13 Желтоқсан, 2012

Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мінген

689 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мінген

Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:28

Қожаберген жырау ұлт руханиятының ұйытқысы

Толыбайұлы Қожаберген жырау мен оның ізбасар мұрагері деп айтылатын Сегіз сері туралы ертеректе жазылған кейбір материалдардан хабарымыз бар болатын. Оның үстіне кезінде «Жазушы» баспасынан жарық көрген «КӨРҰҒЛЫ» эпосында аң аулап жүріп аңдаусызда қызылбастардың қолына түсіп, сыншылық қасиетімен жылқының тұлпарын, түйенің жампозын, бұқаның тынжысын айтып берген кезінде, «Енді менің тегімді, неше атадан бері шах екенімді айт!»

Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:28

Қожаберген жырау ұлт руханиятының ұйытқысы

Толыбайұлы Қожаберген жырау мен оның ізбасар мұрагері деп айтылатын Сегіз сері туралы ертеректе жазылған кейбір материалдардан хабарымыз бар болатын. Оның үстіне кезінде «Жазушы» баспасынан жарық көрген «КӨРҰҒЛЫ» эпосында аң аулап жүріп аңдаусызда қызылбастардың қолына түсіп, сыншылық қасиетімен жылқының тұлпарын, түйенің жампозын, бұқаның тынжысын айтып берген кезінде, «Енді менің тегімді, неше атадан бері шах екенімді айт!» деген шах Шағ­даттан қаймықпай, әкесінің наубайшы болғанын, зұлым шахтың кесімімен екі көзінен айырыл­ғанын, ақыры өзі таңдап сатып алған тұлпармен әрі қамқоршысы, әрі қайын атасы Ғәждембек екеуі Ираннан қашып еліне жеткен Раушанбек батыр­дың жолда жатқан қу басты көріп, «Сені тұл­пар­дың басы деп кім айтар, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар», дейтін «Көр­ұғ­лы» дастанындағы осы деректер еске түсіп, көп ойға қалдырған. Осы ойдың жетегімен Қожа­берген жырау Толыбайұлы туралы мағлұмат бар кітаптарды парақтадым. Ондай іргелі еңбектердің қатарында: Қазақ Совет энциклопедиясының ҚСЭ 12 томы, «Маржан сөз» (1972), «Асыл сөз» (1987), «Сөз атасы» (1987), «Сөз тапқанға қолқа жоқ» (1988), «Бес ғасыр жырлайды» (1989), «Қазақтың би шешендері» (1993), «Ел қазынасы – ескі сөз» (1994), «Екі мың жылдық дала жыры» (2000) деген кітап­тар бар. Бір замандары:

