22 Желтоқсан, 2012

Мөлдір сөздің шебері

2213 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мөлдір сөздің шебері

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:13

Төлеген Қажыбаев – сегіз қырлы, әмбебап шығармашылық жолынан қол үзбей, қырық алты жыл «Көкшетау правдасы», «Коммунизм нұры», «Солтүстік Қазақстан», «Арқа ажары», «Бұқпа» газеттерінде жауапты қызметтерді үлкен іскерлікпен атқара жүріп, сүйікті халқына поэзиясы, прозасы, драмасы бар отыздан астам кітап ұсынып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер.

 

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:13

 

Төлеген Қажыбаев – сегіз қырлы, әмбебап шығармашылық жолынан қол үзбей, қырық алты жыл «Көкшетау правдасы», «Коммунизм нұры», «Солтүстік Қазақстан», «Арқа ажары», «Бұқпа» газеттерінде жауапты қызметтерді үлкен іскерлікпен атқара жүріп, сүйікті халқына поэзиясы, прозасы, драмасы бар отыздан астам кітап ұсынып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер.

Төлегеннің қай шығармасын оқысаңыз да, сәулелі ойға шомыласың. Мен оның поэзиясымен көптен таныспын, сондағы байқағаным, ол адамдардың арасындағы сан қилы қатынастарды, туған елдің қымбаттығы мен сұлулығын, достық пен махаббатты сипаттаса, «сөз атасы Майқы би» дегендей, сөз жүйесін, ой өрісін тауып, көңіл қозғар толғанысқа, терең тебіреніске батырады. Қуаныш пен қайғы-қасіретті айқын сипаттай біліп, шырылдаған шындыққа сүйенген поэзиясы өмірдің бір шетін тесіп шығады.

«Мына заман жауыздықтың көзі ме,

Иә болмаса дін ислам сөзі ме?!

Шаһит кеткен боданды елдің боздағы

Жарып жатыр, жарылып жатыр өзі де!»

– десе, сенесің, ойланасың және айтқа­нынан ауыр ойға нақтылы жауап табасың. “Бұрынғы Одаққа қарасты тау елдерінде не болмай жатыр?” деп ойлана қалсаң, телегей теңіз тереңге кетесің. Ал махаббат, сұлулық, достық тақырыптарына келсек:

«Сұлулық сиқыры керемет,

Жаныңды шуаққа бөлемек.

Әлемде сұлулық болмаса,

Ақындар жынданып өлер ек»,

– деп сезім сырын, сұлулықтың барша әлемді ұстап тұрған сиқырлы ғаламатын дөп басып, бір оқысаң ұмытпастай сезімге бөлейді.

Төлеген Тәуелсіздіктің көгілдір туын Есіл – Көкше аймағында белсенді көтері­сіп жүрген қайраткер ретінде өмір сырын түбегейлі түсініп, бір шумаққа сыйғы­зыпты:

«Өлім-өмір егесуі тегін бе?

Ұғынуға ғасыр керек кемінде.

Махамбеттер қалу үшін мәңгілік

Нұрсұлтандар есен болсын елімде»,

– деп Тәуелсіздіктің нұрлы таң, саялы шуағына құштар ақын Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұл­тан Әбішұлы Назар­баевтың еліміздің ежелгі арманын орында­ған абзалдығын паш етіп отыр. Осы қысқа ғана мысал­дар­дың өзі Төлегеннің тума талант, сезімтал ақын, ойшыл азамат екенін танытып тұр.

