02 Мамыр, 2012

«Астана» әрқашан алға ұмтылады

413 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Астана» әрқашан алға ұмтылады

Сәрсенбі, 2 мамыр 2012 7:28

Жексенбі күні Түркияның Алания қаласында 48-ші құрлықаралық президенттік велошабандоздар бә­се­кесі аяқталды. Түркия турына әлемдегі ең мық­ты 25 команда қатысты. Оның ішінде жарыс жолына Франция, Бельгия үш командадан, Ресей, АҚШ, Испания және Түркия екі командадан шығар­ды. Жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрай­тын айтулы бәсеке 29 сәуір күні Ыстамбұлда мәреге жетті. Бұл жарыста Александр Винокуров,

 

Сәрсенбі, 2 мамыр 2012 7:28

 

Жексенбі күні Түркияның Алания қаласында 48-ші құрлықаралық президенттік велошабандоздар бә­се­кесі аяқталды. Түркия турына әлемдегі ең мық­ты 25 команда қатысты. Оның ішінде жарыс жолына Франция, Бельгия үш командадан, Ресей, АҚШ, Испания және Түркия екі командадан шығар­ды. Жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрай­тын айтулы бәсеке 29 сәуір күні Ыстамбұлда мәреге жетті. Бұл жарыста Александр Винокуров, Асан Базаев, Евгений Непомнящий, Дмитрий Груздев, Валентин Иглинский, Андрей Зейц, Александр Дьяченко мен Якопо Гуарниери бақ сынасты. Жеке сында түркиялық команда сапындағы болга­рия­лық Ивайло Гарбовски жеңіске жетсе, астаналық Александр Дьяченко 2-ші орынға ие болды. Ол жеңімпаздан бар-жоғы 1,33 минөт ұтылып қалды. Жал­пы­командалық есепте «Астана» 1-ші орын алды.

Жақында бізге команда көшбасшысы, танымал қазақ­стандық велошабандоз Александр ВИНОКУРОВПЕН сұх­бат­­тасудың сәті түскен еді.

– «Амстел Голд» велобәйгесіндегі жеңістеріңіз құтты болсын!Маусымдағы алғашқы жеңіс қойжігіттердің мәреден көрінетініне сенімдіболдыңыз баәлде бұл тосын сый болды ма?

– Тосын сый деп айтуға келмейтін шы­ғар. Команда жарыс жолына алдына үлкен мақсат қойып шыққан болатын. Оның үстіне Энрике Гаспаротто «Амстел Голдта» жеңіске үмітті­лердің бірі болды. Сондықтан оған үлкен сенім артылды. Велоспорт – лотерея. Ұтым­ды сәтті тиімді пайдаланып, көптен күткен жеңісімізге қол жеткіздік.

– Жарысты теледидардан тамаша­ла­ған боларсыз?

– Жоқ, өкінішке қарай, жолда болдым. Сондықтан жігіттердің жарысын үзіп-үзіп көруге тура келді. Ал жеңіске жеткенімізді командамыздың спорттық директоры Александр Шефер сол сәтте ұялы телефоныма хабарласып, сүйінші сұрады.

– Мәреге жақын қалғанда Максим Иглинский жеңіске жетеді деген сенім ұялаған, бірақ соңғы сәтте жүрісі баяулап қалғандай болып еді…

– Максимді маусым басынан жеңіске ынталандырып келеміз. Бірге жаттығамыз. Ме­німен көрші тұрады. Бабы да келісіп тұр. Вальверди, Жильбер сынды қарсыластарға тісі бататындай шамасы бар. Бірақ жолы болмай-ақ қойды. Ал жалпы команда турасында айтар болсам, жақсы өнер көрсетті. Үнемі пелотон алдында болды. Бап шаба ма, бақ шаба ма деп жатады ғой. Бұл жолы да жаттығуларда аянбай тер төккеніміздің нәти­жесі көрініп-ақ тұрды. Бағымыз да жанды. Амстелге осалдар келмейді. Оны өзде­ріңіз де байқап жүрген боларсыздар. Бүгінгі жеңі­сіміз шабандоздардың өзіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Жарыс бас­талуға үш сағат қал­ғанда Қазақстан Велоспорт феде­рациясының президенті Қайрат Келімбе­тов­пен сөйлестім. Маусым басынан бір қуантпа­дыңдар ғой деген тұрғыдағы сөзіне жақын арада жеңіс міндетті түрде келеді деп сендір­ген едім. Шамалы уақыт­тан кейін қуанышты хабар алдық.