«Гауһармын таразыға салынбаған,
Қылышпын қынабынан алынбаған.
Керейдің Сегіз атты саңлағымын,
Секілді жанған оттай жалындаған» – деп таныс­тырған Сегіз сері (Мұхаммедқанапия Шақшақов (1818-1854 ж.ж.) жөнінде «Сөз тапқанға қолқа жоқ» пен «Екі мың жылдық дала жырларында» қысқа­ша мәліметтер беріліпті. Сегіз серіге, Абылай хан­ға ақылшы болған әйгілі Бұқар жырауға бүкіл қа­дір-қасиетімен, өмір жолымен ұстаз болған ел қор­ғаны, дауылпаз жырау Қожаберген туралы осы кітаптардың бірде-бірінде бірауыз сөздің болмауы таңғалдырды. Жоғарыда айтқан энцикло­пе­дия­да­ғы «Тарихи жырлар» деп аталатын тақырыпшада: «Тарихи жырлардың жасаушысы – белгілі оқиға­лар­дың әрі куәгері, әрі қатысушысы болып табылатын халықтың – өзі» делініп, 1723 жылғы жоң­ғарлар шабуылында, халық көрген азап пен қор­лыққа байланысты туған тарихи жыр-дастан «Қа­ра­таудың басынан көш келеді» деп басталатын өлең деген тұжырым жасалады. Бірақ онда Қо­жа­берген жырау да, оның «Елім-ай» дастаны да аталмайды.
Тәуелсіздік, бостандық сөздері жер шарында өмір сүріп келе жатқан әрбір халық үшін ерекше қасиетті сөздер. Тәуелсіздік пен бостан­дық жолында талай ерлер қанын төгіп, жан берген. Ақындар ұрандатқан жыр-толғаулар, шешендер тіл майын тамызып, ел назарын аударарлық дуалы өсиет сөздер арнаған. Жиырма алты жасында тә­уел­сіз Венгрия республикасын құрушылар қата­рын­да ту көтерген күрескер ақын Шандор Петефи:
«Бостандық пен махаббат,
Керегі маған екеу-ақ.
Махаббат үшін өмірде,
Қарсы барам өлімге.
Бостандық үшін махаббат,
Құрбан етем сені де!» – деп тәуелсіздікті өмір­дің барлық мұраттарынан, қызықтарынан жоғары қояды. Ал өз топырағымыздан жаралған Қазақ­стан­ның халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов:
«…Шүберекке түйіп жандарын,
Бекем де буып белдерін,
Бостандық үшін айқасқан
Еңіреп туған ерлерім.
Жайқалса жапан белдерім,
Жаңғырса өлкем-жерлерім,
Ұмытпас елім қиқулап,
Қызғыш боп өткен ерлерін» – дейді. Бос­тан­дық, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің жанқияр­лық еңбегінің халық жадынан өшпейтінін осылайша әсерлі жырымен баян етеді.
Енді, міне, елімізде тәуелсіздік таңы атқаннан кейін-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдар­ла­ма­сы аясында ата тарихымызда айтылмай келе жат­қан ақтаңдақтардың беті ашылуда. Қазақ хал­­­қының әлем тарихынан жойылып кетпей, ежел­ден келе жатқан ұлы ұлттығын сақтап қалуға атса­лысқан айбынды ерлердің, айтулы тұлға­лар­дың ерліктері қалың көпшілікке аян етіліп, жер-жерде оларға арналған еңселі ескерткіштер тұрғызылуда.
Маңғыстаудың өзінде сонау Жоңғар шапқын­шылығына қарсы күресте айрықша ерлік көрсе­туімен аты шыққан Адай, оның ұрпақтары Ақпан, Жаулы, Шоғы, Тоқтамыс, Балуанияз, Қармыс, Төлеп, Шотан, Шабай, Қонай, Қосай батырларға, әулие Пір Бекетке, «Сауранды үш айналып» ежелден атамекені болған Маңғыстауға келіп, еліне қорған болған, ел билеген Сүйінқара Үргеніш­бай­ұлына, патшалы Ресейдің отарлау саясатына қар­сы шығып, шаруалар көтерілісін басқарған Иса-Досан батырларға, Ұлы Отан соғысының қаһар­мандары М.Бегенов, Б.Қалиев, Ж.Қалдығараев, И.Сүйеубаевқа, басқа да жұртым дегендерге, билерге, заманында қалың бұқараға қайырымы тиген ерен тұлғаларға арнап ескерткіштер тұрғызылды. Бұл бүтін тірлік, бүтін іс еді.
Тәуелсіздіктің арқасында дауылпаз жырау Қожаберген туралы да кеңінен сөз бола бастады. Оның өміріне, шығармашылығына арналып екі рет ғылыми-теориялық конференция өтті. Сол ал­қалы жиында академик, марқұм Манаш Қозыбаев, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев баяндама жасады. Олар жүз жасаған, сирек кезде­сетін дара таланттың өмірі мен сан қырлы адами қасиеттерін ашып көрсетті. Сондай-ақ, болмысы бөлек жы­рау­дың елін, жерін, шыққан тегін, бүкіл өмір жолын, ақындық, шығармашылық өнерін, әскер басқарған қолбасылық ісін баяндайтын өлең­дері, толғаулары мен дастандары 2007 жылы жарыққа шықты. Солтүстік Қазақстан облысы­ның сол кездегі әкімі Т.Мансұровтың қолдауымен, белгілі қоғам қай­раткері, «Жеті жарғы және Қо­жа­берген жырау» халықаралық қайырымдылық қо­ры­ның төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген заң­гері, заң ғылым­дарының докторы Б.Тұрға­­­­­­­­раев­тың ұйымдасты­руы­мен, С.Жұмабаев пен Қ.Биғожиннің құрастыруы­мен «Қожаберген жы­рау» атты кітап оқыр­манын тапты. Бұл рухани құндылықтың алғысөзін академик Манаш Қозыбаев жазған болатын.
