Қара қағаз” келді әкемді өлді деп,
Өзімді өзім кез жетіпті қолға алар.
Бір тамшы жас шықты көзден
мөлдіреп,
Тұңғыш рет жылағаным сол болар”.
Міне, шіркін, мұңлы жүрек деген осыдан туады. Ай-әлемнің астында мұңсыз ақын жоқ шығар?! Ол алты жаста екен, әкесін көрген екен, мен қырқымнан шықпай әкемді жұтыппын. Бұл өмір маған өте таныс. Аналарымыздың көрген қиындықтары да, ауылдарымыздың шеккен азаптары да ұқсас. Мен Тұманбайдан үш жас үлкенмін, ол мені аға деп, мен оны туған інімдей көріп кеттім. Жартығасырлық достықтың да негізі осы мұңдастықта, сыйластықта, сырластықта жатқан шығар. Өліміне сендірмей жүрген қимастық та осынау өмір өткелінің қатал ұқсастығынан туды ғой деп ойлаймын.
Әрине, оқыс ажалдың әрекетіне елмен бірге көніп, ерен еңбегін бірге атауымыз ардақты дос, ағынды ақынның алдындағы міндетті парыз деп түсінемін. Асыл азаматтың өмірдегі бар табысын ұлағаттар жалғыз мен емеспін, ол шын мәніндегі ұлы ақын, барша қазақтың, бүкіл Алаштың “Тұмашы” болып ел сүйіспеншілігіне бөленген дарын. Менің айтарым, зор құрметтің бір тамшысы ғана. Өзінің тірі кезіндегі арнауларымды, мақалаларымды қатты ұнататын. Сондықтан да өмірлік белгі болар естеліктерді жазуға жалықпаспыз. Мен оған сеніп, ол маған сеніп, керегінде бір бірімізді тез табушы едік, есте қалған сондай бір қымбатты мезетті еске алайын. Алпыс жылдық тойына дайындық кезі еді, кешке салтанатты кеші болайын деп жатыр, соған қарамай түс кезінде тезірек кабинетіне келуімді қатты сұрады. Ол кезде “Балдырған” “Көк базардың” түбіндегі баспалар үйінде отыратын. Барсам, “Хабар” телеарнасынан келген жастар тосып отыр екен. Тұманбайдың шығармашылығы жайлы сөйлеткізді. Ешқандай дайындықсыз, қағазсыз шын жүректен толғаныспен ақын досым жайлы бар білгенімнің асылын, бір ақынның ғасырына жетердей жеткізуге тырыстым. Тұманбай да, “Хабардың” қызметкерлері де қатты қуанды. Енді кете бергенімде Тұмекем: “Кәке, осы айтқаныңызды жазып беріңізші, орысша кітабыма алғысөз етейін”, – деді. Ол сұрағын да орындадым.
Тұманбайдың ақындық болмысы жайлы сөз арнау өте қызық жағдай. Өмірдің күнделікті күйбеңінен ештеме қалдырмай өлең ете білу үлкен ерлік. Оны түсінбейтін, сынайтын да ағайындар бар, олар тым көп жазады деп те қалады. Менімше, ол дұрыс емес, төгіліп тұрған ақын көрініп тұрған жарық дүниедегі кереметтерге көз салмай тұрмайды, көз салса өлең болып шыға келеді. Басымызда бар жағдай ғой, бұтаға қонған торғайдай, жүрекке қонған тылсым сәт қашан өлең болып ақ қағазға түскенше маза бермейді. Сұлулық деген бұл пәнидегі ақын жанын тыншытпас бір сұмдық қой.
“Қайда барсам құтыла алмас
құштарлық,
Қорғаныш жоқ бойымды сау ұстарлық”, – деп Пушкин айтқандай, Тұманбай да құштарлықтың құрығынан шыға алмады. Шәмші Қалдаяқовты “Вальстің королі” деп ел атаса, Тұманбайды махаббат лирикасының патшасы деп атап кетті.
“Қарындас, айтшы, атың кім?
Фамилияңыз кім? – дедім.
“Фамилиям менің жоқ”, – дедің,
Атыңды айтып сен әрең…
Осындай қызға мен тегін,
Фамилиямды берер ем”, –
десе, құштарлық қысып, сұлулық шыдам бермей тұрмаса фамилиясын беріп қайтсін?! Осал қыз болмағаны ғой.
Жан жары Күлтайға арнаған өлеңдері аз емес, соның алғашқыларының бірінде:
“Менсіз бір сауық кештерде,
Қадалар саған көз талай.
Қанатын вальс ескенде,
Айтылар жылы сөз талай.
