Аянбайтыны анық
Жұма, 22 маусым 2012 7:31
Футбол
Сонымен, қазіргі күндері Польша мен Украинада өтіп жатқан Еуропа чемпионаты да бел ортасынан ауды. Бұл кез турнирге қатысушы командалардың тең жартысының жарыс жолынан шығып қалып, тағы бір жартысының жорықты жалғастыруға бет алуымен ерекшеленді. Енді жанкүйер жұрттың назары негізгі топтан ілгері озып кеткен сегіз командаға ауып отыр.
Жұма, 22 маусым 2012 7:31
Футбол
Сонымен, қазіргі күндері Польша мен Украинада өтіп жатқан Еуропа чемпионаты да бел ортасынан ауды. Бұл кез турнирге қатысушы командалардың тең жартысының жарыс жолынан шығып қалып, тағы бір жартысының жорықты жалғастыруға бет алуымен ерекшеленді. Енді жанкүйер жұрттың назары негізгі топтан ілгері озып кеткен сегіз командаға ауып отыр.
Бұрнағы күні құрамалар бір күндік тыныс алды. Ал кеше түнде алғашқы ширек финалдық ойын болып өтті. Бұл жолы алаңға Португалия және Чехия футболшылары шықты. Бүгін Германия мен Грекия командалары кездеседі. Осы плей-офф ойындары бір жасақты маңдайынан шертіп алып, жартылай финалға шығарғанға дейін жалғасады. Ал осы кезеңге ұжымдар әртүрлі ойынмен, әртүрлі жүкпен, әртүрлі көңіл-күймен жетті. Енді топтардағы ахуалдарға қысқаша шолу жасап өтейік.
A тобы. Бұл нағыз сенсациялы топ болды. Сайыстың алдында оның фавориттері ретінде Ресей мен Польша аталды. Бірінші тур бұл болжамның дұрыс екеніне жем тастағандай көрінді. Ақыр соңында жарысты нашар бастаған екі команда топтан суырылып шығып, келесі кезеңге бет алды. Мұнда, әсіресе, керекті кезінде жеңіске деген жігер таныта білген чехтарды ерекше атап өтуге болады. Ал қандай бір жолмен болса да нәтижеге жетуді бірінші кезекке қоятын, төрешінің көзін ала бере лас тірліктерге ерік бере салатын гректердің ойыны оншалықты құрмет тудыра алмады. Бұл құраманың алдында бас иетін бір ғана нәрсеміз – ол қайтпас қайсарлығы, табандылығы болса керек.
Ал Ресей өзіне өзі істеді. Оның ешкімге өкпелейтін реті жоқ. Команданың лидерлері саналған питерлік жұп – Аршавин мен Кержаковтың ойындары үлгі тұтудан көп кейін жатты. Жұлдызы енді жана ма деген үміт оятқан Дзагоев текетірестің текпісімен емес, қарапайым ғана бұзақы қылықтың әсерінен жаза алғаны қарын аштырды. Ұлы футболшы болатын адам мұны істемес еді. Поляктарға келсек, олардың осы чемпионатқа күрессіз қосылып кеткені болмаса, оған дейінгі бақылау кездесулерінде оншалықты жарқырап көріне алған жоқ-тын. Турнирдің бәйгесінде ақыры ол өз бойынан биікке секіре алмады. Сонымен бірге, Польша құрамасы осы кезге дейін өз елінде өткен Еуропа чемпионаттарында өз тобында ең соңғы орында қалып қойған бірінші команда болды.
Бұл топтан шыққан екеудің осыдан арыға ұзай қоюы қиын.
B тобы. Бұл квартетті жанкүйерлер мен мамандар әу бастан «жанкештілер тобы» деп атады. Шынында мұнда кіл сайдың тасындай командалар жиналыпты. Содан да болар, олардың барлық матчтары ымыраға көнбейтін нағыз кескілескен күреспен өтті. Топта бірде-бір тең ойын тіркелген жоқ. Сол таластың арасында басында болжанған екі фавориттің бірі – Германияның 3 рет жеңіске жетіп, 9 ұпай алғаны, ал екіншісі – Голландияның сол 3 кездесуді түгел ұтылысқа жіберіп, бірде-бір ұпай ала алмағаны қызық болды. Осылардың ортасындағы Португалия мен Дания өздеріне лайықты өнер көрсетті. Әсіресе, Криштиану Роналду бастаған португалдардың барлық кездесуді үлкен өрлеумен өткізгені, турнир ұзаған сайын шабысына шабыс қоса түскені, жалпы, бұл құраманың келешегі алда екенін байқатты. Соңғы ойында тағы ұтылғаны болмаса, даттар да ешкімге есе жібере қоймайтын ұжым болып көрінді.