– Қазақ жанкүйерлерінің ең алдымен, өз спортшыларымызға бүйрегі бұрып тұрады ғой. Команда сапында ізіңізді басқан қазақ­стан­дық шабандоздар туралы не айтар еді­ңіз? Классикалық жарыстар аяқталуға жа­қын, алда ірі гранд турлар бар дегендей…

– Әрине, Гаспароттоның орнына Иглинский тұғырдан қол бұлғап тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Ондыққа ілінсе, командаға да, өз қоржынына да ұпай салуға мүмкіндігі бар. Жігіттерден аянып жатқан ешкімді көрмедім, Малайзияда Дьяченко, Иглинский мен Груздев жеңіске таласып көрді. Максим Иглинский «Монтепаски Страда Бьянки» додасында мәре сызығын екінші болып кескен. Кан­челараға есе жіберді. Бұл нәтиже Макс үшін үлкен жетістік. Бірақ жеңістің орны бөлек. Муравьев пелотон басында көрініп жүр. Базаев, Груздев барынша көшбасшыға еңбек етеді. Жеңіске жету үшін тәжірибе молынан болуы керек. Осы жағы ақсап тұр ғой деймін. Қолдан келген көмегімді аяп жатқа­ным жоқ. Жаттығу кезінде болсын, жарыста болсын, тіпті демалыс уақытында басымыз қосыла қалса, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Болашақ­қа сеніммен қарауға негіз бар.

– Ал алдағы мәртебесі жоғары көп­күндіктерде жерлестерімізден не күтеміз? Әлде оларға команда көшбасшыларына жұмыс істеу міндеті жүктелген бе?

– Әрине, Джиро, Тур де Франс, Вуэльта сынды жарыстарда команда алдына бір мақсат қойылады. Барлығы сол мақсатқа қол созу үшін тер төгеді. Джирода Дьяченко мен Зейц команда құрамында. Команда капитаны Роман Кройцигердің жанынан та­бы­­луға дайын тұр­ған сенімді саңлақтар. Олар әлі жас, тәжірибе жинау қажет. Онсыз болмайды. Мен де кезін­де Ян Ульрихтің грегориі атанып жүрдім, сол же­ңіс­ке жетсін деп шө­міш­теп тер төктім. Бірақ сол еңбегім текке кеткен жоқ. Қоржы­ным мол тәжірибемен то­лық­ты. Әрине, сәті түсіп, жекелеген сындарда пелотоннан алға ұзап жатса, соңғы ша­қы­рымдарда жеңіске таласып жатса қуанамыз. Бірақ басты міндет – команда жеңісі.

– Жанкүйерлер арасында команда құрамына көңілі толмайтындар аракідік бой көрсетіп қалады. Команданың ұзақ уақыт жеңіске жете алмай жүргеніне осы жәйт себепкер емес пе?

– Әрине, қанша адам болса сонша пікір болады. Әркім өз орнын білуі тиіс. Өз ісіне жауапты адамдар бар. Әр жерден ананы алу керек, мынаны алу керек деп шулап жатса, арты не болмақ? Мен «Барыс» командасына мықты ойыншыны алыңдар деп ұсыныс жасамаймын ғой. Болмаса олардың мұз айдынында қалай ойнау керек екенін айтып жат­қаным жоқ. Келісім-шарт мәселесінде өзін­дік ерек­ше­­ліктер бар екенін де ұмытпаңыз­дар. Канчелараны, болмаса ағайынды Шлек­терді «Аста­наға» тартыңдар деу тек айтуға ғана оңай. Бос, келісім-шарты жоқ­тар­мен келіссөз жүр­гі­зесің. Тағы бір маңыз­ды жәйт, бұл сұра­ғы­ңыз­ға мен жауап беруге тиіс емес шығар­мын. Се­бебі, 2012 жылғы маусымға команда құрамын жинақтауға мен араласқаным жоқ. Мен басқа әріптестерім сынды команда шабандозымын.

