11 Қыркүйек, 2012

Сайын даланың сардары

513 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Сайын даланың сардары

Сейсенбі, 11 қыркүйек 2012 7:28

(Бұқарбай батырдың туғанына – 200 жыл)

Тарихшыларымыздың пайымдауынша, тек соңғы бірер ғасыр көлемінде ғана қазақ халқы 360-тан астам қанды шайқастарды бастан өткерген екен. Әйтсе де Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің маңызы да, салмағы да, төл тарихымыздан ойып алар орны да ерекше. Неге десеңіз, аталмыш алапат айқас алдына қойған арман-мақсатының айқындылығымен де, ауқымдылығымен де күллі Алашты ортақ мүддеге жұмылдыра білген жалпыхалықтық сипатымен де дараланып тұрады. Бүгін біз қалың қазақты атқа қондырған осынау ұлт-азаттық көтерілістің бас сардарларының бірі, ақтық демі біткенше Кене ханның ең сенімді серігі бола білген мыңбасы – Бұқарбай  Естекбайұлы баһадүр жайлы сыр шерткелі отырмыз.

 

Сейсенбі, 11 қыркүйек 2012 7:28

(Бұқарбай батырдың туғанына – 200 жыл)

Тарихшыларымыздың пайымдауынша, тек соңғы бірер ғасыр көлемінде ғана қазақ халқы 360-тан астам қанды шайқастарды бастан өткерген екен. Әйтсе де Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің маңызы да, салмағы да, төл тарихымыздан ойып алар орны да ерекше. Неге десеңіз, аталмыш алапат айқас алдына қойған арман-мақсатының айқындылығымен де, ауқымдылығымен де күллі Алашты ортақ мүддеге жұмылдыра білген жалпыхалықтық сипатымен де дараланып тұрады. Бүгін біз қалың қазақты атқа қондырған осынау ұлт-азаттық көтерілістің бас сардарларының бірі, ақтық демі біткенше Кене ханның ең сенімді серігі бола білген мыңбасы – Бұқарбай  Естекбайұлы баһадүр жайлы сыр шерткелі отырмыз.

Бұқарбай батыр 1812 жылы, яғни орыс-француз соғысы тұ­сында Жалағаш ауданындағы осы күнгі өзінің есімімен аталатын ауылда өмірге келген. Әкесі Ес­тек­бай елге өте сыйлы, тіл­ге шешен, қоғамшыл, қайы­рымды, саятшы, сері кісі бол­ған деседі. Қазақта: «Жақсыны бір жапырақ еттен қысады», деген ежелден келе жатқан сөз бар ғой. Сол айт­қандай, Естекбай бабамыздың да перзенттері тұр­май, қырқынан шығар-шықпас­тан шетіней берсе керек. Әйтсе де абыз ақсақал табиғатына біт­кен сабырлылы­ғы­мен ақжарыл­қап күн туар сәттен үкілі үмітін әсте үзбейді.
Бірде дастарқан басында бас қосқан ел ағаларының бірі: «Із­денген жетер мұратқа», деген сөз бар ғой халқымызда. Өткенге салауат, қалғанға берекет, шыра­ғым. Кезінде сопылық ағымның ірі ғұламасы атанған Бақуадин әулиенің басына барып, зиярат етіп қайтсаң қайтеді. Өзіңмен бірге келінді де ала кеткейсің. Қанша перзент беремін десе де, бұл жаратушы иемізге қиын шаруа емес қой. Біздің білуімізше, ол жақтан ешкім де құралақан қайтып жатпағанға ұқсайды. Алла жар болып, ниеттеріңді қабыл етсін», деп ағынан жарылып, ақ батасын берген көрінеді. Сонымен, Естекбай бабамыз құдай қос­қан қосағы Зағипа анамыз екеуі сауда керуеніне ілесіп, араға бірер апта салып, Бақуадин әу­лиенің басына келіп түнейді. Мал шалып, құдайы садақа таратады, өлі аруақтарға дұға бағыштайды. Сол күні түсінде аса таяқты, ақ сәлделі ақсақал аян береді:
– Шырағым, пейілің пәк, жүрегің таза, тәубешіл жан екен­сің, осының үшін де Тәңірім са­ға­н бек риза. Алладан он перзент сұрайсың ба, әлде соларға татыр­лық біреуін қанағат тұтасың ба?