Саналы өмірін әділ қызмет етуге арнап, отыз жылдың үстінде Отанымыздағы облыстық соттар­­­дың төрағасы болған, халқымыздың өткені мен кеткенін жұртшылыққа әр қырынан баяндап, қо­ғамдық жұмыстарды да мінсіз атқарып келе жатқан Сол­түстік, Оңтүстік Қазақстан облыс­та­рының құр­мет­ті азаматы Бекет Тұрғараевтың қолынан «Қо­­жаберген жырау» деген кітапты алып таныс­қаннан кейін жырауды танып-білуіме кең жол ашыла түсті.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Батырға қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» – депті. Ендеше, баһадүр Қожаберген жыраудың жұрт қамы, жұрт ісі деген ерлікке толы ғұмырын біз оның өлең­дерінен, толғауларынан, дастандарынан ай­қын көре аламыз.
«Халқын пір тұтқанды, халқы да ұл тұтар!» –деп көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев айтқандай, халқын өмір бойы пір тұтып, елінің тәуелсіздігі жолында қасық қаны қалғанша күрес жүргізген әрі батыр, әрі ақын, Жаратушының құдіретімен жан-жақты болып жаратылған Қожаберген жырау сол халқының кемеңгер ұлы бола білген.
Қожаберген Толыбайұлының жоғарыда аталған кітабына енген көптеген өлең, жыр, дастан, ой-тол­­­ғаулары аса тартымдылығымен, айтылар асыл ой­­лардың молдығымен есте қалады. Солардың ішінде «Елім-ай» дастанының орны бөлек. Зерттеушілер, әдебиетсүйер қауымның өкілдері бұл дастанның үш бөлі­міне терең үңіліп, тағылым, тәліміне тәнті болуда.
Мысалы, бірінші бөлімінде Қожаберген жырау:
«Мың рет орансаң да беренменен,
Кірерсің жер қойнына денеңменен.
Қолыма қобыз алып әнмен шырқап,
Айтайын бүгінгі істі өлеңменен» – дей келіп, «Елім-айды» асқақтаған әнмен және ән сазына сәйкес тартылған құйқылжыған күймен орындайтынын айтып, осы әнім де, күйім де «Елім-ай» – деп аталсын деген өсиет қалдырады.
Қазақтың кең даласын отқа орап, ойран салған жоңғарлардың мейірімсіздігі жазықсыз халықты қырғынға ұшыратқан ауыр азап туралы «Елім-ай» дастанын, қайсыбіреулер айтып жүргендей, жол-жөнекей айтылған хабарлар бойынша емес, өзі тікелей қатысып ерлік көрсеткен, көзі көрген, 23 жыл қатарынан әскербасы болған кезіндегі оқиғалардың негізінде жазған.
«… Кенжесі ем Толыбай сыншы ұлы Қожа­бер­ген,
Бата алған Әнет пенен әз Тәукеден.
Көзбен көріп, өзегім өртенген соң айттым өлең» – деуі соған дәлел. Келесі бір кезекте «Өл­ең­ге қостым көзбен көрген кепті, Халқымды қыр­ғын соғыс тентіретті» – деп толғайды. Бұдан кейін:
«Аузына харам алмаған,
Қиянатқа еш бармаған,
Шейіт болған жандарға,
«Елім-ай» жырын арнағам» – деген жолдар жы­раудың көзбен көріп, бастан өткізгенін нақты­лай түседі.
«Елім-ай» дастанында Қожаберген жырау өзі­нің ата-тегін, туыстарын, нағашы, қайын жұр­ты­мен таныстырып, Орта жүз керейде Толыбай сын­шының 20 ұлының кішісі екенін айтып, анасы Ақ­білек Орта жүздегі асыл текті арғынның Сүйін­дігі­нен тарайтын Айдаболдың тұңғыш қызы деп, сүй­ген жары, Кіші жүз Байұлы есентемірдегі Қа­бы­лан­бай бидің қызы Айша сұлу болғанын үлкен ш­е­бер­лікпен жырлайды. Сондай-ақ, Самарқанд мед­ресесінде 5 жыл, Бұхарада 2 жыл оқып терең білім алумен бірге, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгергенін тілге тиек етіп, ордада бұла боп еркін өскеніне қарамастан ат жалын тартып міні­сімен-ақ, халық қамы деп талай шайқасқа түскенін:
«Майданда алдаспанға ерік беріп,
Дұшпанның азын-көбін тексермедім.
Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мініп,
Жорыққа сан аттандым, сескенбедім.