Төлеген Қажыбаев 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Ақмола облысы, Чкалов ауданына қарасты Қарағаш ауылында дүниеге келген. Бұл аудан бұрын Көк­ше­тау облысының құрамында болғандықтан, біз оны кербез Көкшенің төл тумасы атаймыз. Төлеген – қазақтың классик ақыны Жақан Сыздықовтың немере інісі. Жақан мен Қажыбай – ағалы-інілі бауырлар. Төлегеннің атасы Сыздық Көкше – Зеренді – Айыртау өңірінде белгілі болған, кезінде болыстық қызмет атқарған ел жадындағы қадірменді ақсақал. Төлеген әкесі Ұлы Отан соғысына кеткенде іште қалған үш айлық бала болса, туысымен қан майданнан қаралы қағаз келді: Қажекең 1942 жылы Ленинград үшін айқаста ерлікпен қаза тауыпты. Ал шешесі Жәнипа Дәулетбай­қызы Абылайдың ақылман серіктерінің бірі Қарауыл Қанай бидің әулетінен шық­қан абзал жан. Сондықтан да осы күнгі еліміздің абыз ақсақалы 99 жасқа келіп отырған Қанай бидің ұрпағы Баян Жаң­ғалов ағамыз Төлегенді «жиеннен туған жиеншар» атауының жаны бар шындық.

Төлеген 1966 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтының филология факультетін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкше­тау правдасы» газетінде бастады. Жоға­рыда айтылғандай, жарты ғасырға жуық өмірін осы салада өткізсе, бұл күнде Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық бөлімшесін басқарады, «Жер шоқтығы» атты әдеби-мәдени және қоғам­дық журналдың бас редакторы.

Төлегеннің әкесі Қажыбай ақындығы бар, жасында ән-күйге үйір өнерсүйгіш, жиын-топтың ардақтысы болыпты. Анасы Жәнипа да нәзік дауысты әншілігімен көзге түсіпті. Ал Жақан Сыздықов ағамыз­дың Төлегенге ғана емес, бүкіл төңірекке ақындық ықпалы әсер еткенін ескерсек, бұл – өнерге құмар ортада ақын болмауы мүмкін еместігін айқындайтын ақиқат. Оған қоса Көкшетауды ән-жырдың ордасына айналдырған сал-сері бабалары­мыздың да артта қалдырған асыл мұрасы баурап алды. Анасының ақ сүтімен ере келген ақындық шабыт бабын тапты, оның үстіне жетімдік те оңаша ойға батырып, өз мұңына бөлемей қоймады. Бұл жалғанды өзгелерден тереңірек ойлауға мәжбүр етті.

Қаламгердің осы мұңлы өмірі тақырып таңдауда да елге қажетін, өмірге керегін, ұрпаққа өнегелісін таптырды. Байқап қара­сақ, «Жәпек батыр», «Бопай ханым», «Қа­расай-дастан», «Ағыбайдың үш дастаны», «Кене ханның қазасы», «Құлан қырғыны» деп аталатын шығармаларының бір жоталы тау сілеміндей қазақ елін түгел басып, кең аралап өтуі оны тек қана көкше өңірінің емес, бүкіл ұлтымыздың ұлағатты ұлы екенін толық танытады.

Төлегеннің «Гәккуім, мені ұмытпа» деп аталатын драмалық шығармасын үл­кен жетістігі деп білемін. «Гәкку» тағды­ры­на атақты драматург Шахмет Құсайы­нов, көрнекті ақын Еркеш Ибраһим, осы мақа­ланың авторы да барған. Төлегеннің ерек­ше­лігі Үкілі Ыбырайдай ұлы өнерпаз­дың ел қасіретін паш етуге жанын қия беріл­ген­дігінен шалқар шабытқа жүйелі жол, тия­нақ­ты желіс тауып отыр. Кеңес өкіметінің зұлмат саясаты әкелген 1932 жылғы аштық ұлтымыздың тең жарымын қырып берсе, Үкілі бабамыз сол шындық­ты ашық айтамын деп атылып кетті. Әне, сондағы айбатты ақынның ақырғы сөзін «Гәккуім, мені ұмытпа» деп өз аузынан естігендей етіп Төлеген жан-жүректі тебі­ренте айтқызып отыр. Ақынның сенгені – мәңгілік махаббаты, сол махаббатын жыр еткен «Гәккуі». Құдайға шүкір, Үкілі Ыбырай ақталды. «Гәкку» оны ұмытпады, сүйікті халқы ұмыттырмады. Сол ұмыт­тырмағандардың бірі емес бірегейі Күләш апамызға, Ғабит Мүсірепов ағамызға пара-пар «Гәккудің» жоқтаушысы Төлеген Қа­жыбаев болып отыр. Төлегеннің қай еңбе­гін алып зер салсам да, тап осылай толған­дырады, олар – жай ортанқол дүние­лер емес, қазақ әде­биетіне өз үлесін әкелген ақиық ақынның үні. «Ақан серінің мұңы» атты толғауы сері бабамыздың соңғы сағаттарын телегей тебіреніспен, толағай құрметпен, азаматтық қимастықпен хатқа түсіріпті.

