09 Қараша, 2012

Әмірсана қорғаны

812 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әмірсана қорғаны

Жұма, 9 қараша 2012 7:19

Семей мемлекеттік педагогикалық институтының М.Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік зерттеулер орталығы өлке тарихын зерттеумен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Облыс аумағында жүргізілген археологиялық  экспедицияларға қатысумен қатар өз бастамасымен де этнографиялық, тарихи-мәдени экспедициялар ұйымдастырып отырады.

 

Жұма, 9 қараша 2012 7:19

Семей мемлекеттік педагогикалық институтының М.Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік зерттеулер орталығы өлке тарихын зерттеумен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Облыс аумағында жүргізілген археологиялық  экспедицияларға қатысумен қатар өз бастамасымен де этнографиялық, тарихи-мәдени экспедициялар ұйымдастырып отырады.

Үстіміздегі жылдың қыр­күйек айында орталық маман­дары Мұхаметбек Асылбеков, Айдын Жүнісханов және Семей медицина университетінің тарих кафедрасының оқытушысы Ға­лым­бек Базарбеков облысымыз­дың Тарбағатай ауданын аралап шықты. Экспедиция мүшелері сапар барысында көрген-білгені мол, өлкенің өткенін жадына жи­наған көптеген жергілікті тұр­ғындармен кездесіп, осы өңір­дің тарихына қатысты материалдар жинақтады. Аудан ау­мағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен алуан түрлі та­биғат көріністерін суретке тү­сір­ді.
Тарбағатай баурайында сонау көне замандағы сақ оба­ларынан бастап күні кешегі ата қонысқа қайта оралған баба­ла­ры­мыздың қалдырған іздері кө­мескі тартса да әлі де көптеп кез­деседі. Бірер ғасыр жат жұрт­тың қолында болған кезең­дер де Тарбағатайда өз таңбасын қал­дырған. Қазіргі Қазақстан­ның оңтүстік және шығыс ай­ма­ғы XVII-XVIII ғасырлар аралы­ғында Жоңғар мемлекетінің қол астында болғаны мәлім. Ойрат жұртының төрт ірі тайпасының басын қосқан айбарлы мем­ле­кет­тің бір жарым ғасырға созыл­ған тарихына куә болған Тар­бағатай өңірінен сол заман белгілері әлі де табылады. Соның бірі – жоңғар нояны Әмірса­на­ның қамал-ғибадатханасы. Жоң­ғар мемлекетінің соңғы билеушісі Әмірсана қонтайшының осы Тарбағатай баурайында қо­нысы болғандығы жөнінде зерттеуші И.Я.Златкин де жазған болатын. Көнекөз қариялар да осы маңда «Әмірсана жамбылы» бар деп айтады екен.
Осы сапар барысында орта­лық мамандарына сол атақты Әмірсананың қамалының үйін­дісін көрудің сәті түседі. Жөн сұраған экспедиция мүшелеріне өзі де өлкетанумен айналысатын Ақмектеп ауылындағы орта мек­тептің тарих пәнінің мұғалімі К.Жылқайдарова бұл өңірді бір кісідей білетін Асхат Хабибулин ақсақалға жолығуға кеңес береді. Жасы 84-ке келсе де әлі тың, жады мықты Асхат ақсақал бала кезінде көрген қамалдың орнын үш өзен жарыса аққан «Жеті­арал» немесе «Тамды арал» деген қалың шилі ойпаттан жаңылмай тауып көрсетеді. Бұл жерді Асхат ақсақалға 1943 жылы на­ға­шысы Мұхаммед-Зәріп Абдол­ұлы көрсетіп: «Бұл – Әмірсана қоңтәжінің қамалы» деген екен.
