Қуанышы мен өкініші қатар өрілген «Джиро»
Сенбі, 2 маусым 2012 7:39
Велоспорт жанкүйерін дүрліктірген Джиро велобәйгесі де мәреге жетті. 21 кезеңде 3500 шақырымды велосипед ершігіне отырып бағындырған 200-ге жуық шабандоз елдеріне оралды. Биылғы 95-ші «Джиро» Канада саңлағы, «Garmin-Barracuda» өкілі Райдер Хешедальға бағынды.
Сенбі, 2 маусым 2012 7:39
Велоспорт жанкүйерін дүрліктірген Джиро велобәйгесі де мәреге жетті. 21 кезеңде 3500 шақырымды велосипед ершігіне отырып бағындырған 200-ге жуық шабандоз елдеріне оралды. Биылғы 95-ші «Джиро» Канада саңлағы, «Garmin-Barracuda» өкілі Райдер Хешедальға бағынды.
«Астана» терген жеміске келсек, екі кезеңдік жарыста тұғырдан қол бұлғадық. Жалпы есептегі ең үздік көрсеткіш команда капитаны Роман Кройцигердің еншісінде. Қазақстандықтар арасында Андрей Зейц 85 орынға жайғасты. Ал соңғы жекелей сында Александр Дьяченко көшбасшы Марко Пиноттиден (BMC Racing Team) 2 минут 13 секунд артта қалып, 37-орыннан көрінді.
Үмітсіз шайтан
Қазақстандық бір топ журналист Италияға «Джиро» көпкүндігінің 18-кезеңі аяқталғанда жеттік. Біз келгенде, «Астана» командасының техникалық қызметкерлері, бірі шайтанарбаны жуып, бірі майлап әлек екен. Шабандоздардың өзі тынығуға бөлмелеріне аттаныпты. Команданың спорт басшылары бас қосқан жиналыстан жаңа шыққан Дмитрий Седунды сөзге тарттық. Білгіміз келгені – тым жақсы келе жатқан команданы аяқтан шалған не қырсық?
«Он жетінші кезеңде Романның аяқ тамырлары тартылып, мәреге зорға жетті. Өз басым Романды мұндай күйде көргенім жоқ. Соның салдарынан 11 минөт артта қалып, жалпы есепте жиырмасыншы орыннан бір-ақ шықты. Мүмкін, «Джироға» дайындық барысында ескерілмеген, көңіл бөлінбеген тұстар болған шығар. Бірақ, ол әлі жас. Үлкен жеңістері алда деп сеніңіздер. Ал команда тактиканы өзгертті. Соңғы екі таулы кезеңде жеңіске жетуге барымызды салып жатырмыз», деп ағынан жарылды Астана бапкері.
«Джироны» бағындыру
Велошабандоздар сөреден шығып, жарыс жолына шыққан соң, біз автокөлікке отырып, теңіз деңгейінен 2757 метрде орналасқан Пассо делло Стельвио шаңғы шипажайына тарттық. Айта кету керек, 2010 жылы дәл осы жерде Қазақстан саңлағы Александр Винокуров «Трентино» жарысында қарсыластарын шаң қаптырып, мәрені бірінші болып кескен еді. Еліміздің атақ-даңқын аспандатқан Стельвио мәресіне үмітпен қарадық. Бір қызығы, әдетте жарыс жолы «Джироның» ресми түсі – қызыл-күлгін түсті шарлармен безендірілетін. Мәреге екі шақырым қалғанда айналаға байрағымыз түстес шарлардың ілінгенін көзіміз шалды. Ішімізден оны да жақсылыққа баладық. Айтқандай-ақ, ойламаған жерден чехтың өрімдей жігіті Роман Кройцигер суырылып алға ұмтылды. Қасында сенімді көмекшілері қазақстандық Андрей Зейц пен бельгиялық легионер Кевин Сельдрайерс. Артынан Мишель Скарпони бастаған жүйріктер қуып келеді. Мәреге ілінген көгілдір экраннан көз алмай қарап отырған жанкүйерлер Роман мәре сызығын кескенде, «Астана! Роман!» деп шу ете қалды.
Командалық әріптесін қолдауға келген Александр Винокуров «Романға алғысымыз шексіз. Бүгінгі жеңіс нағыз мықтылардың қолынан ғана келеді», деді.
Астананың бетін қақпа, белін бу
Енді бір айдан соң мәртебесі ең жоғары «Тур де Франс» велододасы басталады. «Астана» словениялық Янец Брайковичті капитан сайлапты. Александр Винокуров та бар қатарда. Оның міндеті – жарыс жолында жастарға ақыл-кеңес беру. Ал басты мақсаты – спортпен қоштасар алдында Францияда кезеңдік жарыстардың бірінде топ жару. Еліміздің атақ-даңқын аспандатуга бел буған саңлақтарымызға ақ жол тілейік! Осыған байланысты Ересектер «Астанасы» мен өткен жылы құрылған «Астана-2» жобасының тізгінін қатар ұстаған Дмитрий Седунға «қаракөз велоспортшымыз қашан шығады?» деп сұрақты төтесінен қойдық. «Қазақ велосипед тебе алады. Бір-екі жылда қазақтан тағы бір Винокуров шығып жатса, таңқалмаңыз. Мақсат Аязбаев, Нұрболат Құлымбетов, Назар Жұмабековтер бар. Аянбай тер төксе, болашағы зор жігіттер», деп қысқа қайырды ол.
Дина ЫСҚАҚОВА, журналист, арнайы
«Егемен Қазақстан» газеті үшін.
АЛМАТЫ – МИЛАН – ТРЕВИЗО – ПАМПЕАГО – СТЕЛЬВИО – АЛМАТЫ.