Дүбірлі дода: Олимпиадаға 27 күн қалды
Сенбі, 30 маусым 2012 7:30
БАЛУАНДАРЫМЫЗ БАПТЫ, КӨҢІЛІМІЗ КҮПТІ…
Қазақтың аты аңызға айналған балуандарының бірі Аманжол Бұғыбаев: «Осы спортқа 50 жыл өмірімді бердім. Еркін күрес құрамасын 4 Олимпиада ойындарына бастап бардым. Жетістігіміз – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасындағы Мәулен Мамыров бауырымыздың қола медалі. Өзге елден келген балуандар арасында алтыннан олжа салғандар бар болғанымен, ол көңілге демеу емес.
Сенбі, 30 маусым 2012 7:30
БАЛУАНДАРЫМЫЗ БАПТЫ, КӨҢІЛІМІЗ КҮПТІ…
Қазақтың аты аңызға айналған балуандарының бірі Аманжол Бұғыбаев: «Осы спортқа 50 жыл өмірімді бердім. Еркін күрес құрамасын 4 Олимпиада ойындарына бастап бардым. Жетістігіміз – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасындағы Мәулен Мамыров бауырымыздың қола медалі. Өзге елден келген балуандар арасында алтыннан олжа салғандар бар болғанымен, ол көңілге демеу емес. Бір қазақтың баласы Олимп биігіне шықса, үлкен спорттағы бір арманымыз орындалар еді. Жақсылық, Шәмілдің Мәскеу Олимпиадасындағы қос алтынынан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Бір бауырымыздың жасындай жарқ етіп шығатын уақыты жетті. Сондықтан, Лондоннан күтерім көп», деген.
Сол тарихи оқиғаны бәріміз күтіп жүрміз. Лондонда алтынға таласады деп отырған саңлақтарымыз да бар. Құдай кесірінен сақтасын деңіз.
Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері 4 олимпиадалық ойындарға қазақ байрағын көтеріп бардық. Осы уақыттар аралығында не ұттық, не ұтылдық? Өсу, өркендеу бар ма, әлде кері кеттік пе? Осы төрт Олимпиаданы негізге алып, сараптама жасауға талпынып көрейікші.
1996 жылы Атланта Олимпиадасына еркін күрестен алты, грек-рим күресінен бес балуан апардық. Еркін күрес құрамасындағы жалғыз қазағымыз Мәулен Мамыров (52 кг) қола медальды жеңіп алды. Ал Елмади Жабрайылов (85 кг) алтыншы орынмен қорытындылады.
Грек-рим күресі алтынға қол жеткізді. Дәулет Тұрлыханов Қырғыз елінен тай кезінен танып, елге әкелген Юрий Мельниченко (57 кг) Олимп биігіне шықты. 82 килода сынға түскен даңқты Дәулет Тұрлыханов қола медальға сынық сүйем жетпей тоқтады.
2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына еркін күрестен алты балуан, грек-римнен бес балуан апардық. Ислам Байрамуков (97 кг) қана финалға өтті. Күміске қанағаттанды. Геннадий Лалиев төртінші, Мәулен Мамыров алтылыққа кірді. Ал грек-рим балуандарының биігі Сергей Матвиенконың (97 кг) алтыншы орында қалды.
2004 жылы Афинада өткен Олимпиадаға 12 балуан апарып, үш медаль алып қайттық. Геннадий Лалиев (74 кг) финалда жұмыр жерге даңқы шыққан Бувайсар Сайтиевтан ғана тізгін тартты.
Ал грек-римші Георгий Цурцумия ақтық айқаста, терезесі тең күрестің соңғы секундтарында Хасан Бароевқа ұпай беріп қойды. Қолда тұрған алтыннан қапияда айырылып қалдық. Мхитар Манукян (66 кг) қола медаль үшін тартыста мүлт кеткен жоқ.
