Жадымда тұр жаңғырып
Жұма, 21 желтоқсан 2012 7:17
1961 жылдың мамыр айы еді. Жоғары оқу орнына түсуге қажетті құжаттарымды жинап жүргенмін. Ұзынағаштағы аудандық емханадан У-86 формасындағы анықтама қағазын алу үшін бір аптаға жуық уақытым кетті. Бір жақсысы, бұл жерде өзім құралпы қыз-жігіттер көп екен. Олармен танысқаннан кейін қалған шаруаларды бірге жүріп бітірдік. Ақыры тиісті құжат та қолға тиді-ау… Содан: «Алматы қайдасың?» десіп автобекетке келіп, көлік тосып тұрғанбыз.
Жұма, 21 желтоқсан 2012 7:17
1961 жылдың мамыр айы еді. Жоғары оқу орнына түсуге қажетті құжаттарымды жинап жүргенмін. Ұзынағаштағы аудандық емханадан У-86 формасындағы анықтама қағазын алу үшін бір аптаға жуық уақытым кетті. Бір жақсысы, бұл жерде өзім құралпы қыз-жігіттер көп екен. Олармен танысқаннан кейін қалған шаруаларды бірге жүріп бітірдік. Ақыры тиісті құжат та қолға тиді-ау… Содан: «Алматы қайдасың?» десіп автобекетке келіп, көлік тосып тұрғанбыз. Қасымызға иманжүзді жан келіп амандасты. Көзіме жылыұшырай кетті. Мен қадірлі ұстаз Әбдіразақ ағайды бірден таныдым. Ол ә дегеннен жай-жапсарымды сұрауға кірісті.
– Сен Мәсімханның қызы емеспісің? Иә, шырағым, оқуың қалай?
– Иә, аға. Алматыға оқуға барсам деп едім…
– Талабыңды құптаймын, білім алу керек. ҚазГУ-ге баратын шығарсың, бұл ойың дұрыс – деді ойымды оқып қойғандай.
Қоштасарда ол кісі жолың оңғарылсын деп батасын берді. Көңілім көтеріліп қалды. Іштей толқып кеттім. Қасымдағылар маған ағалық мейіріммен батасын берген бейтаныс жан жайлы білгісі келіп алғашқы сауалды қойып үлгерді. Мен өзіме ақ тілегін білдіріп, жол сілтеген жанның ұлағатты ұстаз Әбдіразақ Мәмиев екенін айттым. Өнегелі ісімен көпке үлгі болған мұғалімнің есіміне олар да сырттай қанық болып шықты.
ҚазГУ-ге құжат тапсырып, алаңсыз емтихандарға дайындалуға кірісіп те кеттім. Бұрынғыдай жүрексінбейтін секілдімін. Әбдіразақ ағайдың сөзі мені қанаттандырғандай. Өз-өзіме сенімдімін. Еш кедергісіз оқуға түсетініме күмәнданған жоқпын. Ауылда жүріп кітапханадан шықпай бірқатар қазақ жазушыларының шығармаларын зейін қоя оқығанымның көмегі тиді. Аға тілегі алғаусыз екен, сол жылы студент атандым…
Ұстаз тәлімі мен ұлағаты әрбір шәкірт жүрегінде мәңгілік сақталары белгілі. Әкемнің көзін көрген Әбдіразақ Мәмиевпен сонау бір кездегі кездейсоқ кездесу менің санамда мәңгілікке сақталып қалған еді. Жастайымнан асыл азаматтың жақсы атын естіп өскендіктен бе, бұл оқиға маған ерекше әсер еткен-ді.
Әбдіразақ аға оқыған, білімді азамат еді. Біздің ауылға келген алғашқы ұстаз десе де болады. Ол 1937 жылы оқуын бітіріп, Жамбыл ауылындағы жеті жылдық мектептен еңбек жолын бастайды. Екі жылдан кейін азаматтық борышын өтеуге әскерге аттаныпты. Ол Белоруссия мен Польшаның шекарасындағы Брест-Литовск қамалындағы 125-атқыштар полкында қатардағы жауынгер болған. Елге оралар мерзім жеткенде тұтқиылдан неміс басқыншылары бейбіт елдің шекарасын бұзып өтіп, соғыс ашады.
