Қазақ баспасөзінің сардары
Бейсенбі, 20 желтоқсан 2012 7:21
Қасым Шәріпов… Осы бір қайраткердің туғанына жүз жыл толып отыр. Онымен қызметтес болған, көзі көргендер, ол туралы естелік айтатындар қатары да сиреп қалды. Бірақ Қасекең жайында әңгімелер аз емес, әркез естіліп жатады. Оның саяси ұстанымына байланысты жоғары қызметтен қалай алынғаны, ал кейін уақыттың оны қалай ақтағаны туралы айтады.
Бейсенбі, 20 желтоқсан 2012 7:21
Қасым Шәріпов… Осы бір қайраткердің туғанына жүз жыл толып отыр. Онымен қызметтес болған, көзі көргендер, ол туралы естелік айтатындар қатары да сиреп қалды. Бірақ Қасекең жайында әңгімелер аз емес, әркез естіліп жатады. Оның саяси ұстанымына байланысты жоғары қызметтен қалай алынғаны, ал кейін уақыттың оны қалай ақтағаны туралы айтады.
Кейбір негізсіз әңгімелердің де осынау бір кіршіксіз ғұмыр кешкен азаматтың жарқын бейнесіне азын-аулақ көлеңке түсіретіні бар. Біреулер Қасекең қазақ газеттерін орыс газеттерінің аудармасы болсын деген ұсыныс айтыпты, оған еліміздің бір ұлтжанды басшысы қатты ескерту жасапты деген сөзді де таратқаны белгілі. Ал шын мәнінде Шәріпов газеттердің аударма болуына барынша қарсылық көрсетіп, оны дәлелмен негіздеген азамат. Кейінірек қолымызға түскен құжаттық материалдан оған толық көзіміз жетіп те отыр.
Партияның солдатымын дегенде, Қасекең шын мәнінде коммунистік идеалға сенген адам болды. Осы жолда ол аянбай еңбек те етті. Бірақ партиялық саясатты алға тосып, жаңсақ жолды ұсынғанда, оған қасқайып тұрып қарсылық білдіріп, өзінің азаматтық келбетіне кір жуытпаған адам. Сол үшін бір емес, екі рет Қазақстан баспасөзіндегі ең жоғары қызметтен де алынған. Оған сондай салдары болатынын біліп тұрып барған. Мұндай әрекет көп адамның қолынан келе бермейді.
Қасым Шәріпұлы Шәріпов – үлкен азаматтық, қайраткерлік, қаламгерлік жолдан өткен тұлға. Бұл жолды жұртшылығымыздың білгені абзал. Азаматты лайықты бағалау үшін де, лайықты құрмет көрсету үшін де. Оның жолы – еліміз өткен жол.
Ол осыдан жүз жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1912 жылы 29 желтоқсанда, Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Сексенбай дейтін ауылда кедей шаруа-малшының отбасында дүниеге келді. Тағдыр оған қатқылдық көрсетті – үш жасында әкеден айырылды, онға толғанда шешеден айырды. Жақындарының жасаған жақсылығы – тұлдыр жетім қалған Қасымды балалар үйіне тапсырды. Жамандықтан да жақсылық болады дейтін бар-ау, ауылда жүре берсе, сауатсыз болып қалар ма еді, ол балалар үйінде сауатын ашты. Тек ашып қана қойған жоқ, жас баланың білімге деген құштарлығы ерен еді. Балалар үйінен шығысымен Орынбордағы Халық ағарту институтының дайындық бөліміне түсті де, оны бітірісімен Мәскеудегі Мемлекеттік кинематография институтының жұмысшы факультетіне ауысты. Мұнан соң сол институттың әдеби-сценарийлік факультетіне қабылданып, оның екі курсын бітірді.