Дегенмен, бүгінгі құраммен де жеңіске жетуге болады. Иә, атақты көшбасшы­мыз­дың жоқ екені рас, қатардағылар орта дең­гейден жоғары шабандоздар. Соның өзінде де біз олардан жеңіс талап етеміз. Кеше Энрика Гаспаротто қуантты, ертең Асан Базаев, болмаса Валентин Иглинский Түркия турында намыс­ты қолдан бермес. Кантадор жеңіс­ке жетіп жатқанда неге Қазақстан туы көте­рілмейді деп сын айтқандар болды. Енді неге жеңім­паз­дар қатарынан көрін­бей­ді дейді. Шетелдік­терге ақша шашудың не қажеті бар, қазақ­стандықтар ғана «Астанада» велосипед тепсін дегендер де жоқ емес. Джиродан кейін коман­даның шама-шарқын бағалауға болар. Егер маған қатысты сын айтылар болса, мен оған жауап беруге дайынмын, ал командаға қатыс­ты болса, келісім-шартқа қол қойып, шабандоздармен келісім жүргізгендер жауап берсін.

– Қазақстандық шабандоздар арасынан сіздің ізіңізді басар, ірі додаларда сенім артар спортшының болмағаны қалай? Халықаралық велосипедшілер одағының жариялаған ұлттық рейтинг тізіміне Қазақстан мүлдем ілінбеген.

– Екінші Винокуров тумаған шығар. Жұ­мыс жасап жатырмыз. Жігіттердің бар­лы­ғы дерлік тырысып бағуда. Бірақ барлы­ғының да жеңіске жетуі мүмкін емес. Тур де Франста бір пелотонның өзінде бес-алты ғана шабандоздың мәреге бірінші келуге қауқары жетеді. Дәл бүгінгі күнге ірі додаларда жеңіске жетеді-ау деген қазақстандық жоқ. Бірақ бір апталық турларды бағын­ды­ру­ға болады. Биік тауға шығуға машық­тан­ған Александр Дьяченко, Андрей Зейц бар. Тәрбие­леп, жетілдіре түсу керек. Петер Саган сынды тума таланттар жүз жылда бір келеді. Бар болғаны 22-23 жастағы слова­киялық спорт­шы­ның қоржыны жеңіске толы. Елдегі спорт мектептеріне көңіл бөлу керек. Жас балаларды ершікке ерте отыр­ғыз­бай, мүмкін алдымен физикалық жағы­нан жетілдіріп алу керек пе екен? Білім беру, жаттықтыру бағдар­ламаларына өзгеріс енгізген де дұрыс болар. Себебі, жерлес­терімнің біразы жастайынан белгілі бір деңгейге дейін ғана күш жұмсауға дағды­лан­ған. Одан әрі асуға шамасы жоқ.

– Әңгіме барысында әріптестеріме ақыл-кеңес беруден қашпаймын дедіңіз. Сіздей тәжірибесі мол велошабандоздың командадағы орны бөлек екені түсінікті. Команданың ішкі-сыртқы шаруаларына араласасыз ба?

– Мен шабандозбын, бірақ команда ме­нед­жері Джузеппе Мартинеллиге кеңес бе­ре­тінім рас. Соңғы шешімді Мартинелли өзі қабыл­дайды. Ал командаға жаттығулар барысында, пелотон ішінде болсын ақылым­ды айтып, жеңіске жігерлендіріп отырамын. Көбісі әлі жас, өздігінен шешім қабылдап, алға ұмты­луға батылдары жетпей жатады. Өткенде Ланк­гави турында Валентин Иглин­скийдің жеңіске жетуге толық мүмкін­дігі болды. Бесеуі алға ұмтылған, олардың діт­те­гені жалпы есепте көш бастау ғана, ал дәл сол сәтте олар қуған 10 секөнттен біздің ке­зеңдік жарыс­та жеңіске жеткеніміз маңызды еді. Радио­ның болмағаны да кесірін тигізді.

