Ала тақтада аламан айқас
Бейсенбі, 5 шілде 2012 7:41
Астанада тұңғыш рет жедел шахматтан (рапид) және блиц бойынша әлем чемпионаттары өтуде
Құрметті достар!
Серпінді дамып келе жатқан Астана қаласында өтіп жатқан жедел шахмат пен блиц бойынша әлем чемпионатының барлық қатысушыларын, ұйымдастырушылары мен қонақтарын Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) атынан шын жүректен құттықтаймын!
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Астананың барлық тұрғындары мен қонақтарын қала күнімен құттықтаймын!
Бұл турнирдің өткізілуі қала күніне орайластырылғанына қуаныштымын. Астана шахмат тарихына жедел шахмат бойынша тұңғыш әлем чемпионаты өткізілген қала ретінде кіреді. ФИДЕ-нің осы жылдың шілде айынан бастап рапид және блиц бойынша көрсеткіштерді жариялай бастауы чемпионатқа үлкен қызығушылық тудыратыны анық.
Астанада шахмат әлемінің бар зиялы қауымы: әлемдік көрсеткіштің көшбасшысы Магнус Карлсен (Норвегия), әлемнің экс-чемпионы Веселин Топалов (Болгария), әлемнің вице-чемпионы Борис Гельфанд (Израиль), әлем кубогының жеңімпазы Петр Свидлер (Ресей), Әзербайжан, Украина, Ресей және Молдова құрамаларының көшбасшылары – Теймур Раджабов, Шахрияр Мамедьяров, Василий Иванчук, Сергей Карякин, Александр Грищук, Александр Морозевич, Виорел Бологан, сондай-ақ біліктілік турнирлерінің үш жеңімпазы қатысуда.
Сондай-ақ, турнирге танымал қазақстандық шахматшылар Мұртас Қажығалиев және Әнуар Есмағамбетов (жедел шахмат), Павел Коцур мен Ринат Жұмабаев (блиц) бақ сынасуда.
Қазақстан Республикасының басшылығына, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке өзіне, Үкіметке, ұйымдастырушылық комитетке, Әсет Өрентайұлы Исекешев бастаған Қазақстан Республикасының Шахмат федерациясына, қолдаушыларға, БАҚ өкілдеріне, сондай-ақ осы турнирдің жоғары деңгейде өтуіне және ұйымдастыруға үлес қосқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін!
Баршаңызға сәттілік, денсаулық тілеймін, ең мықтысы жеңсін! Gens una sumus! – Біз бір отбасымыз!
Кирсан ИЛЮМЖИНОВ, Халықаралық шахмат федерациясының президенті (ФИДЕ).
Қадірлі достар!
Астанада жедел шахмат пен блиц бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысушыларға, матч қонақтары мен барлық әуесқойларға Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының атынан және жеке өзімнің атымнан қош келіпсіздер деймін! Қазақстан FIDE Халықаралық шахмат федерациясымен бірлесіп және әлемдік гроссмейстерлердің қатысуымен осымен екінші рет осындай жоғары деңгейдегі шахмат турнирін өткізуде. Бұл шараның басты ерекшелігі сол, шахмат тарихында тұңғыш рет жедел шахматтан чемпионат өтуде. Бұл шара, сөзсіз, шахмат тарихында қалады.
Осынау шахмат мерекесін ұйымдастырып отырған Қазақстан Республикасының Шахмат федерациясына, FIDE Халықаралық шахмат федерациясы мен ұйымды 17 жыл бойы басқарып келе жатқан оның президенті Кирсан Илюмжиновқа, сондай-ақ бас демеуші – «Sat&Company» компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін.
Жарысқа қатысушыларға – сәттілік, ал жанкүйерлерге – тартысты ойындар тілеймін!
Әсет ИСЕКЕШЕВ,
Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының президенті.
