Ширек финал шеруі келді
Бейсенбі, 21 маусым 2012 7:38
Сейсенбі күннің кешінде өткізілген Англия-Украина, Швеция-Франция командалары арасындағы матчтармен топтық раунд мәреге жетті. Бұл кезең сонымен бірге чемпионатқа қатысушылардың тең жартысын жарыс жолынан шығарып тастады.
Бейсенбі, 21 маусым 2012 7:38
Сейсенбі күннің кешінде өткізілген Англия-Украина, Швеция-Франция командалары арасындағы матчтармен топтық раунд мәреге жетті. Бұл кезең сонымен бірге чемпионатқа қатысушылардың тең жартысын жарыс жолынан шығарып тастады.
Англия-Украина – 1:0. Бір нәрсе айқын, Украина құрамасы бұл жолы өткен турда француздарға қарсы ойнаған ойынынан артық, ал Англия шведтермен шайқасындағыдан кемдеу өнер көрсетті. Бұл, айналып келгенде, кездесудің өне бойында украин футболшыларының басымдық көрсетуіне апарып жеткізді. Бірақ кездесуде нашарлау ойнағандар жеңіске жетті де, керісінше мықтырақ көрінгендері жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды. Бұған мол мүмкіндіктен бір нәтиже шығара алмаған украин ойыншыларының өздерін кінәлауға да болады, бар пәлені сәтсіздіктің аяқтан шырмап жібермегеніне арта салудың да реті келеді. Төрешілердің оралымсыздықтары тағы бар.
Ағылшындар ойындағы жалғыз голды өздерінің алғашқы қарсы шабуылдарының бірінде салып кетті. Оны осы ойынға қатысатыны біраз жыр болған Уэйн Руни өзінің екінші мәрте жасаған талпынысы кезінде, екінші таймның ілкі шағында баспен ұрып түсірді. Ал оған дейін украин командасы сондай сәттің бірнешеуін босқа жіберіп алған еді. Есеп ашылғаннан кейін де олар қарсы қақпаға жойқын жорықтарын тоқтатқан жоқ. Ақырында олар есепті теңестіру сәтіне де жетті. Бірақ қақпаның үстіңгі маңдайшасының астынан тиіп, ақ сызықтың арғы жағына тиіп шыққан допты «гол» деп бағалауға арбитрдің өресі жетпеді.
Тағы бір нәрсе анық, жарыс жолынан ерте шығып қалғанымен, Украина командасы да хорваттар тәрізді бет-жүзі ұялмайтындай өнегелі өнер көрсетті.
Швеция-Франция – 2:0. Бұл ойында арыстан тұлғалы Скандинавия аумағының жігіттері жаралы жолбарыстың кейпін танытты. Кездесудің басынан ойын тізгінін өз қолдарына алған олар қарсы қақпаға қарай жұлқына шапқылауды финалдық ысқырық естілгенше тоқтатпады. Шведтердің бұл ынталы ойыны екінші таймда ғана голға айналды. Оны команданың лидері Златан Ибрагимович салды. «Тре Крунур» бұдан кейін де шабуылын саябырсытпады. Соның нәтижесінде ең соңғы минутта екінші допты да түсірді (Себестьян Ларссон). Ал осы матчтың ең үздік ойыншысы болып француз қақпашысы танылуы да бекер емес.
Шведтер, әлбетте, осы ойында қандай бір ірі есеппен жеңіске жетсе де, ширек финалдың маңайына жақындап бара алмайтындарын жақсы білді. Соған қарамастан, олар турнирден кетер кезінде ерекше мінез көрсетуге бекем бел байлаған екен. Онысы және жақсы шықты. Демек, алаңнан абыроймен кетті.
Енді ширек финалда Англия мен Италия, Франция мен Испания жұптасады.
Бүгін – сол плей-оффтың бірінші ойыны. Ал алаңға Португалия және Чехия құрамалары шығады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Матч миниатюралары
* Бұрнағы күні өткен Украина-Англия, Швеция-Франция арасындағы матчтарда 3 гол соғылды.
* Чемпионат басталғалы бері өткен 26 ойында барлығы 60 гол салынды. Олардың әрбір матчқа келетін үлес салмағы – 2,30 доп.
* Дүйсенбі күні екі стадионда 111 710 адамның басы қосылды. Жалпы, біріншілік басынан бергі көрермен саны 1 068 864 адамға толды.
* Мергендер көшінде ешқандай өзгеріс жоқ. Оның басында 3 гол соққан шабуылшылар келеді.
* Өткен 2 ойында ойыншыларға 8 ескерту берілді. Соның ішінде Андерс Свенссон (Швеция), Филип Мексес (Франция), Анатолий Тимощук (Украина) екінші рет «сары қағаз» алды. Біріншілік басталғалы бері 96 футболшыға ескерту жасалды.
* Екі ойында үздік ойыншы атағына Уго Льерис (Франция) пен Уэйн Руни (Англия) ие болды.
* Осы кезге дейін 3 ойыншы алаңнан қуылды, 1 пенальти белгіленді, 1 автогол соғылды. Сонымен бірге 1 пенальти қайтарылды.
Украина құрамасының бас жаттықтырушысы Олег Блохин.