Қуанғаны соншалық, жалғыз шарананың тырнағына зар болып жүрген Естекбай атамыз:
– Бізге сол бір түйір ұлыңыз да жетіп жатыр ғой, тақсыр, – депті.
– Онда бұл ұлың біреу болса да бірегей болып ержетер. Ауазасы алты Алашқа жайылар хас батыр болар. Иншалла, ұзақ жасар, әумин, – десе керек.
Араға жыл салып жарық дү­ниеге келген нәрестеге әкесі Бұ­қарбай деген есім береді. Ертерек есейсін деп оны кішкентайынан-ақ шабандоздық өнерге баулиды. Ал саятшылығы екі бастан ғой. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жа­­тып, өмірі жауырыны жер иіс­кеп көрмеген түйе балуанды жы­ғып, бас бәйгеге бір үйір жыл­қы­ны айдап қайтады. Осыдан кейін-ақ оның алапат күш иесі ғана емес, қас қағым сәтте-ақ қар­сы­ласын қапы қалдырып ке­терлік айлакерлігі, көз ілеспес шалт­тығы ауыл-аймаққа түгел жайылып кетеді.
Атақ-даңқы үш жүзге мәшһүр Сәркенің немересі Байқадам батыр:
– Мынау тірі болса, болайын деп тұрған бала екен, енді мұны әскери өнерге баулиық, – деп оны өзінің жасағына қосып алады. Інісінің ат құлағында ойнай бі­лерлік шабандоздығы, найза­гер­лігі, қысылшаң сәттерден оп-оңай жол тауып кетерлік тап­қыр­лығы, жүректілігі қатты ұнайды. Сәрке атаңның жолын берсін деп ағынан жарылып, ақ батасын бе­реді. Ағасының лебізі қабыл болып, бабамыз бертін келе күллі қазақтың жоғын жоқтап, жанына жалау болар хас батыры болып қалыптасады.
Сөйтіп жүргенде 1836 жыл да келіп жетеді. Бұл кезде бабамыз небәрі 24 жаста екен. Сол жыл­дың жадыраған жазында Жала­ғаш жеріне Кенесары бастаған мәр­тебелі меймандар ат басын тіреп, Дәуімбай өзегінің жаға­сына келіп жайғасады. Құшақ жая қарсы алған ел ағаларына бас қолбасшы алдағы жылдары бастау алғалы тұрған ұлт-азаттық көтерілісіне Кіші жүз халқы арасынан ел намысын қорғай білер сарбаздар іріктегелі келгенін жет­кізеді және осыған жан-жақты қолдау көрсетулерін өтінеді. Қа­шаннан қонақжай халық емеспіз бе. Мұның үстіне атақ-даңқы жер жарған Абылай ханның не­мересі әдейілей сауын айта келген соң, ел қорғау ісінен кім қалыс қалар дейсіз, алғаш­қы­лар­дың бірі болып Бұқарбай бас­таған ел азаматтары қабылданды. Бұлардың шабандоздығы да, найзагерлігі де, ең бастысы жұ­мылған жұ­дырықтай ауызбір­ші­лігі Кене­сарының ойынан шы­ғады. Олар бір ай бойы бас қол­басшының сүзгісінен өтіп, жо­ғары бағасын алады.