Мақтанатын тұстарымыз жетерлік
Еліміздегі шахмат қозғалысы республиканың алғашқы біріншілігінен, басқаша айтсақ, сол кездегі ресми атауы Бүкілқазақстандық шахмат турнирінен кейін Аймақтық шахмат-дойбы турнирі деп ауыстырылған жарыстан басталады. Ол турнир 1934 жылдың 26 наурызы мен 4 сәуірі аралығында Алматы қаласында өткен болатын. Сонау Кеңестер Одағы кезінде де Қазақстан шахматшылары үлкен жеңістерге қол жеткізген. Мысалға, Мухин мен Лебович оқушылар арасында КСРО чемпиондары атанған.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда шахмат қарқынды дамуға бет алды. 1993 жылы ерлер құрамасы Азия чемпионы атанса, 1999 жылы екінші орынға қол жеткізді. 1997 жылы ұлттық команда Азиядағы ең үздік атанып, Швейцарияда өткен командалық әлем чемпионатына жолдама алды, сол арқылы әлемдегі ең үздік командалардың ондығынан табылды. Ал жастар құрамасы 1997 жылы Аргентинада өткен әлем чемпионатында мықты командалардың бірі болып саналған Ресей шахматшыларының алдын орап, күміс жүлдені иеленді. Павлодар қаласының құрамасы болса, қалалар арасында өткен Азия чемпионатында үш рет жеңімпаз атанды (1998, 2000 және 2008 жылдары).
Соңғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында (Ханты-Мансийск, 2010 ж., 140-тан астам команда қатысқан) Қазақстан Республикасының қыздар құрамасы 29-шы орынды, ерлер құрамасы 27-ші орынды иеленді, бұл соңғы 20 жылдағы ең жақсы көрсеткіш болып табылады.
Шахматшыларымыздың жеке санаттағы жетістіктері де әлем бойынша оң бағаға ие. Осы ретте, жас шахматшылардың әлем және Азия чемпионаттарындағы жеңістері қомақты. Бұл жаттықтырушылар мектебінің жақсы дәрежеде екенін және қазақ жері жас таланттарға бай екенін көрсетеді. Борис Аврух (Қарағанды) 12 жасқа дейінгі балалар арасындағы әлем чемпионатында алтын медальға ие болса, Дәрмен Сәдуақасов (Астана) 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Жансая Әбдімәлік (Алматы) 8, 10 және 14 жасқа дейінгі қыз балалар арасында әлемнің төрт дүркін чемпионы атанса, Бибісара Асаубаева (Астана) 8 жасқа дейінгі қыздар арасында әлемнің қазіргі чемпионы болып отыр.
Бразилияда өткен әлемнің соңғы чемпионатында еліміздің балалар құрамасы медаль саны бойынша әлем мойындаған командаларды шаң қаптыра отырып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бибісара Асаубаева 8 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанса, Жансая Әбдімәлік 14 жасқа дейінгі қыздардың барлығын жеңіп шықты. Әлібек Егембергенов (Орал) 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында қола медальға ие болды.
Ересектер құрамасындағы жастарымыз да халықаралық аренада үлкен жеңістерге қол жеткізіп жүр. Мұртас Қажығалиев Азия ойындарының қазіргі чемпионы, Әнуар Есмағамбетов студенттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Павел Коцур Ресей Кубогы финалының жеңімпазы, Евгений Владимиров, Петр Костенко, Руслан Ержанов, Ринат Жұмабаев, Рустам Хуснутдинов үлкен халықаралық турнирлердің жеңімпаздары. Флюра Хасанова – 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, әйелдер арасында әлем чемпионы үшін өткен іріктеу жарыстарына қатысушы. Марат Жүнісов – көзі нашар көретін спортшылар арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы. Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова мен Мәдина Даулетбаева жоғары деңгейдегі халықаралық турнирлардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Ал Астанада тұңғыш рет ала тақта тарихында жедел шахмат және блиц бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатын үлкен оқиға деп білемін. Бұл – Халықаралық шахмат федерациясының біздің елімізге деген зор сенімі.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 3000-ға жуық адам кәсіби тұрғыда шахматпен айналысады, оның ішінде 1500 бала бар. Елімізде халықтың басым бөлігі шахмат ойнай алады.
Ежелден келе жатқан спорттың осы түрінің дамып, танылуына көмектесіп отырған Қазақстан Республикасының Шахмат федерациясы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің басшылығымен ойдағыдай жұмыс атқарып келеді.
Дәулет ТОЙКЕНОВ, Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының
атқарушы директоры.
Намысты қолдан бермейді
Астанада қала күні қарсаңында шахматтан үлкен жарыс басталды. Бұл жарыс бұрын-соңды шахмат тарихында болмаған жарыс. Қазір бүкіл әлем тұңғыш рет жедел шахмат (рапид) пен блиц бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатына көз тігуде.