Қиын-ақ, білем, асыл жар,
Қинала көрме сонда да;
Дей салшы:
“Күткен кісім бар”,
Сұрарым сенен сол ғана! –
десе, өмірдің шындығын дәлме-дәл айтып тұр, ал “күткен кісім бар” деген қызға шындығында жоламаушы едік қой. Күлтайға: “Қылықтарың, бал мінезің, тартты мені, тартты мені” дегенінің өзі де жетіп жатыр. Күлтай осылай сыйпаттауға тұратын бал мінезді, мөп-мөлдір жаны таза періште ару. Ойлап тұрсам, Тұманбай екеуінің мінездері бірін бірі жалғастырып жатқандай сүйкімді әсер қалдырады.
Ақын жаны аямпаз, ол арудың бәріне де қамқор. Арманына жетпей, қосағына көңіл толмай жүрген шырайлы келіншектің: “сүймеген кісіме шықтым” деп жылағанын көргенде қалай шыдасын, бұл да әдемі өлең болып жыр кестесін көркейтіп тұр.
“Келіншек қайғысы сары аяз,
Соны мен көңілімде тербетем.
Адаспай табысқан адам аз,
Соған да кінәлі мен бе екем?” –
деп Тұманбай толғанады. Адам тағдырына ақыннан артық жанашыр жоқ қой, соның бір айшықты көрінісі осы емес пе? Жуырда ақынды еске алып отырғанда “Егемен Қазақстан” газеті АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов Тұманбайдың бір өлеңін жатқа айтты, өте қызық, жатталу себебін де келтірді. Турасын айтсақ, 1963 жылдан бері оқырманның жадынан шықпай жүрген бұл өлең жәй емес, біздің поэзиямыздың жақұты. Өзге сөзді көп созбай өлеңді толық келтірейін:
“Қайтесің маған ғашық боп,
Абайла, кетпе өртеніп.
Ұқсаймын кейде қасқырға,
Қақ жолда жатқан жорта өліп.
Абайла, жаным, алыс жүр,
Жақындай берме көп маған.
Сен-дағы маған таныс жыр,
Көп уақыт өзім жоқтаған.
Ол бақыт қалған, қарағым,
Ол жолдың арғы жағында.
Мініп ап зулап барамын,
Өмірдің арғымағына.
Ұстама оның жалынан,
Ойынға, назға құмар қыз.
Өмірдің арғымағынан
Үшеуміз бірдей құлармыз”.
Бұл бір поэма ғой, ғажайып романс, композиторлар қалай көрмей жүрген дерсің. Басқа жағынан қарасақ, өзіндік шындығы, шырылдап тұрған кереметі: “Өмірдің арғымағынан, Үшеуміз бірдей құлармыз” дегені. Бұл “Күткен кісім бар” деп ешкімді жолатпауға Күлтайын бағыттаса, есейгенде “үшеуміз бірдей” дегенде өзінің жан жары, өмірлік қосағы барын айтып тұр. Бәрі де дарқан өмірдің айқын бейнесі. Бұл ақындық парасаттың адамгершілік деген биігінде жүрген өкілінен ғана туатын ұлы дүние. Өлеңнің сапасы қандай биік, поэзиялық көркемдігі, Абай атамыз айтып отырғандай, нанымды да сенімді, орынды да қонымды. Өзін жорта өліп жатқан қасқырға кей-кейде болса да ұқсатуы табиғи ақиқат. Алакөңіл жігіттердің бәрі де жанын арбаған сұлуды көрсе “жорта” жалғызбас бола қалмай ма? Тағы бір тартымдылығы – өмір өтіп, жас ұлғайған сайын адам кей алыпқашпа мінездерден арылып, егделіктің құрығына көнбей ме?! “Ол бақыт қалған, қарағым…” деп өкінуі де әбден дұрыс айтылған уәж. Сөйтіп, “ойынға, назға” жақындықтан бойын аулақ ұстар кездің де келіп қалғанын мойындайды. Құштарлықтың құлы бұл жолы қаншалық ынтық болса да сезімге бой бермейді. Ұстамдылықтың тамаша үлгісін көрсетті. Бұл да ұлы өнеге.
Парасатты ақын өзі жайлы сөз еткенде: “Бір-екі жерде мақталсам, Беймаза тірлік кешем мен”, – дей келе:
“Көгімнен күннің ауғаны,
Кеудеме мұң боп толады.
Бұлттанбай жаңбыр жауғанын,
Көзіміз көрген жоқ әлі”, –
деп, ел аузына жақсы бағамен ілігу де оңай жатқан шаруа еместігін “бұлттанбай жаңбыр жаумасын” айтып, лирик ақын қанатты сөз жасап кетті.