2008 жылға келейік. Қытайдың Бейжің Олимпиадасында қазақ күресі өсу үстінде екендігін танытты. Қыздар күресін қосқанда 16 балуан апардық. Еркін күрес – алты, грек-рим – алты, қыздар күресі – 4 балуан.
Еркін күресте Теймураз Тегиев (96 кг) финалда ғана сүрінді. Марид Муталимов (120 кг) үшінші орынға шықты. Ал грек-римшілер Әсет Мәмбетов (96 кг) пен Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг) қола медальдан салым салды. Еркін күрестегі үшінші қола медальды Елена Шалыгина (63 кг) әперді. Бұл қызда мінез, жауынгерлік рух дегеніңіз жетеді. Алғашқы жекпе-жегінде ресейлік О.Карташевадан ұтылған Елена басқа кездесулерінде көңілде титтей күмән қалдырмай тамаша жеңген.
Бүгінге дейінгі жағдайымыз осы. Екі күрестен 15 балуан апара жатырмыз. Бұл жағынан өткен Олимпиададағы жолдамалардан ұтылған жоқпыз. Жаңалық та бар. Атлантада еркін күресте Мәулен Мамыровтан басқа қазақ болмаса, бүгінгі құрамада екеуінен басқасы – өз қандастарымыз. Грек-римдік Алмат Кебісбаевты әлемдік сарапшылар алтынға таласатындардың санатынан көреді. Оған Лондонда қазақ байрағын көтеріп шығатын Балуан Шолақтың немересі Нұрмахан Тінәлиевті қосыңыз. Еркін күрес балуандары да жүлдесіз қайтпаймыз деседі. Бұрынғы Олимпиадалық ойындарға қарағанда, өсу үстіндеміз. Бұл көңілдегі көрікті ой. Төреші – Лондон.
АЛМАТЫ.
__________________________________
ДЫЧКО ӘНҰРАНДЫ КЕРЕМЕТ АЙТАДЫ
Ал Шәпиевке ойлану керек
Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымовпен тау баурайындағы оқу-жаттығу жиынының соңғы күндерін өткізіп жатқан еркін күрес және бокс құрамаларына бардық. Ардақтың көздеген мақсаты – спортшыларымыздың Әнұранды қалай орындайтынын байқау, дұрысы – тексеру. Дирекцияның мұнысы түсінікті. Өйткені, халықаралық жарыстарды былай қойғанда, елішілік жарыстарда да Қазақ мемлекетінің Әнұранын орындауда жаңсақтыққа жол берілген, қазақ байрағымен күл-қоқыс тасылған телесюжет те есте. Бұл – мемлекеттік рәмізді қорлау ғана емес, өзіңді де сыйлай алмайтындығыңның үлгісі, үлкен жауапсыздық. Отаның – Қазақстан, арқа сүйерің Қазақ елі болғаннан кейін мемлекеттік атрибуттарды көздің қарашығындай сақтап, ұлы махаббатпен сүюің керек. Бұл – міндеттеу, күштеу емес, абзал борышың.
Әуелі «Тау самалы» демалыс үйіндегі еркін күрес балуандарына бардық. Көңіл-күйлері жаман емес. Бұрын Қап тауының жігіттеріне негізделетін құрама орнын өз жігіттеріміз басқан. Әнұранды айтты. Біледі екен. Ал Абдулхаким Шәпиев білмейді. Ол Олимпиадаға қатысуға мүмкіндікті Қазақстаннан іздесе, онда осы мемлекеттің рәміздерін аялауы қажет. Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Тимураз Тегиев оқу-жаттығу жиынын өзінің Осетиясында өткізіп жатыр. Лондонда құрамаға қосылады. Осы жігітте бұла күшпен қоса тентектік де жетеді. Бейжіңде грузин балуанының қабағын жарып жіберді, Гуанчжоуда иран балуанын баспен кеудеден соқты. Өзінде жетпегенін көкірекке салатын бұл жігіттің де Әнұранымызды білетініне күдігіміз бар. Өйткені, Бейжіңде финалдан соң иығына Мүсілім Оңдағанов құстай ұшып барып жапқан қазақ байрағын кейін серпіп тастап, көңілімізді суық тарттырған. Қазақстанның әркім кірем десе есігі ашық қора еместігін ол түсінуі керек. Түсінбесе қатал түсіндірілсін.