«…Патшаға мойын бұрмай жүруші едім,

Мінгендей Сүлейменнің алтын тағын.

Төкті ғой сөз гауһарын, жыр жауһарын,

Сүрінбес су жорғадай тіл мен жағым», – деп Ақанның кім екенін тайға таңба басқандай айқын келтіріпті. Ал Ақан сері­нің жалаң әнші емес, ерек ақын екендігі, үздік композитор болғандығы бар қазаққа аян. «Алдымнан құтылмаған ұрғашының, Бұлбұлдай саяладым алтын бағын» десе, «Иманды серік ет деп жалбарынам» деп те Алланың рахматын сұрап, «Күнәсінің артық-кемін кеші­руін өтінеді. «Өмірден пенде біткен өтеді екен, Болса да жаны – жалын, тәні – те­мір», – деп тағдырдың тәбделіне көндіре­ді. Абай атамыздың: «Алла­ның өзі де рас, сөзі де рас», – деген тоқтамына Ақан се­рі­ні де автор өте дұрыс келтіреді. Шын­туайт­қа келсек, Ақан сері қаншалықты ел еркесі болса да иманды­лы­ғы мол болған, өте инабатты мейірбан мінезімен ел ішін­де ханнан да қадірлі, биден де биік құр­мет­телген кемеңгер. Жан қысылғанда, Алла­ның рахматын сұрап, күнәсін кеші­руді өтініш еткенін автордың келтіруі өте орынды.

«Дүниені сапырсам да ағыл-тегіл,

Бақиға әкетерім жалғыз кебін.

Бақұл бол төрт момында көз көргендер,

Арқада асу бермес асқар белім»,

– деп ел-жұртын ардақтауы да ақынның бойына сіңген ел алдындағы инабат. Құла­герден айырылып, елге жақындағанда: «Жер алыс атсыз бар деп қақсап еді-ау, көрінем енді қайтіп ел шетіне» деген өз өлеңінде ардагер серінің қалың елді қалай сыйлайтыны көрініп тұр ғой. Арқаның асау туған ақтангерінің соңғы сағаттарын, ақыр­ғы дем берген мезетін Төлеген ақын­дық шынайы шеберлік пен інілік ізетпен ішкі қимастығын сездіріп тамаша жазған екен.

Төлегеннің өз бойында Үкілі Ыбырай, Ақан серідей дүлдүлдердің бір ұшқыны болмаса, тап осылай сипаттай алмас еді. Ақан сыры, Ақан мұңы көкірегіне қонды, ал өзі де кемеңгерліктен ада еместігін танытты.

«Мына өмірдің сұрағы,

Жанға маза бермейді.

Көп ноқатты тіршілік,

Тезіне салып тергейді.

Кейде шаттық кеудемді

Леп белгі боп кернейді.

Кідірісі көп үтір,

Дәйегіне сенбейді.

Тырнақшаның ішінде,

Сірә, қалғым келмейді.

