Афина олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев: Үш боксшымыздың алтынға таласуға мүмкіндігі бар
Сәрсенбі, 20 маусым 2012 7:50
Дүбір
Олимпиадаға 37 күн қалды
Қазақстан Афина Олимпиадасында жалғыз алтын алды. Жартылай финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, бүкіл Ресей болып тілеуін тілеп отырған Олег Саитовтың аптығын басып, финалда Куба қабыланын тас-талқан етіп ұтқан Бақтияр Артаев алтынмен қоса ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогін елге әкеліп, жанкүйерлердің көңілін көтеріп тастаған еді.
Сәрсенбі, 20 маусым 2012 7:50
Дүбір
Олимпиадаға 37 күн қалды
Қазақстан Афина Олимпиадасында жалғыз алтын алды. Жартылай финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, бүкіл Ресей болып тілеуін тілеп отырған Олег Саитовтың аптығын басып, финалда Куба қабыланын тас-талқан етіп ұтқан Бақтияр Артаев алтынмен қоса ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогін елге әкеліп, жанкүйерлердің көңілін көтеріп тастаған еді.
Бақтиярмен сұхбаттастық. Бүгінде Жамбыл облыстық әкімдігінде аппарат басшысының орынбасары болып жүрген жампоз Қазақстан бокс құрамасын көзден таса етпейтінге ұқсайды.
– Алтын алуға үш боксшымыздың әбден мүмкіндігі бар, – дейді ол.
– Ең алдымен, әрине, Серік Сәпиевті айтар едім. Екі дүркін әлем чемпионының Олимпия ойындарының чемпионы болуына Бейжіңде шамасы жетіп тұр еді. 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында тайландық Манусты айқын жеңсе де жеңісі ұрланғанын өзіңіз де білесіз. Бейжіңде ширек финалда сол Манус Бонжумонгты бас-көзге қарамай толассыз ұрамын деп қарсы соққыға кезігіп қала берді. Сәл ақылға салып, сәл қорғанысты күшейткенде күмәнсіз жеңетін еді біздің Серік. Сәпиев үнемі шабуылда жүріп, ашық қалады. Әйтседе, үш раунд бойы тоқтаусыз ұратын Серіктей боксшылар әлемде сирек. Сонымен қатар, Лондонда алтыннан олжа салуға Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовтің қауқары жетеді деп ойлаймын.
– Біз де сені Бейжіңде екі дүркін Олимпия ойындарының чемпионы болады деп ойлап едік. Бұған дейін беті ешкімнен қайтпаған, екі дүркін әлем чемпионы, өзі қатысқан барлық халықаралық жарыстарда бірінші орыннан түсіп көрмеген Матвей Коробовты шаршы алаңда тас-талқан еттің. Тауы шағылып көрмеген Матвей сенен оңбай жеңілгеннен кейін әуесқой бокстан кетті.
– Бірақ, ағылшын боксшысынан жеңіліп қалдың дейсіз ғой…
– Дегім келеді. Бұрын-соңды аты-жөні жаһанды дүрілдетпеген боксшыдан бірінші раундта жеңілгеннен кейін асығып кеткен сияқтысың. Алға қарай ентелей бердің. Ағылшынға да керегі сол, ашылған сәттеріңді құр жібермеді.
– “Бұйырмағанға қуған жетпейді” деген сөз бар ғой. Рас, тактикалық қателер жіберіп қойдым. Алғашқы жылдары ойлап қалсам, түн ортасында орнымнан тұрып кететінмін. Кейін сабамызға түстік қой.
– Сосын бапкерлер таласты. Жаттықтырушың Нұрлан Ақүрпековпен әңгімеде ол “Аға-ау, Бақтияр қисық ұрады. Жаттықтырушысы әлсіз” деп Артаевты менен алып қойғысы келгендер табылып жатыр”, деп налыған. Бірақ, ешкімнің қойт-қойтына көнбей, жаттықтырушыңды ауыстырған жоқсың. Нұрлан ағаң мықты бапкер ғана емес, жүрегі қылдай нәзік, тұла бойы сезімге суарылған жайсаң азамат қой.
– Дұрыс айтасыз. Менен кейін де Ғани Жайлауов бастаған серке жігіттерді үлкен спортқа қосты. Кейбір облыстарда бір мемлекеттің бапкерімен саны пара-пар жаттықтырушылар бар. Бәрі қосылып, бір Ақүрпековтің дайындаған шәкірттеріндей боксшылар бермеді спортқа. Осындай немқұрайдылық қынжылтады мені. Спорт функционерлері өзара егесті қойып, әуелі қалтаны толтыруды емес, ел намысын қорғауға жарайтын саңлақтарды қаржыландыруды, мемлекет мәртебесін асқақтатуды ойламай спорттағы көшіміз түзелмейді.