Кенесары бастаған меймандар қас қарайып, ымырт үйірілгенше Сыр бойы жігіттерінің әскери жаттығуларын қызықтаса, қалған уақыттарын ән-жыр тыңдауға, ай­тыскер ақындардың айшықты өнерлерін тамашалауға арнайды. Жыр додасында оза шауып, бас бәйгені қанжығасына байлаған қаршадай баланың өткірлігі мен қиыннан қиыстырар сөз саптауы Кенесарыға қатты ұнады. Ма­қамы қандай десеңізші. Төкпе жыраудың нағыз өзі дерсің! Күні ертең-ақ жорық жыршысы болуға сұранып-ақ тұрған бұл бозбала жалағаштық ашамайлы керейт Нысанбай жырау болатын-ды. Осы сапарында айтулы ақыны атанып, ханның ақтық демі тау­сылғанша небір тар жол, тайғақ кешулерді бірге өткеріседі. Ны­секең тәуелсіздігіміз жо­лындағы табанды күрескер  ғана емес, сон­дай-ақ «Кенесары – Наурызбай» атты көлемді тарихи дастанында жазған асылы заманы­мыздың заңғар жазушысы Мұх­тар Әуезовтің Нысанбайды Абылай заманындағы Бұқар жыраудан кейінгі «жалынды жорық жыршысы», деп жоғары бағала­уы да тегін болмаса керек.
Қайсібір сардар, қайсібір мың­­­­басы болмасын, жауға жал­ғыз шаппаған. Оның өліспей беріспес жарақты жасағы, қиын-қыстау сәттердің   өзінен жол тауып шыға алатындай сенімді се­ріктері, киелі байрағын арындай, жанындай әспеттеп, ұлықтай біл­ген тубегілері болған. Өзіміз әң­гімелегелі отырған Елқонды батыр да аталас ағасы, бауыры Бұ­қарбай батырдың оң қолы бол­ғанға ұқсайды.
Батыр бабамыз жорыққа шы­ғарда ең алдымен әлгіндей мық­ты жігіттерден жасалған жаса­ғына және жекпе-жекке шыққан­да қарсыласын ат үстінен аударып тастар алапат күш иесі тубегісі Елқонды інісіне сенеді екен. Батыр бабамыздың: «Ел­қон­дым бар, не қамым бар», – деуінің сыры да осында жатса керек. Тубегінің тағы бар ерекше қасиеті – құра­лайды көзден атып түсірерлік хас мергендігі дегенді айтады көнекөз қариялар. Ел­қонды батыр қара­құрым болып қаптап келе жатқан қалың жау­дың шашақты туын дәл көздеп, ұңғысынан атып түсіреді екен. Туы құлаған соң, Алла біздің жолымызды оңғар­мады деп жау да ат басын кері бұратын болған. Міне, осылайша әуелі Құ­дай, сонан соң тубегінің мер­гендігі ар­қасында көптеген шай­қастарды батыр бабамыз қантө­гіссіз аяқтап жүрген.
Бізге жеткен дереккөздерге қа­рағанда, бабамыздың жүрек­ті­лігі соншалық, тіптен қылы­шы­нан қаны сорғалап тұрған хан­дардың да қаһарынан қаймық­паған. Қара қылды қақ жарарлық туабітті сол турашылдық қа­сиетінен әсте айнымаған. Мұны өзімен қарулас болған қанды көй­лек жолдастары арғын Ағыбай да, әлім Жанқожа да, қыпшақ Жаназар да, сондай-ақ сарай ақыны, жерлесіміз ашамайлы керейт Нысанбай жырау да жоққа шығармаған. Кене ханның туған қарындасы, алым-салықпен айналысатын арнайы жасақтың қол­басшысы Бопай ханымға кезінде бабамыздың да көңілі ауған сыңайлы. Мұның өзі ақырында қызуқанды Наурызбайдың намысына тиіп, қапысын тапса, қа­лайда Бұқарбайдың көзін жоюға ұмтылады. Бірақ қанша оқталса да жүрегі дауаламай-ақ қойған. Өйткені «аққа Құдай жақ» де­мекші, біріншіден, бабамызды Бұқардағы Бақуадин әулиенің аруағы, екіншіден, екі иығын­дағы қос жолбарысы қызғыштай қорғап, қарсыластарының сіл­теген қылышын да, найзасын да қағып тастап отырған. Мұны кейін Наурызбайдың  өзі  де  мо­йындап, қарулас ағасынан кеші­рім сұраған көрінеді. Бұл жерде Кене ханның да: «Ер шекіспей бекіс­пес деген сөз бар, Науанжан, басқа-басқа, Бұқарбайдың орны біз үшін бөлек қой, аруағы да басым, одан айырылсақ, былайғы күніміз не болмақ?» – деген ескертпесін де жоққа шығара алмаймыз.