Мұнда да ол газеттерден қол үзбеді. Бұл жөнінде Қасым Шәріповтің өзі былай деп жазғаны бар: «…Сонау 1929 жылы интернатта жүрген кезімде «Лениншіл жас» газеті редакциясының секретары болумен қатар, «Социалистік Қазақстанның» жай тілшісі болып, 1930-1933 жылдары Москвада оқып жүрген шағымда оның Москвадағы арнаулы тілшісі, жыл сайынғы демалыс кездерінде оның өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі және Шымкент қорғасын заводындағы көшпелі басылымының редакторы болған едім. Бұл газетті сүйетіндігім сонша – ол менің интернаттан кейінгі үйім тәрізді еді».
Оқуын оқыса да, Қасекең кино өнерінің маманы болмады. Өзінің жанына жақын жазу жағына ойысты. 1933-1935 жылдарда саяси баспаларда редакторлық қызмет атқарса, осы тұста ол өзінің білімдарлығымен, саяси сауатының жоғарылығымен көзге түсіп, аса жауапты жұмыстарға тартылады. Ол марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін қазақ тіліне аударуға қатыстырылады. Және мұнда үлкен беделге ие болып, басқалар оның пікіріне тоқтайтындай деңгейге де жеткен еді.
Қасым Шәріповтің өмір жолындағы айшықты кезең, өзінің азаматтық тұлғасын жарқырата көрсеткен тұсы – Ұлы Отан соғысы жылдары. Сол соғысқа бастан-аяқ қатысқан, қару мен қаламды бірдей ұстаған азамат. От-жалынның ортасында жүрді. Рота политругі ретінде өзі де қару асынып, жауынгерлерді шайқасқа бастады. Жеке басының ерлігімен де көзге түскен.
Сол соғыстағы өз ротасы жауынгерлерінің ерлік жолын Қасым Шәріпов «Біз – панфиловшылармыз», «Подмосковная битва», «Қарулас бауырлар», «Қатардағы қаһарман» кітаптарында, басқа да очерк, мақалаларында жан-жақты көрсетті. Сөйтсе де, үлкен мәдениеттілігімен, парасаттылығымен ерекшеленетін Қасекең әсте де өзі жайлы көп айта қоймайтын. Оның есесіне қарулас достары туралы көсіліп жазды. Қарулас достары дегенде, олардың көпшілігі халыққа белгілі адамдар. Бауыржан Момышұлынан бастап, полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров, өзіндей рота политругі Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, атақты Василий Клочков, полк комсоргі Балтабек Жетпісбаев, атақты барлаушы Бақтияр Меңдіғазин – сол майданның от-жалыны ішінде бірге жүргендер. Барлығын да Қасекең ерекше бір жылылықпен, жақындықпен жазды. Өзіне келгенде, сараң сөйлейтін. Рота политругінің ерлік істерін басқалар жазған. Содан бір мысал келтірейік. Әскери тілші Леонид Макеев өзінің «Чапаевшылар Москва түбінде» деген очеркінде былай деп жазды:
«Бірсыпыра уақыттан соң генерал Панфилов тағы да сұрады:
– Біздің чапаевшылардың жағдайы қалай? Мен Молчановты айтып тұрмын. Оның жұмысы жақсы ма?
– Жақсы сияқты, – деді Капров. – Әсіресе, оның сегізінші ротасы ерекше қимылдауда. Олар немістердің жаяу әскерлерін оқпен жайратып, енді танктермен күресіп жатыр. Рота политругі Шәріпов пен взвод командирі Прийма гранатпен екі танкіні қиратты.
– Бәрекелді! Оларға менің алғысымды айтыңыз».
Полктегі барлық роталардың ішінде политрук Шәріповтің ротасын ерекше атау да біраз жайды аңғартады. Дәл сол күнгі оқиға жайында Қасекеңнің өзі былай деп жазған: «…Бұл он сағат ешбір бітпейтін мәңгілік сияқты көрінді. Дегенмен, уақыт өтіп кетті. Біздің рота ұзақ шайқасып, дұшпанның төрт танкісін қиратып, жүздеген фашистерді жойды, ақыры өзінің қорғаныс шебін жаудан сақтап қалды. Сөйтіп, біз неміс әскерінің Москваға қарай жылжуын бір күнге тоқтаттық. Ал бұл зор жеңіс еді».