Тұманбайдың өмірі жайлы сөз еткенде оның бауырмалдығына тоқталмау ешқандай жөнге келмейді. Өз басым атақты ақынның өмір бойғы ауылдас достарынан айрылмай көз жұмғанша бірге жүргенін оның досқа адалдығы, ағайынға беріктігі, шаңырақтың мықты иегері болғандығы деп білемін. Ұзақ жылдарғы сыйластықтың арқасында Тұманбай біздер мекендеген қай қалаға келсе де ат басын арнап бұратын, өзім Алматыға жол түссе оның үйіне соқпай өтетін күнім болмады. Қашан келсем де қойын сойып, қолын қусырып, ежелгі достарын шақырып мәре-сәре болмаған күніміз жоқ. Студенттік кездерде қара нанды қақ бөліп жеген досы Едіге өмірлік серігі болып келді. Дәл сондай менің шымкенттік Орынбек атты досым болатын. Орынбекті мен қандай сыйласам, Едігені Тұманбайдың солай сыйлайтынына дән разы болдым. Менің достарым: Орынбек Тұрсынбаев, Шота Уәлиханов, Аманжол Қошанов, Садық Асатов, Жәлел Қалмағамбетов Тұманбайға да дос болып кетті. Оның достары Едіге Сапаев, Әли Ортаев, Нығмет Әбенов, Бек Тоғысбаев, қайын ағасы Пансат Қасымовтар маған да жақын, туыс адамдардай бауыр басты. Астаналық досы Нұрғожа Оразовпен ұшырасқанда Тұманбайды таусылмас жыр етеміз, бұл екеуінің достығы, достықтан да жоғарырақ жақындыққа ұласып кеткен жан бірлігі. Тұманбай Едігеге арнаған соңғы өлеңінде:
“Біріміз бірімізден бақ асырмай,
Келеді көңіл көншіп ара сынбай.
Екі үйде өмір сүріп жатсақтағы,
Күн кештік бір ананың
баласындай”, –
дегені Нұрғожаға да қатынасы бар өмірдің шындығы, және де ешбір мүлтіксіз шындық. Бұл үш жігіттің достығы нағыз үлгілі достық. Ортақ достар мен туыстарды сөз етсек, ортақ ағаларымыз Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Есет Әукебаев, Мұзафар Әлімбаев болды. Ерекше сыйлы ағамыз Әбділда Тәжібаевпен өмірінің соңғы сағаттарына дейін аралас-құралас жүрдік. Тұманбай осы аты аталған адамдардың бәріне де өлең арнап, өзінің оларға деген арадан қыл өтпес жақындығын биік сақтап, жырлап өтті.
Тұманбай жасында қаншама қиындық кешіп, тұманды күндерді басынан өткізсе де, өсе келе бақыт құшағына бөленді. Асыл жары Күлтай екеуі төрт қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, замана талабына сай өсірді. Өзге балаларды, яғни немере жиендерді санамай-ақ, ұлы Дәуреннен төрт немере көрді, қызы Зәурештен тараған шөбересін көргенін айтсақ, жетіп жатыр. Осы қуаныштары жайлы:
“Ақырындап жылжып келіп
жыл қасқа,
Мені тағы қартайттың-ау бір жасқа.
Еңбектеді кеше туған шөберем,
Бақыт өзі баянды боп тұр басқа”, -
деп, жер бетіндегі қуаныштың бір үлкеніне аталық назар аударыпты.
Әкеден Тұманбай ерте айрылса да, анасы Қымқап қажырлы да өте инабатты кісі болатын. Ол кісі Тұманбайдың ат жалын тартып мінген 32 жасында көрсеткен қызығына куә болып өтті. Қайын атасы Қасым, қайын енесі Нәсиқа Алатаудың әйгілі адамдары, екеуі де Еңбек Ері атанған жұлдызды еңбеккерлер. Қасым аға туралы естуім болатын, ол кісіні көре алмадым. Ал Нәсиқа апаймен Тұманбайдың үйінде көп кездестім. Ел анасы атанған ардақты Нәсиқа апай Молдағалиевтер шаңырағына сән берді. Менің домбыра тартып, өлең айтатыныма таңғалатын һәм өте жақсы көретін. Тұманбайға ана болып, көп жылдар төріне көрік беріп жүрген батыр ана бертін 2002 жылы дүниеден өтті. Тұманбай: “Біз екеуміз ғашықтармыз қосылған” деп жан жары Күлтайға айтса, оның ата-аналарының да ақ батасы бойына рухани азық болып дарыды, өмірінің сәтті болуына септерін тигізді. “Әкесі де жақсы адам” деп өлеңде айтылғандай, жан жарының ата-анасының асыл тұлғалар болғаны Тұманбайға дем берді. Осынау толағай өмір сабырлы да салмақты, төзімді де қажырлы ақынға күш қосып, арқау болды.