Жүйрікпен желдей жүйткіп ескен едім,
Сынаққа қамал бұзып түскен едім.
Көп шығып қан майданда жекпе-жекке,
Найзамен жау өкпесін тескен едім» – деп баян­дайды. Халқына берген антындай естілетін төмен­дегі өлең жолдары да ерекше. Оны:
«Қолбасшы батыр болмасам,
Көбелі сауыт кимейін.
Ту ұстайтын болмасам,
Арабы ақбоз мінбейін.

Талапты жігіт болмасам,
Ұрандап жауға тимейін.
Қару-жарақ соқпасам,
Зергер болып жүрмейін.
Майданда жауды жеңбесем,
Қызық дәурен сүрмейін» – деген шумақтар айғақтай түседі.
Сонымен бірге, жары Айшаның тілегімен қайын жұртына бармақ болғанда қалмақтар шабуылдап, елге ие бол деп ағасы Қарабастың баласы Асқапты қалдырады. Бұл туралы «Елім-ай» дастанында егжей-тегжейлі жырланған.
Қайын жұртынан үлкен құрмет, сый көріп керей еліне оралған жолда, өзі іштей топшы­лаға­нын­дай ата жауы қазақ жеріне басып кірген екен. Ел ауыр азаптан шұбырындыға ұшырап «Ақтабан шұбы­рын­ды, Алқакөл (Қожаберген жырау «Ала­­­­көл» деп атайды) сұлама» атауы қалған екен. Оған:
«Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды,
Халқыма аштық, соғыс жаман болды.
Басталып ел сұлауы Алакөлден,
Ақтабан шұбырынды заман болды» – деген өлең жолдары мысал болады. Осы кез қазақ халқы үшін аса ауыр болғанын, жырау:
«Алтай мен Жайсаң жақтан көш келеді,
Тай-тайлақ көш бас сайын бос келеді.
Айрылған егізінен қандай ауыр,
Мөлтілдеп қара көзден жас келеді» – деп толғайды.
Дүлдүл жырау «Елім-айда» қазақ елінің осыншама шапқыншылыққа ұшырап, азап шегуінің бірнеше себебін ашып көрсетеді: біріншіден, жоң­ғарлар қазақ елін, жерін басып алу үшін зұлым­дықпен алдын ала әртүрлі айла-тәсілдерге барған. Ресей, Қытаймен сөз байласқан. Ресейден зең­бі­рек қаруларын алған… Екіншіден, қысылғанда мұсыл­ман елдері деп арқа сүйейтін бауырластар тасбауырлық жасағанын:
«Сатпады Хиуа, Қоқан мылтық қару,
Олардың болды ойы бізді шабу.
Қазаққа күнгей беттен түре тиіп,
Жолдарын ойластырды олжа табу», – деп көрсетеді.
Үшіншіден, осының бәрі ел бірлігінің болма­ған­дығынан деп біледі. Жырау өз шығармасында бұрынғы кезде қазақ халқы үш жүз деп атал­ғанмен жат сөзіне еріп жікке бөлініп көрмеген еді. Ал «…қазір көбейді адам азғағы, мықтылардың азғаны», сол себептен «белгілі болды көрші елге, халқымыздың тозғаны» – дей келіп, қайсыбір ел басқарғандардың, дінсіздердің, шонжарлардың ел­­дік­ке жатпайтын әрекеттерін әшкере етеді. Бірлігі болмаған, мылтығы жоқ қазақ ерлері қанша батыр болса да от қару ұстаған жауға қарсы тұра алмағанын жырау былайша өкінішпен толғайды:
«Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ.
Көршілес екі жұрттан дәу мылтық ап,
Көрсетті халхи, жоңғар елге азап».
Қазақ халқы жоңғар мылтығынан қорлық көріп, жапа шеккенін Қожаберген жырау:
«Алшынның темір тауына,
Дұрыстап назар салмадық.
Мылтық соғу шаруасын,
Үш жүз боп қолға алмадық» – деген өкінішімен жеткізеді.
Жырау қазақ халқының алғашқы кезде ойсырай жеңілуінің екінші бір себебін 1718 жылы әз Тәуке өмірден өтіп, оның орнына хан болуға лайықсыз, бос белбеу, дарынсыз ұлы Болаттың отыруы деп білді. Билердің бұл шешімі ел қамы үшін емес, өз қамдарын ойлағандық болды, – дейді Қожаберген жырау.
Жоңғарлармен шайқаста қазақтардың ара-тұра жеңіске жеткен кездері де болмай қалған жоқ. Қожаберген жырау халыққа өсиет айтып, насихат жүргізгенін, бұны естіген халық найза ұстаған Орта жүз, Кіші жүз батырлары жау қоршауын быт-шыт қылып бұзғанын, әсіресе, екі ұлы Науан мен Әсеттің, атқосшылар Айбек пен Ермектің майданда ерлікпен қаза болғанын көргенде:
«Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай,
Ұрандап «Ошабайлап» салдым айқай.
Шаныштым оңды-солды көк найзамен,
Жығылды талай жендет салып ойбай.