Алаштың небір жүрек жұтқан хас батырларын бір тудың астына біріктіре білген Кенесары Қа­сым­ұлы бастаған ұлт-азаттық кө­терілісінің (1837-1847) аяқтал­ғанына биыл 164 жыл толғалы отыр. Арада бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де оның мән-мағынасы тәуелсіздігіміздің ар­қасында жаңа бір қырынан жар­қырай түсуде. Кешегі кеңес дәуірінде орыс тарихшылары Кенесарыны «ұлтшыл, бүлікшіл, бас­кесер» деп жерден алып, жерге салып, орынсыз жерге пышақ ұрып жатты. Осы тақырыпқа тұңғыш рет ғылыми диссертация қорғаған Е.Бекмаханов ағамыз итжеккенге айдалып кетті. Кене хан тұқымы да қуғын-сүргіннен көз ашқан жоқ. Бұқарбай бабамызды да ауызға алуға батылымыз бармады. «Аққа құдай жақ» демекші, қазіргі күні сол бір арыстарымызды жалған жаладан арашалап алып, тарих сахнасына қайта шы­ғарып жатқан жайымыз бар. Бұған да шүкіршілік дейік, ағайын!
Сан ғасырлар бойы өз құзы­рындағы бұратана халықтарды ашса алақанында, жұмса жұды­рығында ұстап, шексіз билігін жүргізіп келген орыс отар­шы­ларының азаттықты аңсаған Кенесары сынды арыстандарды да, әлбетте, уысында ұстауға жан­таласып-ақ бағады. Бірақ елжанды, ұлтжанды азаматтар мұндай озбырлыққа көнгісі келмей, Кенесары туының астына топтасады. Осылайша қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілісі кең қанат жая бастайды. Әу бастан мың қа­ралы сарбаздан құралған шағын әскер бертін келе құрамы 20 мыңдық жасаққа жетеді. Ресей сияқты алпауыт елмен айқасудың оңай шаруа емес екенін іштей сезсе де, осындай тәуекелге ба­руы­на тура келеді. Сонда ол қау­қарсыз қаруына емес, қалың елі –қазағына, қиямет күнінде де қа­сынан табыла білетін Ағыбай, Бұқарбай және Наурызбай сынды хас батырларына сенген еді. Озық ақыл-ойы, парасаты, айла­керлігі, соғыс тактикасын жетік меңгергендігі арқасында жорық жолын үнемі өзгертіп, соңына шырақ алып түскен Ресейдің жазалаушы отрядтарын сан мәрте сазға отырғызып, көп шығынға ұшыратады. Кенесарының мұн­дай өпшес ерлігін, тіптен, қар­сыластары да мойындауға мәж­бүр болған.
Бұл жөнінде орыс тарихшысы Н.Н. Середан: «Кенесары өз жақ­тастарының ықыласына лайықты билеушісі бола білді. Ол бас­қар­ған жасақтар рухының жоғар­ы­лылығына еуропалық әскердің қай-қайсысының болмасын қол­басшылары қызғана қарайтын еді… Кенесары өзінің жойқын шабуылдары кезінде жолында­ғысының бәрін тып-типыл ететін дүлей дауыл сияқты құйғыта жөнелетін. Алдынан қандай ке­дер­гі кездессе де бөгелмейтін. Қайта, керісінше, барлық тосқа­уылдар мұның топан судай арын­даған қуатының алдында түгел күйреп бітпейінше оған еш тоқтау болмайтын. Кенесарының бо­йын­дағы осы қасиеттерін біз­дің көшпенділер жоғары баға­лайтын және оның сардарлары өз қолбасшысына шексіз беріліп, шын жүректерімен оны қатты құрметтеуші еді», – дейді.