“Ақын ғұмыр ой қуған, сезім қуған,
Аштырмайды кейде бір көзімді удан.
Қанша жылым қалада өткенменен,
Жүрісімде дала бар өзім туған”, –
десе, жүріс-тұрысында да Алатаудың асқарлығы, ауылының бауырмалдығы, ата-аналарының мінезі бар, сол дәстүр өлеңдеріне де молынан сіңіп қалада жүрсе де даланы ұмыттырмады. Күлтайдың анасын өз анасындай сүйгенін де жырға орады:
“Жаным апа, ел ішінде жүр аман,
Құдалықта, келісімде жүр аман.
Сені көрсе өз анасын көргендей,
Қуанатын мен үшін де жүр аман”, –
деуі ақынның ақ жүрегін ақтарып, асыл анаға бар алғысын айтқызып тұр. Осының бәрін егжей-тегжейімен толығырақ айтып жатсам, бұл да жас ұрпаққа ақын өмірінен аларлық өнеге, ашық сабақ емес пе?!
Тұманбайдың ақындық жолын, басынан өткерген өмірін қанша шолып өтсек те, оның балаларға деген ұстаздығын ұмытуға хақымыз жоқ. Ол “Балдырған” журналын 25 жыл бойы басқарды. Ширек ғасыр балдырғандарға ұстаз болды. Басқарудың да басқаруы бар, ал Тұманбайдың тәжірибесінде журналға авторлыққа елде бар баласүйгіш, қаламдары ұшталған жазушыларды жұмылдыра білді. “Балдырған” ол басқарып тұрған кезде құлпыра түсті. Ең ғажабы, журнал өз түлектерінің ұғымына сай туып, жылдан жылға жандана берді, саны да, сапасы да ұлғая түсіп, қуантты. Бір тамашасы, Тұманбай журналдың әр кезекті санына өз қолтаңбасын да қалдырып отырды, өзге авторларға, жас талапкерлерге де үлгі-өнеге көрсетіп тұрды. Бұл да еңбекқорлықтың айқын белгісі.
“Әрбір тау мен әр мекен,
Өз алдына сүйікті-ау.
Дүниеде бар ма екен,
Алатаудан биік тау?! –
дегенін оқығанда кәрі-жасқа бірдей, отансүйгіш, туған жерін сүйгіш сезім ұялатты. Басқа өлеңдерінің бәрі де ғажайып тумалар, ол негізгі поэзиясына қандай жауапкершілікпен қараса, “Балдырғанда” жарық көретін өлеңдеріне де соншалық жіті қарап, жан-тәнімен беріле жырлады.
“Отан – анаң аяулы,
Отан – атаң қадірлі.
Өмірің ол баянды,
Салмақты да сабырлы, –
деп, балдырғандарға сыр шертеді. Тұманбай балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаевқа ең жақын тұрған ақын, ол “Балдырғанды” өз баласындай әлпештеген асыл тұлға, жасөспірімдердің екіншісі атасы.
Тұманбай Молдағалиевтің өресін биіктете түсіп, еңбегін ерен әнге ораған өлеңдері. Ол өлеңдерінде адамның жан дүниесін жайлаған сансыз әрекеттерге терең үңіліп, мұң мен шерін, қуанышы мен құштарлығын, мәңгі сөнбес махаббаттың сиқырлы сипаттарын жасады. Сансыз түрлі адами асыл қасиеттерді табиғат әсерімен аптап, тіршіліктің шыр еткен шындығынан ән туғызар құдіреті күшті өлеңдерді дүниеге әкелді. Ол шығармаларында жалынды қарқын мен кей достарының күйбең қимыл, күрең жүрісін айнытпай түсіріп, әдемі өлең етті. Адамға бұйырған асыл қасиеттер адалдықтың, тазалықтың бағдар-бағытын болжай білгіш, суреттей алғыш ұлы дарын поэзияның махаббатқа, достыққа, адамгершілікке арнаған асыл түрін туғызды. Содан болар Тұманбайды халық махаббат жырының төр басындағы патшасы деп таниды.
