Топтағы жағдай шиеленісе түсті
Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:08
12 маусым күні алаңға А тобының командалары шығып, екінші турды бастап берді. Бірінші болып Грекия-Чехия құрамалары беттесті. Мұның соңынан Польша және Ресей футболшылары күш сынасты. Біріншісі чехтардың жеңісін айғақтап, екіншісі бейбіт тарқасқан ойындар топтағы жұмбақтың әлі толық шешілмегенін білдірді.
Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:08
12 маусым күні алаңға А тобының командалары шығып, екінші турды бастап берді. Бірінші болып Грекия-Чехия құрамалары беттесті. Мұның соңынан Польша және Ресей футболшылары күш сынасты. Біріншісі чехтардың жеңісін айғақтап, екіншісі бейбіт тарқасқан ойындар топтағы жұмбақтың әлі толық шешілмегенін білдірді.
Грекия-Чехия – 2:1. Матчтағы барлық мәселе демегенде де, соның түгелге жуығы бастапқы елең-алаң шақта шешіліп қойылғанына қарамастан, бұл чемпионаттағы қызықты кездесулердің бірі болды. Ойынның 6 минутында-ақ алаңның шартты қонақтары – чехтар екі доп айырымымен алда келе жатты. Есепті 3 минутта Петр Ирачек ашты, сосын 6 минутта Вацлав Пиларж «халықтық команданың» басымдығын одан әрі нығайта түсті. Бір айтарлығы, гректер осымен екінші ойын қатарынан өз шайқастарының бірінші бөлігін қарсыластарына қарсылықсыз беріп қоюымен ерекшеленді. Оның үстіне, Эллада жұрағаттары хәлін негізгі қақпашы Костас Халкиастың күтпеген жерден жарақат алып, орнын Михалис Сифакиске босатып беруі бұрынғыдан да қиындатып жіберді.
Осылай іркіліп ойнаған гректер тайм бітуге жақын қалған шамада чехтар дарбазасының торын бір дүр сілкіндіріп өтіп еді. Бірақ қапталдағы төрешінің жалау бұлғаңдатуымен гол есепке алынбай тасталды. Мұның есесіне келесі таймның дебютінде Фернанду Сантуш шәкірттерінің тез жолдары болып кетті. Мұнда Петр Чехтың өрескел қателігін пайдалана білген Теофанис Гекас бір доптың қарымтасын қайтарып үлгерді. Бұдан әрі Эллада қырандары есепті теңестіруге жанталаса ұмтылды. Бірақ оларға бұл күні жеңілістен құтылудың орайы келмеді. Жағдайды жақсы пайымдай білген чехтар қарсылас команданың аптыққан арынын ақырын басып отырды. Ал кездесуден кейін Чехия құрамасының бас жаттықтырушысы Михал Билек өзінің ойын нәтижесіне қатты қанағаттанғандық білдіретінін айтты.
Польша-Ресей – 1:1. Бұл ойынның қорытынды нәтижесін әр маман әртүрлі бағалады. Олардың арасында «Орыстар қолда тұрған жеңісінен айырылып қалды» деген ойға ұран қосқандар да, «Варшава бітім-шарты жанға жағады» деп көңіл көтергендер де бар. Біздіңше, осының екеуінде де дәйекті дәнек кездеседі. Бүкіл кездесу бойына поляктардың жалаң атқа жайдақ мініп алып, толассыз шабуыл үстінде жүргені де, соның қабатында ресейліктердің айтарлықтай байыпты әрі ойлы ойын көрсете білгендері де шындық. Айналып келгенде, осы тең ойын екі жақтың еңсесін езе бермейтін көрнекті көрсеткіш болып шыққан сияқты. Ең бастысы, екі команданың да ширек финалға шығу мүмкіндіктері сол күйі сақталып қалды.