Бұл сынға жер жүзінен 16 гроссмейстер қатысуда. Оның ішінде Магнус Карлсен (Норвегия), Сергей Карякин, Алексей Грищук, Александр Морозевич, Петр Свидлер (бәрі де Ресейден), Борис Гельфанд (Израиль), Веселин Топалов (Болгария), Василий Иванчук (Украина), Теймур Раджабов, Шахрияр Мамедьяров (екеуі де Әзербайжаннан), Виорел Бологан (Молдова) сияқты шахмат шеберлерімен бірге, біздің елдің гроссмейстерлері Мұртас Қажығалиев, Ринат Жұмабаев, Павел Коцур, Әнуар Есмағамбетов, Динара Сәдуақасова бар.
Олардың бәрі болмаса да көбі Олимпиада және әлем чемпиондары, бірнеше ірі халықаралық турнирлердің жеңімпаздары. Соның ішінде норвег шахматшысы Магнус Карлсен әлем чемпионатының басты қонағы болып саналады. Ол – 2009 жылы блиц бойынша әлемдік тәжді жеңіп алған шахматшы. Одан бұрын 2008 жылы бейресми Live Rating-те 17 жасында бірінші орыннан көрінді. Биылғы қаңтар айында 22 жастағы норвегиялық шахматшының көрсеткіші 2835 балды құрады. Бұл – рейтинг тарихындағы екінші нәтиже.
Әлем чемпионатының екінші бір басты кейіпкері израильдік ала тақта шебері Борис Гельфанд болып саналады. Ол Кеңес Одағында туғанымен, кейін Израильге қоныс аударып, сонда тұрақтап қалған. Жақында ол қазіргі әлем чемпионы Вишванатан Анандпен шахмат тәжі үшін бақ сынасып, тай-брейкте ғана ұтылды. Сөйтіп, ол биылғы әлем чемпионы атағы үшін үміткер ғана болып қалды. Бұған дейін Гельфанд Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен әлем кубогын жеңіп алған болатын.
Әлем чемпионатында ФИДЕ бойынша әлемнің алтыншы чемпионы болгариялық Веселин Топаловтың да мүмкіндіктері жоғары бағалануда. 1989 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанып, 2005 жылы әлем чемпионының тәжін басына өлшеп көрген шахматшының биылғы жарыстан да үміті зор.
Осы жарысқа қатысып жатқан тағы бір шахматшы – ресейлік Сергей Карякин 2004 жылы Украина құрамында Олимпиада чемпионы болған. Кейін, 2007 жылы әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан. Жалпы, Карякин ФИДЕ-нің ең үздік ойыншыларының қатарына кіреді және болашағынан зор үміт күттіретін шахматшылардың бірі болып саналады.
Оның әлем чемпионатына қатысып жатқан бұрынғы отандасы украиналық Василий Иванчук та осал емес. 2007 жылы блиц бойынша чемпион атанған маманның биылғы жарыстан да дәмесі зор. Бұл жігіт Украина құрамында Олимпиада чемпионы, 2004 жылы Еуропа чемпионы атанған.
Ал Ресей құрамындағы Александр Грищук – 2006 жылы әлем чемпионы, 2000 және 2002 жылдары Олимпиада, 2009 жылы Ресей чемпионы болған шахматшы. Жоғарыда Сергей Карякинді айттық. Сол сияқты Александр Морозевич Олимпиада чемпионы атанып, 2005, 2010 жылдары Ресей құрамында топтық әлем чемпионаттарының екі мәрте чемпионы болған. Петр Свидлер де Олимпиада чемпионы, 2005 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері, 1997 жылғы топтық әлем және 2007 жылғы Еуропа чемпионатының чемпионы.
Биылғы сынға Әзербайжаннан Теймур Раджабов пен Шахрияр Мамедьяров қатысуда. Екеуі де осал шахматшы емес. Алғашқысы жастар арасындағы Еуропа чемпионы болса, соңғысы жастар арасындағы үш дүркін әлем чемпионы. Молдовалық шахматшы Виорел Бологан туралы да жақсы пікір айтуға болады.
Міне, осы ала тақтаның шеберлерімен біздің гроссмейстерлер Мұртас Қажығалиев, Ринат Жұмабаев, Павел Коцур, Әнуар Есмағамбетов, Динара Сәдуақасова 10 шілдеге дейін бақ сынасатын болады. Қазір әлем чемпионатының жедел шахмат және блиц бойынша іріктеу турнирлері өтуде. Бұл сындарда қай ойыншының аты озатыны алдағы күндерде белгілі болады.
Дегенмен, айта кететін бір нәрсе, біздің шахматшыларымыз жедел шахматтан бүкіл дүние жүзі бойынша тұңғыш рет өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің намысын қолдан бермейтіні анық.
