Құтқарушы • Бүгін, 09:35

Халық құрметтеген құтқарушылар

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықтың қошеметіне бөленіп, алғысына кенелгені көп насихаттала бер­мейтін сала қызметкерлері – төтеншеліктер. Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігіне бағынысты мекеменің жүрек жұтқан, қандай қауіп-қатер­ге де қасқайып қарсы тұратын жауынгерлерінің жарқын істері әрдайым құр­метке лайық. Күн мен түн алмасқан тәуліктің әр мезетінде қалтқысыз қыз­мет атқаратын құтқарушылар – нағыз от пен су кешетін жандар.

Халық құрметтеген құтқарушылар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Төтенше жағдайлар министр­лі­гі­нің мамандары да адам өмірін құтқаруды өзінің өмірлік миссия­сына балайды. Әрдайым азамат­тар­дың қауіпсіздігі жолында өз өмірін қатерге байлайтын қызметкерлерді жебейтін көптің алғысы болса керек.

Сондай жанның бірі – Азамат Жаналин. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы қызмет барысында кез келген сәтте көмек көрсетуге дайын екенін дәлелдеп келеді. Оның жұмысы тек кәсіби борыш емес, күнделікті ерлік пен адалдықтың үлгісі деуге тұрарлық. Міндетіне адалдық, ерлік пен жанқиярлық танытқаны үшін азаматтық қорғау майоры Азамат Жаналин Президенттің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат – оның жүздеген адамның өмірін құтқару жолындағы әрі төтенше жағдайлардың алдын алудағы жанқиярлық еңбегінің құрметі. Былтыр оның басшылығымен құтқарушылар қауіпті жағдайлардан 500-ден аса адамды қауіпсіз жерге шығарды. Жайсаңбай мен Құйылыс ауылдарындағы су тасқыны кезінде ондаған тұрғын үй мен әлеу­меттік нысандар су астында қалды. Дер уақытында әрекет еткен құтқару­шы­лардың арқасында ешкім зардап шек­педі. Тұрғындар ең қиын сәттерде оның жетекшілігіндегі құтқарушылар бірінші болып көмекке келгенін әрдайым мақтанышпен айтады.

Қыс мезгілі қай кезде де ақтүтек боранымен тұрғындардың есінде қалады. Сын сәтінде «Самара – Шымкент» тасжолында құтқарушылар ауа райының қолайсыз жағ­дайында қалған жолаушыларға бір­не­ше рет көмекке шықты. 21 қаңтарда тоғыз шетелдік азамат мінген автобус эвакуацияланды, ал келесі күні тағы 84 жолаушы мінген автобус қар құрсауында қалды, олардың арасында әйелдер мен балалар да бар еді. Жүйелі және жылдам әрекеттердің арқасында барлығы қауіпсіз жерге аман-есен жеткізілді.

«Қар құрсауында қалып, үрей қысқанда Азамат Жаналин бастаған құт­қарушылар орасан көмек көрсетті. Сексеннен аса жолаушымыз, арамызда балалар да бар. Уақыт ұзаған сайын сақыл­даған сары аяз қысқанда шыдатпай­ды. Сын сағатында көмекке келген азаматтарға алғысымыз шексіз», дейді қар құрсауында қалған жолаушының бірі С.Беркінғалиев.

Қаңтар айында Орал қаласындағы 2-құрылыс қиылысы №1 үйде өрт шық­қаны туралы хабарлама түнгі сағат 21.55-те түседі. Қаланың төтенше жағ­дайлар басқармасына қарасты №1 маман­дандырылған өрт сөндіру бөлімі­нің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Айбар Махмұтов бастаған құтқарушылар тобы дереу іске кірісіп, оқиға орнына екі минут ішінде жетеді. Көршілері қызыл жалын шарпыған шаңырақта зейнеткер әже тұратынын айтады. Дереу іске кірісіп, бір топ өртті сөндіруге кіріскенде Айбар Талғатұлы қалың өртке ұмтылып, дереу пәтерде қалған тұрғынды іздеуге бел байлайды. Бірақ қызыл жалын шарпыған тілсіз жауға беттеу мүмкін емес. Пәтерге ауызғы есік арқылы кіру мүмкін болмаған соң тысқа шығып қабырғадағы терезеден ішке түсуді құп көреді. Асқан тәуекелмен пәтерге кіріп, зейнет жасындағы тұрғынды іздей бас­тады. Жиһаздар лапылдай жанып қою түтін мен ыстан ештеңені болжап білмейді. Ақырында ыстан есінен танып қалған тұрғынды тауып, терезе арқылы тысқа шығарады. Жүрек қағысы әлсіреген әжеге жедел жәрдем бригадасы келгенше алғашқы медициналық көмекті де көрсетеді.