Пенденің бала деген жүрегі ғой,
Аз күндік тіршілікте тірегі ғой.
Ұлдардың жаудан кегін алу үшін,
Қалмақтың тайшыларын түйредім ғой.

Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,
Құштырдым талайына аттың жалын.
Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық,
Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.
Қоршауды бұзар шақта әлді жидық,
Уәйімді, босаңдықты мүлдем тыйдық.
Алысқан ат үстінде ит халқидың,
Ұстап ап айдарынан мойнын қидық.

Жорықта 44 жыл ғұмырым өтті,
Орта жас ол да мені тастап кетті.
Ит қалмақ соғысуға душар қылды,
Болмаса ақсақалдық кезең жетті», – дей келіп:

«Жасымнан ту ұстаған болдым сардар,
Соңыма еріп жүрді талай дегдар.
Кез болдым 61 де қатаң жауға,
Ісіне Құдіреттің не амал бар», – деп бір түйіп тастайды.
Ата дұшпан жоңғардан қазақтың жерін, елін сақтап қалу үшін ерлердің Күлтөбеде бас қосқа­нын, бір күш болып жауды жеңудің жоспарын белгілегенін:
« Күлтөбеге жиылып,
Жасықтықтан тыйылып,
Ұрысқа ерлер бел буды,
Алла, аруаққа сиынып.

Бастады ерлер көп қолды,
Аршуға жаудан бар жолды.
«Майданда өлген дұрыс – деп»,
Күлтөбе басы шу болды» – деп баяндайды. Осындай бас қосудан кейінгі ел бірлігінің арқа­сында талай жеңістерге қол жеткенін екпіндете жырлайды.
Жазықсыз халықты аяусыз қырған басқын­шы­ның озбырлығына жаны күйген Қожаберген батыр:
«Әйелдерше шашты өріп,
Бұрым еткен қалмақтар.
Қалдырып аз шаш төбеде,
Тұлым қойған қалмақтар», деп суреттейді. 1759 жылы қазақтардың жоңғарларды тас-талқан етіп жеңгенін хабарлаған кезде дүлдүл ақын Қо­жаберген 97 жасқа келіп еді. Қарттық жеңіп жат­қанына қарамастан орнынан сергек тұрып, қобы­зын күйге келтіріп «Жеңіс» атты тарихи тол­ғауын шығарыпты. Онда қалмақтардың қазаққа қол кө­тер­мейміз, қолда бар мал мен мүлікке салық төлеп тұрамыз деп Абылай ханға, Бөгенбай мен Қабан­бай батырларға ант бергендерін әсерлі етіп тол­ғай­ды. Сол «Жеңіс» атты толғауын былай түйіндейді:
«Басқаның жерін алған күшпен зорлап,
Қалмақтар жеңіліс тапты әбден сорлап.
Оралды қазақ қайта мекеніне,
Алла, аруақ үш жүз ұлын ақыр қолдап».
Сегіз сері шежіресінде Қожаберген жыраудың Абылай ханға кеңес айтып: «Бас уәзір боп, ел билігі қолыңа тиген екен әрі ханның міндетін атқарып жүр екенсің, көреген бол, шырағым. Ақылың мен ерлігің, айла-әдісің қатар жүрсін!..» – дегенде риза болған Абылай қол жайып, жырау бабасының оң батасын алған екен делінеді. Бұдан Қожаберген Толыбайұлының хан алдында үлкен беделге ие, данагөй абыз болғанын көреміз.
Әрі батыр, әрі ақын Қожаберген жырау – мемлекет қайраткері, дипломат болған тұлға. Ол кезінде әз Тәукенің ұсынысымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолында» айтылған елдің құқық жүйесін тереңдетіп, жан-жақты қам­титын конституциялық пәрмені бар құжат – «Жеті жар­­­­­­ғы­ны» өмірге келтірген. Қожаберген жы­­­раудың «Елім-ай» дастанындағы төкпелетіп айтқан:
«…Қайта қарап низамды,
Қазақтың Заңын құраған.
Қарабас күйші ағамның,
Қағидасын жаттадым.