Айтпақшы…
* Ағылшын фанаттары отандастары Соул Кэмпбеллдің өзі шығарған деректі фильмде Англия құрамасы Украинадан тек табытпен ғана қайта алады деген ойды білдіргені үшін қатты қапа болды. Осыған қарсылық ретінде олар кеше Украина-Англия матчы алдында Донецкіге журналиске арналған табытты ала келді. Табыт есебінде бейнеленген затты қаланың орталық көшелерімен алып өткен жанкүйерлер ақырында Ленин алаңындағы ирланд пабына (сырахана) тоқтап, мәжіліс құрды.
* Еуропаның қақ ортасында футболдан құрлық чемпионаты қызып жатқанда Арменияның астанасы – Ереван қаласында белгілі футболшы Эдуард Маркаровқа қошемет көрсету рәсімі болып өтті. Кезінде Бакудің «Нефтянигі» мен Ереванның «Арараты» сапында жасындай жарқылдаған форвардтың туғанына кеше, маусымның 20-сы күні 70 жыл толды.
* Ресей құрамасының шабуылшысы Павел Погребняк күні кеше ағылшынның «Рединг» клубымен 4 жылға келісім-шарт жасасып үлгерді. Бұл туралы твиттерде «Sky Sports» агенттігі хабарлады. Өткен маусымды 28 жасар футболшы Англиядағы «Фулхэм» командасының сапында өткізіп еді. Командада арендалық негізде ойнаған ол бар-жоғы 12 ойынға шығып, 6 гол соқты. Көрсеткіш жаман емес. Содан болар, оған таласушылар да болды. Павелдің қалаған клубы енді оған 500 мың еуро көлемінде ақы төлейді екен.
* Ресейдің ондаған футбол фанаттары әлі Польша тәртіп сақшыларының қарауында отыр. Олар 12 маусымда Ресей құрамасының Польшамен, 16 маусымда Грекиямен өткен матчтарынан кейін құлып астына алынды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС. Жалпы, осы екі күнде ресейлік 27 жанкүйер ұсталыпты. Қазір қамаудағылардан бөлек 17 адам түрлі жазалар алып та үлгеріпті: бірқатары айыппұлдар төлеуге мәжбүр етілсе, тағы бірқатары бірнеше айға бас бостандығынан айырылған.
* УЕФА Германия футбол одағына қарсы тәртіптік іс ашты. Ол 17 маусым күні Львовта Германия мен Дания құрамалары арасындағы ойында орын алған оқиғаларға байланысты көтерілді. ГФР футболы басшылары осы елдің жанкүйерлері матч кезінде отшашулар жағып, рұқсат етілмеген баннерлер мен нышандарды алып шығып, осыған мазмұндас ұрандар айтқандары үшін жазықты болып отыр. УЕФА-ның бақылау-тәртіптік инстанциясы істі 23 маусымда қарайды.
* Украина құрамасының жұлдызы Андрей Шевченконың Англиямен ойыны оның ойыншылық мансабының құрама сапындағы ең соңғы ресми матчы болды. «Дегенмен, жақын арада Украинада өтетін жолдастық кездесуге шақыру алатын шығармын деп ойлаймын», дейді 36 жасар футболшы.
Ойлар, пікірлер, көзқарастар
Де РОССИ, Италия құрамасының жартылай қорғаушысы:
– Ирландиямен кездесуіміз жақсы өтті. Матчтың алдында тек өз ойынымыз туралы ойлауымыз керектігі талай айтылды. Себебі, испандардың жеңетініне ешкімнің күмәні болмады. Дегенмен, бұл жеңістің олар үшін оңайға түспегенін енді байқап отырмыз. Ал ирландықтар турнирге өте жақсы команда әкеліпті. Олар өз жанкүйерлерінің құрметтеуіне әбден лайықты. Ал тап мұндай ғажайып фанаттарды мен бұрын еш жерде көрген жоқпын.
Йоахим ЛЕВ, Германия құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Кейбір журналистердің сұрақтарына жауап берейін, алда Грекиямен өтетін ойынымызда саясат ешқандай да рөл ойнамайды. Рас, қазір саясат туралы көп айтылып жатыр. Соның ішінде Еуроодақ елдерінің өзара қарым-қатынасы да сөз болуда. Бірақ оның бізге қатысы жоқ. Құраманың Ангела Меркельмен байланысы өте жақсы. Дегенмен, біз онымен былай келіскенбіз: канцлер біздің ісімізге араласпайды, ал бас жаттықтырушы саясатқа басын сұқпайды. Дұрысы – осы. Әркім өз ісімен айналысуы керек.
Олег БЛОХИН, Украина құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Бұл неғылған төрешілік? Доп жарты метр ішкері қақпаға кіріп кетеді, ол мұны аңғармайды. Онда бізге қақпаның артында тұратын бесінші арбитрдің не керегі бар? Терри өз айып алаңында қолымен ойнайды, төреші үндемейді, Кэрролл біздің ойыншыны шынтағымен қағып жібереді, төреші тағы үнсіз. Ал мен мына команда үшін титтей де ұялмаймын. Ол өте жақсы ойнады және жеңілетін реті болған жоқ.
Қорытынды турнир кестесі
С тобы
№ | Командалар | О | Ұ | Т | Ж | Доп | Ұп |
1 | Англия | 3 | 2 | 1 | 0 | 5-3 | 7 |
2 | Франция | 3 | 1 | 1 | 1 | 3-3 | 4 |
3 | Украина | 3 | 1 | 0 | 2 | 2-4 | 3 |
4 | Швеция | 3 | 1 | 0 | 2 | 5-5 | 3 |