Ал орыс зерттеушісі В.­А.Потто «Қырдағы жорықтар хақында» (1872) атты кітабында: «Кенесары көтерілісі кең ауқымды және бірауыздылық сипатқа ие болды. Сондықтан да оны ауыздықтау оңайға түспеді. Мұның үстіне бүлікті өте өжет, аса дарынды жә­не асқан жігерлі адам басқар­ды», – деп жазған еді. Мұның бәрін біз кезінде «Қазақтардың Шамилі» атанған Кене ханға да, оның Бұқарбай сынды сайып­қыран сардарларына берілген әділ баға деп түсінуіміз қажет. Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Алашта талай-талай ерлер өткен, ерлерде Кенекеме кім бар жеткен», – деген жыр жол­­дары да дулығалы дала пер­зентінің абырой-беделін одан әрі асқақтатып тұрғандай.
Ресей патшалығы 1730-1740 жылдары жасалған келісім-шарт­тардың екеуін де орындамай, алғашында Орынбор, Троицк, Адырлы, Орск, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен бекініс­терін тұрғызса, Абылай хан дү­ние­ден өткен бойда ішке терең­дей еніп, Ырғыз, Торғай, Ақмола, Көкшетау, Ортау, Қарқаралы қа­мал­дарымен қазақ жерін құр­саулай бастаған. Міне, осы бір басқыншылық  саясат Кенесары мен оның сардарларын атқа суыт  қондырған. Кенесары ақ патшаға жолдаған жеделхаттарының бі­рін­­де: «Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Тобыл, Қосмұрын атам заманнан бері өз жеріміз еді. Бәрін тартып алып, мықты бе­кіністермен қоршап алдыңыздар. Енді қару алып, атқа қонбасқа бізде өзге жол қалмады», – деп өз ойын ашық білдірген.
Белгілі ғалым Е. Бекмаханов: «Қырмен арадағы уақытша бітім, сол 1842 жылы Горчаков тарапынан заңсыз бұзылды. Есаул Сотников басқарған Сібір отряды Кенесарының ауылдарын шауып, көп малды айдап әкетті және Кенесарының әйелі Күнімжанды тұтқындап әкетті. Көп ұзамай Сібір отряды Кенесарының «Ақ­сақал төбедегі» көшіп-қонып жүрген ауылдарын ойрандайды. Абайсыз отырған елді қанға бояп, 100-ге жуық адамды дарға астырып, 1000 түйе, 3000 жылқы, 10000 қой мен 25 адамын тұт­қындап, өздерімен бірге ала кете­ді», – деп жазады. («Қазақстан XIX ғасырдың 20-40-жылдарында». Алматы, 1994 жыл. 261-бет).
Батыр бабамыз 10 жыл бойы қашан Кенесары ханның ақтық демі біткенше азаттық туының астында арыстанша айқасады. Бұ­қарбай батырдың Ұлқаяқ, Бұланты, Жыланшық өзендерінің бойындағы өшпес ерліктері мен Созақ, Ақмола бекіністерін ба­ғын­дырудағы әбден ысылған, шар болаттай ширыққан өр тұл­ғасы мен кәнігі әскери қолбас­шы­ларға ғана тән ойлы іс-қимыл­дарын Кене хан әрқашан риза­шылықпен еске алып, өзге сар­дар­ларға үлгі-өнеге етіп отырған. Мысалы, орыс офицері Карбышев басқарған Ақмола бекінісін тізе бүктіру өте қиынға түскенге ұқсайды. Терең ормен, биік те қалың дуалдармен тұмшаланған бекіністі аузынан от бүріккен   ауыр зеңбіректер болмаса, өзге қарумен басып алу мүлде мүмкін емес-тін. Бұқарбай, Басықара батырлар бастаған жасақтар бұған да айла-амал табады. Олар өз сарбаздарына ұшына майлы шү­беректер оралып, от тұтатылған жебелермен атқылауға бұйрық береді. Осылайша бекініс ішінде жан түршігерлік өрт пайда болып, орыс әскерлері амалсыздан тізе бүгеді. Өкінішке қарай, осы кескілескен шайқаста Басықара батыр мерт болады.
