Үш алтын жүлдеден үміт бар
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:36
Олимпиадаға 99 күн қалды
Осы аптада Үкімет үйінде Қазақстан спортшыларының биылғы ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына дайындығы қаралды.
Бұл мәселе бойынша Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев баяндама жасап, Олимпиадаға жолдама алған спортшылар мен бапкерлердің дайындығы туралы хабарлады.
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:36
Олимпиадаға 99 күн қалды
Осы аптада Үкімет үйінде Қазақстан спортшыларының биылғы ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына дайындығы қаралды.
Бұл мәселе бойынша Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев баяндама жасап, Олимпиадаға жолдама алған спортшылар мен бапкерлердің дайындығы туралы хабарлады.
Жиында агенттік төрағасы алдымен лицензияға ие болған спортшылармен таныстырды. Қазір біздің қыз-жігіттеріміз жарыстың 16 түрінен 74 жолдаманы иеленуде. Осылардың ішіндегі ең көбін су добынан ұлттық құрамамыз жеңіп алды. Бұл жолдаманы олар биыл Жапонияның Чиба қаласында өткен Азия чемпионатында иеленді. Сол кезде Сергей Дроздов жаттықтыратын біздің ерлер құрамасы бірінші орын алып, Лондон Олимпиадасына берілетін жалқы жолдамаға ие болды. Осы жерде айтатын нәрсе, бұл бәсекеде біздің жігіттермен бірге қыздарымыз да бақ сынасқан еді. Алайда, олардан гөрі жігіттердің жолы болды. Сөйтіп, біздің ерлер құрамасы Бейжің Олимпиадасына ала алмаған лицензияны иеленіп, енді 13 адам болып Лондон төрінде өзге елдердің мықтыларымен күш сынасады.
Жалпы, Олимпиадаға жолдамалар саны көп ретте осындай су добы сияқты командалық спорт түрлерінен лицензия иеленген ұжымдарға байланысты болады. Мәселен, Бейжің Олимпиадасында отандастарымыз спорттың 23 түрінен 100-ден астам жолдамаға ие болды десек, соның біразы гандбол (14), волейбол (12) сияқты спорт түрлері мен жеңіл атлетика (19), суға жүзу (12), бокс (10), ауыр атлетика (9) сынды жарыстарда еншілеген лицензияларға байланысты болғаны белгілі. Десек те, қазіргі жағдайымыз да жаман емес. Алда әлі 9 шілдеге дейін спорттың 25 түрінен жолдамалар сарапқа салынады. Сол кезде біздің қыз-жігіттеріміздің қамшыны басып, Лондонға баратын әріптестерінің қатарын толтыратынына сенгіміз келеді. Ал әзірше қолда 74, ойда 100-ден аса жолдама бар. Осы жерде бір әттеген-айын да айтсақ дейміз. Біздің жаңа айтқан гандбол, волейболдан Бейжіңге барған ұлттық құрамаларымыз бұл жолы Тұманды Альбионда өтетін Олимпиадаға қатыса алмайды. Лицензиялық жарыстарда жеңілген олардың жолы осылай бөгелді. Біздің елден көп лицензия алғандардың бірі – жеңіл атлетшілеріміз болып отыр. Ольга Рыпакова, Дмитрий Карпов бастаған атлеттеріміз 12 жолдамаға иелік етуде. Бұл сынға Солтүстік Қазақстан облысынан ерлі-зайыпты Ирина мен Евгений Эктовтардың және болашағынан көп үміт күттіретін Айман Қожахметованың да қатысатындарын атап өткен жөн. Жалпы, мұндай оқиғалар Олимпия ойындарында жиі бола бермейді. Кешегі Кеңес Одағы кезінде де ерлі-зайыпты спортшылар бір елдің атынан төртжылдықтың басты бәсекесіне көп шыға бермейтін еді. Ал мына оқиға Қазақстан спортының шежіресіне жазылатын оқиға болғалы отыр. Одан кейін Олимпиадаға бапкер Мырзағали Айтжановтың бокстан ұлттық құрамасы – 9, Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло сияқты зілтеміршілеріміз жарысқа 8 лицензияны иеленуде. Біздің еркін, грек-рим күресінің балуандары да бес-алты жолдаманы жеңіп алды. Әйтсе де, олардың қоржынды толтыруға әлі мүмкіндіктері бар. Осы орайда, жиында агенттік төрағасы спортшыларымыздың алдағы үш айда, яғни 9 шілдеге дейін өтетін жарыстарда жолдамалар санын көбейту үшін бар күш-жігерлерін салатындарын айтты. Сондай-ақ, ол қыз-жігіттеріміздің алдына лицензияны алып қоймай, Олимпиадада жоғары нәтиже көрсетуге міндет қойылып отырғанын жеткізді. Мұнда Т.Ермегияев биылғы Олимпиадада спортшыларға кемінде 3 алтын жүлдені жеңіп алу міндеті жүктелгенін, ал жалпы, еліміз Лондон төрінде 13-тен астам медаль ұтып алуды жоспарлап жатқанын, бұл нәтиже жалпыкомандалық есепте үздік 30 елдің қатарына кіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Осы ретте ол ауыр атлетика, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, дзюдо мен боксқа аса зор үміт артылып отарғанын атап өтті. Оның айтуынша, спорттың бұл түрлерінен Қазақстан Олимпиада сайын құрмет тұғырынан көрініп келеді. Олар біздің дәстүрлі үміт артатын спорт түрлеріне айналған. Сондықтан бұл жолғы жарыста да еліміз нақ осы спорт түрлеріне басымдық беріп, солардан алтын медаль мен басқа да жүлделі орындарды күтетін болады. Десек те, Т.Ермегияев жиында спортшылардың Олимпиадаға дайындығы жоспарлы, жүйелі түрде жүргізіліп жатқанымен, Үкімет тарапынан қосымша қаржы керектігін айтты. Осыған орай ол Үкіметтен Лондон Олимпиадасына спортшыларды дайындауға қосымша 997 млн. теңге сұрады. Оның айтуынша, агенттік «Самұрық-Қазына» қорымен Олимпиадаға спортшыларды дайындау үшін осыншама көлемде қаржыландыру мәселесін әзірлеген. Агенттік төрағасы осы мәселеге байланысты Үкімет басшысына бастаманы қолдауды өтініп, мұндай тәжірибенің әлемнің барлық спорттық державаларында қолданылатынын жеткізді. Тағы бір айтатын нәрсе, бізде Олимпиадаға көбіне 6 өңірдің өкілдерінің баратыны белгілі. Мысалы, Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан Олимпиадаға спортшылардың 60 пайызы барса, қалған облыстардан жарысқа 40 пайыз ғана спортшылар қатысады. Жиында осы мәселе де сөз болып, Т.Ермегияев өзге өңірлерге Олимпиадаға қатысатын спортшылардың санын көбейту керектігін ескертті. Сонымен бірге ол допингке қарсы ұлттық орталықты құру мәселесін де көтеріп, қазір осындай медициналық орданың болмауынан спортшылардың жарыстарға дайындығында біраз қиындықтар болып жатқанын, сондықтан, мұндай орталық биыл болмаса да болашақта салынса деген тілегін білдірді.
Жиында тағы бір белгілі болған нәрсе, Лондон Олимпиадасында чемпион атанған спортшыға 250 мың АҚШ доллары берілетін болып шешілді. Бұл қомақты сыйақыдан басқа екінші орын алған отандастарымызға 150 мың, үшінші орын иегеріне 75 мың, төртінші орынға табан тірегенге 30 мың, бесінші орынды қанжығасына байлағанға 10 мың, ал алтыншы орынды қанағат тұтқанға 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілетіні хабарланды.
Сондай-ақ, жиында Лондон Олимпиадасына Қазақстан спортшыларының киімін белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділованың жасайтыны белгілі болды. Ол киім сары түс араласқан көгілдір түстен тігіледі екен.
Дастан КЕНЖАЛИН.