Москваны жаудан қорғауда Шәріповтің сегізінші ротасының ерліктері туралы жазушы Алексей Кузнецов, полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров, Кеңестер Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Әлішер Тоқмағанбетов, Петр Сафроновтар тебіреніп жазған.
Осы жерде Сәбит Мұқановтың «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылғы 22 қарашадағы нөмірінде жарияланған «Гвардеец бауырларға» деген өлеңі ойға оралады. Онда біраз батырлардың аты аталып, бір шумағында былай делінген:
Енді, жау, жылжымассың сен жасырын,
Жылжимын десең, оның жан ашуың,
Шәріпов, Амандықов, Бекбатыров –
Қит етсең, қиғалы тұр үш Қасымым.
Осылайша Қасекеңнің, оның жауынгерлерінің ерліктері дуалы ауыздарға да ілінген.
Сол қан майданда ол қатты жараланды. Бұл жарақаттың айтарлықтай болғаны соншалық, оны қайтадан қолға қару алып күресетіндер сапына кіргізбеді. Сонда Қасым Шәріпов күші ататын қарудан әсте де кем емес қалам дейтін қаруды қолына алған.
Сірә, сонда оның бұрынғы, соғысқа дейінгі аса жауапты жұмыстарына, бейбіт аймақтағы жұмыстарға ауысуына да болар еді, бірақ ол майданнан кеткен жоқ. Алдымен әскери тілші болды, сонан соң дивизиялық, майдандық, әскери-округтік газеттерге басшылық жасады. Екі тілде жазатын қаламгердің орны тіпті бөлек еді. Ол орыс газеттеріне де редакторлық етті.
Ол соғысты бітіріп қана емес-ау, елге келесі жылы наурызда ғана оралды. Майданға аттанған ұжымына – Партия тарихы институтына келген. Үлкен ерлік жасап, сұрапыл соғыстың отын кешіп, шынығып, ширап, біраз басшылық қызмет атқарып, есейіп те келген. Соны ескеріп, мұндағылар оны бірден институт директорының орынбасары етіп тағайындады. Осылайша бұрынғы өмір қайта жалғасты.
Бұл өмір де оңай емес еді. Өздеріне марксизм-ленинизм классиктерін қазақшаға аудару жүктелген. Бұрын да бұл жұмыс қиын еді. Енді ол одан да бетер қиындағандай. Білікті аудармашылар бұрын да жетіспейтін, солардың біразы майданнан оралмай қалды. Солар үшін де жұмыс істеуге тура келеді. Көп адамның көсемдердің шығармаларын аударуға жүректері дауаламайды. Көркем әдебиеттің шебер аудармашыларының да, тіпті ғалымдардың да бұған тісі бата бермейді. Бұл жерде екі тілді жетік білу өз алдына, аудармашының жоғары саяси сауаты бірінші талап. Сол талапқа сай келетіндер мүлде сирек. Сол сиректердің бірі ғана емес-ау, бірегейі Қасым Шәріпов еді. Бұл жұмысқа ол өмірінің біраз кезеңін арнап, бұл жөнінде ең беделді тұлғаға да айналған. Оны теориялық тұрғыда негіздеп, ғылыми кітап та жазғаны бар.
Сол Партия тарихы институтынан ол «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор қызметіне жоғарылатылды.
«Социалистік Қазақстан» – республиканың бас газеті. Бас газеті болғанда, ол – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, республика Жоғарғы Кеңесінің және Үкіметтің органы. Оның ақ дегені – алғыстай, қара дегені – қарғыстай қабылданар заман еді. Сондай басылымға басшы болу – уақыт жауапкершілігін арқалаған азаматты тану, үлкен сенім. «СҚ»-ның редакторының Компартия Орталық Комитетіне мүше болуы, Жоғарғы Кеңестің депутаты болуы жазылмаған заңдылық болатын.
