06 Маусым, 2012

Ұлттық және діни салт-дәстүр

3428 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық және діни салт-дәстүр

Сәрсенбі, 6 маусым 2012 7:14

Олардың тәртіп пен тәрбиені қалыптастырудағы маңызды рөлі

Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – ұлты, діні, Отаны. Міне, осы үштаған, сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым – қазақ, дінім – ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Және оны мақтанышпен, нық айтасыз. Өйткені, сіздің көңіліңізде мен адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады.

 

Сәрсенбі, 6 маусым 2012 7:14

Олардың тәртіп пен тәрбиені қалыптастырудағы маңызды рөлі

Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – ұлты, діні, Отаны. Міне, осы үштаған, сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым – қазақ, дінім – ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Және оны мақтанышпен, нық айтасыз. Өйткені, сіздің көңіліңізде мен адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады.

Ал ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттық болмысын құрайды.

Ұлттық және діни дәстүрлердің саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі ұшан-теңіз.

Тәрбие ана құрсағынан басталып-ақ кетеді дейді ғылыми тұжырым. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан ша­қырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қыр­қы­нан шы­ғару» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Бүгінде жарты әлемнің ғалымдары мойындаған көш­пенді мәде­ниетінің әлемдік өркениетте ықпалы, үлесі жайлы ойласақ, қазақ халқының ұлттық ұстанымы, түсінік-та­нымы, салт-дәстүрі, өмір сүру қағидалары еріккеннің ермегі емес екеніне толық көзіміз жетер еді.

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негіз­деліп отырған. Мәселен, бала апыл-тапыл баса бастағанда жасалатын «Тұсау кесер». Бұл – баланың алғаш өмірге қадам жасауына арналған ата-ананың қуанышты тойы. Ал танымдық, тәрбиелік жағы кім көрін­генге емес, ауылдағы аса сыйлы, ел-жұрты құр­мет тұтатын өсіп-өн­ген, ар­дақты ана­ларға кестіру арқылы адам­ның қадірін де үлгі ету болса, рәсім­нің тәр­тіптік рөлі алдымен ала жіп­пен тұсап алып, соны кестіру, бала бұл өмірде біреудің ала жібін аттамасын, яғни ұрлық жасамасын, алаяқ­тықтан аулақ жүрсін деген ұғым. «Баланы – жастан» дейтін қазақ, бес жасында баланы сүндетке отыр­ғызып, азамат болды деп ашамай ерге мінгізеді.

«Он үште отау иесі» деп көтермелей отырып болашақ отағасы болуға санасын қалыптастыра бастайды. Одан қалды, жыраулар философиясында да: «Болар елдің баласы он үшінде баспын дер, тозар елдің баласы отызында жаспын дер», деп ескер­теді. Демек, қазақ халқының салт-дәстүрі де, өнері де, ұлттық бойында тұнып тұр­ған тәрбие, тәлім, тәртіп екен. Рас, Кеңес дәуірі кезінде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген бір көзсіз мақал шығарып алып, асыл мұрамызға өзіміз балта шапқан кезімізде болды. Содан барып игі дәстүрлеріміз біраз уақыт үзіліп қалды. Ұрпақ алмасты, көп дүние көнекөз ата-апаларымызбен кетіп, көмескі тартты.

Ал егемендік алғалы бері жоғалтқан­дарымызды іздей бастадық. Әрине, оны түз-түгел қалпына келтірдік десек артық­тау болар, алайда сағынып көріскен салт­дәстүрлеріміз салтанат құра бастады. Жоға­рыда аталған «Шілдеханада», «Тұ­сау­ке­серіміз», т.б. игі құндылықтармыз бүгінгі заманға сай қайта түрленіп, ор­тамызға оралу үстінде. Тек кейде асыра сілтеп, аса көп ысырапқа жол беріп, мақ­тангершіліктің, даңғазалықтың жарысына айналдырып жатқанымыз ойлантса ғой.