Ал біздің боксшыларымыз шетінен алтын ғой. Қазақ спорты Олимпиада бағдарламасында сырттан спортшы қажетсінбесе, ол – бокс. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов айтқандай, құрамадағы бірінші боксшыларды кез келген жағдайда ауыстыра алатын екінші, үшінші құрам бар. Ол үшін Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев бастаған азаматтарымызға халық атынан мың алғыс! Осы жігіттер Әнұранды жай айтқан жоқ, жүрегімен айтты. Кіл қазақтың ортасында өзіміздің орыс Иван Дычко бар. Құдайдың құдіреті, осы Иван Әнұранды жеке айтқанда бір мүдірген жоқ. Сөзін де, әнін де бұзбады.
Менің елім, менің елім
Туған жерім менің – Қазақстаным! – деп шырқағанда күндей күркірейді.
Еркін күрестегі құрамамыздың бас бапкері Алтай Танабаев бізге: «Боксшыларды жақсы көресіңдер, бізді елей бермейсіңдер», деп базына айтқан. Құдай-ау, боксшыларды қайдан жақсы көрмейсің. Әрқайсысынан қазақ ауылының жусан иісі бұрқырап тұр ғой. Бәрі бір үйдің баласындай тату. Бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін. Салмақ қуам деп жанығып жүрген ешкім жоқ. Қайта Әділбек Ниязымбетов салмағын толтыра алмай жүр. Бәрі жараулы аттай бәйгеге дайын.
Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер жаттығуда қатал, демалыс сағаттарында қамқор аға. Капитан Серік Сәпиевтің жейдесінен саулаған тер балағынан тамшылайды. Құрамадағы ең жас боксшы, әлемдік жарыстарда әлі бастықпаған Ілияс Сүлейменов түйдектете ұрғанда бапкерлерінің қолындағы лапаның ортасын тесіп жібере жаздайды. Қарсыластары жай оғындай жылдам, бұлт етіп күтпеген жеріңнен шыға келетін әбжілдігіне орай «Шайтан» деп лақап ат қойған Ғани Жайлауов қандай керім.
Сүмектеген термен жаттығу жасап жүріп, ара-арасындағы демалыста сұхбат беріп қояды. Әзілқой. Мырзғали Айтжановқа: «Аға-ау, интервью беруге әмбебап болып алдық. Таңертең ұйқыдан тұрғанда газет тілшісін шақыр, камера әкел, әйтпесе жаттығуды бастамаймын дейтін шығармыз», деп күледі, Мырзағалидың да жауабы дайын.
– Лондоннан олжалы орал. Сосын мен сені интервью беруден әртіс қылып жіберемін, – дейді күліп.
Әрқайсының өз жаттықтырушысы бар. Әр жаттығу өткен сайын тамыр соғыстарын тыңдайды. Боксшы зорығып кетпеуі керек. Тауға өрмелеу, тас лақтыру, футбол ойнау, мәдени демалыс… Жаттығу осылай жалғасып жатыр.
…Туған Қазақстанының намысы үшін осы жігіттердің ешқайсының аянары жоқ.
АЛМАТЫ.
Суретте: Иван Дычко.