Ал атақты «неміс мәшинесі» туралы айтар сөз аз. Ол әзірге бірде-бір елеулі қателікке жол бере қоймады. Ширек финалдың сынынан Германия да, Португалия да сүрінбей өтуге тиіс.
C тобы. Бұл төрттікте ешқандай да сенсация орын алған жоқ. Арасында көңілді аздаған күмән кеулегенмен, ширек финалға жұрт алдын ала белгілеп қойған екі құрама – Испания мен Италия өтті. Рас, дәрежелері мен мәртебесі жоғары бұл екеудің жұбы арасына Хорватия сына қағып кете жаздады. Бірақ шаршы жейделі жігіттер тыныштықты бұзушылар қалпынан арыға аса алмады. Әйткенмен, хорваттар үйлеріне еңселері жоғары болып қайтуға тиіс.
Екінші кезеңге жолдама алған Италияның ойыны әрі-сәрі күйде қалдырды. Бұған команда құрамын жасақтаудағы проблемалар қатты әсер еткендей. Сондықтан жаттықтырушыға ойын схемасын жиі ауыстырып отыруға тура келді. Турнирдің басында фаворит рөлі Испанияға телінді. Нәтижесінде, бірінші орын алған «қызыл фурия» сол сенімді ақтағандай болды. Бірақ испандар топтағы басқа командалардан оқ бойы алда болды деп ешкім айта алмас еді. Бірде олар шынымен басым түсті, енді бірде сәттіліктен серік тапты.
Бұлардың ширек финалдағы айқастары оңайға түспейді. Дегенмен, испандардың француздардан асуға толық мүмкіндігі бар.
D тобы. Қазақ: «Соңғы түйенің жүгі ауыр», дейді. Қауым ішіндегі турнирді кеш бастап, кеш аяқтаған бұл төрттіктің жүгі расында да ауырлау соқты. Чемпионат алдында ең жұмбағы көбі саналған квартет ақырғы сәтіне дейін сол жұмбақ қалпын сақтап, алдыңғы екі орын үшін айқасып бақты. Осы шайқастар олардың шамалары да бірдей екендіктерін танытты. Мұнда соңғы ойында «есікті тарс жауып» кеткен шведтерді де, барын салғанымен, баянын жасай алмаған украиндарды да топтың аутсайдеріне балай салу қиын. Ал алға шыққан ағылшындар мен француздардың турнирді ала-құла өткізгенін көз көрді. Дегенмен, плей-оффтың аты – плей-офф, ол ешкімнің ырғалып-жырғалғанын көтермейді. Сондықтан ұжымдардың енді аянбайтыны анық.
Бұл екі құраманың арасынан Англияның жартылай финалға шығу мүмкіндігі басым сияқты.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Ойлар, пікірлер, көзқарастар
Паоло БЕНТУ,
Португалия құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Енді командалардың не бүк, не шік түсетін кезеңі келді. Ойыншылар қарсыластың күшті жағын да, әлсіз тұсын да жақсы біледі. Біздіңше, екі құраманың жеңіске деген мүмкіндігі бірдей. Дегенмен, біздің дайындығымыз өте жақсы.
Лоран БЛАН,
Франция құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Өткен ойында Швеция бізді оңды-солды ұтты. Егер Испаниямен шайқаста сондай ойын көрсетер болсақ, біз алаңда ештеңе де бітіре алмаймыз.
Пьерлуиджи КОЛЛИНА, УЕФА төрешілер корпусының басшысы:
– Украин шабуылшысы Марко Девичтің Англия қақпасына соққан добы таза гол еді. Біз қателік жіберіп алдық. Менің жеке басым мұндай нәрсенің болғанын қаламас едім, бірақ болып қалды. Төрешілер де адам ғой, қателеседі. Ал бұл оқиғаны біз 2 шілде күні талқылап, тиісті шара қолданамыз.
Мергендер көші
Марио Гомес (Германия) – 3
Алан Дзагоев (Ресей) – 3
Марио Маджукич (Хорватия) – 3
Никлас Бендтнер (Дания) – 2
Златан Ибрагимович (Швеция) – 2
Петр Ирачек (Чехия) – 2
Микаэль Крон-Дели (Дания) – 2
Вацлав Пиларж (Чехия) – 2
Криштиану Роналду (Португалия) – 2
Фернандо Торрес (Испания) – 2
Сеск Фабрегас (Испания) – 2
Андрей Шевченко (Украина) – 2
Айтпақшы…
* Еуропа футбол ұйымы Хорватия футбол одағына қарсы үшіншімәрте тәртіптік іс көтерді. Себеп: аталмыш ел құрамасыныңИспанияға қарсы ойыны кезінде команда фанаттары стадиондапетард пен фейерверктер атып, трибунаға нәсілшілдік мазмұндағыбаннерлер мен символика алып шыққан.