Тағы бір айта кететін жәйт, бұл матч Ресей құрамасының қосынындағы өзекті мәселелердің де шетін шөкелеп шығарып кетті. Алдымен поляктар осының алдында чехтар ұстатпаған тізгінді беріп, оларды допқа бақылау жасап отыруға мәжбүр етті. Өздері болса, қорғаныстың соңғы буынын тас түйін етіп бекітіп алып, оған дейінгі кеңістікті ашып тастады. Осыған орай Дик Адвокаттың жігіттері бойларында күш-жігерлері тасып тұрған бірінші таймның өне-бойында сол қорғанды бұзып-жарып өтуге бірнеше рет әрекет жасап бақты. Бұл екі ортада Пищек-Блащиковски тандемінің оқта-текте суылдаған қарсы шабуылдары болмаса, поляктар жағы қарсыластарын аса бір қиын жағдайға қалдыра қоймады. Ал зымырандай зырғыған Александр Кержаковтың, екінші толқынмен екпіндей келетін Алан Дзагоев пен Андрей Аршавиннің, артқы түпкірден түре шабатын Юрий Жирковтың арқасында поляктар алаңы ара-тұра бөріккен қойдың қотанындай дүрлігіп қалып жатты. Мұндай ойынның гол соғуға да мүмкіндік беретіні ақиқат еді.
Тап солай стандартты жағдайда Алан Дзагоев тағы да жарқ ете түсті. Андрей Аршавиннің қиялай тастаған добына таласа-тармаса ұмтылған екі жақ ойыншылары арасында осы жас шабуылшының басы бәрінен ептірек қимылдады. Одан сыдыра ұшқан допқа Пшемыслав Тытонь жете алмады. Қол созым жерден өте шыққан снаряд қақпашының сол жақ бұрышына барып топ ете қалды. Гол! Алайда, ресейліктердің бұдан кейін де есепті ұлғайтуға ыңғайлары болып еді. Бірде Кержаковтың соққысы айдалаға кетті, бірде Жирков пас жеткізуде сылбырлық көрсетті. Тағы бірде төреші алаң иелерінің ширек финалға шығу мүмкіндіктері бірден төмен түсіп кетпегенін қалағандай тірлік жасады. Айталық, оның бірер рет поляктар қақпасына пенальти белгілеуіне әбден болатын еді.
Кездесудің осы тұсында алаң иелері де гол соғудың бірнеше мүмкіндігін жіберіп алды. Орыстардың қорғаныс шебін Левандовски бірнеше рет көктей өте шықты. Оны тоқтатуға Игорь Денисов үлгере алмай қалса, Сергей Игнашевич көмекке әзер үлгеріп жүрді. Арасында Малафеев құтқарып тұрды. Үзілістен кейін ресейліктер шабуылшыларының шаршап қалғандары анық байқалды. Мұны сезінген поляктар бұрнағыдан да өршелене алға ұмтылды. Нәтижесінде олардың қауіпті жұбы еңістен салса, төске озатын тарландығын танытты. Әуелі Аршавин Жирковқа дәл пас бере алмай қалды. Оны іліп алған Блащиковски өзінің әріптесімен бірге алға қарай заулады. Сол пәтімен жүгіріп келе жатып доп ұрған Якуб оны Малафеев қорғаған қақпаның оң жақ бұрышына солқ еткізді. Осылайша поляктардың әу бастан мықты саналған оң қанаты өзін өзі ақтап шықты. Бұдан кейін де екі жақтың есепті өзгертетін мүмкіндіктері болды. Бірақ қарсыластар одан тиісті нәтиже шығара алмады. Ақыр соңында екі жақ бейбіт тарқасуға келіскендей сыңай танытты.
Үлкен таласпен келген бұл тең ойын 4 ұпаймен Ресейді бірінші орында қалдыра берсе, екінші сатыға 3 ұпайлы Чехия көтерілді. Ал поляктарда – 2, гректерде 1 ұпай бар. Бұл жағдай келесі кезеңге әлі осы төрттіктің қай-қайсысы да таласа алатынын білдіреді.