Әлбетте, батыр бабамыздың 10 жылға созылған жорық жылдары мен өшпес ерліктерін бір мақалаға сыйғызу әсте мүмкін емес. Биылғы Бұқарбай батыр­дың 200 жылдық тойына орай әлі де талай-талай зерттеулер мен көлемді дүниелердің жарық кө­рері сөзсіз. Біз бұл мақа­ла­мызда батыр бабамыздың тәуел­сіздік жолындағы табанды кү­ресінің кейбір сәттері жайлы ғана сыр шерттік. Ал ол кісінің екі таң­балы табынды отырық­шы­лыққа бейімдеп, үлкен Нұра­ның бойынан 25 шақырымдық жарма қаз­дыртып, егіншілікке бет бұр­ғы­зуы, ақтық демі біт­кенше билік құрып, ел-халқының ынтымақ-бірлігін сақтаудағы өл­шеусіз ең­бегі қаншама десе­ңіз­ші?! Бұл өзінше бір пара дүние.
Әңгімемізді қорытындылай келе, қарасөзге қаймақ тұрғызған халық жазушысы, сүйікті жер­лесіміз, батыр бабамызға жиен болып келетін Әбділда Тәжібаев ағамыздың «Бұқарбай батыр – нағашым» атты толғауымен аяқтасақ:
Кенесары ханмен бір болған,
Нысанбайға жыр болған.
Қиын-қыстау сәттерде,
Еліне қалқан, ту болған.
Елі үшін ғана еңіреген,
Өлетін жерде де өлмеген.
Жасқанып жаудан көрмеген.
Намысты қолдан бермеген,
Көз ілеспес шалттықпен
Жауына найза сермеген.
Бұқарбай батыр – нағашым.
Секілді еді дара шың.
Шиыршық атып тұратын,
Көрсе жаудың қарасын.
Орда бұзар шағында-ақ,
Халқынан алған бағасын.
Жаратпайтын дұшпанның
Озбырлығы мен наласын.
Батырлық пен тектілік
Тұратын тауып жарасым.
Бұқарбай батыр – нағашым.
Қырандай қағып қанатын
Жауынан тоят табатын.
Абылайлап ат қойса,
От болып лаулай жанатын.
Жауын жеңсе жаныштап,
Айызы бір қанатын.
Тілегін тілер халқынан
Керемет қуат алатын.
Қазағым десе қан жұтқан
Жыртқызбаған жағасын.
Бұқарбай батыр – нағашым.
Көрмеген таққа таласып,
Көрмеген ешбір адасып.
Қорғап өткен қызғыштай
Қойны құтты даласын,
Шыдап баққан елемей
Қан жоса болған жарасын.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Бұқарбай батыр – нағашым.
Жетіде тағам бір татқан,
Жорықты ғана ұнатқан.
Тас қамалдың өзін де
Қам кесектей уатқан.
Жапа шеккен жандарды
Жақсы сөзімен жұбатқан.
Сүрінбей өткен сынақтан
Жақындатуды ғана ойлаған
Ағайындардың арасын.
Қасиетімен де шешендік
Тәнті еткен Алашын.
Бұқарбай батыр – нағашым.
Жоқтан барды құраған,
Егін ектірген Нұрадан.
Қырманы толып қызылға
Дән кетпеген ұрадан.
Елдің қарнын тоғайтқан,
Несібесін де молайтқан.
Екі таңбалы табынның
Абырой-данқын зорайтқан.
Бұқарбай батыр – нағашым.
Қазақ даласында өткен осындай батырдың аруағын қастерлеу үшін Қызылорда облысының әкім­дігі Бұқарбай баһадүрдің 200 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтпекші. Осыған орай ай­мақта қыркүйектің 28-29-ы күн­дері кең көлемде екікүндік іс-шара өтеді. Мерейлі мерейтойға алыс-жақындағы ағайынның бә­рін шақырамыз.
Ахат ЖАНАЕВ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.
Қызылорда.