“Ақ гүлім”, “Алатау қызы”, “Куә бол”, “Алматы түні”, “Арман қыздар”, “Аяулым”, “Қыз сағынышы”, “Әнім сен едің”, “Бақыт құшағында”, “Ғашық жүрек” сияқты көптеген әндерді жүрек тілімен ғана сөйлей біліп, ел жүрегіне ұмытылмас ән болып жетті. Ал “Құстар қайтып барады” деген өлеңі дана композиторымыз Нұрғиса Тілендиевтің әнімен қазақ әндерінің ең асылдарының қатарына қосылды. Халық әні болып кетті. Бұл ән қазақтың қос дүлдүлдері Нұрғиса мен Тұманбайдың ұлы достығынан туған аса қымбатты, аса биік дәрежеге жетіп, ұлылықтың заңғар шыңына көтерілді. Тұманбайды мақтан етсек, осындай кереметтеріне сүйенеміз, елге аян ақиқатты еске түсіреміз. “Құстар қайтып барады” әні таңғажайып құбылысқа айналғанын барша қазақ мойындады. Барлық әнге оранған өлеңдерін 2007 жылы “Құстар қайтып барады” деген атпен жеке кітап етіп шығарды.
Тұманбай ақын заманның ағымына сай өзгерген әлеуметтік жаңалықтарға жіті қарап, Тәуелсіздік әкелген жаңа өмірдің ең озық жаршысына айналды. Ол жаңа өмірден: ауылдағы аттаныстар мен қаладағы үрдіс қарқынынан өріс тапқан құбылыстарды шалқар шабытының қайнар көзі етті. “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінде бүгінгі күннің суретін дәлме-дәл жеткізген өлеңдерін жіті көрсетіп жүрді. Ол Тәуелсіздік таңында жаңа қарқын тапса да өзінің лирикалық сырбаз сарынынан айрылмады. Тұманбайдың жаңа өлеңдері сонысымен елге ұнап, оқушыны сүйсінтті. Оның елорда мен Елбасына арналған өлеңдері жарқ еткен қалпында оқушы қауымды елең еткізетін. Ақтаңгер ақын Тәуелсіздіктің алдыңғы қатарындағы жаршысы атанды.
“Күндерге көп қошемет алмасатын,
Тірлікте ақын қайда салмас атын?!
Бетіне ақ қағаздың түскен сөзім,
Өмірім ертеңіммен жалғасатын”, -
деп тәуелсіздік аясындағы жырларына берік сенді. Бұл айтқаны да сол сенімнің айқын көрінісі. Ел мен елбасы ғана емес, Елбасының реформаларына жан аямай кіріскен қазанат азаматтар жайлы да Тұманбай ашық та айқын жырлады. Маған ұнағаны – Серік Үмбетовке арнаған, “Серік ініме” деген өлеңі. “Президенттің дегенін дөңгелетіп, алып бара жатыр бұл жас қайраткер” деп бір түйіндесе: “Кіріп шыққан адамдар Үмбетовке, Үмбетовтен шығады үміт үзбей”, деп Серік ініміздің халық үшін қолайлы әкім болғанын, Талдықорғанды түрленткенін паш етеді. Менің байқауымша, Серік Үмбетов талант иелеріне, әдебиет, мәдениет жүйріктеріне әкімдік қолұшын мықтап беріп жүрді, әсіресе, Алматы облысындағы композиторларға жасаған нақтылы көмегі жалпы ұлттық өнерге деген қамқорлығынан туындағанына көзім жетті. Сондықтан да Тұманбайдың осындай айтақаларлықтай әкімді мақтағанына шын жүректен қуандым.
Тұманбай өмірінің соңғы жылдарында төгілте жазып жүрді. Не жазса да туған елінің өзіне деген құрметін де сезімтал жүрегімен көре білді.
“Бір күнімнен қызық менің бір күнім,
Сол күндердің әуенімен мүлгідім.
Еркін жұттым ертеменен ауасын,
Қасиет тұттым ашып алып
жыр гүлін”, –
десе, заулап өтіп бара жатқан жаңа замандағы күндеріне ол разы болды, қасиетті жыр гүлін сол “Қызық күндері” үшін арнап өтті. Адамның жан дүниесін баурап, рухын биіктете білетін ақиқатшыл, адал жырымен Тұманбай Молдағалиев ұлтымыздың ұлы тұлғасына айналды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев ақынның өмірден өтуіне байланысты көңіл айту хатында: “Қаламгердің өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол өміршең өлеңдері өшпейді деп білемін”, деп түйіндеп еді. Елбасының бұл сөзі асыл тұлғаның есімін мәңгі сақтарлық парызымыз екенін меңзегені деп білемін. Туған еліне Тұманбай бар дарынын сарқып беріп кетті, қасиетті қазағым да оның атын мәңгілікке жеткізер белгілер орнатады деп сенемін.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.
АСТАНА.