Өткен жылғы олқылықты қайталамау мақ­сатында 2013 жылы Астана жейдесін киер шабандоздармен сөйлесіп жүрмін. 5-6 сағат­қа созылған жаттығулардан соң, компьютер алдына отырып іс қағаздарға араласу, келі­сім­дер мен жиналыстар өткізу өте қиын. Арасында телефон тұтқасына дамыл болмайды. Екі жұмысты бірдей алып жүру ауыр шаруа. Бірақ менің бұл маусымдағы басты мақсатым – спорттық ғұмырыма әдемі нүкте қою. Жеңіске жетіп, жанкүйер­лерімді қуантсам деймін.

– Испанияның Кальпе қаласында өт­­кен оқу-жаттығу жиынында Джиро мен Тур де Франсқа бару-бармауым Малайзия турынан кейін анықталады деп едіңіз. Гранд тур­­­­ларға қатысты шешім қабылдадыңыз ба?

– «Джироға» бармаймын. Оған әлі дайын емеспін. Ал Тур де Франсқа қатысты бір шешімге келгенім жоқ. Әрине, жалпы есепте, кезеңдік жарыстарда мәреге бірінші келсем деген ойым да жоқ емес. Олимпия ойындарын да ойлап қоямын. Бірақ құр турист болып қайту менің мінезіме жат. Түркияда бабымды тағы бір сынаққа алмақшымын. Мамыр айының соңына қарай нақты жауап айтуға болар. Тур де Франсқа қатысып жатсам, жеңіс үшін аянып қалмасым анық.

– Ал Олимпиадаға баратын шабан­доздың есімі қашан белгілі болады? Екі жолдамаға кім иелік етуі мүмкін?

– Өткенде ұлттық құрама бас бапкері Владимир Ремыгамен кездестім. Қазір тізім­де алты спортшы бар. Өкінішке қарай, бұл тізім әлі де қысқартуды қажет етеді. Екі ғана жолдамаға иеміз. Әзірге тізімде Александр Дьяченко, Дмитрий Груздев, Максим Иглинский, Асан Базаев, Андрей Кашечкин және мен бармын.

Әңгімелескен Дина ЫСҚАҚОВА, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.

Р.S. Бельгияда өткен «Льеж – Бастон – Льеж» біркүндігінде Максим Иглинский мәре сызығын бірінші кесіп, спорттық ғұмырындағы алғашқы ірі жеңісіне жетті. Тұғырдың үшінші сатысына тағы бір астаналық Энрике Гаспаротто көтерілді. Түркия турында ел намысын қорғаған Александр Винокуровпен телефон арқылы хабарласып, Максимнің жеңісіне өз ойын білдіруін сұраған едік. «Жарыстың соңғы 50 шақырымын ғана тамашалай алдым. Қуанышымда шек жоқ. Менің 2010 жылғы жетістігімнен де асып түсті жігіттер! Максим бірінші, Гаспаротто үшінші келді. Жеңіс тұғырында екі бірдей «Астана» өкілі тұрды. «Астанаға» сенім артқан, соңғы сәтсіздіктерге түсіністікпен қараған жанкүйерлерімізге мың да бір алғыс. Сіздердің қолдауларыңыз бізге жігер берді! Астанаға сеніңіздер, біз алар асулар әлі алда!» деп ағынан жарылды А.Винокуров.

«Льеж – Бастон – Льеж» жарысынан соң Халықаралық велосипедшілер одағы рейтингін жаңалады. «Астана» велокомандасы 408 ұпаймен сегізінші орыннан төртіншіге көтерілсе, велошабандоздар арасында Энрике Гаспаротто 11-ші, Максим Иглинский 17-ші орынға шықты. Үздіктер тізімінің 1-ші сатысында бельгиялық Том Бонен тұр. Ал ұлттық рейтингте Қазақстан 13-ші орынға табан тіреді.