Бүгінгі жер әлемді мидай араластырып жіберген ақпараттар ағыны, интернет ық­палымен елімізге тұс-тұстан ентелей кір­ген әлем-жәлем жаңалықсымақтар ең алдымен жастар тәрбиесіне алапат әсерін тигізіп отырғаны да жасырын емес. Мұн­дайда зиялы қауым арасында ұлтымызды ұстап тұра аламыз ба деген қауіп те айтылып қалуда. Шын­дығында ұлттың ұлт­тығына қатер төндіретін жаһандану деген алпауыттың аранына жұтылып кетпеу үшін күресудің негізгі күші де ұлттық құндылықта­ры­мызды бүгінгі бу­ын­ға үлгі ете алуымызда. Ендеше, не істе­уіміз керек, қандайда қарекет керек. Әрине, онымен ұлт болып, ұйым болып жұмыла жұмыс істегенде ғана қол жеткізе аламыз.

Ондай игі істер еліміз бойынша атқа­ры­лып та жатыр. Біздің Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөнін­дегі комиссиясы осынау ізгілік үшін барынша жүйелі жұмыстар атқаруда. Ер­теңгі ана, бүгінгі қыз балаларымызды ұлтымыз­дың салт-дәстүрі арқылы тәрбие­леу мақса­тында «Айша бибі» қыз-келін­шектердің сырласу клубын құрып, облыс­тық телеарна арқылы ұлттық дәстү­рімізді әрекет жүзінде көрсете отырып, бүгінгі өмірімен сабақтастыра танымдық бағдар­лама ұсы­нып келеміз.

Таяуда ғана Халықаралық отбасы күніне орай ойластыра өткен облыстық «Әкелер слеті» де осы бағытқа негіз­делді. Мұндағы мақсат – отбасы мен неке институтын да­мытудың келешегі мен бағыт­тарын айқын­дау, ұлттық дәстүр­лерді насихаттай отырып, Қазақ­стан­дағы отбасы­ның мәрте­бесін әке рөлін күшейту арқы­лы жоғарылату. Тәрбие­леу міндетін әйел­дерге ғана тән міндет деген көзқарасты өзгерту. Әкенің беделін көтеру «Әке көрген оқ жонар» дейді халық даналығы. Рас, біздің қазақ хал­қында ер бала үшін әке үлгі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді тағы сол халық.

Слет аясында белсенді өмірлік көзқа­расы бар әкелерді, үлгілі отбасылардың иелерін, кәсіптік шеберлігін әулеттен әулет­ке жеткізіп отыратын ұрпақтар қата­рын, оң тәжірибесі бар, адалдық, жауап­кершілік құндылықтарды, әсіресе жас және аға ұрпақтың адамдарына құрмет­пен қарауды насихаттайтын тұлғалардың кеңі­нен қаты­суы қарастырылды.

Қазір облыс бойынша аудандарда, орта білім беретін мектептерде 144 әке­лер кеңес­тері құрылып жұмыс атқаруда. Ұла­ғат­ты отбасыларымен кездесулер ұйым­дасты­рылып, ұрпақ жарастығын на­сихаттап 108 дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізіліп 6299 адам қамтылған. Отбасылық саясаттың жү­зе­ге асыруына жоғары оқу орындарымен колледждер ұжымдары да елеулі үлес қосып отыр.

Қоғамда адамгершілік ұғымды сақтау, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбие­леу, мә­дени және тарихи дәстүрлерді ба­ға­лау бірінші кезектегі мәселелер болып табылады. Ал, қоғамның негізін қалайтын отбасы болған­дықтан, жастар мен балалар тәрбиесіне әке­нің үлесін күшейтуді уақыт талап етіп отыр.

Қорыта айтқанда, біздің ел ұлт тарихы те­рең, ғасырлар қойнауынан сүзіліп, ек­ше­­ліп жеткен берік салт-дәстүрі бар қай­сар ел.  Осыны келешек ұрпақ ұғымы, мақ­тан етердей жүректеріне орнықтыру, біздің бүгінгі ат үстінде жүрген бар­ша­мыздың ең басты міндетіміз болуы шарт.

Сара МӘДИЕВА,

Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы.