Ұлттың ұлы
Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:21
Бүкіл түр тұлға, болмысымен бұраң кейіптен аулақ жүріп ұлтым деген, жұртым деген ұл мен қыз мыңнан болса біреу, миллионнан санаулы ғана шығатынын ата тарих көрсетіп келеді. Ондай кісілігі мол кісі тіршілігінде де, өмірден озғаннан соң да халқының санасында жаңғырып, абыройы биікте тұрады. Сәулесі бар ұрпақ оның мұрасын көздің қарашығындай қастерлеп, қалдырған өнегесінен үйреніп, жұтаң тартқан жан дүниесіне азық, ұстаз дәрісіндей тірлік-тынысына қазық етеді. Ұлтымыздың сондай ұлы – кешегі Ақселеу Сейдімбек ағамыз еді ғой.
Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:21
Бүкіл түр тұлға, болмысымен бұраң кейіптен аулақ жүріп ұлтым деген, жұртым деген ұл мен қыз мыңнан болса біреу, миллионнан санаулы ғана шығатынын ата тарих көрсетіп келеді. Ондай кісілігі мол кісі тіршілігінде де, өмірден озғаннан соң да халқының санасында жаңғырып, абыройы биікте тұрады. Сәулесі бар ұрпақ оның мұрасын көздің қарашығындай қастерлеп, қалдырған өнегесінен үйреніп, жұтаң тартқан жан дүниесіне азық, ұстаз дәрісіндей тірлік-тынысына қазық етеді. Ұлтымыздың сондай ұлы – кешегі Ақселеу Сейдімбек ағамыз еді ғой.
Көбіміз жалғанда жалпағынан басып, «жаса-жасадан» аузымыз босамай жүргенде Ақаң ұлттық жәдігерлерімізді жинап, ол туралы майын тамыза әңгімелеп, бұйра насыбай толтырылған шақшасын тықылдатып қоятын. Ес жиып, төңірегімізді түгендегеннен кейін ойлап қарасақ, Ақаңның сол тарихи шақшаны сән-салтанатымен ұстап жүруінің өзінде үлкен мән бар екен. Әлгі тықылдың астарында ұлы Ахаңның (Байтұрсынұлы) масасының ызыңы жатыпты-ау!
Кемелденіп тұр деген кеңес дәуірінде есебін келтіріп мәдениет ескерткіштері халықтың «…рухани қазынасы» деп «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981) деген ел мен жер тарихын тереңнен қозғаған кітап шығарды. Жақсыны жақсы қырандай қиядан шалады емес пе, «…шуақты ойларға тиек болатын еңбек… Ұлы Отанның бір қырын танытар айнасы дегенге саяды» деп ұлы ғалым Әлкей Марғұлан аталмыш кітапқа алғысөз жазды. Одан кейін қазақтың қара өлеңін жинап, жариялады.
Ақселеу ағамыз тәлейі бар азамат қой. Тәуелсіздік келіп бүгілген беліміз жазылып, күйбең тірлік аршынды қадамға ұласқанда ол жұртының руханиятына білек түріп, бел шешіп кірісті. 20 жылға жетпейтін уақыт ішінде бір институттың жұмысын өзі атқарып, ән-күй атаулыны бір биікке, ал жазба тарихтың бастауы саналатын ауызша тарихты бір белеске көтерді. Енді соны тарау-тарау тақырыптарға бөліп зерттей берсек, зердемізден өткізіп, зеректік танытсақ ұлт руханиятына қосылар қыруар дүние жарық көре береді. Ақаңның өзі болмағанмен көзі іспеттес мұрасы халқына дәл қазір қызмет етіп, қазақ барда мен өлмеймін, өшпеймін екінші өмірім жалғаса береді деп тұрғандай. Бұл туралы айтулы қаламгер Әбіш Кекілбаевтың мына бір сөзі оның ақиқат екенін дәйектеп тұр. «Қазақтың жақсысы мен жайсаңы бәрі қандай болады? – Ақселеудей болады; Қазақтың кәдепті қызыл нары қандай болады? – Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады, ал Ақселеудің орнына кім жүре алады?! – Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады» деген жазушы сөзіне қарап жаңа ғасырдағы Алаш арысы Ақселеу Сейдімбек ағамыздың 70 жылдығына орай, бейсенбі күні Астана қаласы әкімдігі мен елордадағы руханият орталығы болып есептелетін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйытқы болуымен «Ақселеу Сейдімбек мұрасы және тәуелсіздік құндылықтары (ауызша тарих мәселелері)» атты халықаралық конференция өткізді. Пленарлық мәжілісте ғалымдар Е.Сыдықов Ақселеу Сейдімбектің ұлы дала тарихына қосқан үлесі, Ш.Ыбыраев Ақаңның «Қазақтың ауызша тарихы» атты айтулы еңбегіне сүйеніп көшпелі мәдениетіміз туралы, Ж.Артықбаев жұртымыздың ауызша дәстүрі және тәпсірлеу мәселелерін, З.Жандарбек қазақ шежірелерінің қалыптасу кезеңдерін қозғаса, Өзбекстаннан, Түркиядан, Венгриядан келген ғалымдар Ақселеу еңбектеріндегі әлемдік өркениетке қосылған ізденістерді тілге тиек етті.
Бұдан кейін алқалы жиын 3 секцияда жалғасын тапты. Айталық, бірінші секцияда ауызша дәстүр және Еуразия көшпенділерінің тарихы сөз болып, онда ғалымдар М.Алпысбес, Д.Махат, Б.Кәрібаев, Т.Омарбеков, А.Тоқабай, Ғ.Райыс ой бөліссе, екінші секцияда Еуразия көшпенділерінің рухани мұрасы мен дүниетанымы Ақселеу Сейдімбек шығармалары аясында тілге тиек болды. Ақаңның ұлт мүддесіне орай қазақ әдебиеттану ғылымы мен журналистикасына қосқан үлесіне арналған үшінші секцияда әдебиетшілер мен ғалымдар өз байлам-пайымдарын ортаға салды. Олардың қатарында белгілі жазушы А.Кемелбаева, ғалымдар М.Кемел, Қ.Сақ, Б.Абдуова, тағы басқалар болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ұлт руханиятының үлкен жанашыры әрі шынайы жоқтаушысы болған ардақты азаматтың еңбегі мен жарқын дидары халқымыздың әрдайым жүрегінде сақталады деп сенемін», деген А.Сейдімбекке арнаған сөзінің растығына осы басқосуда көз жетті. Ұлтының ұлы болған Ақаңның өлмес мұрасы әр қырынан сөз болғанда, әр қазақ жұртына осылай қызмет етсе, елдік тамырымыз тереңдей берері айдай ақиқат.
Сонымен қатар, кеше қарымды да қажырлы қаламгердің 70 жылдығына Астана қаласы әкімдігінің бас болуымен Бейбітшілік және келісім сарайында еске алу кеші болды. Онда Ақаң туралы деректі фильм көрсетіліп, оның шығармаларынан үзінділер оқылып, ән-күйі қайта бір жаңғырып, естеліктер айтылып, өнегесі өртеңге шыққан гүлдей әр қырынан көрініс тапты.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».