Тарихтағы ең бір жантүршігерлік соғыс – Ұлы Отан соғысы екенін әркім біледі. Анасынан баласын айырып,талай сәбиді жетім атандырған, бейбіт халықты зарлатқан зұлматтың қанды шайқастарына Әбдіразақ аға 1941 жылдың 22 маусымында бетпе-бет келеді. Отанын сүйген өзі секілді ержүрек ұландар Брест қамалында жан беріп, жан алысқан қиянкескі ұрыс жүргізеді. Шекараны кесіп өтіп, аз уақытта Мәскеуге жетеміз деп ойлаған дұшпан мұндай тойтарысты күтпегені анық. Брест үшін шайқас үш айға созылыпты. Ақыры соңында оқ-дәрі азайып, қатары сиреген жауынгерлер қоршауда қалады. Соңғы рет алға ұмтылып, тірідей қолға түскенше тәуекел етіп, қоршауды жарып шықпақ болады. Буг өзенін кешіп өтіп, арғы жағалауға жеткенше фашистер тұтқынына түсіп қалады.
Тұтқында жүріп, небір құқайды көріп,тірі қалғандары қашып шығып, кеңес әскеріне қосылады. Әбдіразақ Мәмиев одан кейін де екі жыл майданның алға шебінде жүріп соғысады. Ол 1944 жылы қазан айында Одесса қаласын азат ету шайқасында қатты жараланады. Оқ сүйекті тесіп өткен екен. Дәрігерлер оң аяқты кесуге мәжбүр болыпты.
Ел-жұрты үшін асқар таудай азаматтың аман келгенінің өзі олжа еді. Еңбек майданында толассыз жұмыс жүріп жатқан кез. Аяғын майдан даласына қалдырса да, ердің елге оралуын жақсы нышанға балаған-ды көпшілік. Көпке сыйлы, кішіпейіл болатын. Ол соғыстан кейін де Жамбыл ауылындағы жеті жылдық мектепке келіп, балаларға білім беруді жалғастырады. Тұрар есімді қызбен қол ұстасып, шаңырақ көтереді. Сөйтіп, кішкентай шаңырақ үлкен отбасына айналады.
1951 жылы Әбдіразақ ағайды Қызыләскер бастауыш мектебіне директор етіп тағайындады. Ұстаздық – ұлы мамандық. Ә.Мәмиев бала бойындағы қабілетін тани білетін сезімтал мұғалім ғана емес, бастауыш мектепті гүлдендірген талапты басшы да болды. Оның еңбегі кезінде аудандық, облыстық білім бөлімдері тарапынан лайықты бағаланды.
Бүгінде Қызыләскер ауылынан бір көшеге оның есімі берілген. Бұл ауыл Алатаудың бөктерінде қоныс тепкен. Осы ауылда Әбдіразақ аға еңбегінің ізі қалған мектеп бар. Қиын-қыстау кезеңде жабылып қалған білім ордасы кейін қайта ашылған. Сол кездегі ауыл тұрғындарының шаттығын сөзбен жеткізу қиын. Оған Брест қамалын қаһармандықпен қорғаған Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты ұстаз Әбдіразақ Мәмиевтің есімі берілетінін естіп мен де қуандым.
Қазір бұрынғы бастауыш мектептің орнында заман талабына сай зәулім білім ордасының ғимараты бой көтерген. Педагогтардың басым көпшілігі жоғары білімді. Олардың арасында тәжірибесі мол Фарида Боранбаева, Әділет Айсаев, Құралай Әшімова сынды мұғалімдер еңбек етуде. Мектеп директоры жігерлі жас маман – Марат Құрманқұлұлы. Сондай-ақ мектепте мұражай бар. Онда осы мектепті ұзақ жылдар басқарған Әбдіразақ аға мен Тұрар жеңгей және ол кісімен қызметтес болған Сарқытбай, Жолдас, Наурызбай, Тұрсын сияқты өзге де ұстаздар туралы құнды деректер мен мәліметтер қойылған.
Жәмила МӘСІМХАНОВА.