Осындай лауазымға ие болғанда, Қасым Шәріпов 37 жаста еді. Кейінгі өлшемге қарағанда, жас деуге де болар. Қаншалықты өмір көрді дегенде, басқасын былай қойып, сұрапыл соғыстағы бес жыл – теңдессіз сынақ. Одан абыроймен өткен, саяси дайындығы – марксизм-ленинизм классиктерін аударып, коммунистік идеяның майын ішкен деуге болғандай.
Бірақ ол қиын заман еді. Әсіресе, өзінше ойлайтын, шындыққа бас иетін, ұлт мүддесін қадір тұтатын адамның жолына кедергі көбейген кез. Ұлтшылдыққа қарсы науқан өршіп тұрған. Ондайда өз бет-бедері жоқтарға, нұсқаудың бәріне қарсылықсыз көнетіндерге қолайлы. Жаңа үлкен лауазымды қызметке ие болған Қасым Шәріповке көп қолайсыздық кезікті. Сол марксизм-ленинизм классиктерінің тұжырымдарына сүйеніп, Кенесары Қасымовтың Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын ақтап, біраз дауға ұшырап, талқыға түскен Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабына оң баға берген мақаласы «СҚ»-ға редактор болғаннан кейін «Қазақстан коммунисі» журналында (№9) жарияланды. «Оғаш» қылық. Бірақ соған орай билік жаңа тағайындалған редакторға бірден қатаң шара қолданудың жөнін таппаған. Өйткені, мұндай жоғары қызметке қойғанда не ойладыңдар деген сұрақ бірден алдарынан шығады. Содан да оған күдікті адам белгісін мойнына тағумен шектелді.
Редактор болып келгеннен кейін Қ.Шәріпов «Социалистік Қазақстанға» не өзгеріс, не жаңалық әкелді деген сұрақтың қойылары заңды. Сонау 30-шы жылдардың аяғынан кейін қуғын-сүргіннің қайта өрши түскен кезінде қандай жаңалық бола қойсын. Әсіресе, ұлы орыстық шовинизм ашық көрініп, басқа ұлттардың қандай да болса құндылықтарын өшіру саясатқа айналған кезде әр адам аңдуда. Аяғыңды аңдап баспасаң, жазатайымға кезігесің. Жаңа редактор ұжымға қарайды, ұжым басшыға қарайды. Көпшілігі – байырғы кадрлар. Жаңа ой айтудан тайсақтайды. Редактор қызметкерлерді жаңартпай, жаңа ой, өткір бастамалар іздеу бекершілік екенін ұққан. Қазақ баспасөзінде тосындау оқиға болып тарихқа енген, «Қасымның қайсар қадамы» аталған, университетті әлі бітіре қоймаған жеті жас журналисті бірден «Социалистік Қазақстанға» алып келуі сонда болған еді. Қасым Шәріпов сонда студенттер арасынан іріктеп алып келген Төлеубай Ыдырысов, Балғабек Қыдырбекұлы, Бекділда Абдуллин, Әбіраш Жәмішев, Орақ Смағұлов, Пернебек Бейсенов, Әбілмәжін Жұмабаев редакция жұмысына жаңа леп алып келуімен қатар, кейін қазақ баспасөзінің қабырғалы қайраткерлеріне де айналды. Олардың барлығы да Қасекеңді өздеріне ұстаз санайды. Бұл жайында көп айтылған, қайталап жатудың қажеті бола қоймас.
Бәрібір заман табы, идеологиялық қысым газеттің бет-бейнесін өзгертуге мүмкіндік бермеген. Қайта сол тұстағы газет тігінділерін қарағанда, саяси қысымның күшейе түскенін, ұлттық құндылыққа шабуылдың күшейгенін аңғарар едің. Бірақ билік мұны да азсынды. Әсіресе, Мәскеу құтырына түскен. Өздерінің ел ішіндегі қызыл көз көмекшілеріне сүйене отырып, «ұлтшылдыққа ұрынғандарды» оңай табатын. Олар «Социалистік Қазақстанды» да, оның редакторы Қасым Шәріповті де көре қойған. «Правда» газетінде «Теріс позицияда» деген мақала жарық көрді. Сол мақаланың мазмұнын, қандай кінә таққанын айтып жату артық – Мәскеудің шовинистік рухына сай емес деп айыптады.