Төрешілер түгел болса, төбедегі келеді
Әлем чемпионатында бас төрешімен бірге оның орынбасары және алты төреші қызмет етуде.
Соның ішінде төрелік жасап жатқан екі әйел бар. Оның біреуі ФИДЕ халықаралық төрешісі Анастасья Сорокина болса, екіншісі Римма Антонова.
Ал чемпионаттың бас төрешісі қызметін Анджей Филипович (Польша) атқаруда. Ол халықаралық деңгейдегі төреші, халықаралық шебер, Польша құрамасының сапында жеті Олимпиадаға қатысқан.
Чемпионатта бас төрешінің орынбасары қызметі біздің отандасымыз халықаралық деңгейдегі төреші, Шахмат федерациясының біліктілік және қазылық алқасы комиссиясының төрағасы Сергей Юровскийге жүктелген. Енді тақта айналасында жүретін төрешілердің өздеріне келсек, жарыста біздің елден екі қазы төрелік етуде. Біріншісі, Серікбай Темірбаев, екіншісі Сергей Ким. Секең – халықаралық гроссмейстер, Қазақстан құрамасының Дүниежүзілік шахмат олимпиадаларына сан мәрте қатысқан мүшесі. Ал Кимнің ұлттық төреші деген атағы бар. Ол ФИДЕ шебері, қазір Шахмат федерациясының этика жөніндегі комиссия төрағасы, Алматы шахматшылар одағының атқарушы директоры қызметін атқаруда. Бұлардан басқа Әзербайжан Шахмат федерациясының вице-президенті Фаик Гасанов, Вишванатан Ананд пен Борис Гельфанд арасындағы әлем чемпионы атағы үшін өткен жарыстың төрешісі болған армениялық Ашот Вардапетян, Ресей студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы Максим Ивахин, Өзбекстан Шахмат федерациясы төрағасының орынбасары, ФИДЕ-нің Орталық Азия елдері бойынша президенті Хусан Турдалиев чемпионатта төрелік етуде. Олардың бәрі халықаралық деңгейдегі мамандар.
Әлі де армандарым бар
– Астанада жедел шахматтан және блицтен әлем чемпионатының өтіп жатқаны, әрине, көңіл өсіреді. Бұл жарыс Астана күнінің қарсаңында шетелдер мен еліміздің жер-жерінен қонақтар келіп жатқанда ұйымдастырылып отыр. Алдағы кезде мен де осы сынға қатысып, бағымды сынасам деймін.
Жақында Индонезия, Ресей және Украинадағы жарыстарды ұтып, үш норманы орындағаннан кейін әлемдегі ең жас гроссмейстер атандым.Яғни, гроссмейстер атанудың шарты – белгіленген үш норманы лайықты орындап шығу. Менің ендігі арманым – әйелдер арасындағы рекордты жаңарту. Қазір сондай жарыстың біріне дайындалып жатырмын. Бұл жарыс 1 тамыз күні Афинада өтеді. Онда 20 жасқа дейінгі шахматшылар әлем чемпионатына жиналады.
P.S. Жансая Әбдімәлік қазір Сингапурдағы шахмат академиясында оқып жатқанын да айтты. Оқуы жайында сұрағанымызда:
– Маған ол жақ ұнайды. Физикалық жаттығулармен айналысамын, суда жүземін, – деді гроссмейстер.
Жас шахматшыны Сингапурда Александр Никитин жаттықтырады.
Туыстарының айтуынша, Ж.Әбдімәлік мектеп бағдарламасын да жақсы игеріп келеді. Ол виртуалды түрде «сабаққа барады».
– Маған сабақ тапсырмалары интернет арқылы келеді. Мен жауаптарын жазып жіберемін. Бәріне де үлгеріп жатырмын, – дейді ол.
Жас шахматшы Бразилияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, төрт дүркін әлем чемпионы атанған еді. Бұған дейін Қазақ-британ техникалық университеті шахматшы қызға тегін грант ұсынды.
Жансая ӘБДІМӘЛІК,
әлемдегі ең жас гроссмейстер, жасөспірімдер арасындағы төрт дүркін әлем чемпионы.
Шахмат шежіресі
Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің эрамызға дейінгі 1000-шы жылы үндістандық математик ойлап тауыпты. Ал, кейбір деректер бойынша, шахмат біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ІІІ ғасырларда Мысыр, Ирак және Үндістанда пайда болған.