Өмірімнің соңына

Нүкте қоям десем де,

Оған көңіл көнбейді»,

– деп толғанғаны қандай! Менің айтарым, Төлеген «тырнақшаның ішінде» қалмай­тын қаламгер, қажырлы қайраткер, сон­дықтан да «өмірімнің соңына нүкте қоям десем де, оған көңіл көнбейді» дегеніне қос қолымды көтеріп қосыламын, ол – әлі де берері көп өлең сөздің шын тұлпары, прозада Ғабит ағамызға ұқсаған мөлдір сөздің шебері.

Төлегеннің сталиндік сұмдықтың 1932 жылғы қазаққа қырғын болып тигенін сипаттайтын «Қан кешуі» бір төбе. «Махаббат әні» атты повесі өнер адамдарын, әсіресе, әншілерге және суретшілерге назар аударған туындысы ерекше сәттілік тауып, жылы бағаланды. «Туған топырақ туралы аңыз» атты әңгімесінің өзі бір қаралық тамаша табыс. Шағын әңгімеде үлкен сыр жатыр, атамекенге деген ыстық жүректің қимастығы жауды да жеңдіреді. Жалпы алғанда, бұл әңгіме А.С. Пуш­кин­нің повестеріндей қара сөзбен жазылған поэмаға ұқсайды. Керейдің ханы Кемел жайлаған Еренқабырға тауының маңайын сөз еткенде: «Ұлы суға жеткенше үніне үрей қосып, қуатты қарқынмен құлайтын текше тастардан секірген ерен екпінмен Әулие бұлақ Еренқабырғаның осы бір тұсына ерекше тыныс-дем беріп, әсерлі әуенге бөлеп, былайда сұлулығы ғажап өңірді су тілімен сөйлер сиқырлы күй сарынымен әлдилеп жатқалы неше ықылым заман өтпеді дейсіз», – деп сүйсіндірсе, тағы бір жерінде қаһарлы қыс өтіп, шуақ­ты да шапағатты көктем келгенде: «Әулие бұлақтың байланып қалған тілі шешіліп жүре береді», – деп киелі бұлақты су тілі­мен сөйлетіп қоюы табиғаттың адамға деген тартымын үдете түседі, туған жердің қасиетіне сендіреді. Қалмақтарды жеңген Кемел хан да: «Мен осы топырақтың пер­зен­ті, дүйім жұрттың ханы болып, қалмақ­тың мазағына қалай көнейін?! Көнбедім!» – деп жеңісті жорықтан кейін ел алдында түйіндейді. Отансүйгіштік, елінсүйгіштік отты сезім, орайлы ақыл Төлегеннің бар­лық, жоғарыда айтылған, шығармаларына шырай беріп, оқыған жанды оқыған сайын қызықтыра түсетіні көңіл көншітеді.

Баржақсы би мен Кенесары ханның арасындағы достықты суреттеген «Құмай» хикаялары да сөз жоқ қаламгердің қиялы мен тарихи болмыстың ақиқатын салыс­тыра, шендестіре білудегі шеберлігі деп танимын. «Күлімжанның қасіреті» Хан Кененің бәйбішесінің тағдырына арналса, осыған теңдес әдемі шыққан повестері, әңгімелері – қаламгердің еңбекқорлық өресін баяндайтын туындылар.

Көптеген жылдар журналистика саласында негізгі қызметін атқарып, ақырын ғана өлең жазып жүр деп ойлап қалуға да болады ғой, шындық сыры олай емес. Ол тынымсыз тер төгіп, тарих шындығын бұлтартпай, бұзбай өз өресінде, өз жүйе­сін­де, өз тілінде жазып беру үшін үлкен ізденіс, зерттеулер жасады.

