Болжам жасау қиын
Сәрсенбі, 13 маусым 2012 7:15
Украина және Польша жерінде өтіп жатқан Eуропа біріншілігі барша еліміздегі футбол жанкүйерлері үшін үлкен той болып отырғаны түсінікті. Көптен күткен құрлықтық дода кезінде әркім өзінің сүйікті командасына жанкүйер болып, нағыз футбол спектакльдерін тамашалайтын сәт туды.
Сәрсенбі, 13 маусым 2012 7:15
Украина және Польша жерінде өтіп жатқан Eуропа біріншілігі барша еліміздегі футбол жанкүйерлері үшін үлкен той болып отырғаны түсінікті. Көптен күткен құрлықтық дода кезінде әркім өзінің сүйікті командасына жанкүйер болып, нағыз футбол спектакльдерін тамашалайтын сәт туды.
Осы күндері Қазақстандағы кез келген ақпарат құралы Еуро-2012 туралы күнделікті ақпараттар таратып, күндіз-түні эфирде соғылған голдарды көрсетіп, түгел газеттің бір бетін арнап мақалалар жазып, таң атысымен радиоларда кеше түнде болып өткен ойындардың нәтижелерін хабарлауда. Бір сөзбен айтқанда, осы күндері біздер футболмен тыныстаудамыз десек, артық айтқандық емес.
Әлеуметтік желілерде, жалпы ғаламтор бетінде де, біздің байқауымызша, барлық жаңалықтар да, өз парақшаларында ақпараттар жазып жатқан интернет белсенділері де осы дүбірлі доп додасы жайында өздерінің көрген-білгендерін жазып қалуда. Әзірге топтық кезеңнің алғашқы ойындары ғана өтіп жатқандықтан, жарыстың негізгі бөлігі алда деп ойлаймын. Қысқасы, тойдың көкесі әлі алда.
Алғашқы турлардың ойындарына қарап айтар болсақ, күтпеген нәтижелер кездесіп, әдемі соғылған голдарды көрудеміз. Жарыс жолы қысқара берген сайын ойындардағы тартыс та одан әрі күшейе түспек.
Ал енді осы турнирде кім жасындай жарқылдап көп гол салады дегенге тоқталатын болсақ, әрине, ендігі екі голдан соғып қойған Алан Дзагоев, Марио Манджукич, Андрей Шевченко секілді ойыншыларды ерекше атап өткеніміз жөн. Бірақ, ең көп гол соғып, осы доданың бас мергені атанатын ойыншылар ретінде өз басым голландиялық Роббин ван Перси мен ағылшындық Уэйн Руниді атап өтпекпін. Ал кім чемпион атануы ықтимал деген сауалға Голландия мен Англия құрама командаларының бірі деп айтар едім.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
“Қазақстан” ұлттық телеарнасының спорт комментаторы.