Алайда, бұл ойын туралы дәлелді нақты ақпарат болмағандықтан, көптеген тарихшылар шахматтың тарихын біздің дәуірімізден кейінгі 570 жылдан басталады деген тоқтамға келіп жүр. Шахмат туралы парсы дастандарында осы дәуірдің 600-ші жылдарында Үндістанда пайда болған деп жазылған. Ғасырлар бойы елге аса танымал болған шахматтан ресми әлем чемпионаты 1886 жылы өтті. Одан бері 14 шахматшы ғана жоғары дәрежелі атақты иеленді.
Даңқты чемпиондар дегенде бірінші болып ауызға Стейниц пен Ласкер, Капабланка мен Алехин және Ботвинник ілінеді.
Ғасырлар көшіне ілесіп, өркениетті басып озып келе жатқан шахматтың тарихы әркімді-ақ қызықтырары сөзсіз.
Археологиялық жәдігерлерге қарап біздің дәуірімізге дейінгі III-IV ғасырларда Ассирия, Месопотамия және Мысырда халықтардың тақтайға тас қойып ойнағанын білеміз. Кейіннен бұл ойын әскери сипатқа ие болған. Әскери шендегі ойыншылар ұтысқа адам қанын садақа еткен. Мысалы, Ежелгі Мысырда (б.д.д 1270 жылы) «тау» ойыны, Грекияда (б.д.д. V ғасырда) «петтеия», ал Римде (б.д.д. I-II ғасырларда) «латрункули» деген құмарлық ойыны болған.
Тарихшылардың дін көпшілігі шахматтың ережесі Үндістанда шыққан дегенмен келіскенімен, кейбірі оның тарихын Қытай және Месопотамиямен байланыстырып жүр.
Арабтардың Персияны жаулап алуы ислам әлемінің осы ойынды жете меңгеруіне жол ашты. Алайда, арабтар аталмыш ойынды «шатрандж» деп атады.
VIII-IX ғасырларда Араб Халифатында «шатрандж» кеңінен таралды. Алайда, Ислам діні тақтай бетіндегі таста адам мен жан-жануарлар мүсінінің салынуына тыйым салған. Діни қақтығысқа жол бермеу үшін сәулетшілер шахмат фигураларын белгісіз бейнелермен алмастырды.
Батыс Еуропада шахмат XI ғасырдан басталады делінгенмен, ол бұдан екі ғасыр бұрын белгілі болды. XI-XII ғасырларда феодалдар арасында танылды. Ақшалай ұтысты Батыс Еуропа шарықтатып жіберген. Рим католик шіркеуі ойынға қанша тыйым салғанымен, еш нәтиже бермеді. Кейіннен 1400 жылы тыйым мүлдем алынып тасталды.
Кастилия мен Леонның королі Альфонс X данагөй бұйрығымен Испанияда 1283 жылы «Ойын кітабы» атты 1 томдық қолжазба жарық көрді. Онда шахматтың 103 тапсырмасы көрсетілген.
Шахмат фигурасын қалыптастырушылардың бірі Цессолес өз заманында: «Шахмат тақтайшасындағы әрбір тастың өмірдегі атқаратын құқығымен қатар, міндеттері бар», деген екен.
1947 жылы Испанияда Францеска Висентаның «1 495 100 тапсырма» және Луис Рамирес Лусенның «Шахмат өнерінің құпиялары» атты кітаптары алғаш рет баспаханадан шығарылды.
Тіпті, XVI ғасырда Еуропада Марк Иероним «Шахматтың түрлер» атты дастан жазып қалдырған.
1575 жылы Мадридте король Филипп II-нің хан сарайында испандық Рюи Лопес пен Альфонс Серонаның итальяндық Джованни Леонардо мен Паоло Бои арасындағы өткен шешуші ойын тарихта алғашқы халықаралық турнир болып саналады. Онда испандық шахматшылар жеңіске жеткен.
1836 жылы Лабурдоннеде әлем бойынша шахмат туралы «Паламед» деген журнал шығарылды. Кейіннен, 1837 жылы Ұлыбританияда және 1846 жылы Германияда осы тектес журнал жарыққа шықты.
1851 жылы Лондонда тұңғыш рет халықаралық турнир өткізілді. Онда Андерсен деген шахматшының жұлдызы оңынан туып, жеңімпаз атанды. Тіпті, ол екінші халықаралық турнирді де бағындырған. 1867 жылы Парижде өткен үшінші додада Колиш жеңімпаз болса, матчта алға шыққан Стейниц алғашқы әлем чемпионы атанды.
Нұрлан ЫБЫРАЕВ,
Қазақстан Республикасының шахматтан мемлекеттік жаттықтырушысы.
Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН, Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».