Жиырма бес жолдама
Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:11
ДҮБІР
Олимпиадаға 106 күн қалды
Астанада бокстан өтіп жатқан халықаралық турнир аяқталуға жақын қалды. Бүгін барлық 10 салмақ дәрежесінде финалдық жекпе-жектер өтіп, турнирдің жеңімпаздары мен Олимпиадаға жолдама алған боксшылардың есімдері белгілі болады.
Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:11
ДҮБІР
Олимпиадаға 106 күн қалды
Астанада бокстан өтіп жатқан халықаралық турнир аяқталуға жақын қалды. Бүгін барлық 10 салмақ дәрежесінде финалдық жекпе-жектер өтіп, турнирдің жеңімпаздары мен Олимпиадаға жолдама алған боксшылардың есімдері белгілі болады.
Ал әзірше біздің құрамадан осы турнирде екі боксшы лицензияны иеленіп отыр. Олар – 64 кило салмақтағы Данияр Елеусінов пен 52 килодағы Ілияс Сүлейменов. Бұл салмақтарда жолдамалар жартылай финалға шыққанда берілетіні белгілі. Осы мүмкіндікті қос боксшымыз тиімді пайдаланып, жолдаманы жеңіп алды. Ендігі үміт 49 килодағы Біржан Жақып пен 94 кг. салмақтағы Василий Левитке тіреліп тұр. Оларға Олимпиадаға лицензия финалға шыққан жағдайда беріледі.
Жалпы, қазіргі кезде біздің елімізден тағы 8 боксшының жолдамаға иеленіп отырғаны белгілі. Былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында Ғани Жайлауов (60 кг.), Серік Сәпиев (69 кг.), Данабек Сужанов (75 кг.), Әділбек Ниязымбетов (81 кг.) пен аса ауыр салмақтағы Иван Дычко лицензияға ие болған. Ал мұның алдында Қанат Әбутәліповтің (56 кг.) Бүкіләлемдік бокс сериясының жекелеген чемпионатында жолдаманы жеңіп алғанын білеміз. Сол 6 жолдамаға енді 2 жолдама қосылып отыр.
Басқа елдерде, мәселен, Өзбекстанда – 6, Үндістан, Қытай елдерінде 4 лицензия болса, Таиланд, Моңғолия, Оңтүстік Корея, КХДР мен Жапонияда үш-үштен, Иран, Түркіменстан мен Тәжікстан боксшылары екі-екіден лицензияға иелік етуде.
Осы аптаның сейсенбісіне дейін Иран, Жапония, Моңғолия, Солтүстік Корея, Тәжікстан тағы бір-бірден лицензия алса, Түркіменстан мен Өзбекстан екі-екіден жолдамаға ие болды. Естеріңізге сала кетсек, Әзербайжан астанасында өткен әлем чемпионатында ширек финалдан бастап финалға шыққан боксшыларға ғана лицензия таратылған болатын. Енді, Астана турнирі Олимпиадаға жолдама беретін соңғы іріктеу сыны болғандықтан, онда тек жартылай финалға және финалға шыққан өрендерге лицензия беріліп отыр. Сейсенбі күнгі мәліметтерге қарағанда, әзірше Астана турнирінде 15 елден 28 боксшы жартылай финалға жолдама алды. Оның бесеуі Үндістан өкілдері болса, төртеуі Қазақстан мен Жапонияның боксшылары. Ал Қытай, Сурия, Тәжікстан елдерінен жартылай финалға үш боксшыдан, Ирак, Түркіменстан мен Моңғолиядан екі былғары қолғап иесі шығып отыр. Иордания, КХДР, Оңтүстік Корея мен Филиппиннен бір-бір боксшы бар.
Ал жолдаманы қалтасына басқан Ілияс Сүлейменов пен Данияр Елеусінов турнирдің жеңімпазы атануға тырысатыны белгілі. Төрт боксшымызға төрт салмақта да нағыз қарсылас бола алатындар бар. Мәселен, Біржан Жақыптың салмағында тәжік Асрор Вохидов та жеңімпаз атануға дәмелі. Бұл аса талантты боксшы былтыр Астанада тұңғыш рет жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатын жеңіп, ең үздік боксшы деген атақты иеленген болатын. Қазір ол небәрі 17 жаста.
Жалпы, бұл салмақта Олимпиадаға лицензия беру мәселесі соңғы сәтте ғана шешілгенін айтқанбыз. Өйткені, Бакуде өткен әлем чемпионатында 49 килода Азияға тиесілі 6 жолдаманың бәрі таратылып кеткен еді. Ал Бейжің Олимпиадасына осы салмақта 7 боксшының барғанын білеміз. Осы жағдайды ескеріп, Қазақстан Бокс федерациясы АИБА басшылығына Азиядан 75 кило салмақты Еуропаға беріп, Еуропадан 49 килоны Азияға қосу туралы өтініш берген болатын. Біздің қуанышымызға орай, сол өтініш биылғы жылдың басында қанағаттандырылып, Біржан Жақып Астана турниріне қатысуға мүмкіндік алған. Енді ол осы сенім мен үмітті ақтап, Олимпиадаға лицензияны жеңіп алса игі.
Осы турнирде 52 кило салмақтағы Ілияс Сүлейменовке моңғолиялық Тугсцогт Ньямбаяр, ал Олимпиадада өзбек Жасұрбек Латипов, таиландтық Чатчай Батди қарсылас бола алады. 64 килодағы жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, ересектер арасындағы еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусіновке Олимпиадада моңғол Ураншимид Мұңхерден мен үнді Сантош Кумар қарсылас болса, Астана турнирінде оған лайықты қарсыласты көріп отырған жоқпыз. Ал 91 килодағы Василий Левиттің салмағында керісінше бас жүлдеге таласатын боксшылар көп. Дегенмен, боксшыларға бір сәт босаңсуға болмайтыны айтпаса да түсінікті. Басталған істі соңына дейін аяқтау керек.
Қорыта айтқанда, Астанаға жиналған Азияның қай боксшысына болмасын осы жерде Олимпиадаға лицензия алу – соңғы мүмкіндік. Мұндай мүмкіндік енді берілмейді. Әсіресе, жасы келген боксшылар осы мүмкіндікті жіберіп алмау үшін барын салу керек. Ал жалпы, Лондон Олимпиадасына барлығы 250 боксшы қатысуға тиіс. Бүгінде 100-ден астам жолдамалардың иелері анықталып отыр. Қалған лицензиялар әр құрлықта өтетін турнирлерде беріледі.
P.S. Астанадағы турнирде азиялықтар 25 жолдаманы сарапқа салса, Африкаға – 48, Америкаға – 38, Еуропаға 26 лицензия тиесілі. Ал Мұхит жағалауы елдерінен Олимпиадаға баратын боксшылар толықтай белгілі.
Кеше турнирдің жартылай финалы өтті. Біржан Жақып, Ілияс Сүлейменов пен Данияр Елеусінов финалға шықса, Василий Левит қарсыласынан жеңіліс тапты.
Дастан КЕНЖАЛИН.