– Өзің де спорт басқармасының тізгінін ұстап көрдің. Жарайды, жас болдың делік, ойлаған жоспарларыңды жүзеге асыруға мүмкіндігің жетпеді делік. Спорттағы ағаларыңның ішінен бөлектей алатындарың бар ма?!
– Әрине. Қызылорда облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының бастығы Садық Мұстафаевты ерекше айтар едім. Садық аға спорт тізгінін қолға алмай тұрғанда Қызылорда облысы Олимпиададан медаль армандамақ түгілі бірде-бір рет лицензия ала алмайтын. Қазір Илья Ильинсіз Олимпия ойындарының, әлем чемпионаттарының сәні келмейді. Дәулет деген ініміз грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Ауыр атлеттер сабында қазақ жігіттері көбейді. Соның бірі-жаттығуда Ильямен бірдей зілтемір көтеретін Алмас Өтешов. Ол да Олимпиадаға барады. Рүстем Сыбаевтан кейін қаншама боксшылар өсіп шықты осы өңірде. Қай жарысқа барсам, Садық аға спортшылардың ішінде жүреді. Таланттыларға жағдай жасайды. Туған бауырындай жанына тартады. Соның арқасында алақандай Қызылорда облысы олимпиадашы облыстардың қатарына қосылды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Болат Қырықбаев ағамыз жайлы да осылай айтуға болады. Елшіл, мемлекетшіл. Бірақ, Бекзат пен Мұхтарханды берген қасиетті өңірде Біржан Жақыповтан басқа жігіттердің көрінбейтіндігі ойлантады. Сырттың өзіне керексіз болып қалған дайын спортшысын қиналмай сатып алуға әркімнің ақылы жетеді. Шын мықты болсаң, ел ішіндегі талантты тап, соларға жағдай жаса. “Өз ұлың өзегінен тепсең де кетпейді” деп дана халқымыз бекерге айтпаған болар.
Қазақстанның ұлттық командасы
– Дұрыс екен. Пайымың ұнады. Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовтің алтынға таласуға күші жетеді дедің. Олимпиада чемпионы көлденең көк атты емес, көзі жеткен соң айтады деп қуанып тұрмыз.
– Данияр Елеусінов – өте талантты боксшы. Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында алты жекпе-жегін таза ұтып, бір ғана соққы өткізген боксшы Азия спортында жоқ десем, қателеспеспін. Бірақ, сол Данияр ел чемпионатында ала-құла ойын өткізді. Яғни, өзіне талабын әлсіретіп алған. Бойы, қолы ұзын, қорғанысы тастай, ең басты ерекшелігі жылдам, қарсыласының амал-тәсілін көзінен оқып қоятын Данияр еш алаңсыз жаттықса, ешкімге алдырмайды.
Әділбек Ниязымбетов те өте сезімтал, ақылды боксшы. Мен бұл тізімге Біржан Жақыповты да қосар едім. Біржаннан атақты Зоу Шимингтің өзі аяқ тартады.
– Сонымен, боксшыларымызға болжамың қандай? “Қазақтар келіп қалыпты. Барлық алтындарды саудыратып қоржындарына салып берейік” дейтіндей Лондонда күтіп отырған нағашы жұрт жоқ.
– Әрине. Мен жобамды айттым. Бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алсақ, бас бапкер Мырзағали Айтжанов бастаған құрамаға артылған үміттің ақталғаны. Олимпиада – шүлен тарататын жер емес. Бірақ, Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев бастаған ағаларымыздың бокс құрамасының алаңсыз дайындалуға сіңірген еңбегі мемлекет мерейінің көтерілуіне, қазақ байрағының Лондон аспанында желбірейтіне жеткізеді деп сенгіміз келеді.
– Аппарат басшысының орынбасары деген қызметтің өзгеге мойын бұрғызбайтындығы белгілі. Сонда да спорт жайын бағамдап жүретіндігің қуантады. Саған тағы бір сауал. Бүгінгі спортқа не жетпейді, қай салаға салған қаржы өзін өзі ақтамай жатыр деп ойлайсың?