Ғарыштан түсірілген суретте қамал сұлбасы жақсы көрін­ген­мен, қалың ши мен жыңғыл ара­сынан әбден мүжіліп, жал төбе­шікке айналған ескі орны жа­қын­нан болмаса байқала бермейді. Қамал-ғибадатхана құ­лан­ды­сына қарағанда шикі кірпіштен немесе дуал қылып балшықтан құйылған тәрізді. «Жамбыл» деп шығыс жақта бал­­шықтан соғылған дуал қор­шауларды да айта береді. Соған қарағанда, «Әмірсана жамбы­лы» деген атау бұның қамал екенін, әрі балшықтан соғылғанын көрсететін сияқты.
Қамал қабырғаларының жал тәрізді үйіндісінің  биіктігі бір жарым, кейбір жерлерінде екі метр­дей болады, оның сырты­нан айналдыра қазылған ор да айқын білінеді, қазіргі тереңдігі бір метрдей. Асхат ақсақал қа­мал орны бала кезінде көр­ге­ні­нен көп өзгере қоймағанын, тек ор бұдан гөрі тереңдеу бол­ға­нын айтады. Қамалдың пішіні дұрыс тік төртбұрышты, ұзын қабырғасы 120 метр, ені 110 метр шамасында. Солтүстік жә­не оған қарама-қарсы қабырға­сының ортасында 8 метрдей болатын қамал қақпаларының орны ойыстау болып білініп тұр. Қамал-қорғанның ортасында әр қабырғасы 20 м, биіктігі екі метр­дей болатын шаршы пішінді төбешік бар. Шамасы ол ғиба­датхана болуы керек.
Енді Әмірсана туралы қыс­қаша мағлұмат бере кетейік. Тар­бағатай өңірі ежелден түрік тайпаларының, оның ішінде най­мандардың қонысы болып кел­ген еді. Шыңғыс хан импе­риясының Шағатай ұлысының құрамында болған кезде де мұн­да наймандар тұрғаны туралы нақтылы деректер бар. Алайда, XVII  ғасырдан бастап күш жиып, бір тудың астына топ­тасқан ойраттар бұл жерлерді өз қарамағына қаратады да, жеңі­ліске ұшыраған наймандар оң­түстік-батысқа қоныс аударуға мәжбүр болады.
Ойраттар немесе батыс моң­ғолдар шорос, дүрбіт, хошауыт, торғауыт деп аталатын ірі төрт тайпадан құралды. Бытыраңқы ру-тайпаларды біріктіріп, 1621 жылы осы мемлекеттің негізін салушы Шорос тайпасының тай­шысы Қарақұла қонтайшы атан­ды. Одан кейінгі билеушілер Батыр, Сенге,  Ғалдан-Бошық­ты, Сыбан-Рабдан, Қалдан-Се­рен билікте болған кезінде Жоң­ғар мемлекеті өзінің дәуірлеу кезеңін бастан өткерді. 1745 жылы Қалдан-Серен өлгеннен кейін, тақ мұрагерлері арасын­дағы тартыс салдарынан Жоңғар мемлекеті үлкен саяси дағда­рыс­қа ұшырады да, осы сәтті ұтымды пайдаланған Цин им­пе­риясы көшпелі мемлекетті жой­ып жіберді. Әмірсана осы елдің 1755-1757 жылдар аралығын­дағы соңғы билеушісі әрі қытай басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің көсемі болды. Әмірсана жоңғар билеушілері  ди­настиясына  жиен, Сыбан-Раб­данның қызы Ботологтан туа­ды. Қазақ ханы Абылаймен дос­тық қарым-қатынаста бол­ған, басына іс түскен кезеңдерде қашып келіп, Абылайды  пана­лаған кездері де болған.
Қытайлардан жеңілгеннен кейін 1757 жылы Әмірсана Ресейге барып бас сауғалайды. Сол жақта Тобольск қаласында сүзектен қайтыс болады. Әйелі Битей атақты қалмақ қон­тай­шысы Қалдан-Сереннің қызы еді. Ол Әмірсана өлген соң алдымен Қалмақияда болып, содан кейін Петербург қаласында тұрады. Сол жерде 1761 жылы дүниеден өтеді. Әмірсананың ұлы Пинцук христиандықты қа­былдап Ресейде қалады. 
Мұхаметбек АСЫЛБЕКОВ,
М.Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік 
зерттеулер орталығының 
жетекші маманы. 
Шығыс Қазақстан облысы.