Мәскеу айтқан соң, оның «Правда» газетіндей ұраншысы жазған соң, мойындамасқа лажың жоқ. Қазақстан Компартиясының ОК мынадай қаулы алды:
«…1. «Правданың» 1951 жылғы 29 қыркүйектегі «Социалистік Қазақстан» газеті жұмысындағы жосықсыз қателері мен кемшіліктері көрсетілген «Теріс позицияда» деген мақаласы өте орынды деп танылсын.
2. Газет жұмысына басшылықты қамтамасыз ете алмағаны, идеологиялық мәселелерді жазуда айтарлықтай бұрмалауға және кемшіліктерге жол бергені үшін, сондай-ақ Е.Бекмахановтың кітабы туралы мақаласында қателіктерге жол бергені үшін Қ.Шәріпов жолдас «Социалистік Қазақстан» газеті редакторы жұмысынан босатылсын».
Қаулыда аталған Е.Бекмахановтың кітабы туралы мақала бұдан екі жыл бұрын жазылса да, ұмытылмай еске алынып отыр. Қаулыға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қол қойған. Осы адамның қол қоюымен Қ.Шәріпов арада екі айдан аса уақыт өткеннен кейін МЭЛИ (Маркс-Энгельс-Ленин институты) филиалы – Қазақстан КП ОК жанындағы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері-редакторы болып тағайындалды. Бұрын директордың орынбасары болса, енді – қатардағы қызметкер.
Әрине, бала-шаға асырап отырған пендеге қызмет те керек, бірақ бәрінен де азаматқа жасалған қиянат ауыр тиетіні белгілі. Күйзелмеді десек, ол шындыққа қиянат болар, адам болған соң, неге күйзелмесін. Бірақ жүнжімегені анық деуге де қақымыз бардай. Ол – рухы күшті адам.
«Алтын кездіктің қап түбінде жатпайтынындай», бұл азаматты биліктің өзі кейін қайта іздеуге мәжбүр болды. 1954 жылы ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жұмысқа шақырылды – ғылым және мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Мұны азаматтың қабілетін, біліктілігін мойындау, ол жөніндегі өткендегі қателіктерді түзету деп те қабылдаған жөн болар. Ал бұл шешімге кейін КСРО-дай алып державаны басқарған Л.И.Брежневтей қайраткердің қол қойғаны да біраз жұртқа қызықты көрінер. Жалпы, Қасым Шәріповтің азаматтық тағдырына сол тұста, бірі жазалады, бірі ақтады дегендей, ел басшылығында болған Шаяхметов, Пономаренко, Брежнев, Беляев, Яковлев, Қонаевтар араласқан.
Бір жылдан кейін, 1955 жылы Қасым Шәріпов «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылығына қайта келді. Бұл да сирек құбылыс. «Ұрылып» кетіп, қайта мойындата келудің жөні бөлек. Сол тұста редакция ұжымында біраз келеңсіз жайлар орын алып, үлкен үйдегілер соны жөнге салуды Қасекеңе жүктегендей, сенім артқандай. Бұл өзі цифрмен өлшенетін нәрсе емес. Қызметтес болғандардың, көзі көргендердің айтуына қарағанда, сол Қасым Шәріповтің екінші келуінен кейін ол басқарған жылдарда (1955-1960 жылдар) редакция ұжымында аса ынтымақты сыйластық ахуал қалыптасқан көрінеді. Бас редактор үлкенмен де, кішімен де тек «сіз» деп сөйлеседі. Оның біреуге жекіргенін, жанына тигенін ешкім көрмепті және оны басқалардан да талап етіпті. Редакция қызметкерлерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай үнемі қорғаушы болып жүрген. Тіпті, қызметкердің кінәсі болған жағдайда да көмегін аямаған. Үлкенге – құрмет, кішіге – ілтипат орныққан. Редакцияның қауырт да азапты жұмысын басқаларымен бірдей көтерген, кезекшілікті де атқарған. Сол үшін оны қызметкерлер ерекше құрметтеген.