______________________________
ҚАЗАҚ БАЙРАҒЫ ЖЕЛБІРЕП БАРЫП, ЖЕЛКІЛДЕП ҚАЙТСЫН
Спорт ардагерлері осындай ақтілеу айтты
Қарағай, шыршалары тік шаншылған асқақ Алатаудың қолатындағы жұмақ жерге орналасқан “Ақбұлақ” спорт-сауықтыру кешеніне ағаларымыздың бастауымен тағы келдік. Ол – Мүсілім Дайырбеков. Қазақстан бокс ардагерлері ұйымының төрағасы, меценат. Біздің білгеніміздей, Мүсілім аға байлығы асып-төгіліп жатқан жан емес. Тапқан-таянғанын тақымының астына басып, тақыстанып отырған көп шал-шауқанға және сорпасы қосылмайды. Елдің үмітін арқалап бара жатқан шойын жұдырық батырларымызға ақтілеу айтып, бапкер, массажшы, дәрігеріне дейін бас-басына ақшалай сыйлық бермекші.
Екіншісі – Серік Әбденәлиев. Қазақстан тәуелсіздігін алғанда ұлт боксының бас бапкері болған, кейін өзінің ұйғарымымен даңқты боксшы Әбдісалан Нұрмахановқа өткізген, табаны күректей 16 жыл қазақ боксының мемлекеттік жаттықтырушысы болған жақсы ағамды кейінгі жылдары жоғалтып алып жүргем. Ақтау асып кетіпті.
Серік Әбденәлиев – Қазақстанға бокс қолғабын арқалап келген Шоқыр Бөлтекұлының қол астында тәлім алған, ең алғашқы спорт шебері. Төрт әлем чемпионатында төреші, Сиднейде әлемдегі үздік 50 төрешінің қатарына кірген, Бекзат, Болат, Ермахан мен Мұқтархандар Сидней шаршы алаңының төрт бұрышында сүркіл салғанда қазақ батырларының жеңісі ұрланбауына еңбек сіңірген азаматыңыздың бірі осы. Серік Әбденәлиевтен бокс әліпбиін үйреніп, қалалық талай жарыстарда топ жарған, ұлтжанды азаматтарымыздың бірі Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысының әкімі болып тұрғанда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт ізбасарларын дайындайтын мектеп ашып, басшылыққа ұстазын шақырған екен. Лондонда анық медаль күтіп отырған үш боксшымыз болса, соның бірі – Әділбек Ниязымбетов. Бакуде өткен әлем чемпионатының финалисі Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт мектебінің түлегі.
Үшінші ағамыз “Ақбұлақтан” қосылды. Мәдихан Сауданбеков 12 жыл Алматы облысы бокс федерациясының президенті болған спорт ардагері. Кейінгі кезде денсаулығына байланысты басшылықты өткізіп, өзі вице-президенті қызметінде қалған. “Мәдихан” атты шаруа қожалығы бар. “Ақбұлақтың” етегінде алма бауы, көкөніс жері өнімге малынып тұр. Жылқысын сойып, бау-бақша өнімдерін көтеріп, қымыз-қымыранын арқалап жүретін ағамызды бүгінгінің Атымтай Жомарты десең жарасады. Спорт кешенінің мейрамханасында Қазақстан бокс құрамасы, оларға дайындалуға көмектесуге келген екінші құрама, аға буынмен бірге жаттығу жасап жүрген жасөспірімдер құрамасы және қос құраманың бапкерлері қатысуымен ас беріліп, құран оқылды. Бата жасалды.
– Мен дүние жүзінің көптеген мемлекеттерінде болдым, – деді Мүсілім Дайырбеков. – Өзге батырларымен қоса спорттағы жампоздарына ескерткіш қойғандарын көрдім. Біздің бүгінгі батырларымыз сендерсіңдер. Ешқайсыңды бөлектей алмаймыз. Мемлекеттің атын дүние жүзіне мәшһүр етуге, елдің мерейін асқақтатуға әрқайсың-ақ лайықтысыңдар. Жүйкелерің темірдей мықты болсын, қарсыластарыңның атақ-даңқынан сескенбеңдер. Қазір әлем қазақ боксымен санасады. Қорықса, сендерден қорықсын. Олимпиададағы әрбір жекпе-жектеріңді финалдық жекпе-жек деп ұғыңдар.