Қазба кендерді пайдаға асыру жолында ең алдымен іздеп тауып алу үшін гео­ло­гиялық барлау жүргізудің керектігі сияқты, жазушының да барлаушы, зерттеуші болып, содан кейін жаза бастауы өмір заң­ды­лығы. Ал ол орасан жұмыс, қажымас ең­бек­қорлықты талап етеді. «Егінші жауында тынығады, балықшы дауылда тыныға­ды», деген мәтел бар, ал Төлеген болса жауында да, дауылда да жаза беріпті, жаза береді. Жоғарыда айтылған еңбектеріне қоса оның қаламынан туған онға жуық драмалық шығармаларын ұмытуға болмайды. Олар Астана, Қарағанды, Петропавл, Көкшетау қалаларының сахналарында қойылды. Әсіресе, «Ұмытпа мені, Гәк­куім», «Ар мен ақша», «Шың мен шыңы­рау», «Кене ханның қазасы» атты пьесалары көрермендерден жоғарғы баға алды, сыншылар да сол тұжырымға ден қойды.

Төлеген Қажыбаев аударма саласында да елеулі еңбек етуде. Оның табыстылығы қазақ оқырманына басқа елдердің өзі қызыққан ақындарының шығармаларын тәржімелесе, әлемдік жақсылықпен жалға­су­ға деген құштарлығының айғағы. Орыс тілінен аударғандарына қосымша ол эстон поэзиясының антологиясын жасауға үлкен шеберлікпен қатынасты. Солтүстік Кавказ ақындарының шығармаларын ана тілінде әдемі сөйлетті. Өз туындылары да орыс, украин, моңғол тілдеріне аударылып, жаңа өріс тапты. Жуырда ғана дүниеден өткен досымыз, Қазақстандағы орыс ақыны, «Нива» журналының Бас редакторы Владимир Гундарев Төлегеннің өлеңдерін «Сокровенные мысли» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Қаламгердің айта қаларлық еңбегі ол әлем әдебиетінің классиктерін аударуы. Р. Акутагаваның новеллаларын және Ю. Мисиманың «Алтын хибадатхана» романын қазақ оқырманына ана тілінде жеткізді.

Тағы да ұмыт қалдыруға болмайтын ақынның асыл табысы – оның қырықтан астам өлеңдері әнге оранды, әуенге бөлен­ді, халықтың жүрегіне жылдам жетті. «Әгу-гәй-домбыраны» естімеген қазақ жоқ шығар. Алыстағы композиторлар мен ауыл­дағы Мәриям Кенжеахметова сияқты тамаша сұлу саз иелерімен Төлеген байланысын үзбей келеді. Оған оның әр буыны үн беріп тұрған, әнге бейім нәзік лирикасы себепкер. Бұл жалғастық үзілмесін деп тілеймін.

Төлеген Қажыбаев ұзақ жылдар журналистика саласында көсемсөздің шебері болып, оған қоса қаламгерлік шығарма­ла­ры­мен жетпіс жылдық өміріне үлкен із қалдырса, Отан-анасы бұл орасан еңбегіне лайықты бағасын берді. Ел алдында сіңірген ерен еңбегі үшін 1980 жылы Т. Қажыбаевқа Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді. Тә­уелсіздік орнағалы атқарған азаматтық өресі зор еңбектері үшін «Құрмет» ордені­мен марапатталды. Ахмет Байтұрсынов атындағы республикалық Журналистер одағының лауреаты атанды. Төлеген – Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Ақтұйғын ақын, қажырлы қайраткер, тамаша драматург, прозашы Төлеген Қа­жыбаев – үлкен әулеттің атасы. Ол жан жары жоғары білімді дәрігер Ярапия екеуі бақытты тұрмыс құрып, қызғылықты өмір кешуде. Екі ұл, үш қыз, төрт немересі бар. Үлкен ұлы Арман заңгер болса, кіші ұлы Аянды мен журналда көріп, Сұл­тан­махмұт Торайғыровқа арналған еңбегімен таныс­тым. Ол филология ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көк­ше­тау мемлекеттік университетінде дәріс оқиды екен. Бесеудің біреуі әке жолын қуса, ол да үлкен қуаныш.

Кәкімбек САЛЫҚОВ.

Астана.