Редактордың жұмысы редакцияның ішінде ғана емес. Оның сыртындағы жұмыс Қасым Шәріповке оңай тимегенге ұқсайды. 50-ші жылдардың екінші жартысы – тың игеру науқанының нәтиже берген, біраз дүниенің орыстанған кезеңі. Қазақ мектептері азайып, басқа салаларда да тілге көбірек тиіскен шақ. Сол тікелей тілге қатысы бар газеттерге де ауыз салуға кіріскен. Біраз салада бұрынғы қазақ, орыс газеттері бірігіп, қазақшасы орысшаның аудармасына айнала бастаған. Енді оны заңдастыру, әзірге жеке шығып келе жатқан орталық газеттерді де біріктіру қалған еді.
Қазақ газеттерін аударма ету жөнінде Қ.Шәріповтің атына қатыстыра айтылатын келеңсіз әңгімелер сол кезге қатысты. Бірақ оны айтушылар оның өңін айналдырып, біраз бұрмалауға барған. Әңгімеге арқау болған Қазақстан Компартиясы ОК екінші хатшысы Н.И.Журиннің өткізген жиналысының (1956 жыл, 15 қараша) стенограммасы Президент мұражайында бар екен. Бір өкініштісі, жиналыс үстіндегі сөз қақтығыстары (реплика) жоқ. Қатысқандардың негізгі сөздері берілген. Қасым Шәріпов те сөйлеген. Сол сөзден кейбір пікірлерін келтірейік: «Бұл туралы айтудан бұрын мен газеттердің бірін-бірі қайталауына (дублировать) қарсыларға үн қосамын. Яғни мәселенің бүгінге дейін қойылысы дұрыс емес… Екіншіден, жолдастар, аударма қазақ тілінің мәнін төмендетеді және аударма журналистер мен нағыз публицистер кадрын даярлауды әлсіретеді. Аударма жолымен нағыз журналистер мен публицистерді даярлай алмайсың. Бұл жағдайда тек орыс тілін жетік білетіндер ғана жаза алады. Олар – басқа адамдар, анкетасы бойынша қазақ болғанымен, оларды шын мәнінде қазақ деуге келмейді, өйткені, олар орысша жақсы жазғанымен, қазақша жаза алмайды.
Үшіншіден, бұрыннан белгілі жай, марксизм классиктері де айтқан, аударма ешқашанда түпнұсқадай бола алмайды. Аудармада бейнелі сөздерді бере алмайсың. Аударма газеттерде очерктер мен фельетондардың жоғалып кетуі жайдан жай емес. Осындай оймен, меніңше, аударма жасаудың қажеті жоқ». Осылай деген.
Қазақ газеттері мен орыс газеттерін біріктіру жөнінде мәселе көтеріліп, ол қалай жүзеге асуы керек дегенде қазірге дейін қалыптасқан аударма газеттердің тәжірибесін сынап, Қасым Шәріпов өз көзқарасын сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы И.Д.Яковлевке жазған хатында былай көрсетеді: «Біз мәселені басқа жолмен шешу қажет деп есептейміз. Газеттерді тілімен байланысты емес, ұйымдастыруға байланысты біріктіру қажет. Қазақ және орыс газеттерін бір ұжымға, бір партия ұйымына біріктіру қажет. Әрбір редакция бір ұжымның бір бөлімдері ретінде жеке болуы керек. Қазақ редакциясының басшылығында қазақ редакторы (орынбасарымен), орыс редакциясы басшылығында орыс редакторы (орынбасарымен) болуға тиіс. Жалпы, басшылық үшін екі газетке бірдей бас редактор институтын енгізген жөн». Газеттерді аударма жасауға Қ.Шәріповтің көзқарасы қандай болғанын осыдан да айқын аңғаруға болғандай. Бұл жерде оны жалпы газеттерді ұйымдық тұрғыда да біріктіруге құштар болды деу де артық. Мәселенің қай бағытқа ойысып бара жатқанын болжаған ол қалайда қазақ газеттеріне тиімді жолдың таңдалғанына күш салғанын аңғару қиын емес. Орталық газеттердің аудармаға айналмай қалуына Қасым Шәріповтің республиканың бірінші басшысына тікелей хат жазып, мәселенің мән-жайын дұрыс түсіндіруі бірден-бір себеп болды деп тұжырым жасауға да болғандай.