Ақ былғарыға түсіріп,
Мұқиаттап хаттадым.
Әз Тәукеге қызмет қып,
Жаздым «Жеті жарғыны».
Салыстырып талдадым,
Бергі менен арғыны.

…Көмектесті біздерге,
Қазыбек, Төле, Әйтеке.
Қазақтың заңын нығайтып,
Тыйым салды тентекке.

«Жеті жарғыны» жазуда,
Іс тындырдым бірталай.
Мақұл көрді низамды ел,
Деген жоқ ешкім бұл қалай?» – деген шу­мақтарға қарап «Жеті жарғыны» дана билермен ақылдаса отырып жазды деуге негіз бар.
Қазақтың жақсы-жайсаңдарын ұлықтауға ар­нал­ған, ерекше қасиеттеріне сүйсінген кездерде алдымен айтылатын бір аталы сөз – «Сегіз қырлы, бір сырлы». Осы бір сөз ойға оралғанда көз ал­дыңда Қожаберген жырау Толыбайұлы тұрғандай сезінеді екенсің. Жаратушы ием оған сегізден де мол қасиет берген. Қожаберген жырау кім болға­н дегенге берер жауап: ол – әскербасы, айбынды батыр, ол – ақиық ақын, ол – кемеңгер сыншы, ол – жыршы-жырау және шежіреші, ол – шебер зергер, ол – сынықшы және емші, ол – дипломат, мемлекет қайраткері, ол – батагөй абыз, ол – ақылшы дана, ол – осы қасиеттерінен шығар жүз жасаған сирек тұлға – тізе берсек жалғаса береді.
Қожаберген жыраудың қазақ халқынан шыққан ерекше дарын бола тұра оның еңбегі жұрт­шы­лыққа неге ұзақ жылдар жетпеді дегенге айтар уәж, біріншіден, қазақта ұлы жоқ, ұлық жоқ деп келетін кемсіту саясаты жатты. Басқыншылардың бұл жымысқы пиғылының түбінде қазақ жерін, байлығын иемдену ниеті болмай қойған жоқ. Екіншіден, ішкі пиғылда хан, сұлтан, төрелерге қарсы болу арқылы бұқара халықтың қамын же­генсіп, жоғын жоқтағансиды. Мұндай жат әдеттің астарына енді қанық болып отырмыз.
Қазақ халқының ғасырлар бойы армандап келген Тәуелсіздігі жолында ақыл-ойын, қайрат-жі­ге­рін аямаған баһадүр Қожаберген жырау То­лы­байұлының туғанына 2013 жылы 350 жыл толады. Бұл бүкіл Қазақ елі үшін атаулы оқиға деп бі­ле­мін. Оның есімін мәңгілік есте қалдыруға бағыт­талған шаралар өткізіліп, есімі жаңғырып, әскери оқу орындарына, мәдениет орталықтары мен кө­ше­­лерге беріліп жатса, нұр үстіне нұр. Тәуелсіз елдің азаматтары осыны абыройлы міндет, деп бі­ліп, жоғары дәре­же­де өткізсе, ұлы жырау алдын­дағы ұрпақ парызының адал атқа­рылғаны болмақ.
Дүйсембі ӘРІПҰЛЫ, 
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Маңғыстау облысының құрметті азаматы. 
АҚТАУ.