«Мен есімді аурухана төсегінде әзер жидым. Өрт тұтанып, көк түтін қоюлана түскенде ажалым жеткені осы шығар деп ойладым. Өздігімнен тысқа шығуға дәрменім болмады. Кейін естіп білдім, Айбар Талғатұлы бастаған өрт сөндірушілер көмекке келіп құтқарған екен. Өмірге қайта келгендей болдым», дейді зейнеткер В.Безсонова.

Абай облысында ТЖМ авиация­сы хабар үзілген жылқышыларды табуға септесіп, көптің алғысына кенел­ді. Облыс­тық төтенше жағдайлар депар­та­ментіне Көкпекті ауданының Биғаш ауы­лындағы «Арқалық» шаруа қожа­лы­ғынан 19 ақпанда күндізгі сағат 11.00 шамасында жылқы үйірін іздеуге кеткен үш адамның байланысқа шықпағаны туралы хабарлама түседі. Олардың нақты қай жерде екені белгісіз, өйткені ұялы телефондары сөндірулі болған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД-ның күштері мен құралдары жұмыл­ды­рылды. Іздеу аймағы күрделі, тау­лы аймақ болғандықтан, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тік­ұшағын көтеру туралы шешім қабыл­данды. Сонымен қатар іздеу жұмыс­та­рына жол талғамайтын көлік пен ұш­қыш­сыз ұшу аппараты тартылып, қолжетімсіз аумақтарды жедел тексеру­дің қамына кірісті. Тікұшақпен әуеде екі сағаттан аса ұшып іздестірудің нәтижесінде 1984, 1979 және 2003 жылы туған үш ер адам табылды.

«Біз үшеу едік. Бесін ауа ақтүтек боран күшейіп, жылқы іздеуге шыққан бізді бағдарымыздан айырды. Табиғаттың тосын мінезі сабасына түскенін күтіп «Арқарлыдағы» қыстаққа аялдап, қон­дық. Байланыс телефондарымыздың қуаты таусылып сөнгендіктен ешкімге хабар айта алмадық. Ауылдастарымыз бізді уайымдап, Төтенше жағдайлар департаментіне қоңырау шалып баян­даған екен. Ертеңіне боран басылған соң жылқыны түгендеп жүргенде төтенше жағдай қызметкерлері тікұшақпен келіп қажетті көмектерін көрсетті. Кез келген сәтте адамдардың өміріне қатер төнбесін деп өздері тәуекелге баратын жандарға алғысымыз шексіз. Байланыс үзілгеніне қарамастан дер уақытында бізге жетті», дейді жылқышы Жарас Қожекенов.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, былтыр 11 айдың ішінде ведомствоға бағынысты құтқару бөлім­ше­лерінің қызметкерлері өрт сөндіру мен авариялық құтқару жұмыстарына 93 294 рет шығыпты. Әбжіл әрекет етудің нәтижесінде 11 481 адам құтқарылып, 11 465 адам төтенше жағдай аймақтарынан эвакуацияланды. Зардап шеккен 4 101 адамға алғашқы медициналық көмекке жүгініп, 8 888 адамға медициналық-психологиялық көмек көрсетілді. Ал «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері іздестіру-құтқару жұмыстарына, өрт сөн­діруге сонымен қатар жеке құрамды тасымалдау мақсатында 2 247 мәрте ұшу орындады. Оның ішінде санитарлық авиация желісімен 506 ұшу орындалып, 484 науқас тасымалданды. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері 9 194 рет сапарға шығып, зардап шеккен 4 007 адамға дер кезінде жәрдемге жетті. Былтыр «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне халық­тан 5 024 743 қоңырау түскен.