Замандастарының куәлік етуіне қарағанда, сол тұста аса ұстамды, барынша білікті қайраткер ретінде көрінген Қасым Шәріпұлының беделі айтарлықтай көтерілген. Тіпті, оның Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы болады екен деген сөз де шыққан көрінеді. Әрине, ол біраз адамдарға ұнамайды. Ұнамаған соң, оған кедергі жасаудың жолдары да іздестіріледі. Көп кешікпей ол жол табылады да. Қасекең тағы бір ұлт мүддесіне қатысты мәселеден таяқ жейді.
Бұл жеке басқа табынуды айыптап, соған орай сонау 30-шы жылдарда қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтай бастаған кезең еді. Сөйтсе де, орыстандандыру ұраны жаңаша қарқын алып келе жатқан. Осындай жағдайда қазақ елінің үлкен қайраткері Тұрар Рысқұлов ақталғанымен, оның ұлт мәселесі жөніндегі іс-әрекеттеріне әлі де кешірім жоқ еді. «Социалистік Қазақстан» газетінде Тұрар Рысқұлов туралы өзі де қуғын-сүргін көрген Р.Байжарасовтың бір беттік мақаласы жариялануы Қ.Шәріповке қарсылар үшін таптырмайтын олжаға айналған. Бұл жерде кімнің «көрегендік» жасап, оны кімдердің қорғағаны жөнінде дерек келтіре алмаймыз, бір ақиқат – ол Қазақстан КП ОК бюросында талқыланып, кең көлемде, басқаларға сабақ болғандай үлкен қаулы қабылданды. Оның қорытынды бөлігі мынадай: «1. Жөнсіз әрекет ретінде, республика партия ұйымының идеологиялық жұмысына және еңбекшілерді интернационалдық рухта тәрбиелеу ісіне үлкен нұқсан келтіретін «Тұрар Рысқұлов» мақаласын жариялауға байланысты «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының әрекеті айыпталсын. 2. Қ.Шәріпов жолдас «Социалистік Қазақстан» газеті редакторы және коллегия мүшесі қызметінен босатылсын».
«Социалистік Қазақстан» газеті редакторлығынан Қасым Шәріпов екінші рет осылай кетті. Ұйымдастырушылық немесе кәсіби қабілеті үшін емес, сол уақыт бағамы бойынша саяси қателіктері үшін кетті. Ал уақыт оны кейін редактордың көрегендігі, саяси ерлігі, ұлт мүддесіне қызмет еткені деп бағалады. Сөйтсе де, оның іскерлік, ұйымдастырушылық, кәсіби қабілетінің жоғары екенін республика басшылығы сол кезде-ақ бағалаған. Қазақстан КП ОК хатшысы былайша мінездеме жазды: «Бірақ Қазақстан КП ОК Шәріпов жолдасты өзінің іскерлік қабілеті бойынша басшылық журналистік жұмыста, қазіргі жағдайда Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ Телеграф агенттігі директоры қызметіне пайдалануға лайық деп есептейді». Бұл қызметті Қ.Шәріпов 13 жыл бойы абыроймен атқарып, содан одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан.
Қоғамдық ұйым болса да, сол тұста айтарлықтай беделі бар Журналистер одағын Қасым Шәріпұлы 1959 жылдан 1971 жылға дейін басқарып, бұл жауапкершілікті өзінің жастау әріптесінің атқарғаны жөн деген шешімге келіп, арыз бергені бар. Бұл да оның азаматтық келбетін аңғартады.