– Сөз ыңғайында айттым ғой, үлкен спортқа мемлекетшілдік тұрғыдан қарау керек. Ел ішіндегі таланттарға қолдау мен жанашырлық керек. Бізден халқы кіші мемлекеттер күреп алып отырған алтынды көптеп алу үшін ауыл спортына қамқорлық керек. Өзіңіз сұрап қалдыңыз, қай спорт түріне салған қаржы тиімсіз деп. Егер мен спорт басшысы болсам, бүгінгі қазақстандық футболмен қоштасар едім. Ешқайсысының көңіліне келмесін, бірақ, допты қисық теуіп жүріп 10 мың доллар жалақы алатындай елге не еңбек сіңірді. Өзімізде ойнаса да, сыртта ойнаса да қирай жеңіледі. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысы су аяғы құрдым болып жатыр. Қай клуб көп ақша төлесе, соған ауып жүре беретін футболшыларда отандық патриотизм, намыс бар дегенге оншалықты сенбеймін. Мысалы, бір футболшының орташа жалақысы атақты спортшының тапқанын әлденеше орайды. Мен өзім Олимпия ойындарының чемпионы болып жүріп, 500 доллар айлық алып жүрдім. Егер нәтижең көңілдегідей болмаса, оның өзі кесіліп қалады. Ал, Қазақстан футбол құрамасының капитанына “осы ақшаға ойнайсың ба?” десеңіз, «осының есі дұрыс па!» дейтіндігіне мен кепіл. Дүниежүзінде доп тебетіндердің соңында қозы көш кейін жүргеніміз де намысқа тиеді. Маған облыс әкімдері жас, талантты спортшыларға берілер қаржыны футболшылардың қалтасына бекерге салып беріп жатқандай көрінеді.
– Сонда не істеу керек деп ойлайсың?
– Сол футболшыларға бөлінетін қаржыны бір-ақ жыл шектесе, қазақтың барлық ауылдарында көңілдегідей спорт орталықтары салынар деп ойлаймын. Жақсылық ағамыздан бастап, боксқа көкпар тартып жүріп келген Мұхтархандар ауылдан шықты. Солардың қатары көбейіп, ұлттың мерейі асқақтар еді, рухы көтерілер еді. Үлкен спортта атағы бар мемлекеттің де дүние жүзінде беделі үлкен.
Бұл – азамат ретіндегі өз ойым. Ойымды ашық айтуға құқым бар шығар, ә?
– Ішіңде қайнап жатқан дүние көп сияқты. Жанашырлықпен айтып жатқаныңды қирай жеңіліп жүрген футболшыларымыз да түсінер, айтар уәжі жоқ қой деп ойлаймыз. Ресей атақты спортшыларына өмірлік зейнетақы тағайындап жатыр. Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттік төрағасы да Парламентке өз жобасын ұсынды. Қанағаттандыра ма, сені?
– Құдайға шүкір, мен жерге қарап отырған жоқпын. Бір кісідей жағдайым бар. Бірақ, үлкен спорт үшін барын, тіпті денсаулығын берген спортшыға 40 мың теңге аз деп ойлаймын. Олимпия ойындарының чемпионы, әлем чемпионы деген бізде саусақпен санаулы ғана. Әрине, оған үш-төрт мемлекеттің басын қосып, әлем чемпионатын өткізе беретін спорт түрлерін қосуға болмайды.
Қазақтың алғашқы Олимпия ойындарының чемпионы – Әлжан аға, Жақсылық аға, бүгінгі Илья Ильиндер халық батыры. Қазақ деген халықты, Қазақстан деген мемлекетті дүние жүзіне танытты. Олар туралы балаларға арналып кітаптар жазылып, деректі телефильмдер түсірілсе, бүлдіршіндерге Қажымұқаннан бастап мультфильм жасалса, ұрпағымыз жаһандануда жұтылып кетпейді. Осыған алақандай Кавказ халықтары дәлел. Ұлтын да, дәстүрін де ешкімге билетпейді. Таза ұстайды.
Ұлан-ғайыр даласын аттың үстінде найза кезеп жүріп қорғаған қазақтың бүгінгі ұрпағы бөтеннің батырларын өнеге тұтпай, еркін өсу үшін осындай жұмыстар жасалуы керек деп ойлаймын.
Лондон Олимпиадасында қазақтың көк байрағы желбіреп, әнұранымыздың орындалуына құштар болып жүрген Бақтияр ініңіздің арманы осы.
– Рахмет. Өзің сияқты ұлтжанды азаматтарымыз көбейе бергей.
Бақтияр ТАЙЖАН,
“Егемен Қазақстан”.
Алматы.