Кеше кешке Дания – Португалия, Германия – Голландия құрамалары арасындағы ойындармен екінші турдың ойындары жалғасын тапты. Бұлардың алдыңғысында кездесу 3:2 есебімен Португалияның пайдасына шешілді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
_________________
ОЙЛАР, ПІКІРЛЕР, КӨЗҚАРАСТАР
Йоахим ЛЕВ, Германия құрамасының бас жаттықтырушысы: – Мен жеңіске жеткен құрамды өзгертпеу керек деген қағидатты барлық уақытта бірдей ұстана бермеймін. Сондықтан Голландиямен матчтың старттық құрамында бірқатар өзгерістер орын алып қалуы әбден мүмкін. Мен әрдайым тосын нәрселер жасауға құмармын. Ал Мирослав Клозенің жарақатынан айыға бастағаны қатты қуантады. Ол сауыққан кезінде әлемдік деңгейдегі ойыншы болып шыға келеді. Демек, оған көп үміт артамыз.
Мортен ОЛЬСЕН, Дания құрамасының бас жаттықтырушысы: – Мен біздің құраманың дәл қазіргідей жақсы қақпашыларға толы болған кезін есіме түсіре алмаймын. Бұл, әрине, жақсы. Алдағы ойындарда оның пайдасы тимесе, залалы болмайды. Ал 2008 жылдан бері Португалиямен 4 рет кездесіппіз. Солардың екеуінде біз, біреуінде қарсыластарымыз жеңген. Бұл жолғысын білмеймін. Бірақ біз қалай дегенде де топтан шығуға күш саламыз.
Матье ДЕБЮШИ, Франция құрамасының қорғаушысы: – Мен Англиямен болған тең ойынның нәтижесін оңды деп есептеймін. Осы ойынның қалай басталғанын бір сәт еске түсіріп көрейікші. Сол кезде бәрі түсінікті бола түседі. Алғашқы 20 минутта біз өзімізді өзіміз жоғалтып алдық. Содан кейін ғана ес жидық. Сондықтан тең ойын – әділ көрсеткіш. Дегенмен, әлі ештеңе жоғалта қойған жоқпыз. Алдағы екі матч біздің тағдырымызды тиімді шешеді ғой деп ойлаймын.
________________
Матч миниатюралары
* Сейсенбі күні чемпионаттың А тобында екінші турдың екі ойыны ойналды. Оларды стадионнан 96 950 адам тамашалады. Ал біріншілік басталғалы бергі көрермен саны 472 245-ке жетіп отыр.
* Екі ойында 5 гол соғылды. Бұл көрсеткіш әр ойында орта есеппен 2,5 гол соғылған көрсеткішті сақтап қалды. Жалпы, біріншілік басталғалы қақпашылар өз қақпаларынан 25 рет доп алып шықты.
* Біріншіліктің мергендер сапына тағы да өзгеріс енді. Оны 3 голмен Ресей құрамасының шабуылшысы Алан Дзагоев бастады. Сол сияқты чех Вацлав Пиларж екінші голын соқты. Одан басқа украин Андрей Шевченко, хорват Марио Манджукович екі доптың авторы болып отыр. Бұл күні 1 доп соққандар қатарына чех Петр Ирачек, поляк Якуб Блащиковски қосылды. Бұлардан басқа тағы 9 ойыншыда 1 голдан бар.
* Бұл күні чехтар Томаш Росицки, Петр Ирачек, гректер Вассилис Торосидис, Димитрис Салпингидис, поляктар Роберт Левандовски, Ойген Полански, ресейліктер Игорь Денисов, Алан Дзагоев ескерту алды.
* Төрешілер біріншілік басталғалы бері 2 ойыншыны алаңнан қуып, 32 ойыншыға ескерту берді.
* Үздік ойыншы атағына Петр Ирачек (Чехия), Якуб Блашиковски (Польша) ие болды.
________________
Деректер мен дәйектер
* УЕФА Хорватия құрамасына қарсы іс көтермекші. Осы халықаралық ұйымның ресми сайты хабарлағандай, бұл Ирландияға қарсы ойын кезінде осы ел жанкүйерлерінің жасаған бейбастақтықтарына байланысты болмақ. Хорват фанаттары матч кезінде петард атып, фейерлер жаққан.
* Андрей Шевченко жол оқиғасына ұрынып қалды. Швециямен болған матчтан кейін әйелі Кристен Пазикпен бірге үйіне қайтып келе жатқан футболшының мәшинесіне бір джип келіп соғылған. Оқиға болған жерде тысқа шыққан футболшыны жанкүйерлер қоршап алып, қолтаңбалар беруге мәжбүр етіпті.