Осылай Қасым Шәріпұлы Шәріпов үлкен басшылық қызметтік жолдан өтті. Оның кедір-бұдыры, жүйкені жұқартқан тұстары да көп болды. Қандай жағдай кездессе де, ол өзінің азаматтық келбетіне дақ түсірген жоқ, арын таза ұстады, қайраткерлік тұлғасымен көрінді. Содан да ол замандастарының, шәкірттерінің жадында іскер басшы, қамқор басшы, парасатты азамат ретінде қалған.
Қасым Шәріповтің шығармашылық еңбегін сөз еткенде, оны журналистік және жазушылық тұрғыда қарауға да болар еді. Сірә, бөліп қараудың қажеті жоқ шығар, олар бір-бірімен ажырағысыз, қабысып жатыр. Оның көркем очерктерін, деректі хикаяларын журналистік шығарма деп шеттетпей, көркем әдебиет ауылына қоныстандыруға да әбден болар еді.
Жалпы, Қасекең әдебиетке жасынан жақын болған адам. Тіпті, ол Мәскеуде оқып жүрген кезінде-ақ шығармашылық еңбекпен айтарлықтай белсенді айналысса керек. Сол тұста, нақтырақ айтқанда, 1933 жылы (бұл кезде ол 21 жаста ғана еді). «Әдебиет майданы» журналында «Намыс» пьесасы және «Адал» поэмасының үзіндісі жарияланды. Бұл бізге белгілісі ғана, іздеушінің көзіне түспегендері де болуы әбден мүмкін. Өлеңдері жинақталып, сарапталмағандықтан да, оның ақындық қарым-қабілеті туралы әңгіме айту артықтау. Жалпы, Қасекең өлең жазып, оның кейбіреулерін әркез жариялап та тұрған. Әсіресе, соғыс жылдарында, әскери газеттерді айтпағанда, оның біраз өлеңдері «Социалистік Қазақстанда» да жарық көрген. Генерал Панфилов туралы толғау балладасы орысшаға да аударылып, біраз басылымдарда жарияланып, кітаптарға да енді.
Өзінің қызметіне айрықша жауапкершілікпен қарайтын адам болғандықтан да Қасекең көп уақытын күнделікті жұмысына арнап, шығармашылық еңбекке, оның ішінде, көркем шығармашылыққа қолы тие бермегенге де ұқсайды. Біршама кітаптарын, оның ішінде олардың орысша аудармаларын зейнеткерлікке шыққан соң ғана жазғаны бар. Олардың кейбіреулері Қасекең өмірден озған соң жарық көрді. Оның шығармашылығында уақыттың, заманның, саясаттың табы бар. Оған біз барынша түсіністікпен қарауымыз керек. Қасым Шәріпов – өз заманының адамы және белсенді адамы.
Біз Қасекеңнің шығармашылығын талдауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Уақыты келгенде зерттеушілер табылып, бұл іс жүзеге асар. Айтпағымыз – Қасым Шәріпов соңына айтарлықтай шығармашылық мұра қалдырған адам. Оның «Біз – панфиловшылармыз» деген деректі хикаясы – қазақ журналистикасында ғана емес-ау, жалпы, қазақ әдебиетіндегі әскери тақырыпта жазылған елеулі шығармалардың бірі деп бағаласақ абзал. Әттең, бұл шығарма сонау сұрапыл соғыстың қызуы басылмай тұрған кезде жарық көргенде, бұл шығармаға да, оның авторына да баға басқаша болар еді-ау деп өкінесің.
Осынау үлкен қайраткер, қаламгердің туғанына жүз жыл толып отыр. «Тірі болса…» деп сөз қозғаудың жөні жоқ. Алты мүшел өмір кешіпті. Жасаған өмірін мәнді өткізген азаматты қоғам ұмытпайды. Жақсылығын жадында сақтайды, ерлігін өнеге тұтады, парасатына сүйсінеді.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».