– Ваня, сен айтшы. Ешкімнен қорықпаймын. Мемлекетімнің жеңісі үшін кез келген қарсыласымды ұрып жығамын деп айтшы?
– Ұрамын! – деп күндей күркірейді Иван Дычко.
Біздің ең ауыр салмақтағы боксшымыз, Қытайдың бетке ұстаған бас боксшысы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Жан Желейді жолдама үшін жолынан сырып тастаған біздің осы Иван.
Серік Әбденәлив те аталы сөздер айтты.
– Біздің заманымызда боксшыларда дәл сендердегідей жағдай болған жоқ. Оқу-жаттығу жиындарында бір бөлмеде 6-10 боксшы жатқан күндер болды. Ал, сендерге Үкімет үлкен көңіл бөліп отыр. Қазақстан бокс федерациясы бар жағдайды туғызуда. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан боксы бір Олимпиададан алтынсыз қайтқан жоқ. Қатарларыңда сырттан шақырылған боксшы және жоқ, бәрі өзіміздің түлектер. Сендердің де алтынмен оралатындарыңа сенгім келеді. Соңына дейін айқас салу керек. Төрешілер шабуыл жасаушыға артықшылық береді. Сиднейде Ермахан үшінші раундта екі ұпайға ұтылып жатты. Соңғы раундтың бітуіне 30 секунд қалғанда алапат айқас салды. Қашқақтаған Марин Симонның екі аяғын бір етікке тығып, толассыз ауыр соққылардың астына алды. Қолынан шығып бара жатқан жеңісті осылайша жұлып алды.
Осындай ағаларыңның өнегесі сендерге сабақ болсын деп айтып отырмын. Бапкерлерің айқас кезінде бәрін көріп отырады. Кеңесін орындауға тырысыңдар. Жеңіспен оралыңдаршы, бауырларым.
Ал Мәдихан аға бата берді. Біз де білгенімізді айттық. Мемлекет тарапынан Лондонға үш журналист, бір фотокорреспондент кетіп бара жатса, соның бірі – ел газеті “Егеменнің” тілшісі. Құс қанатымен жететін хабарымыздың сүйіншісі көп болғай деп тіледік.
Қазақстан бокс құрамасының капитаны, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев әдеттегі орысша жорғалатқанын қойып, өз ана тілінде сөйледі. Біздің Серік қанық сөйлейді екен. “Мойнымыздағы жауапкершілік жүгін қатты сезінеміз. Ел артқан үмітті ақтауға барымызды саламыз”, деді наркескендей қылпып, ұлы айқасқа дайын тұрған аламанымыз.
Бас бапкер Мырзағали Айтжанов құрама атынан ақсақалдарға рахмет айтты.
– Мәселе берген және алғанда емес. Ең бастысы – көңіл. Біз жігіттеріміздің иығында кәтепті қара нар көтерердей жүк арттық. Үкімет көмектесіп жатыр. Федерация жағдайларын жасайды деп сырттай берсек, мемлекет намысын қорғауға бара жатқан батырлар жан жылуын, елдің махаббатын, аялы алақанның ыстық табын қайдан алады?.. Міне, жігіттер! Көпті көрген ағаларымыз жөнімен келді. Құран оқылды. Бата берілді. Ақжарылқап тілектерін айтты. Елдің аманатын жеткізді. Рахмет айтайық.
Боксшыларымыз да арқаланып қалды. Дүниежүзінің шойын жұдырық жігіттеріне қарсы тұруға әрқашан дайын екендіктерін айтты. «Қазақ! Қазақстан!» деп ұран тастаса, жүрегі мыңнан тайсалмайтын Алаш асылдарының байламы осы. Ағалар тілегі қабыл болғай.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.