07 Сәуір, 2012

Жолдамаға тартыс

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жолдамаға тартыс

Сенбі, 7 сәуір 2012 7:53

Бейсенбі күні Астанада бокстан Азия аймағы бойынша Жазғы Олимпия ойындарына жолдама беретін халық­ара­лық лицензиялық турнир басталды. Оған сары құрлық­тың 28 елінен келген 131 былғары қолғап шебері қаты­сып, 10 салмақ дәрежесінде жолдамаларды сарапқа салып жатыр.

 

Сенбі, 7 сәуір 2012 7:53

Бейсенбі күні Астанада бокстан Азия аймағы бойынша Жазғы Олимпия ойындарына жолдама беретін халық­ара­лық лицензиялық турнир басталды. Оған сары құрлық­тың 28 елінен келген 131 былғары қолғап шебері қаты­сып, 10 салмақ дәрежесінде жолдамаларды сарапқа салып жатыр.

Біздің елден бұл турнирге әлі лицензия алмаған төрт боксшы­ның қатысатыны белгілі. Соның ішінде Біржан Жақып (49 кг.) пен Василий Левиттің (91 кг.) сал­ма­ғындағы боксшыларға бір лицензия берілсе, Ілияс Сүлейменов (52 кг.) пен Данияр Елеусіновтің (64 кг.) салмағындағы боксшылар финалға шықса, жолдамаға ие болады. Сондықтан 52 мен 64 килоға қарағанда ең жеңіл және ауыр салмақтағы біздің жігіт­терге біраз тер төгіп, жолдама алу үшін турнирдің жеңімпазы атану керек.

Турнир басталған күні біздің боксшылардың ешқайсысы шаршы алаңға шыққан жоқ. Бұл күні 52, 56, 60, 64, 69 және 81 ки­ло­дағы өзге елдердің өкілдері жек­пе-жектерін өткізді. Ал кеше 64, 75, 91 кило салмақтағы боксшылар рингке шықты. Соның ішінде біздің Данияр Елеусінов иорда­ния­­лық Ибраһим Салехпен кез­десіп, оны айқын басымдықпен ұтты. Осы айқасында ол бапкер­лердің жүктеген міндеттерін ар­тығымен орындады десе болады. Дегенмен, Даниярға әлі бо­саң­су­ға болмайды. Өйткені, оның сал­мағында жапон Мататсуги Каваниши сияқты бірталай тәжірибелі боксшылар бар. Олар Елеусінов­ке мықты қарсылас бола алады.

Басқа салмақтарға келсек, 49 килода Біржан Жақыпқа турнир­дің оңай болмайтын түрі бар. Мұны жеребе тасталмай тұрып ішіміз сезген. Солай болса да тіл-көзіміз тасқа деп біздің боксшылар арасында ең соңғы болып шаршы алаңға еліміздің үмітін арқалап шығатын Жақыпқа тек жеңіс қана тілейік! Бір жақсысы, оның салмағындағы қазіргі ең мықты боксшылар саналатын Олимпиада және әлемнің үш дүркін чемпионы қытай Зоу Шимиң мен моңғол Пуревдорж Сердамба Бакуде өткен әлем чемпионатында Тұманды Альбионға жолдама алып қойды. Осыны ескеріп, Біржанға тек қамшыны басу ғана қалып отыр.

Келесі 52 кило салмақта Ілияс Сүлейменовке де босаңсуға бол­майды. Сүлейменов еліміздің сенімін ақтағысы келсе, турнир­дің жеңімпазы атануға күш салуы керек. Қазір бапкерлер оған зор үміт артып отыр. Оның тур­нирдегі басты қарсыласы моңғол Тугстогт Найанбаяр болып саналады. Осы бәсекедегі алғашқы жекпе-жегінде моңғол боксшысы филиппиндік Рэй Солюдарды нокдаунға жіберіп, жеңіске жетті. Бұл салмақта тағы тәжік Жаһон Курбанов та бар.

Жалпы, биылғы турнирге ең көп боксшыларды әкелген осы Тәжікстан құрамасы болып отыр. Олардың қатарындағы ауыр сал­мақтағы Диловаршо Абдурахманов деген тағы бір боксшы біздің Василий Левитпен алғашқы кез­десуін өткізеді. Бір қуаныштысы, Левитке жеребе жол­дас болды. Ол турнирдегі айқасын 8 сәуір күні жартылай финалдан бастайды.

Осы салмақта Моңғолия құ­ра­ма­сындағы Ерболат Төлек деген қазақ боксшысы кеше үнді Манприт Сингхпен қолғап түй­­істі­ріп, жеңіліп қалды. 9 сәуірде 49 килода Біржан Жақып тағы бір тәжік Мирожидин Каримовпен айқасады. Егер Біржан қар­сы­ласын жеңсе, жартылай фи­нал­да 11 сәуір күні өзбек Шахобидин Зоировпен шаршы алаңға шығады. Бұл боксшы жеребе бойынша ширек финалын өткіз­бейді деп шешілген.

Жалпы, Астана турнирі қы­зық­ты өтіп жатыр. Өйткені, әр салмақта 6 боксшыдан 20 боксшыға дейін өнер көрсетуде. Осы жігіттердің арасында Бакуде өткен әлем чемпионатында біздің Иван Дычко мен Әділбек Ниязымбетовтен жеңіліп, лицензия ала алмай қалған қытай алыбы Жан Жилей мен өзбек Аббос Атоевтар да бар.

Дастан КЕНЖАЛИН.